• Мәдениет
  • 09 Қаңтар, 2022

Күйшілер аллеясы ашылғаны маңызды

Күйші, композитор Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толу мерейтойы былтыр елімізде кең көлемде аталып өтті. Мұндай ауқымды іс-шараны Қазақ ұлттық өнер университетінің ұйымдастыруымен өткен «Әсем қоңыр» атты концерт жоғары деңгейде қорытындылады десек те болады. Аталған білім ордасының ректоры, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева өз сөзінде Динаның өмір жолы мен ұлттық музыканы дамытудағы айрықша рөлі, күй мұрасының баға жетпес құндылығы туралы толымды ой қозғады. Ұлы күйші Құрманғазының дарынды шәкірті, өткен ғасырдың орта тұсында ерекше қабілеті арқылы есімі бүкіл Кеңес Одағына кеңінен таралғанын және қазақтың аспаптық музыкасының тамаша дәстүрін кейінгі буынға табыс еткен ғажайып өнер иесі екенін атап өтті.

ХХ ғасырдың бұлбұл домбырашысы, қазақ халқының мақтанышы Дина Кенжеқызының сарқылмас мұрасын бүгінгі өнерлі жастар келешекке жеткізетіні сөзсіз. Басқосуда өскелең ұрпақты күй арқылы ұлттық тәрбиеге баулу туралы ұтымды ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар Д.Нұрпейісованың соңында қалған асыл қазынасын ғалымдар мен тарихшылар әлі де терең зерттеуі керек. Сонда ғана ерекше дарын иесінің күмбірлеген күй-ғұмыры жан-жақты толыға түседі.

2021 жылы атқарылған жұмыстар туралы «Күй анасы» қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев баяндап берді. «Жыл бойы күй өнерін терең түсінетін, жаны тебіренетін, тамырынан, ұлттық тінінен ажырамайтын есті ұрпақты тәрбиелеу үшін маңызы өте зор игі істер жүзеге асты. Шілде айында астанамызда Дина ескерткішінің ашылуы тарихи оқиға болды. Мүсінші Бауырқан Жалынның еңбегін жоғары бағалаймыз. Бұл – күй анасына және қазақ халқының өнеріне көрсетілген шынайы құрмет. Ендігі кезекте Дина ескерткішінің жанындағы алаңды «Күйшілер аллеясы» деп атап, бірқатар жобаларды іске асыру мақсатын көздеп отырмыз», – деді Т.Қуанышев.

Осы кешке құрметті мейман ретінде арнайы шақырылған композитор, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтаев Құрманғазының «Ақбай», Динаның «Әсем қоңыр» шығармаларын және халық күйі «Ақсақ құланды» тартып, қошеметке бөленді.

Аталған университеттің ұлт аспаптар оркестрі және жеке домбырашылар Динаның оннан астам күйлерін орындап, көрерменнің көңілінен шыға білді. Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала музыка мектебінің түлегі, қазір Қазақ ұлттық өнер университетінің бірінші курс студенті, республикалық конкурстардың лауреаты, Динаның алтыншы ұрпағы Мұқағали Рысқалиев күй тартып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айбатыр Сейтақтың күйшіге арналған «Күй өнерін бар әлемге танытты» атты өлеңі оқылды. Осы өнер кешін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай жүргізді.

«Күй анасы» қоры жастарды ынталандыру мақсатында аталған оқу орнының жанындағы колледждің үшінші курс студенті Әлішер Бекбауұлына арнайы тапсырыспен жасалған домбыраны сыйға тартты. Келешекте университет мұражайында ұлы күйшіге арналған бөлім ашылады деген ниетпен білім ордасына Динаның көлемді портреті табыс етілді. Оқу орнының кітапханасына Д.Нұрпейісова туралы биыл жарық көрген кітаптар сыйлық ретінде берілді.

Жиналғандар тамашалаған көрмеде Д.Нұрпейісова туралы жазылған мақалалар, танымал өнер иелері берген сұхбаттар, кітаптар және 200-ге жуық құжат деректері орын алды. Соның ішінде бұрын жария болмаған Динаның шөбересі Т.Қуанышевтің жеке мұрағатындағы мәліметтер де көпшілік назарына ұсынылды. Елорда іргесіндегі Қосшы кентінің тұрғыны, домбыра аспабын жасаудың шебері Нұржан Ділмановқа жеке туындыларын халыққа таныстыруына мүмкіндік жасалды. Ол да арнайы көрме ұйымдастырып, талапқа сай, өз қолымен жасаған отыз шақты домбырасын алып келді. Түрлі қалыптағы аспаптардың табиғи үнін естіп көремін дегендерге домбыраны шертіп қарауына рұқсат берілді.

Кештің құрметті қонақтары, қоғам және өнер қайраткерлері Ирак Елекеев, Зейнолла Алшымбаев, Серік Әбдірахманов, Орақ Әлиевтер осындай іс-шараны жоғары деңгейде өткізген университет ұжымына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Мұхамбет Көпей, Қайрат Сарыбай, Уәлихан Қалижан, Қайрат Байбосынов, Айтқали Жайымов, Айтжан Тоқтаған, Бағила Баймағамбетова, Гүлнәр Сейтмағамбетова, Бекболат Байсағатов, Абай Тасболатов, Сәрсенбай Еңсегенов, Тұрар Әліпбаев, Керім Пірімқұловтар өнер көрсеткен жастарға қошемет білдіріп, табыс тіледі.

Н.БАТЫР

1544 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы