• Мәдениет
  • 09 Қаңтар, 2022

«ТАҒДЫР ТАҚТАСЫ» – ТЫҢ ТУЫНДЫ

Қазақ қоғамында – «даттау», «мадақтау», «жоқтау», «естірту» немесе «арнау» айту дәстүрі ежелден бар болатын. Мұның бәрі бүгінде фольклорлық көнерген жанрларға айналды. Бұлар адамның көзі тірісінде, болмаса қайтыс болған сәт пен одан кейінгі кезеңдерде айтылатын поэтикалық шығармалар еді. Осылардың көбі қазіргі таңда архаизмге айналып, әдеби қолданыстан шығып барады... Бұл не сонда, қағынан жеру ме, әлде барынан айырылу ма?

Қазір біздің елде қайтыс болған қоғам қайраткері мен көрнекті тұлғаларға бес жылға дейін атына көше немесе мектеп, болмаса кез келген нысанның атын беруге болмайтын, болдырмайтын бір «заманауи заңдар» шығып алды. Сонда тұлғаларымызды  көзі тірісінде құрметтемей, өлген соң атын өшіру қағидасы жүріп жатыр ма? Сұрақ көп, түйінін тарқату жоқ. Биліктегілер тоқ, бұған бастары ауырмайды көп. Осылай термелесек өзегіміз өртенеді...   

Шегедей болған шерді тарқатуға  қай қоғамда да шығармашылық адамдары келген, әйтеуір. Баяғыда «Әй, Абылай, ­Абылай» деп Бұхар жырау дат айтса, бертінде Алаш арыстары Ресей патшасына петиция жазып, бұратана халықтың талап, тілегін жеткізгенін білеміз. Кешегі өткен кеңес заманында да қоғам қайраткерлері мен өнер адамдарына көзі тірісінде мерейтойлық мақалалар жазылмаса, әдеби шығарма арналмаған. Осы бір болмағыр үрдісті біздің заманның болмысы бүтін азаматтарының бірегейі Бақыт Беделханұлы бұзды. Яғни жаңашылдық жасап, КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов ­туралы «Тағдыр тақтасы» деген интеллектуалдық драма жазып шықты. Ол драмасы 2017 жылы жарық көрген кіта­бында жарияланып, Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрында сахналанған болатын. Ал бұл жолы жаңа жыл қарсаңында «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Асанәлі ағамыздың төл шәкірттерінен құралған «Жаңа ғасыр» театры актерларының сахналауымен қойылды. Көрермендер арасында Асанәлі Әшімов пен жары Бағдат және өзге де замандастары отырып тамашалады. Сахна төрі шахмат тақтасымен безендіріліп, онда әр фигура орнында Ас-ағаның замандастары болған театр саңлақтарының бейнесі тұрды. Режиссердің бұл шешімі көрерменге ерекше әсер етті. Себебі сол сахна саңлақтары жас актерлармен бірге ойнап жүргендей әсер қалдырды.

– Шығарманың «Тағдыр тақтасы» деп аталу себебі, ол кісі өзі өмірде шахмат ойынын жақсы көреді. Қашан барсаң да алдында шахматы тұрады. Сол шахматына қарап, келген кісілермен шахмат ойнап отырады. Сосын сахнаның безендірілуі жағынан осындай бір шешім қабылдадық. Бұл өмір сол шахмат тақтасында өтіп жатқандай. 20 ұл-қыз жас актерлармен бірігіп, 20 адам сахнада жүреді», – деді қойылымның режиссері Жұлдызбек Жұманбай.

Қойылым соңынан шығарма авторы Бақыт Беделханұлы Ас-ағаны сахна төріне шақырып, құрмет көрсетті. Өз кезегінде сахна тарланы осы қойылымды сахналаған ұжым мүшелеріне өз ризашылығын айтты:

– Әріптестеріме ризамын.  Қадыр ақын: «Ақынды сыйлаңыздар тірісінде», – дейді ғой. Өнер адамын да тірісінде сыйлап жатқан әріптестерімнің, шәкірттерімнің көңіліне рақмет! Өзім де әріптестеріме: «Бір-біріңді тірі жүрген кездеріңде сыйлаңдар, жақсы сөз айтыңдар», – деумен келемін. Өсер елдің баласы осындай мінезді ұстанады. Драманың авторына, режиссеріне, рөлдерді сомдаған жастарға ерекше алғысымды білдіргім келеді, көп нәрсені ескерген екен. Мен де бұл қойылымды сіздер секілді осы қазір тамашаладым. Дайындықтарына қатысқым келіп еді, «Аға, сізге деген тосынсыйымыз болсын», – деген соң, араласпадым. Бәріңе рақмет.

 

Бақыт БЕДЕЛХАН, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:

КӨЗІ ТІРІСІНДЕ-АҚ  АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛДЫ

Қойылым соңынан шығарма авторына жолығып, шығарманың жазылу жолы, жалпы тұлғаларға көзі тірісінде құрмет көрсетудің шығармашылық ұстанымы туралы сауалдарымызды қойған едік.

– Бақыт мырза, жалпы осы шы­ғарманы жазу идеясы қалай келді және қанша уақытта жазылды?

–  Ас-ағамен Әкем театрында екі жыл бірге қызмет істедім. Театрдың көркемдік кеңесінде де болдық. Сонда көп әңгімелестік. Ақылын, сырларын тыңдадым. Ас-аға екі ғасырдың куәгері, көргені мен түйгені мол тұлға. Анасынан, балаларынан, алғашқы жары Майра апайдан айырылып, басына сын сағаттары орнағанда да сынбаған қайраткер азамат. Яғни ол кісінің өмір, шығармашылық жолдары кім-кімге де үлгі. Сол бірге жұмыс істеген екі жылда көп нәрсені көкейіме түйдім. Шығарманы жазуға Ас-ағаның 80 жылдығы қарсаңында шәкірттері себепкер болды. Осындай бір тосын сый жасайық, драмалық шығарма жазып беріңіз деді. ­Сонымен, қолға алып, бір айдың ішінде жазып шықтым.

– Жалпы көзі тірі адамға шығарма арнау үрдісі бізде бұрын болды ма? Бізден бұрын қай елдерде болды? Осы шығарманы жазу барысында өзге актерлардан нені байқадыңыз?

– Көзі тірі адамға дәл осындай шығарма арнау үрдісі бізде бұрын болмаған. Ал өзге қай елдерде болғанын білмеймін. Бір білетінім, өткен ғасырдың елуінші жыл­дары Ресейде ел басшылығының арнайы тапсырысымен көзі тірісінде тұлғаларына шығарма арнау болған. Бірақ ол кейін жалғаспаған. Сондықтан да оның үлгісі менде болған жоқ. Осы жағынан біраз қиындықтар туындағаны рас. Алайда Асанәлі Әшімов деген фамилияның өзі халқымызға аңыз болып таралғаны ақиқат қой. Ол кісінің кинодағы рөлдерінің өзі бір төбе де, театр сахнасындағы рөлдері және ерекше. Өзінің қатарластары да кейінгі буын актерлары да Ас-ағаңмен партнер болып ойнауды армандайды. Армандары орындалса соған тыңғылықты дайындалып, шабытпен орындап шығады. Өздерінің кәсіби өсу деңгейі ретінде бағалайды. Мен осы жағдайды байқадым. Бұдан бес-алты жыл бұрын белгілі актер Бекжан Тұрыс пен ұлы Мағжанға арнап моноспектакль жазғанмын. Осы тәжірибем өзіме көмектесті.

– Осыдан кейін өзге тұлғалардан өздері туралы шығарма жазуға ұсыныс түспеді ме?

– Әзірге тікелей ұсыныс болған жоқ. Бірақ ымдап, қалжыңдап ойларын білдіргендер болды. Енді бұл уақыттың еншісіндегі дүние.

– Әңгімеңізге рақмет! Өзіңізге шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан

Нұрболат АБАЙҰЛЫ

1776 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы