• Руханият
  • 13 Қаңтар, 2022

ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҚҰТҚАРЫП ҚАЛҒАН ҚЫЗМЕТКЕР

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

ҚР Орталық мемлекеттік музейі – Қазақстандағы ғылыми әлеуеті жоғары жалғыз музей. Қазақстандағы барлық музейге ғылыми жұмысты қалай жүргізу керек екенін көрсетіп отыр. Этнография, археология, музейтану саласында жасап әрі жарияланып жатқан жұмыстары елімізде ғана емес, шетелдерде де мойындалған. Елімізде төтенше жағдай болып, аяулы Алматыда қантөгіс басталғанда ҚР Мемлекеттік Орталық музейіне бүлікшілер шабуыл жасалды. Құнды жәдігерлерге де қауіп төнді. 
«Алтын адамды» және музейдегі алтын заттарды іздеген. Қалада оқыс жағдай орын алған кезде музей басшылығы шұғыл шешім қабылдап, музейде жеті қызметкер қалып, басқаларын үйлеріне қайтарып жібереді. Бұл туралы kazmuseum.kz сайтына музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіқарақызы мәлімдеген. 

«Түстен кейін музейге таяу орналасқан жердегі ғимараттарға шабуыл жасалып, өртеніп жатқанын байқадық. Шамамен сағат 16.00 кезінде 200-дей шабуыл жасаушы музей ғимаратына кірді. Жүгіріп алдарынан шықтым. Барлығы дерлік жастар. Бар дауысыммен айқайлап, ештеңеге тиіспеуін өтіндім. Сөзге тоқтамай, электронды құрылғыларды қирата бастады. Арасында біреулері менің сөздерімді естіп, қалғанына тоқтау салды. Оларға «Бұл заттардың барлығы – ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Сындырмаңыздаршы, бұларды өртесек, біздің тарихымызда ештеңе қалмайды. Ертеңгі күні сіздерге керек болады ғой» деген сөзімді кейбірі тыңдады. Тыныштық орнатып, менен «Алтын адамның» оригиналы қайда?», «Алтын заттар қайда тұр?», «қылыштар бар ма?» деп сұрай бастады. «Алтын адамның» түпнұсқасының бізде емес екенін айттым. Бұл уақытта музей залдарында негізгі жарық емес, кезекші жарық шамдары жанып тұрған. Соның көмегі тиді ме деп ойлаймын, кейбір заттар қараңғыда анық көріне қоймады. Музей туралы, музейдің қазір және болашақта не үшін керек екенін тоқтамай айта беріппін. Араларына кіріп, бірде ортасына шығып, барынша көндіруге тырыстым. Менімен бірге тұрған музей қызметкерлері естіген екен, арасында тұрған біреуі мені «өлтіріп кетейік» деп, жан-жағындағыларға айтқан. Мен мұны естімедім. Бір кезде арасындағы 20 шақтысы діни рәсімдерін жасап, музейде тыныштық орнады. Құлшылықтарын жасаған соң, барлығы сөзге тоқтады. Арасындағы біреуіне бағына бастады. Шамамен 5 сағаттай уақыт өткен соң, сырттан қара пальто киген екі жігіт келді. Жақсы киінген, түзу адамдар сияқты көрінді. Ол екеуі топты басқарып жүргендермен сөйлесіп, Алматы әуежайына кететінін, біраз уақыттан соң қайтып келетінін және музей ғимараты олардың штабына айналатынын айтты. Үнсіз бас изеп, олардың тезірек кетуін тіледік. Ішінен 20 шақты адам тағы да діни рәсімдерге сәйкес құлшылық жасап болған соң, барлығы біреуінің командасымен сыртқа шықты. Бұл шамамен 21.00-ден асқан уақыт болатын», – деді Б.Дәндіқарақызы.

Тағы бір ерекше жайтты ескере кету керек. Орталық музейге шабуыл жасалып жатқанда, ғимараттың қор сақтайтын арнайы жертөлесінде құқық қорғау органдарының 15 қызметкері жаралы жатқан. Музейдің екі қызметкері жаралыларға алғашқы медициналық жәрдем көрсеткен.

«Шабуылдаушылар бес сағаттай музейде болған кезде бункерде құқық қорғау органдарының 15 адамы жаралы жатқанын білмеді. Барынша білдірмеуге тырыстық. Араларында біреуі барынша тіміскілеп, сақтық танытып, бірдеңеге сезіктеніп жүргенін байқадым. Оны да сөзге тартып, көңілін аулауға тырыстық. Екі күн бойы музейге қонып, әріптестеріміз ұлттық мұраларымызды сақтап қалды», – деді музей директорының орынбасары.

Біз осы орайда музейтанушы Нұрсерік Жолбарысқа хабарласып, төтенше жағдай кезінде Орталық музей қызметкерлерінің музейді сақтап қалуға әрекеттенгеніне жеке пікірімен бірге, музей саласына қатысты бірнеше сұрақ қойдық. Оның айтуынша, музейде өзінің кәсібіне берілген, тәжірибесі мол мамандар қызмет етеді. Төтенше жағдай кезінде директордың орынбасары әріптестерімен бірге шабуылдау­шылармен бес сағат бойы келіссөз жүргізіп, ең соңында тарихи-мәдени мұраларымызды аман алып қалуларын ерлік деп бағалады.

«Ұжым басшысының орынбасары болып қызмет ететін Бибігүл Дәндіқа­рақызының бұл музейдің ғана емес, музейтану ісіне қосқан үлесі зор. Әдістемелік бағыттағы еңбектерімен жақсы таныспын. Талай рет музей ісінің проблемаларына арналған жиындарда бірге болдық. Өз ісіне берілген, парасатты маман ретінде танимын. Музей ұжымының бұл әрекеті музей қызметкерлеріне ғана емес, елін, жерін сүйетін барлық патриот азаматтарға үлгі болды. Музей мамандарының кеңесі атынан әріптестерімізді мемлекеттік деңгейдегі марапатқа ұсынуды жоспарлап отырмыз. Мұндай көзсіз ерлік бағаланып, әрі келешекке үлгі болуы тиіс», – деді Нұрсерік Жолбарыс.

Осы кезде жалпы «төтенше жағдай кезінде ғана емес, тыныштық уақы­тында да құнды дүниелер сақталған музей барынша қатаң күзетілуі тиіс емес пе?» деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Музейтанушының айтуынша, қазіргі уақытта му­зейлерді мамандандырылған жекеменшік күзет қызметтері күзетеді. Олардың көбінде қару түгілі физикалық тұрғыдан мықты күзетшілері де жоқ. Бірер апта курс оқытып, кейін күзетші етіп ала беретін көрінеді.

«Бұрын мемлекеттік күзет қызметі, полиция күзететін. Ақша үнемдеу деген сылтаумен облыстық, қалалық музейлерден мемлекеттік күзетті алып тастады. Республикалық кейбір музейлерде ғана кәсіби, мемлекеттік күзет қызметі бар. Музей директорлары, музейтанушы мамандар бірнеше рет мемлекеттік полиция күзетін музейге қайтаруды өтінгенде, оларды тыңдаған ешкім болмады. Музей ісі туралы заң қабылданса, музейді кім және қалай кү­зетуі тиіс деген бапты қоссақ деген ойымыз бар еді. Бірақ музей ісі туралы заңды қабылдауға да министрлік қызығушылық танытпады. Қандай жағдай болмасын, құнды дүниелерімізді қорғап қалатын кадр мәселесі де әлі оң шешімін таба қоймады. Музейде құнды дүниелерді қорғайтын мамандарды қор сақтаушылар деп атайды. Қор сақтау туралы министрлік бекіткен ереже бар. Олар осы ережені басшылыққа алады. Қазақстан 1985 жылы ССРО тұсында шыққан ережемен 2015 жылға дейін жұмыс істеді. Кейбір музейлер өздерінің ішінде өз ережелерін жасап, соны басшылыққа алды. Қазір әр жыл сайын 2015 жылғы ережеге өзгерістер енгізіп, соны басшылыққа алып жұмыс істеп келе жатыр. Қор сақтау бағыты бойынша кадр проблемасын байқалмайды. Көбі тарих, музей ісі, археология, әдебиеттану мамандықтары бойынша білім алған. Арасында химия, биология пәндерінің де мұғалімдері бар. Бұл пәндердің де мұғалімдерінің қор сақтау ісіндегі рөлі зор», – деді Н.Жолбарыс.

Сонымен бірге, ол Қазақстанда өз мұқтажының 10% өтеп отырған музейді кездестіру өте қиын екенін атап өтті. Ірі музейлердің өзі мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Еліміздегі музейлерге әдеттегі мәдениет мекемесі ретінде ғана қарауды қойып, оның өз ерекшелігі бар екенін түсініп әрі музей менеджментін жолға қойғанда ғана бұл бағытта оң қадам болады.

1625 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы