• Тұлға
  • 13 Қаңтар, 2022

ҚАТАҢ ТӘРТІПТІҢ АДАМЫ

Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Таң атып, күн батып өтіп жатқан әрбір күн тарих бетіне қатпарлана жинала береді. Жас мамандар алдыңғы толқын ағалардың ізін жалғап, ұлы көш жалғаса бермек... Қай мамандықта болмасын, білімді мамандар өзгелерге ұстаз болары хақ. Ұлы ұстаз – өмір үйреткен барлық ілімді шәкірттеріне береді. Сондай маман иесін Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы әділет полковнигі Талғат Абдранбаевты департамент ұжымы абыройлы зейнетке шығарып салды. 

Департамент бастығының міндетін атқарушы, әділет полковнигі Айдар Нұрсеитов Талғат Ерубекұлының қызмет жолына арнайы тоқталып өтті.

Талғат Ерубекұлы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келген. 1986 жылы Шымкент қаласындағы № 43 орта мектепті аяқтап, Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде «еңбек мұғалімі» мамандығы бойынша білім алған. Сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы ҚР ҰҚК жоғарғы оқу орнын «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал 1987-1989 жылдары Отан алдындағы борышын Иркутск қаласында өтеген.

Әскерден елге оралған соң, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі басқармасының ИЧ-167/1 мекемесіне тәрбие бөлімінің тәлімгері болып орналасады. Одан кейін әртүрлі қызметтерде, атап айтқанда, 1995-2008 жылдар аралығында аталған мекемесінде жедел бөлімінің жедел уәкілі, жедел бөлімінің бастығы, мекеме бастығының орынбасары қызметін атқарады. Жалындаған жастық шағында өзіне берілген жауапкершілікті мүлтіксіз орындап, қаншама қиындықтарды бастан өткерген. Алайда мамандығын тастап кетпей, аға буыннан кеңес алып, білмегенін сұрап тұрды. Осылайша қатаң тәртіпке де бағынды.

Алғашқы жұмыс тәжірибесін тәлімгер болып бастаған қызметкер, әріптестеріне өзін жақсы қырынан көрсете білді. Еңбекқорлығымен басшылықтың назарына іліккен маман 2008 жылы ИЧ-167/2 мекемесінің бастығы лауазымына тағайындалды. 2012-2018 жылдар аралығында Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, 2018 жылдың қаңтар айынан шілде айы аралығында ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Жедел басқармасының бастығы лауазымында қызмет атқарды. 2018 жылдың шілде айында Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы лауазымына тағайындалды. Осы уақыт аралығында Талғат Ерубекұлы бірнеше грамота мен алғыс хаттар, медальдар алды.

Осы салаға 27 жылын арнаған Талғат Ерубекұлының айтары көп. Бүгінде ол өзінің тәжірибесін кейінгі жастарға үйретіп келеді. Жұмысты тәлімгер болып бастаған Талғат Ерубекұлы әділет полковнигі шенін алып, үлгілі қызметкерлердің біріне айналды. Оның ел қамын ойлайтын тұлға болып қалыптасуына анасы Нағима үлкен септігін тигізді. Бүгінде анасы сексен бестен асты, әжей балаларының амандығын тілеп, оларға ақыл-кеңесін айтып келеді.  Ұл-қыздары мен немерелерінің ортасында бақытқа кенеліп отырған Нағима әжей, ұлы Талғаттың ел қамын ойлайтын азамат болып, осы дәрежеге жеткенін мақтаныш етіп, әрқашан саулығын тілеп отырады.

Талғат Ерубекұлы мен жары Салима Мұзапарқызы отбасында екі ұл тәрбиелеп, ұлдарын ұяға қондырып, немере сүйіп ата-әже бақытына бөленіп отыр. Немересі Әмина атасының қылмыскерлерді құрықтаған әңгімесін ертегідей ұйып тыңдайды. Атасының қасынан шықпайтын Әмина болашақта атасы мен әке жолын жалғасам деп армандайды. Арманшыл кішкентай ханшайым атасы мен әжесінің тәрбиесімен сусындап өсіп келеді.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөзді қазақ халқы тегін айтпаса керек. Талғат Ерубекұлының  қос ұлы да сақшы сапында. Үлкен ұлы Асхат Ерубек 2011 жылдан бері ішкі істер органында қызмет етеді. Қазір ол – Шымкент қалалық полиция департаменті Еңбекші полиция басқармасының аға тергеушісі, полиция капитаны.

«Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, үйдің үлкенінің басқан ізі, берген тәрбиесін кейінгілері де өзіне ұстаным етпей ме? Сол секілді ағасын үлгі тұтқан інісі Санжар да Ішкі істер саласында қызмет атқарып жүр. Санжар  Түркістан қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторының көмекшісі.      

Асхат Талғатұлы: «Жастайымнан әкемнің еңбегіне тәнті болып өстім. Кей кездері әкемізді апталап көрмейтінбіз, сонда анам әкемнің қиындыққа толы қызметіне түсіністікпен қарайтын. Әкем үйде отырғанда қылмыскерлерді құрықтаған қызықты оқиғаларын айтып беретін. Ертегі естігендей, ұйып тыңдайтынмын. Әлі есімде, алты жасымда жаңа жыл күні есік қағылды. Есікті ашып едім, есік алдында аяз ата мен ақшақар бізге сыйлық алып келіпті. Қолыма ұстатқан қорапта милиция көлігі болса екен деп тілеп тұрдым. Қорапты ашып қарасам милиция УАЗ көлігі екен. Тілегім қабыл болды. Милиция қызметкері болуды армандағаным соншалық, сол сыйлықты он бес жыл сақтадым. Бала арманым, өскенде мамандық таңдауда қателестірмегеніне қуанамын», – деді полция капитаны Асхат Талғатұлы.

Әке жолын қуған бала да жиырма жылдан аса уақытын құқық қорғау саласына арнап келеді. Асхат та әке жолын қуып, бала арманына қол жеткізді. Міне, жаратылысынан қарапайым, еңбек жолын тәлімгерден бастаған Талғат  Ерубекұлының өмір жолы осындай мерейлі істерге толы. Оның мұндай құрметке бөленуі еңбекке деген ынта мен тынымсыз ізденістің нәтижесі.

Өмірі өнегеге толы бұл отбасының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қызмет жолын келешекте немересі де жалғастырып, ел тыныштығы жолында еңбек етуді мақсат тұтады. Осындай отбасында тәрбиеленген ұл-қыздардың болашағы жарқын болмақ.  Ал, біз сондай ұрпақтың өркендеп, жайқала беруін тілейміз.

Раушан НАРБЕК

Түркістан облысы

1454 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы