• Руханият
  • 13 Қаңтар, 2022

МЕН ДЕ АЖАЛҒА АЙБАРЛЫМЫН, СҰСТЫМЫН

Әр адамның пешенесіне жазылған өз тағдыры бар. Мына ғалам қандай шексіз болса, тағдыр да сондай тұңғиық та терең қатпарлы. Осы ретте небәрі 35 жыл ғана ғұмыр кешіп, соңына өшпес-өлмес мұра қалдырған КСРО Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қосжан Мүсіреповтың ерлікке пара-пар өмірі өзгелерге үлгі боларлықтай. 

 

Ол Қоқан билеушісі Мырзабиге қарсы шыққан ағайынды Сапақ датқа мен Мұсабек батырдың тікелей ұрпағы еді. Ал, Сапақ датқа мен Мұсабек батырдың әкесі Қара ата Әмір Темірдің қорғаушысы болған. Әкесі Мүсіреп атақты диқан екен. Мақта өсіруден рекорд жасаған адам. Сол үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Мүсіреп мақталығының аяғына қауын-қарбыз егіп, оны Арыс қаласындағы балалар үйіне апарып беріп тұрған. Осындай текті әулеттен шыққан Қосжан осал жан болсын ба? Қосжан 1946 жылы 14 жасында Бірлік жетіжылдық мектепті бітірген соң Шымкенттегі 2 жылдық мұғалімдер институтына оқуға түседі. Институт қабырғасында жүріп жазған өлеңдері облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде үзбей жарияланып тұрады.

1948 жылы туған ауылына оралып, «Бірлік» мектебіне мұғалім болып жұмысқа орналасады. Үш жылдан кейін Арыс аудандық оқу бөліміне инспектор болып жоғарылайды. 1954 жылы 22 жасында Арыс аудандық «Социалистік жол» газетінің редакторы болып тағайындалады. 1955 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факуьтетіне оқуға түседі.Университетте оқи жүріп «Қазақстан пионері» газетінде әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Университетті бітірген соң облыстық «Жетісу» газетінде, республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналында жұмысын жалғастырады. Ақынның «Дос жүрегі», «Менің қарындасым», «Арман лебі», «Менің апам-дәрігер», «Раушан», «Гүлжазира», «Кім батыр?», тағы басқа да кітаптары жарық көреді. 1966 жылы «Жалын» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы баспадан шығады.

Қосжан ақиық ақын ғана емес, нәзік иірімдерге толы нәзік те нәркез новеллалар жазудың қас шебері. Оның шығармаларында өмірге ынтықтық, құштарлық бар. Қаламгердің қызықты оқиғалар желісіне құрылған туындылары адамдарға деген ыстық махаббатымен суарылған. Жазушының «Жоғалған ақ алмас», «Жарық дүние», «Намыс», «Асылық», «Өкініш», «Алтын анам», тағы басқа да новеллалары жүрек қылын шертеді, адамдарды иірімі терең мұңға орайды, сағынышын қоздатады. Жалпы Қосжанның қай шығармасын алып оқысаңыз да бей-жай қала алмайсыз. Оның новеллалары тосын шешімдерімен таңырқатады.

Қосжан Мүсірепов университетте оқып жүргенде шалғай ауданға барып, курстастарымен бірге мақта тереді. Міне, сол кезде тазаланбаған ауыз су ішіп, созылмалы бауыр ауруына ұшырайды. Осы аурудың асқынуы салдарынан мақта теруге барғандардың біразы о дүниелік болады. Алайда, дерті меңдеп, төсекке таңылып қалса да Қосжан қолынан қаламын тастамайды.

Өмір-ай, өмір, саған құштармын ғой,

Отыз жыл жазың жайлап, қыстадым ғой.

Сен менің қанатымды байлап тастап,

Тапжылтпай тар төсекте ұстадың ғой! – деп күңірене өлең жазатыны сондықтан.

Арманы асқақ ақын айналасындағы адамдарға жүрек жылуын бөліп беруден жалықпаған. Ол өз ортасындағы қаламгерлермен қоян-қолтық араласып тұрғанын естеліктер сыр қылып айтады. Оның көзі тірісінде үйіне Әбілда Тәжібаев, Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Шона Смаханұлы, Садықбек Адамбеков, Бекен Әбдіразақов, Зәкір Асабаев, Төлеген Айбергенов, Мақсұт Әубәкіров, Жүсіп Қыдыров, Зейнолла Серікқалиев, Мұса Дінішев, Рамазан Тоқтаров, Нәбиден Әбутәліпов, тағы басқа да қаламгерлер жиі келіп тұрған. Радио тен телевизияда да араласатын адамдары көп екен. Қосжан Мүсірепов қайтыс болғанда «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы Мұса Дінішев егіле жылап, Әбділда Тәжібаев қаралы митингіде: «Қосжан-қазақтың Островскийі. Көзі тірісінде жас болғандықтан көп мақтай бермеуші едік, есіріп кетпесін деп. Негізі көп адамдардан парасаты биік еді» деуі тектен-текке дейсіз бе? Иә, парасат-пайымы биік ақын асқақ арманының асуында асқақтап тұр. Қосжан салған соқпақ өшпек емес.

Арқалы ақынның аты өшкен жоқ. Ордабасы және Мақтаарал аудандарында Қосжан Мүсірепов атындағы негізгі орта мектеп бар. Ордабасы ауданында Қосжан Мүсірепов атындағы әдеби бірлестік отыз бес жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Япырау, бұл не деген сәйкестік? Ақын небәрі отыз бес жасында мәңгілікке көз жұмды. Ал, оның атындағы бірлестіктің жұмыс істеп келе жатқанына отыз бес жыл толыпты. Сірә, бұл тылсымнан келген Тәңір сыйы болар.

Қарымды қаламгер, өр рухты ақын Қосжан Мүсіреповтың туғанына 90 жыл толуына орай мемлекет және қоғам қайраткері, бірінші шақырылған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, қазақ тілінде тұңғыш жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының авторы, Қазақстанның 1997 жылғы «Жыл адамы», Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,Қ.Мүсірепов атындағы әдеби бірлестіктің жетекшісі, ақын, сазгер, сатирик Әкім Ысқақ «Кәусар» баспасынан «Менің Қосжаным» атты жинақ шығарды. Алғысөзін, бірқатар тарауын өзі жазған осы кітапта Қосжан туралы мол мағлұмат таба аласыз. Қаламгер туралы замандастарының, үзеңгілес достарының, әріптестерінің, туған-туыстарының естеліктері кітап мазмұнын байытып тұр. Сондай-ақ жинақта ақынның достарына, ағайын-туыстарына жазған хаттары да бар. Қаламгердің суреттері де біраз жәйттен сыр шертеді.Қ.Мүсірепов атындағы әдеби бірлестік мүшелерінің отыз бес жылда атқарған жұмыстары да осында. Балауса ақындардың балаң жырлары Қосжан аталарына арналған.

Кітап «Қымбат та қимас Қосжан», «Жүрек көзімен», «Тарих парағын ақтар­ғанда», « Ақын шы­ғармалары» атты төрт бөлімнен тұрады.Жинақтан ақынның бір топ өлеңдері мен новеллаларын да оқи аласыз.

Қысқасы, бұл кітап Қосжан Мүсі­реповке қойылған үлкен ескерткіш. Әдеби бірлестік мүшелері ақынның туғанына тоқсан жыл толуына орай жинақтың тұсаукесерін өткізіп,естеліктерімен бөлісуді жоспарлап отыр. Бұл күні жастар қаламгер шығармаларын жатқа оқымақ. Жиынға қаламгерлер, ақынның туған-туыстары қатысады деп күтілуде. Соңында ақын әруағына арналып Құран оқылмақ.

Мен де ажалға айбарлымын, сұстымын,

Бірақ, достым, бір өлім хақ.

Күшті кім?

Соңғы сәтте дос-туысқа қалдырам,

Алақан мен жан-жүректің ыстығын!

Барам жерге мұздап денем, боп салқын,

(Қара жердің суық қойның аңсар кім?!)

Қалса болды жанарларда өз бейнем,

Ауыздарда айтылса екен жақсы атым!

Иә, Қосжан ақын өзі аңсағандай, жанарларда жарқын бейнесі қалды. Ауыздарда жақсы аты айтылып жүр. Оны іздейтін адамдар көп. Артыңда іздейтін қауымы бар адам өлмейді. Демек, Қосжан ақын да өлмек емес!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

1333 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы