• Руханият
  • 13 Қаңтар, 2022

«ОТАНЫМ ЖЫЛАП ЖАТҚАНДА»...

Қаңтардағы оқиға қазақ халқын қан жылатып кетті. Осындайда Мұқағалидың «Отаным жылап жатқанда...» деп басталатын өлеңі еріксіз еске түседі. Иә, расында отанымыздың көз жасы көл болып аққан осы бір қиын мезетте көңілі жүдеп қалған жандардың көңіліне медеу болғымыз-ақ келіп еді...

Әп-сәтте аласапыранға айналған Алматы, теледидардан көрсетіліп жатқан әр өңірдің қаралы хабары жүректерге шаншудай қадалды.

Қоп-қою түтін арасында рухтары көкке ұшып кеткендер арасында балалар да бар екен. Кішкентай періштелер өз елінде не болып жатқанынан бейхабар, аң-таң болып қалған күйі барзақ әлеміне өтіп те кетті-ау! Амал не? Соңында аңырап қалған ата-ана, бауырларының қайғыларына ортақпыз. Бауыр етің балаңнан, әсіресе көкөрім қалпында айырылудың қасіреті ауыр екенін де ұғамыз...

Кімнің кім екенін ажыратудан қалған бұл қырғында қаншама бейбіт халық та көз жұмды. Олардың әлі саны нақтыланар, түгенделер. Бейбіт шеруге шықтым деп бейбіт қалпында өмірден көшіп кеткен жандардың да рухы шат болсын! Олардың да ата-ана, дос-бауыр, жақын-жұратының қайғысына ортақтастығымыды білдіргіміз келеді.

Оқ пен оттың ортасында жүріп шаһид кешкен сарбаз­дардың да рухына тағзым етеміз. Олардың арасында 18-ден енді асқан жап-жас жауынгер де, осы қаңтар айында зейнетке шығуға дайындалып отырған, еліне еңбегі әбден сіңген сақа сарбаз да бар. Олардың да ата-анасына, туған-туысына егіле көңіл айтамыз.

Ел мен жерді қорғаудың үлгісін көрсетер жауынгерлер қатары әлі де толығар. Қайғының орны жамалар. Осы сын сағатта ел мен жердің бүтіндігі үшін төгілген қанның әрқайсының себебі анықталады деп сенеміз.

«АНА ТІЛІ» ГАЗЕТІ

918 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы