• Әдебиет
  • 13 Қаңтар, 2022

ГАЗЕТ БЕТТЕУДІҢ ШЕБЕРЛЕРІН ШЫҢДАҒАН

1974 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің  филология факультетін тәмамдаған соң, сол оқу орнының журналистика факультетіндегі «Қазақ журналистикасы» кафедрасына аға лаборант болып орналас­тым. Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Зейнолла Тұрарбеков, ­Хабижан Құсайынов сынды ұстаздар арасынан көзіме де, көңіліме де жақын көрінген сұлу, сымбатты, сөзі де майда нәзік жан Тұрымтай Тұрлыбайқызы еді. Жиналыс біткен соң Тұрымтай Тұрлыбайқызы қасыма жақындап, танысып, іштарта сөйлесті.

Жұмыстағы басты міндеттерімнің бірі әр оқытушының сабақ кесте­сін, кафедрадағы құжаттарын қада­ғалаймын. Әр оқытушының оқитын пән­дерімен таныса бастадым. Тұрымтай Тұрлыбайқызы «Мәдениет және тұрмыс проблемаларының баспасөзде жазылуы», «Газетті шығару технологиясы», «Макет жасау» т.б. пәндерден дәріс оқып, семинар сабақтарын жүргізеді. Әр оқыту­шы­ның құжаттық папкалары кафедрада сақталады. Бұл жерде ерекше айтайын деп отырғаным, Тұрымтай Тұрлыбайқызы сабақ кестесі, оқытушының жеке пәндік жоспары, пән бағдарламалары сияқты құжаттары аса ұқыптылықпен жасалады. Ұстаз ретінде өте тиянақты, өз ісінің шебері деуге толық негіз бар. «Газетті шығару технологиясы» және «Макет жасау» сабақтарынан ол үнемі есеп шығарып, студенттерге үйретіп отыратын. Бұл пәнді профессор Әбілпейіз Ыдырысов пен Тұрымтай Тұрлыбайқызы екеуі жүргізетін. Кей кездерде ағай кафедраға келіп «Тұрымтайжан, бүгін дәрісті сен өткізесің ғой», – деп кететін кездері де есте. Кафедрада ұстаздар арасындағы сыйластық, терең білім, адамгершілік сияқты асыл сезімдер басым еді.

Иә, уақыт бір орнында тұра ма? Тұрымтай Тұрлыбайқызы зейнеткерлік демалысқа шықты. Факультет кеңесі мүшелерінің дауыс беруімен аға оқытушылыққа өттім. Кафедрада әр оқытушыға бөліп берілетін пәндер қатарында «Баспасөзде мәдениет мәселелерінің жазылуы»  атты жалпы курс маған тапсырылды. Сол күні үйге келе сала Тұрымтай Тұрлыбайқызына телефон шалып, бұрын өзі оқыған дәрістің маған берілгені туралы мән-жайды түсіндіріп айттым. Апайдың маған деген ұстаздық қамқорлығын осы кездерде сезіндім. Оқу бағдар­ламаларын жазғанда ескерілетін мәселелерді тәптіштеп түсіндірді. «Семинар сабақтарында студенттермен материалдарды талдағанда міндетті түрде жанры ашылатын болсын, мақала тақырыбы мазмұнына сай қойылғанын да қалт жібермей ескеріп отыр» деген кеңестері мен үшін үлкен көмек болды. Кеңес дәуірінде жарық көрген газеттер тігіндісі мен кітаптарын маған түгелдей аманат етті. Тұрымтай Тұрлыбайқызы маған материалдарын шын ниетімен берген екен, осы ұлттық мәдениет тақырыбы аясында ғылыми зерттеу­ге бет бұрдым. 2002 жылы «Қазақ баспасөзіндегі ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің жазылу проблемалары» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Сол кезде Тұрымтай Тұрлыбайқызы берген  газет тігінділерінің көмегі зор болды.

Тұрымтай Тұрлыбайқызы­ның тағы бір ерекшелігі қазақы тәрбиені бойына сіңірген – қазақилығы. Өз көзіммен көрген мысалды келтіре кетейін. Қызметте жүріп, дәлізде алдынан Тауман ағай, Темірбек ағай шыға қалса ағайлар өтіп кеткенше қабырғаға тақалып тұра қалатын.

 Тұрымтай Тұрлыбайқызының анасын да көрдім, дәмдес те болдым. Ол өз анасын әпке дейтін. Анасының аты – Сұлуке апа болатын. Күлімсіреп тұратын, өте мейірімді ана еді, тоқсан үшке келіп өмірден өтті. Тұрымтай Тұрлыбайқызының анасына деген перзенттік парызын да адал атқарғанын өз көзіммен көрдім. Факультет қабырғасында қызметтес бола жүріп Тұрымтай Тұрлыбайқызынан тәрбиелік мәні бар, өнеге етерлік дүниені көп сіңірдім.

1979 жылы екінші перзентім дүниеге келді. Тұрымтай Тұрлыбайқызы қыз болса кіндік шеше болатынын айтып жүретін. Қазір сол қызым қырықтан асып барады, әлі күнге дейін құттықтап, қуанышымызды бөлісіп тұрады. Иә, Тұрымтай Тұрлыбайқызынан үйренеріміз әлі көп,  бізге әлі күнге үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Адал өмір сүру де асыл қасиет екеніне көз жеткізді. Тұрымтай Тұрлыбайқызы менен бір мүшелден сәл артықтау үлкен болса да отбасымызбен араласып кеттік. Бірде жолдасы Сәңгерей ағайдың жора-жолдастарымен бірге бізді де қонаққа шақырды. Қонақтар арасында мемлекетімізге белгілі азаматтар Зейнолла Серікқалиев, Амангелді Ахметәлимов, Бекболат Әдетов сияқты азаматтар жарларымен бар еді. Отырыстағы әзіл-қалжың, әдемі әңгімелер, апай мен Сәңгерей ағайдың отбасына айтылған тілектер біз үшін өте әсерлі, тәлімдік мәні зор болғанын әлі күнге ұмытқан емеспіз.

Сәңгерей ағай Тұрымтай Тұрлы­байқызының университетте бес жыл бірге оқыған группаласы. «Жақсы әйел мен жүйрік ат – ер қанаты» деп жатады ғой. Иә, келісемін, Тұрымтай Тұрлыбайқызы Сәңгерей ағайдың қанаты да, отбасының ұйтқысы, балаларының сүйікті анасы бола білді. Өмірге Алланың берген бес перзентін әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Ағай немерелерінің ішінде Мәлікті өте қатты жақсы көрді. Иә, уақыт бір орнында тоқтамайды қазір Мәлік үлкен азамат, отбасының ұйытқысы, жігіт ағасы.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін бітірген шәкірттері Тұрымтай Тұрлыбайқызына шексіз риза екеніне күмәнім жоқ. Ұстаз­дар жайлы ұлы батыр Бауыржан Момышұлы: «Өмірге ұрпақ әкелген ана­лар­ды қандай ардақтасақ, ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген екен. Біз де сол сөзге қосыламыз.

  Дәмегүл СЕРДАЛЫҚЫЗЫ

 

1885 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы