• Руханият
  • 13 Қаңтар, 2022

ҚАНЫ БІР, ЖАНЫ ҚАЗАҚПЕН...

Белгілі қоғам қайраткері Асаубай ­Майлыбаев өмірдің түрлі өткелдерінен өткен азамат. Абайша айтқанда, «Ақырын жүріп, анық басатын» тұлға. Әрине, өмір болған соң, оның бір қалыпта тұрмайтыны белгілі. Ақ пен қара айқасқан бұл фәни жалғанның жарық дидарына ғана ұмтылған, жақсылық пен кісіліктің жаршысы болған Асаубай аға адамдықтың ақ туын кірлетпеген, болмысын биік ұстаған адам. Қылдай қиянат көрсе төзбейтін өткір мінезі, күрделі болмысы, ақиық Мұқағалиша айтқанда, «Жүрегінің түбіне кір жасырмай» айтып салатын бірбеткейлігі де көпке үлгі. Далалық мінез, қазақы болмыс иесі.
Асаубай Майлыбаевтың тұстастары, қатарластары тағдырлы буын өкілдері. Елдің басынан ауыртпалық арылмаған кезеңде дүниеге келіп, жарым көңіл күйде жетілген ұрпақ. Әкеден ерте айырылған бала ­Асаубай да анасы Саркен Балабекқызының қамқорлығында болып өсті, жетілді. Күні бүгінге дейін дүниеге мейірім көзімен қарайтын, барды бар, жоқты жоқ деп айтатын мінез де сол ананың ақ сүтінің киесінен болса керек. Ат жалын тартып мініп, азамат болған шағынан бастап қызметке араласты. 

Қай кезде де әділ сөйлеп, адал жүретін мінезін кезінде өзімен қызметтес, сыйлас болған азаматтар жиі айтады. Оны адал еңбек бар болса тасымауға, жоқ болса жасымауға үйретті. Кәсіп ашып, ­жастарды да табан ақы, маңдай термен еңбек етуге баулыды. Бірақ, бас пайдасынан гөрі ар тазалығын ойлайтын, өзінен гөрі өзгеге көбірек болсын дейтін азаматтың талай қайырымдылық істеріне де ел куә. Кезінде Жамбыл облысы, ­Сарысу ауданының Саудакент ауылынан «Майлыбай» мешітін салдырды. Жастарды имандылыққа, ізгілікке шақыруды сөзбен емес, іспен көрсетті. Сол сияқты, әйгілі Талас өзенінің бойынан «Махаббат монументін» ашты. Қазақ эпосының көрнекті жәдігерлерінің бірі Қыз Жібек пен Төлегеннің рухына қойылған еңселі ескерткішінің ашылу салтанатына Асанәлі Әшімов, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова сияқты өнер алыптарымен бірге біз де қатысқан едік. Сондағы елдің ұлы өнерге деген сүйіспеншілігі, өнер жанашырына деген құрметі әлі күнге дейін санамызда сайрап тұр. Бұдан өзге де тындырған шаруалары қаншама?!. Жалпы ілімді, зиялы адам бір әрекетін, жақсылығын біреу көрсін, білсін деген ниетпен жасамайды ғой. ­Асаубай ағамыз да сондай азаматтардың қатарынан. Ол кісінің біреуге жасаған жақсылығын, атқарған шаруасын әлдекімдерге барып айтып, міндетсініп жүргенін көрген жоқпыз. Өзіне тән байсалды, сабырлы қалпымен ғұмыр кешіп келеді.

  Тағы да ұлы Абайға жүгінсек, ол есті адамдардың қатарында болғысы келетін адам өз-өзіне жиі есеп беріп отыруы керектігін айтады. Сондай-ақ, хакім айтқан «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» те сол тектіліктің сипаты. Біз білетін Асаубай Майлыбаев та хакімнің теңіздей терең өсиеттерін жадына мықтап сіңіріп, өмір сабақтарынан тәлім алып, өмірлік ұстанымы етіп келе жатқан азамат. Ол өзінің «Ғұмырым, тұғырым, тұнығым» атты естелік-толғау кітабында да осы хақында ой толғайды. «Ұлы ақын: «Мен өлеңді жазбаймын ермек үшін» дейді ғой. Оның осы ұлағатын мен жалпы тірлікке қатыстырып өстім» дегені де көп жайды аңғартса керек. Дүниедегі барлық құбылысқа өзіне тән даралықпен қарау, оны даналыққа ұштастыру, одан өмірлік сабақ боларлық қорытынды шығару да оңай шаруа емес. Тірліктегі ұсақ-түйек, бос сөз, бостекі әңгіме сияқты қажетсіз нәрселерді өзінің өмір сүру дағдысына араластырмай, керісінше, пенделік күйбеңнен іргесін аулақ салып, өз әлемінде әдемі өмір сүру де Асаубай ағаға тән мінез.

  Жалпы, атаққұмарлық, мансапқұмарлық сияқты дерттің қоғамда асқынып тұрғаны рас. Ал сол қызмет қолында тұрғанда елдің, халықтың сөзін сөйлеген азаматтар сирек. Асаубай Майлыбаев әр жылдары түрлі қызметтің тізгінін ұстаса да, туралықтан таймаған, әділдіктен айнымаған қалпын көрсетті. Кейінгі жылдары Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты болып жүріп те облыстың басшыларына өткір айтып, талай мәселе көтерді. Мәселен, бір кезде Тараз қаласының батыс қақпасында ұлы шайыр Фирдоусидің «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген ғажап жыр жолдары жазылып тұрған. Алайда кейіннен әлдекімдердің болмашы бір ауыз сөзіне бола сол ғазал қақпадан алынатын болғанда, алғашқы болып жанайқайын жеткізген де осы ­Асаубай аға еді. Депутаттардың кезекті сессиясында қасқайып тұрып, мұның сұмдық жағдай екенін де айтқан. Өзі де «Мінездің өткірлігі – адамның қатыгездігі емес» дейді. «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды» емес, өзіндік пікірі мен ұстанымы бар осындай азаматтар қазіргі қоғамға ауадай қажет болып тұр.

  Тіршіліктегі әр адамның тағдыры әрқилы. Дегенмен, өзінің өмірінен мән іздеу дегеннің өзі салиқалы, парасатты адамның ісі. Асаубай Майлыбаев өзінің өрнекті өмір жолына үңіле келіп, «Кісі ғұмырының мәні – оның неге де болса даяр қабілеті. Төбесі көкке тисе тасымағаны, төтеннен соққы тигенде жасымайтын ерік-жігері. Ешкім де өз ғұмырының өн бойында үнемі күннің шуағында аунап-қунап жата алмайды, сол сияқты күннің сәулесі түспейтін де адам болмайды. Азды-көпті өмірімде осыған көзім жетті», деген байлам жасайды. Яғни, өмірінің әрбір сәттерінде жүріп өткен өмір жолына ой көзімен қарау, парасат биігінен көз салу сияқты қасиеттің негізін осы кісінің бойынан көруге болады. Тіршілікте қолыңнан келіп тұрғанда өзгенің мұқтаждығын өтеуден, өзгеге болысудан, кісі ақысына қиянат жасамаудан асқан бақыт жоқ шығар. Осындай игі қасиеттерді бойына сіңірген Асаубай аға айналасындағы адамдармен де сыйластықтың асыл тінін үзген емес. Қазақы жолмен сыйлас, сырлас болып жүрген азаматтар қаншама?!. Ол кісімен жақын қарым-қатынаста жүрген қазақ өнерінің көрнекті қайраткері Асанәлі Әшімов те «Шүкір, біздің қазақта көргенді жерден шыққан, көпті көрген көреген азаматтар жетерлік. «Жақсы адам қартайса – қазына, жаман адам қартайса – қазымыр» болады. Жақсылардың жолын жалғап, азаматтықтың асқаралы белесіне абырой-беделмен көтерілген Асаубайдың айтары бар азамат екенін бұрыннан білетін ем. Енді міне соған көзім жетіп отырған жайы бар», деп ой қорытады. Ал, Асаубай Майлыбаевтың кітабы туралы көрнекті жазушы Смағұл Елубай да өзінің өзекжарды пікірін білдірген. «Айтары мол  автормен оңаша қалып ұлт тағдыры төңірегінде сырласып, мұңдасып  отырғандай күйге түсесіз, үйіріле түсесіз. Кітапқа тереңдей түсесіз», дейді жазушы. Жалпы, Асаубай аға туралы әр кездері Бақытбек Смағұл, Асылы Осман және өзге де танымал азаматтардың айтылған жүрекжарды пікірлері бар. Бұл да ар биігіндегі азаматқа деген құрмет пен ықылас деп білеміз. Қазақ мұндайды «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын», деп көркем сөзбен келістіріп айтқан.

  Жоғарыда Асаубай ағаның өмір жолынан, қалыптасу кезеңінен аздап болса да ақпар берген едік. Ол кісі Қазақ политехникалық институтының инженерлік құрылыс факультетінің өндірістік және азаматтық құрылыс бөлімін тәмамдап, Алматы халық шаруашылығы институтының қаржы және кредит факультетінің экономика бөлімінде білім алған. Қазақ Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Жас күнінен білімге құштар азамат сол білімін егемен еліміздің дамуына жұмсады. Қызметпен қатарласа жүріп, қазақ әдебиеті мен өнеріне жанашырлық танытты. Жастарға көмектесті. Мұның барлығы да кезінде өзі көрген қиындықтарды жас буын көрмесе деген игі ниеттен туған еді. «Ұлт. Ұрпақ. Ұлағат» деген кітабында да ұлт пен ұрпақты сабақтастырып ой түйеді. «Адамның ғұмырында төтеннен келер ойлар, төтелеп тартып кетер сораптар жетіп артылады. Төрт құбылаңды түгендеу қиын. Сірә, сол мүмкін емес болар. Жаратушының өлшеп берген уақыты оған мүмкіндік бере де қоймайды. Ал, арман-мақсаттарда шек жоқ. Біраз шаруаның басын қайырып кетсем дейсің» деп толғанады. Бірақ, әрбір сөзін өзінің өмірлік тәжірибесімен нысанаға алып, соны іс жүзінде орындайды. Кітаптарында Әмір Темір, Қазыбек би, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов сияқты көптеген тарихи тұлғаларға қатысты тың деректер бар. Автор осындай тұлғалардың тағдырынан кейбір үзік сәттерді ала отырып, оны ұрпақ тәрбиесімен байланыстырады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Отан қорғау қорына  100 мың сом қаржы, 20 жылқы өткізіп, танк жасатқан Құрмансейіт Бейсенов туралы да жазады. Бұл кісіні бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Сонымен қатар, ар, иман, қанағатшылдық, рух төңірегінде де ой қозғайды. Мұның бәрі не үшін керек? Әрине, бұл да ұлттың, ұрпақтың болашағына бей-жай қарай алмайтын адамның жан сөзі.

  Қазақта «Қартың – қазынаң» деген сөз бар. Бүгінде өмірдің соқтықпалы, соқпақты талай жолынан өткен, сонда да турашылдық дейтін темірқазы­ғынан адаспаған Асаубай Майлыбаев қазыналы жасқа жетіп отыр. Өзінің өмірден көрген-түйгенін хатқа түсіріп, ұрпағына сыйлаған дегдарлығының өзі қазақ ұғымындағы әдемі қартаюдың үлгісі болса керек. Санасында сәулесі бар ұрпақ бұл жерден керегін табады. Сондықтан да «Адалым осы. Ақиқатым осы», деп ақтарылады. Тағдыр қосқан жары Оралкүл апамыз екеуі ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірді. Өзі де тағдырдың талай сынынан өткен Асаубай ағамыз әлі де ел мен жердің мәселесін көтеруден танбай келеді. Бұл да кейінгі жастарға үлгі боларлық көркем қасиеттің бірі. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды», деп Қасым Аманжолов айтқандай, Асаубай аға да өзінің шығармашылығы арқылы өз жан-дүниесінің қақпасын ашып береді. Өзінің көңіл түкпіріндегі көркем сырларды қағаз бетіне айшықтап түсіріп, оқырманын ойға қалдырады. «Кітап – адам жанының, көңілінің айнасы. Кітабын оқу арқылы ол жанды түсінесің, рухани әлеміне бойлап, үңілесің, ол адамды ұғына түсесің. Мен де Асаубайдай ағаның жан иірімдерін, жүрек қағыстарын кітаптарын оқу арқылы сезіне түстім. Сезініп қана қоймай, ұлағатты тұлғаның өмір жолынан көп нәрсені үйрене түстім. Туған тарихымыздың көпке белгісіз беттерін оқи түскендей болдым», деп жазыпты Ауған соғысының ардагері, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл.

  Халқымызда «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра», деген сөз бар. Өзінің тағдыр жолында көп дүниені көрген, оған өзінің парасат деңгейінен қарай білген адамның да көкірегі даңғыл болады. Мәселен, екі адамның тағдыры бір-біріне ұқсамайды. Асаубай ағамен әңгімелесіп қалғанда да біз ол кісінің бойынан өмірге өзгеше қарайтын адамның кейпін көреміз. Еліміздің басынан өткен қилы кезеңдер, оған ұштасып жатқан өз басынан өткен талай кезеңдер де адамға әсер береді. Әсіресе, туған топырағы Сарысу жеріне деген құрметі тіпті ерекше. Ауылдағы ағайынның ахуалына алаңдаған көңіл, жетістігіне қуана білген жүрек бар. Біз кейде патриоттық деген ұлы ұғымды жалаң ұранмен, жадағай сөздермен арзандатып алатын сияқтымыз. Ал, туған жерін көңіл түкпірінде үнсіз сүю, жүрек төрінде мәңгілік сақтау деген қесиеттің орыны бөлек екен. Сағым тұнған Сарысудың сар даласы талай тарихқа куә. Әкеден тым ерте қалып, тіршіліктің ауыртпалығын ерте сезген Асаубай аға да осы өлкеде ержетті. Бозбала күнінен сиыр бағып, тірліктің түрлі салаларына араласа жүріп, өзінің болашақ еңбек жолының іргетасын қалады. Содан кейінгі аралықта талай белестерден өткен, тірліктің түрлі тартыстарына түсіп шыныққан ол «Тура биде туған жоқ» ұстанымын берік ұстап қалды.

  Жалпы, адамның болмысына, мінезіне баға беру әсте қиын. Адамзат тарихында құпиясы ашылмай келе жатқан да сол. Бірақ, өзіндік ұстанымы бар, көптің ыңғайына қарап емес, адалына қарай болысып сөйлейтін Асаубай Майлыбаев сияқты азаматтар аз. Ол да жеке басының пендеуи қамы үшін емес, көптің қамын жегеннен қалыптасқан мінез болса керек. Өзі де «Мінездінің жаны жұмсақ, арғы түкпірінен мейірім төгіліп тұратынын былайғы жұрт біле бермейді», деп әдемі байлам жасайды. Ұлы даланы ұлағатымен қорғап қалған, сынбайтын рухымен сақтап қалған кешегі ұлы бабалардың рухы мен асқақтығы да бұл кісінің бойында бар. Ағамызбен талай жылдан бері аралас-құралас, сыйлас іні ретінде көзбен көріп, көңілге түйген нәрселерді әрине жазып тауысу мүмкін емес. Біз де ағамызды «Асау» деп құрметтеп, сыйлап, жыр шумақтарын арнаған едік.

Баса алмай жүрек солқылын,

Аңсайды, құрғыр, беу, нені?

Еркіндік шығар ол мүмкін

Жаңғыртқан қайта зердені?

Мияты, арман, мақсұты

Сыймайтын ұсақ безбенге.

Асырап ардың ақ сүті,

Киесі биік сөзден де.

 

Қатыгез мынау ғаламда

Жарқылдап оттай жанары.

Дөңгелеп дүние табанда

Арғымақ ағып барады.

 

Тегінен жұрдай, тегінде,

Өткенін тани алар ма?

Бас иген өмір өмір ме

Бағынып қағидаларға?!

 

Азаттық, қайран, ырқын ап,

Бауырын жазып, сөгіліп.

Қымыздай ашып, бұрқырап,

Бозадай боздап, төгіліп.

 

Бұғалық тимей қылқынып,

Көңілін кенет жүдетіп.

Бұлғарыдай бұлқынып,

Бұлдырықтай пыр етіп.

 

Асаулық заулап келеді.

(Асау боп асау өледі!)

Қаны бір, жаны қазақпен

Бас білмей өткен... себебі!

 

Баса алмай жүрек солқылын,

Аңсайды, құрғыр, беу, нені?

Тектілік шығар ол мүмкін

Тепкілеп тұрған кеудені.

 

Еркіндік – арман, мұраты

Асауды көрсем кейде мен,

Еске сап Сізді тұрады,

Бағзы бір асқақ бейнемен.

Бұл – ноқтаға басы сыймаған, қоғамдағы кейбір құбылыстармен өмірі келісімге келе алмайтын, тураби ұстанымын ұстанған тұлғаның келбеті. Біз білетін, біз танитын Асау аға, Асаубай Майлыбаев сондай азамат, сондай тұлға! Талай-талай сынақ бас білдіре алмаған тарпаң мінез, өмірдің түрлі сәттері сындыра алмаған асқақ рух, таудай биік, теңіздей терең көңіл, бәрі де жарасып тұр. Әкенің қаны, ананың сүті арқылы болмысына сіңіп, сүйегімен кететін кесек мінез бұл! Өзіне ғана жарасатын болмыс!

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ,

ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

952 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы