• Тарих
  • 13 Қаңтар, 2022

ТАРИХТЫҢ ТҮЙІНДЕРІН ТАРҚАТҚАНДА

Оқырман қолына 2021 жылы тиген кітаптардың арасында Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбай дайындап, астаналық «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Шыңғыз хан» атты материалдар жинағы тосын тұжырымдарға және тың жаңалықтарға толығымен бөлектеніп тұр. 
Тарихтағы астам державаның негізін қалаған аса ұлы адамның атымен аталған бұл кітап, өзінің хронологиясы мен фактографиясы бойынша басты кейіпкердің дүниеге келгенінен көп бұрын және дүниеден көшкенінен көп кейін болып өткен, қыруар дәуірлік оқиғаларды қамтиды. 
Кітаптың бетін ашқанымда мен өзімнің кеңестік кезеңдегі балалық шағым мен жасөспірім кезімнің суреттерін талай рет көз алдыма келтірдім. Ол шақтағы мектеп оқулықтарында менің атам заманғы көне түркі бабаларымның тарихы біржақты әрі негізінен қара бояумен баяндалады десем, мұным бері қойғанда жұмсартып айтқан сөз болып шығады. Мысалы, қыпшақтар (половцы), Шыңғысхан, «татар-моңғол шапқыншылығы», Алтын орда деген сияқты сөздер мен ұғымдар өте бір озбыр күйде, ақкөз қаталдық пен қаратүнек жабайылықтың баламасындай етіп түсіндірілетін.

Кім білсін, өзім тым сезімтал күйде өстім бе екен, әйтеуір, осы арқылы әлдебіреу маған, яғни сол ордалықтардың ұрпағына кемшіндікке қысылу, тіпті кемшілігі көпе-көрінеу бабаларымның есте жоқ ескі кездегі ерсі іс-әрекеттері үшін кінәлілік күйректігін әдейі таңып жатқандай әсер қалдыратын. Бұған жаңа «інжілдік» ертегі-аңыздар бойынша қазақ халқының тарихындағы жақсы атаулының бәрі «Аврора» крейсерінің дүркіндете атқан революциялық дүрсілінен кейін басталғандай, ал оған дейінгінің бәрі көз түрткісіз қараңғылық пен қалың тұмандай етіп сөйлейтін, сол жаттанды көкезу сөздерімен тиын-тебенін тауып жүретін насихатшы-лекторлардың айтқандары одан сайын отқа май құя түсетін. Бағыма қарай, әлгіндей сабақтар мен лекциялардан кейін үйге қайтып оралатынмын, үйде мені ұстаз ата-анам, білімнің қасиетті қоры – әкемнің кітапханасы күтіп тұратын.

Жылдар өте келе мынаны пайым­дауға шамам жетті: бағындырылған халықтардың тарихын жете бағаламау, тұқыртып ұстау және ақымақтыққа толы етіп көрсету, олардың даңққа толы өткен дәурендерін жұрдай жасап, жалаңаштау, бодандыққа түскен этнос­тарды өздерінің генетикалық бастауларынан және эйкуменалық талбесік территорияларынан қасақана айыру, ана тілін, дінін, мәдениеті мен дәстүрлерін жойып жіберу, азаматтарды белден басар қожайын не айтса да құлдық ұрып тұратын жарымес, мәңгүрт құлдарға айналдыруға тырысқан большевизмнің жәдігөй идеологиясы мен саясатының мақсаты да, соны орындатар құралы да, біраз қол жеткізген нәтижесі де екен.

Абырой бергенде, сол жалмауыз жүйенің жұлыны көпке жетпей үзілді де, «халықтар түрмесінің» бұрынғы тұтқындары аңсаған бостандыққа ие болып, ұлттық өрлеу жолына түсті.

Бұл жоба да сондай: ол мұнан бұрын басталып, парсы тілінен тарихта қазақ тіліне тұңғыш рет аударылған ортағасырлық энциклопедистердің шығармаларын – Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарихы» («Тарихтар жинағы») мен Шараф ад-диннің «Зафар намасы» («Әмір Темірдің жеңістер кітабы») бойынша қолға алынған істі жалғастырады. Осы арада өзімнің жеке пікірімді айтып қалуға асығып, мынаны атап өтейін: сол аудармаларды дайындау және басып шығару – атқарылған жұмыстың басты құндылығы әрі ғылым мен практика үшін өте маңызды. Осынау толыққанды әрі қуана құттықтауға тұратындай еңбек арқылы ақыры қазақ тілінде сөйлеген, бұрын мамандардың шағын тобына ғана белгілі болып келген, отандық тарих үшін аса құнды дереккөздер ұлттық ғылыми, біліми, мәдени айналым мен гуманитарлық дискурсқа қосылып отыр.

Көне мәтіндерді аудару – терең танымды талап ететін өзгеше өнер, оған анау-мынаудың шамасы келе бермейді. Алайда, зерттеушілер тек тәржімемен тоқтап қалмаған, жұмысты әрі қарай тереңдете түскен. Соның арқасында, кәдімгі бір детективті романдағыдай, ежелгі дәуірдің «Әр кітаптың өз тағдыры бар...» деген мақалын еске түсіретін шиеленісті шытырман ширатыла жөнеледі.

Сөйтсек, «Жамиғ ат-тауарих» жазылғаннан соң жеті ғасырдан аса уақыт өткеннен кейін ол кітаптың сан түрлі тізімдерін француз, ағылшын және басқа тілдерге аудару барысында түсініктеме берушілер, кей тұста білместіктен, ал кей тұста өздерінше жақсарта қойғысы келген ойдан, талай-талай өңін айналдыру мен адастыруға жол беріп алыпты, олары «ұсақ-түйекке» де, сондай-ақ қағидатты, іргелі қалыптарға да қатысты екен. Бұл орайда осы кітаптың орыс тілінде сталиндік диктатура кезінде жүзеге асырылған кеңестік басылымының драмаға толы тағдырын еске алудың өзі жетіп жатыр, онда ойды ап-анық етіп айтудың орнына, сілтемелердегі ескертпелер мен түсініктемелер сансыз сұрақ белгілерімен (әсіресе бұл ономастикалық лексикаға қатысты), оңды-солды оқумен, жауабы табылмайтын болжалдармен, ойжұмбақтармен алабажақтана шимайланып біткен.

«Тылсым тұстар» тым көп болғандықтан, аталған кітаптың әртүрлі (Ыстамбұл, Ташкент, т.б.) тізімдері мен аудармаларын салыстырудың ыждаһатты әрі көпсатылы ресімін атқару қажеттілігі туған. Салыстырмалы талдау жүргізудің нәтижесінде кітаптың ең сенімді әрі толық көшірмесі деп Тегеран тізімі (оның канондық нұсқасын 1994 жылы Иран Ислам Республикасының «Ал-Барз» баспасы шығарған), ал басқа тілдердегі барынша сапалысы деп И.П.Петрушевскийдің редакциясымен орыс тіліне аударылған нұсқасы (түсінік берушілердің бірнеше буынының тұсында қордаланып қалған жоғарыдағы түсініксіз жайларды айтпағанда) танылды.

Білімнің үш ірі саласының – алтаистиканың, түркологияның және иранистиканың тоғысқан тұсында ауқымды археографиялық және текстологиялық (мәтінтанушылық) жұмыс атқарылды, соның арқасында еңбектің қазақ тіліндегі аудармасы дүниеге келді, авторлардың ой-ниеті бойынша бұл аударма, бір жағынан, түпнұсқаға барынша сәйкес келуге тиіс, екінші жағынан, көне кітаптың пайымдалуы төңірегінде 700 жыл ішінде бытысып біткен жаңылысуларды, бүркемелеулер мен бұрмалауларды түзетіп шығуға тиіс.

Жекелеген түрлік және мағыналық лагуналарды (жыртылған, өшкен тұстарды) қалпына келтіру, жаңадан ашылған жағдаяттардың есебінен толықтырулар енгізу, сондай-ақ өздерінің дәлелдік қорын бекемдей түсу үшін зерттеушілер көз қырын басқа да көне, ескі дереккөздерге салған: олар – бұған дейін аталған «Зафар нама» (авторлар бүгінгі күнге дейін бауырлас Өзбекстанның ғалымдары кітаптың тұтастай Әмір Темір ғұмырбаянына арналған екінші томын ғана аударғанын айтып, қызғылықты мәлімет келтіреді), Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» еңбегі (ол кітап та қазақ тіліне бертінде, 2003 жылы аударылған), Бекасыл Биболатұлының, Ақтан сопы Құтбтың, Шәкәрім Құдайбердіұлының және басқалардың шығармалары.

Жаңа басылым қатаң академиялық тұрғыдан гөрі танымдық сипатқа жақын етіп ойластырылғандықтан, авторлар кітап материалын тұтас сызықтық жиым түрінде емес, өзінше бір компедиум (публицистикадағы дайджест сияқты) – Шыңғыз ханның, сондай-ақ оның әр түрлі тарихи дәуірлерде Түркі ұлы державасы мемлекеттеріндегі билік жүргізуші әулеттерді басқарған және Еуразия тарихында маңызды орын алған ата-бабалары мен үрім-бұтақтарының жеке тұлғаларына шоғырландырылған анағұрлым маңызды, жүйелі, негізді, қағидатты, түйінді әрі нанымды жайлардың жинағы түрінде түзіп шыққан. Бұл пішім бүгінгі оқырманның, әсіресе көптомды фолианттарды игеруді қиынсынатын жастардың қалауына қолайлы келеді.

Сөз арасында бұл еңбектің әскери тарих жанрына жатпайтынын айта кетейін: Шыңғыз ханның жаулап алуы, оның стратегиясы мен тактикасы ­туралы тау-тау әдебиет жазылғандықтан, аталған тақырып әдейі айналып өтілген.

Ал енді көптеген ғасыр бойы ­Еуразия тағдырын шешіп, «түрік» деп аталып келген моңғол державасының ықпалымен түрік (түркі – Е.Х.) ұлттық сана-сезімінің» (В.В.Бартольд) дәйім өрлеуін қамтамасыз еткен Шыңғыз ханның (авторлар осы орфографияны жақтайды, нықтайды және көне дереккөздерге сүйеніп, қажетті дәйектерді көлденең тартады), оның арғы бабалары мен ұрпақтарының шыққан тегі мен шынайы локациясы туралы ең маңызды қорытындыларға келейік. Кейбіреулерге бұл ой тұжырымдары атадан немереге ауысып жататын, содан да ерекше дәлелдеуді қажет етпейтін шежіре сияқты басы ашық ақиқаттай көрінуі мүмкін. Ал кейбіреулер мұны Әлем Әміршісі жайындағы үйреншікті түсініктерді төңкеріп түсіруге итермелейтін сенсация санауы мүмкін.

Мәселе мынада. Елеулі тіларалық айырмашылықтардың (фонетика мен әліпбиден бастап, тілдің жоғарғы қабаттарына дейінгі өзгешеліктердің) және аударманың атышулы қиындықтарына байланысты бір кезде сұмдық алмастыру жасалыпты: түркі тайпалық одағының Шыңғыз хан да шыққан бір тармағының атын белгілейтін мұғул сөзі «моңғол» («монгол») деп қате жазылыпты, ал «Жамиғ ат-тауарихта» және орта ғасырлардағы басқа да арабша, парсыша, шағатайша кітаптарда «моңғол» сөзі атымен кездеспейді екен.

Бұған жарқын мысал ретінде әлемде танылып, мойындалған Мырза Ұлықбектің «Төрт ұлыс тарихын» келтіруге болады, өз кітабында ол әрдайым «мұғұл», «Мұғұл хан» деп жазады. Заманының аса білімді адамы Ұлықбек өз ата-бабалары жайында жазғанда қате жібере қоймас еді.

Көріп тұрғанымыздай, қасқа маңдайлардың беделіне бас шұлғи беруден және тасқа басылғанның бәрін тәңірінің жазуындай көретін сенімнен жаңағы қателік бара-бара кеңінен тараған да, еуроцентристік ғылымда билік құрған тұжырымдаманың арқауына айналған.

Авторлар Әмір Темірді де дәл сол мұғұлдарға жатқызады. «Зафар наманың» І томында келтірілген генеологиялық мәліметтер олардың Темірлан өзіне билік құқын алуды негіздейтін ататек аңызын ойлап тапқан-мыс дейтін Батыста баяғыда орныққан пікірді теріске шығаруға түрткі салған. Алайда, жеңіліс дегенді білмеген Сәтемір (Шах-Тимур) хан, атын естігенде жеті жасар баладан жетпістегі қарияға дейін дірілдеп сала беретін әйгілі әмірші өзіне әлдебір аңызды ойлап тауып қайтсін? «Өзі болған жігіттің ата-тегін сұрама» демейтін бе еді бабаларымыз?

Ендігі бір дүр сілкіндірер жаңалық – Темүжіннің отанын анықтау. Оны авторлар әжептәуір нақты көрсетеді: «Кітапта келтірілген деректердің негізінде төмендегідей қорытынды жасауға болады: Шыңғыз ханның арғы атасы түркі тайпаларының Іле өзенінің бойындағы Ергене қоңда (Шарын шатқалы) б.з.д. VIII-IV ғасырларында өсіп-өнген мұғул деген тармағынан тарайды.

Шыңғыз ханның Бөрте шина деген он алтыншы атасы бастаған бірнеше мұғул рулары б.з. VII ғасырында Ергене қоңнан Алтайдағы Бұрқан Қалдұн (қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай мен Листвяга) деген таулардан бастау алатын Ұнан (Бұқтарма), Килураң (Қара Ертіс) және Тұғла (Күршім) атты үш өзеннің алқабына барып қоныстанады.

 Шыңғыз хан 1155 жылы Ұнан (Бұқтарма) өзенінің төменгі жағында дүниеге келеді. Оның ата қонысы да, ордасы да Бұқтарма өзенінің Ертіске құятын жерінен Нарын тауына дейінгі Қарақұрым деп аталатын жазықта болады».

Алайда, «Жамиғ ат-тауарихтың» орысша аудармасында мұғұлдардың бұл әулеттік жерлері ешқандай негізсіз және түсіндірусіз Моңғол Халық Республикасының «телепор­тацияланған», сөйтіп бүкіл мұғұл тайпалары да «моңғолға» айналдырылып жіберілген. «Осылайша түркі тайпаларының, Шыңғыз хан мен бүкіл дүниежүзінің халықтарының тарихы өрескел және адам айтқысыз бұрмаланған» деп қорытынды жасайды авторлар.

Самодержавиелік Ресейде қанат жайып, большевиктік диктатура тұсында КСРО-да жалғасқан түркі халықтарының тарихын цензураға салу, редакциялау және қайта жазып шығу процесі кітап және қолжазба мәтіндеріне ғана қатысты болған жоқ: оның сыртында «жарылқаушының жарлық етуімен» ресейлік, шетелдік карталар мен оларға байланысты аңыздарға «қажетті» түзетулер енгізілді, ал қарапайымдатып айтсақ, түйінді топонимдерді саяси және идеологиялық тұрғыдан жарамсақтана алмастыратын жалғандық пен бұрмалаушылық жасалды.

Осыны да аз көріп, баяғы тарихты қайта қарап, қайта кесіп-пішуге шебер пысықайлар Кремльдегі қызыл көсемдердің айдап салуымен жасаған қара ниетті іздерін қағаз бетінде ғана емес, Жер-ананың жүзінде де қалдырды. Мұндай аса жосықсыз қадамдардың ең бір сорақысы, Бұқтарма су қоймасын салу деген желеумен, Шыңғыз ханның атақоныс жайлаулары жайғасқан алып аумақты қолдан су астына батыру болып шықты. Кездейсоқ сәйкестік пе, әлде жағдаяттардың реті солай келіп қалды ма, қалай дегенде де, әйтеуір, КСРО Министрлер Кеңесінің сол бөгенді тұрғызу жөніндегі қаулысы 1952 жылдың қарашасында, яғни «Жамиғ ат-тауарихтың» орыс тіліндегі толық мәтіні басылып шыға салысымен қабылданған.

Мұндайда Валентин Распутиннің «Матерамен қоштасу» деген мұңды хикаясын қалайша еске түсірмессің? Құдайын ұмытқан қайдағы қағынған біреулердің зорлығымен ежелгі заманның мәдени қабаттары мен қасиетті жерлері дүлей трактордың шынжыр табанының астына тапталып қала беретін мұндай ұшқарылық қазір де қаншама қайталанып жатыр десеңізші?..

Осы орайда кітаптан толығырақ үзінді алатын жөніміз бар. Жылдар бойы сол өңірді жаяу-жалпылап та, атқа мініп те, кемеде де, ұшақта да арлы-берлі талай аралаған, сондай-ақ осы өлке туралы мағлұматтарды ақсақалдардан, өлкетанушылардан, көнекөздерден, егерьлерден және аңшылардан тірнектеп жинақтаған Ержан Исақұлов былай деп жазады:

«Шыңғыз ханның және оның ұлдарының ордалары мен астанасы орналасқан Қарақұрым жазығы түгелімен дүниежүзіндегі ең ірі қолдан жасалған су қоймаларының қатарына жататын – 1953-1960 жылдары салынған Бұқтарма су қоймасының астында қалды. Жергілікті халық аталған су қоймасының не үшін салынғанын әлі күнге дейін түсінбейді. Өйткені, оның суы осы күнге дейін электір қуатын алудан басқа еш нәрсеге пайдаланылмайды, онда тым құрыса балық та өсірілмейді. Оның есесіне, ол су қоймасы бірнеше аудандарды облыс орталығынан бөліп тастады, жол қатынастарын қиындатып жіберді, кемелерді тек шлюз арқылы өтуге, аудандарға тек паром арқылы баруға мәжбүр етіп қойды». Осылардың бәрі Бұқтарма су қоймасы Шыңғыз ханның туып-өскен жері мен оның ордасын құрдымға кетіру үшін жасалған арнайы жобаның нәтижесі болса керек деген ойға жетелейді. Яғни, қылмыстық әрі әбес істі жауып тастауға байланысты айтылатын «Су аяғы құрдым» («И концы в воду...») деген мақалға дәлме-дәл сай әрекет жасалған.

«Шыңғыз хан» кітабының авторлары алға тартатын сенсациялық жаңалықтар мен естен танғызатын тұспалдар мұнымен таусыла қалмайды.

«Ергене қоң» – Рашид ад-Дин сақтап қалып, болашаққа жеткізген, түркілердің биік таулар аңғарындағы қасиетті қонысы туралы аңыз. Әуелде түркілердің екі отбасы сол аңғарда қаптаған қалың жаудан жасырынып қалады да, күші қалпына келіп, саны өскеннен кейін бірлесе шығып, айналаға жайыла бастайды. Романтикалық ауанына қарамастан, бұл өзі көп қырлы әрі көріпкелдік нарратив, ол өз бойына түркі генін алып жүргендердің бәрінің философиялық кодын жинақтаған, сондықтан да оған әр жолы назар аударған сайын бөлекше герменевтикалық аңдау талап етіледі. Осы аңызды оқи алатын, байыптай алатын әр адам оның көптеген шырғалаңдары қазіргі күнде де, соның ішінде осы заманғы саяси тарихта шындыққа ұласқанын теріске шығара алмайды...

Ал сол Ергене қоң қайда? Бұл сұраққа талайдан бері кәсіби мамандар да, тарихқа әуесқойлар да бас қатырумен келеді. Таңдансаңыз да айтайын, кітап авторларына бұл сұрақтың да жауабы белгілі. Е.Б.Исақұлов бұл жайында былай жазады: «Ергене қоң деп аталатын жерді мен Ф.Л.Гюссфельдтің 1786 жылы Нюрнбергте шыққан «Карта Российской империи и Великой Татарии» деген картасынан таптым. Ол жер Іленің сол жағалауында орналасқан және оның атауы Land Orqanum oд. Irqana Kon деп көрсетілген. Бұл аса құнды картаны белгілі меценат, «Родина» атты агрофирманың негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері Иван Адамович Сауэр менің сұрауым бойынша Германияның мұражайларынан іздеп тауып, маған алып келген болатын. Менің пікірімше, Ергене қоң қазіргі кездегі Шарын деп аталатын өзеннің бойындағы Шарын шатқалының (каньонның) бұрынғы атауы. Бұл каньон қазіргі Алматы облысындағы Алатаудан басталып Іле өзеніне дейін созылады. Оның ұзындығы 154 км, ені 20 метрден 3 км дейін, тереңдігі 300 метрге дейін барады, табиғаты өсімдік пен жануарларға өте бай, өмір сүруге өте ыңғайлы. Ең бастысы, «Жамиғ ат-тауарихтағы» Ергене қоңға берілген сипаттамалардың барлығына сай келеді».

Сол арада оронимнің түсініктемесі беріледі: Ергене – құз таудың етегі. Ергенек сөзінің мағынасы: киіз есіктің тосқауыл ағашы. «Есіктен ергенек кетсе, иттен ұят кетеді» деген қазақ мақалы бар.

Ұлт ұстазы Мұхтар Омарханұлы Әуезов: «Біздің қазақ – жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» деген болатын. Осынау тағылымды сөздерді еске алуға орта ғасырлардан бері көп өзгеріске түскен Түркі әлемі мен бүкіл Ұлы Даланың ономастикалық кеңістігін сәйкестендіру, анықтау және қажет болған тұстарда қалпына келтіру жөнінде авторлар атқарып шыққан егжей-тегжейлі әрі, әңгіменің ашығын айтсақ, батыл жұмыс қозғау салады. Егер де тарихи-этимологиялық сонылаудың мұндайлық ауқымы КСРО-ның кезінде қолға алынса, осыншалықты бұрын-соңды болып көрмеген жағдайға байланысты газет бетінде кеңінен талқылау ұйымдастырылатын еді немесе Ғылым академиясының кезектен тыс сессиясы шақырылатын еді.

Ұлы түркі елінің тарихына қатысты сенсациялық мәліметтер тізіміне мұнымен де нүкте қойылмайды: ­зерттеуде Шыңғыз ханның жерленген жері де дәлме-дәл аталған...

Көптеген халықтардың фольклорын­да ертегідегі ердің алтын қазынаны іздеп, жарты әлемді шарлайтыны, ақыр аяғында ол бақыт өз үйінің табалдырығының астынан табылатыны айтылады. Сол сияқты, нақпа-нақ іздену нәтижесінде авторлар өздерінің басты түйініне келіп тіреледі: «Шыңғыз ханның ата-бабасы түркілердің ашина тайпасынан шыққан, жаугершілік кезде Ергене қоңға барып тығылған Қиян мен Нүкіздің ұрпақтары. Олар Ергене қоңда 400 жүз жылдай өніп-өсіп, содан соң ол жерден шығып, Іленің бойына жайғасады, кейіннен Ертістің бойына көшеді. Сондықтан, Шыңғыз ханның ата жұртын Моңғолия мен Сібірден іздеу орынсыз. Шығыс Қазақстанда табылған бірнеше «патшалар аңғары» жақын уақыттарда жаңа ізденістерге бастау болатыны айдан анық».

Кітапты, әсіресе қызғылықты әрі ұлттық сананың түбірлі мәселелерін қозғайтын кітапты қайта баяндап жату артық әурешілік. Сондықтан да мен өзімді оқырман ретінде толғандырған тұстарға ғана баса назар аудардым.

Темүжіннің бейітін ашудың қажеті жоқ, әрине: бұл біздің салтымызға жатпайды. Оның үстіне өзінің миллиондаған үрім-бұтақтары арқылы бүгін де өмір сүріп, жасампаздық көрсетіп жатқан адамды өлді деудің қандай жөні бар?..

Тарих ғылымының ақиқаттан ауытқымайтын ағайыны – демография ғылымы. Осы заманғы әлем жылдам өзгеріп жатыр, жаһанның алдына жаңа басталған мыңжылдықта Еуразияның және бүкіл әлемнің тағдыры кімнің қолына тиеді деген сұрақ талайдан қойылып келеді. Жоба авторларының «Бұл кітап Шыңғыз ханның ХХІ ғасырдағы ұрпақтары болатын қазақ жастарына арналады» деп жазатыны да сондықтан.

Рас сөз: мына әлемде болашақтың қамын ойлағандар дәйім жеңіске жетіп отырады.

Мақаламызды жазып бітуге таяп қалғанымызда республикалық баспалардың бірі, кітаптың орыс тіліндегі жаңартылған және толықтырылған нұсқасын шығаруға дайындап жатқаны туралы айтып қалды. Оны да оқитын боламыз.

Ерден ХАСЕНОВ

3158 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы