• Тұлға
  • 13 Қаңтар, 2022

«ТҮРКІЛЕРДІҢ КӨСЕМІНЕ ТЕҢЕГЕН»

«ОЛ ҚОРЫҚҚАНЫН СЫЙЛАЙТЫН АДАМ»

Мен бір кездегі алыс сағымдай көрінген жетпіс жастан аттап, сексеннің сеңгіріне шыққан жанмын. Өмірімнің жазы кетіп, күзі мен қысы қалғанын мойындау парыз. Зейнеткер атандық, немере сүйдік, ой тоқтаттық. Көңіл әр нәрсеге алаң...

Өмірдің жақсысын да, жаманын да көрдік. Қариялық жасқа жеткеніме тәубе деймін.Құдайшылық жолымен өмір сүрдім. Имандылыққа сендім. Шындықты айтамын деп жеккөрінішті болған күндерім де аз емес. Өйткені ақиқатты бетке айтқан адамның ешкімге жақпайтыны белгілі ғой.

Осы ғұмырымда көп елге бардым, көп жердің дәмін таттым. Алаштың ардақты адамдарымен кездескенімді де мақтанышпен айта аламын. Солардың ішінде ерекше есте қалған жанның бірі – Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев дер едім.

...Елуінші жылдардың аяғында Алматыдағы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін туған елім – Арқа төсіне келдім де бірден жұмысқа араластым. Арада он үш жылдай уақыт өткен соң облыстық партия комитетінің сол кездегі басшысы Н.Е.Кручина мені Ерейментау аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығы қызметіне ұсынатынын айтты. Беку үшін Алматыға барып, Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың қабылдауында болу керек еді. Жетпісінші жылдардың басындағы жаз айларының бірінде, міне, осы шаруамен астанаға ат басын тіредім. Талдықорған облысынан тап осындай қызметке бекітілуге келген Ғалым Тұрғанбаев екеуміз Орталық Комитет үйіне қатар кірдік. Димекең жылы шыраймен қарсы алды. Көңілге қонымды ақылымен партия жолының жіңішке екенін екеумізге айта отырып, соңында жанымдағы Ғалымға бұрылып: «Сен еліңнің ортасындасың, – деді. – Саған қызмет атқару, жұмыс істеу қиынға соқпайды. Қиыншылық көретін, таяқты көп жейтін мына Қасым ғой. Солтүстікте өзге ұлт өкілдерінің басым боп кеткеніне қарап айтып отырмын. Олармен жұмыс істеу оңай емес», – деді ойланып. Сөйтті де екеуміздің арқамыздан қағып, есігінің табалдырығына дейін шығарып салды. Ол кісінің осы бір айтқан сөзіне қарағанда, облыста болып жатқан көп мәселелерді бүге-шігесіне дейін біліп, сезіп отыратын кемеңгер адам болды-ау деп көпке дейін таңғалып жүрдім.

Содан кейін Димекеңмен әр жылдары егін алқаптарында, облыс орталығындағы жиналыстарда жүздесіп жүрдік. Ол кісімен тағы да бетпе-бет жолығып әңгімелесуім 1985 жылдан кейін жиірек болғанын айтар едім. Солардың ішіндегі екі оқиға есімнен кетер емес. Біріншісі 1985 жылғы қыркүйектің басында СОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы М.С.Горбачевтің Сібір жақтан бірден Целиноградқа келу сапарына байланысты болды. Ол уақытта мен облыстық атқару комитетінің төрағасы едім. Бас хатшы Целиноград аэропортында қарсы алынды. Келген бетте ол Димекеңмен селқос, салқын амандасты да шаруашылық жайын онша көп сұрамастан қаланың шетіндегі өзіне деп арнайы әзірленген резиденциясына тартып отырды. Ал Димекең Қызылжар резиденциясына жайғасты. Бұл кісілерді күтіп, қас-қабағына қарау маған тапсырылды. Димаш Ахметұлы аэропорт пен қала ішіндегі Горбачевтің өзіне көрсеткен қырынан ұнжырғасы түсіп, ренжіңкіреп отырды. Бір кезде түскі асқа отырар алдында: «Осы қызметті 75 жасқа толған соң қоятын шығармын», – деп қалды.

КСРО Министрлер Кеңесі төраға­сының орынбасары Зия Нұриұлы Нұриев қараторы, орта бойлы, толық келген, сөзге ашық, аңқылдақ адам екен. Мына сөзді естігенде салған беттен ­Димаш Ахметұлына: «Олай демеңіз. Неге өйтіп айтасыз? Горбачев қорыққанын сыйлайтын адам. Оның шаруашылықты онша білмейтінін ұмытпаңыз. Соны пайдалана отырып қамшыны басыңыз оған. Пікіріңізді дәлелмен айтсаңыз тайғақсиды. Ал оған тәжірибеңіз жетеді. Сізден қаймығатын болады. Өзіңіз бізге әлі керексіз. Түркілердің лидері екеніңізді ұмытпаңыз», – деді.

 

БАШҚҰРТ ЗИЯ НҰРИҰЛЫ

БАТЫР ШАЛЫС КІСІ ЕКЕН

Мына сөзді естіп отырған мен ішім жылып, Зия Нұриұлына мұндай риза болмаспын. Есімі үлкен әріппен жазылатын бұл азаматтың дастарқан үстінде ана Архипов отыр-ау деп қаймықпай айтқан сол бір жігерлі сөзіне Димекең әжептәуір көтеріліп қалды. Содан Целиноградтан кетер кеткенше көңілді, жайдары отыратын болды. Сондай сәттегі бір әңгімесі есімде. Бұл 1943 жылы болған оқиға екен.

– Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүрген кезім, деді Димекең.– Майданға керекті азық-түлік түрлерін уақытында жөнелетпедіңдер деген зіркілге толы жеделхат мені ВКП (б) Орталық Комитеті Саяси Бюросының отырысына шақырды. Бұл ел тұрмысының күннен-күнге күрт нашарлап, жұрттың «шықпа жаным шықпа» деп, жүріп жатқан шағы еді. Жасыратыны жоқ, ұйқым қашып, қалтырай жеттім Мәскеуге.

Түннің бір уақытында, аталмыш Бюрода менің мәселем қаралды. Маған біраз қатты сөздер айтылды. Сталин мәжіліс залында әрлі-берлі жүріп, трубкасынан баяу түтін шығарып, баппен өткір ой тастап, сөзінің соңында маған сөгіс жариялады. Өмірімде алған бірінші ауыр сөгіс...

Басым салбырып, бюродан шығып, коридорда келе жатқанмын. Қарсы алдымнан А.И.Микоян кезіге кетіп: «Неге қабағыңа қар жауып, түнеріп келесің?» – деді. Болған жайды айттым. А.И.Микоян арқамнан қағып, қарқылдай күліп, жұбата: «Ештеңе етпейді, жассың ғой. Денің сау болса, әлі талай сөгіс аласың деді Димекең», – деп жеңіл жымиды...

Осыдан кейінгі әңгімені қонақтар алды. Сондағы аңғарғаным, Зия Нұриұлы өзіміздің бауырымыз – башқұрт халқының перзенті болып шықты. «Жақсыда жаттық жоқ» деген ғой. Бұл бір текшіл, түркішіл, батыр ­шалыс кісі екен. Кетерінде маған ­телефонын ­жазып беріп, Мәскеуге жолың түсе қалса үйге соқ, келмесең өкпелеймін деп кең қолтықтығын аңғартты. Алыстың өзінен де ағайын тауып жүрген «қарға тамырлы қазақпыз» ғой. Зия Нұриұлы кейін республика көлемінде шеше алмай жүрген көптеген мәселелерімізді алдына барғанымда бірден сөзге келмей реттеп беріп отырды.

...Ертеңінде, Шортандыдағы Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына баратын жолға шықтық. Алдыңғы машинада – М.С.Горбачев. Біздер төртінші қатарда жүріп келеміз. Әлден уақытта бір «Чайка» машинасы басып озып еді, Зия Нұриұлы: «Мынау бізді неге басынады?Ананың алдына қайта шық! – деп жүргізушімізге зілмен үн қатты.

Сол шұбырған бойы, ғылыми-зерттеу институтының егінді алқабының бір шетіне келіп тоқтадық. Қарасақ, алдымызда қаздай тізіліп тұрған комбайндар. Олардың іргесінде, біркелкі жаңа күлгін түсті матадан тігілген, мамандықтарына лайықты киімдерімен тойға жиналғандай жалт-жұлт етіп механизаторлар тұр.

Бас хатшы М.С.Горбачевтің оларда шаруасы болған жоқ. Ол бірден ешкімнің түсіне де кірмейтін «К-700» тракторына орнатылған тіркемелі 25 метрлік, егінді орып дестеге салатын жатканың қасына нөкерлерімен бұрылып келді. КСРО-дағы ауыл шаруашылығын техникамен қамтамасыз ету министрі А.А.Ежевский, жас шамасы жетпісті алқымдап қалса да, М.С.Горбачевтің алдында жас бала секілді құрдай жорғалап жүр. Алдындағы 25 метрлік жатқаны жер көкке сыйғызбай мақтап: «Басқа жаткалардан екі жарым есе өнімді. Сөйтіп астықтың өзіндік құнын еселеп арзандатады», – деген күйі есеп-қисабын жаудыра келтіріп жатыр.

Министрдің айтқандарын Бас хатшы ризашылықпен тамсана тыңдап, басын шұлғып тұрды. Екеуінің де ауыл шаруашылығы жүйесінен хабары шамалы екендігін білсе де, жиналғандарда үн жоқ. Ең болмаса, үйіріліп тұрған механизаторларға жақындап, осынау 25 метрлік жатка жөнінде не ойлары барын сұрап, пікірлеспеді, шіркіндер! 25 метрлік осы жатканың ауырлығы соншалықты, оны тіркеген К-700 тракторы түтіндете орнынан ышқына әрең ырғала қозғалатынын, сағат сайын әр нәрсеге ұрынып, шалғыларының сегменттері сына беретіндігінен жұмысы өнбейтінінде шаруалары да болған жоқ. Комсомол жетекшілігінен өскен М.С.Горбачевтің бос сөзге үйірлігі білініп, көзге ұрып тұрды...

...Бұдан бұрын, төзімді әрі қолайлы, егінді де тез шауып дестелеп қана қоймай, шөбімізді де жинап алуға ыңғайлы, жеріміздің бедеріне икемді, ұстарадай қыратын азбас-тозбас 10 метрлік «ЖВН-10» деген жатка өндірістен алынып тастатылған еді. Бұған механизаторлар қынжылыс білдіріп жүрді. Бұл 10 метрлік жатканы шығармай қоюларының басты себебі, оған металл көп жұмсалады екен. Алайда оның өзіндік өнімділігі көпке шыдайтындығы есепке алынбады.

 

СОРЛАП ҚАЛҒАН СОЛОМЕНЦЕВ

Кешіріңіздер, Бас хат­шы­ның Шортандыдағы сапа­рынқуалап, әңгімемнің бастапқы желісінен ауытқып кет­кендеймін. Енді соған қайта оралайын. Үлкендердің дастарқан басындағы отырыстарында Димекең үнсіз ойға шома отырып, М.С.Соломенцев жөнінде әңгіме қозғады. «Істеген жақсылықтарымды ақтамады. Өркөкірек, пайымсыз адам болып шықты. СОКП Орталық комитетінің жанындағы Партиялық бақылау комитетін басқара жүріп, қазір біздің елдің мән-жайының білгіші атанып кеткендей. Менің айналамдағы кадрларға бүйідей тиісіп, балағыма жармасуда. Не дейін?» – деді де мынаны айтты.

– Соның қарамағымда екінші хатшы қызметінде жүрген кезі. Бірде екі-үш күндей жұмысқа шықпады. Күндегі әдетім бойынша жиналып қалған қағаздарды қарап, ой елегінен өткізіп отырғанмын. Есігімді қағар-қақпастан Соломенцев кіріп келді. Қарасам, бет-аузы күп болып іскен. Адам шошитындай, танымастай көгерген. Кірген бойда, тізерлей отыра кетіп, кешірім сұрап, зар иледі. Соның айтуынша, өзін емдеп жүрген дәрігер әйелмен әуей болып, сол әйелдің медбикесінің үйінде түнеп жатқанда, жұбайы үстерінен шығып, екеуін де көк ала торғайдай қылып ­сойып, тепкінің астына алған екен. «Екі адам білгенді, ертең бүкіл ел біледі»  деген қағида бар. Соломенцевтің мына қылығы бүкіл Қазақстанға жайылары анық. Абыройсыз жүріп, қалай қызмет атқармақшы? Кім көрінген бетіне ­баспай ма? Мәскеуге Л.И.Брежневке телефон шалдым. Өзінің көзінше, барлық жағдайды айтып, оны бір жерге қызметке ауыстыруын сұрап, өтініш білдірдім.

Әңгіме барысында Л.И.Брежнев: «Бір әйелдің көңілін дұрыс таба алмайтын сары ауыз неме... Неге соқтығады?» –деді. Осыны айтып, біраз үнсіз қалған Л.И.Брежнев көңілімді қимады ма, әлден уақытта: «Жарайды ыңғайына қарай көрейін», – дегендей ықылас білдірді. Арада 3-4 жұма өтпей, Л.И.Брежнев Соломенцевті Ростов облысының бірінші хатшысы қызметіне тағайындап жіберіп еді. Енді, міне, «жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпастың» керін келтіріп, маған қарсы оғаш мінез көрсетіп жүр», – деп «жауды аяған жаралы» болатынның халіне түскендей кейіп білдірді.

Димаш Ахметұлымен жоғарыдағы Горбачев сапарынан кейінгі кездесуім 1986 жылдың көктемінде болды. Бұл біздің соңғы жүздесуіміз еді. Содан бір ай бұрын, яғни 13 наурызда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Е.Морозов пен облыстық атқару комитетінің төрағасы менің арамда принципті мәселеге байланысты принципті әңгіме болды. Жабық бюродағы бұл айтыс неден шықты дейсіздер ғой? Облыста қазақ кадрларын кемсіту, оларды жауапты орындарға қоюға кедергі келтіру, қандастарымыздың сөзі мен жүріс-тұрысынан ілік іздеу әбден шегіне жеткен еді. Аудандар мен қаладағы онсыз да аз басшы қазақ жігіттері көмек күткендей маған қарайды. Ал мен жерге қараймын. Өстіп жүріп ақыры 1986 жылдың 13 наурызындағы облыстық партия комитетінің жабық бюросында шыдамымның шегі әбден шегіне жеткен мен бұрқ етіп атылдым да Н.Е.Морозовпен жалғыз өзім айқасқа түстім де кеттім. Бір жарым сағаттық шайқас кезіндегі менің дәлелді, уәжді сөзімнен соң ол «жедел жәрдем» мәшинесімен ауруханадан бір-ақ шықты. Облыс басшысы содан табаны күректей бір ай бойы «дәрігерге қаралып», емханада жатып алды. Оның бұл әрекетінің әрине, өзінше себебі, ішкі есебі бар еді. Ол – елге әйгілі болып қалған жабық бюродағы айтысты уақыт өткізе келіп ұмыттырып жіберу болатын.

 

МЕНМЕНСІГЕН МОРОЗОВТЫ ТӘУБЕСІНЕ КЕЛТІРДІ

Көп ұзамай Алматыда Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің әдеттегі үш ай сайын өтетін пленумы болып, мен соған қатынастым. Пленумның алдында әр облыстың басшылары Д.А. Қонаевтың дәстүрлі қабылдауына барып, жұп-жұбымен кіріп жатты. Н.Е. Морозов «ауырып» жатқандықтан мен бірінші басшыға жалғыз өзім кірдім. Димаш Ахметұлы кездескен сайын маған: «Қасым!» – деп арқамнан қаға қарсы алып, жылы ілтипат көрсетіп жүретін. Бұл жолы: «Әй, Тәукенов... Сенбісің?» – деп салқын жүзбен қарсы алды. Мына сөзіне қарағанда біздің облыста өткен жабық бюродан бұл кісіге дұрыс мағлұмат берілмегендігі аңғарылып қалды.          – Димаш Ахметұлы, ең алдымен мені тыңдап алыңыз. Содан кейін кінәлі деп есептесеңіз өз еркіңіз білсін. Ескертетінім: мен мансап қуып жүрген адам емеспін, – деп іштегі у мен запыранның бәрін жасырмай, түгелдей баян еттім. Олардың мына қылықтарына тосқауыл қойылмаса, келешекте елімізде бас көтерер ел азаматтарының қалмайтынын жасырмадым.

Қанша уақыт өткенін білмеймін, сөзімді бөлмей түгел тыңдаған ­Димаш Ахметұлы саусақтарымен үстелді тықылдата басын шайқап, біраз отырды да сұңғыла мінезімен: «Қасым, сенің бүгін маған кіргенің қандай жақсы болған. Мен көп нәрселерден бейхабар екенмін ғой», – деп алғашқы кірген беттегідей емес, биязы үн қатып, телефон арқылы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісімен сөйлесе бастады.

– Целиноград облыстық партия комитетіндегі Тимошенко мен атқару комитетіндегі Шендриктің тайраңдауы жеткен жоқ па?.. Соңғысын дереу зейнеткерлікке жіберіп, ал ананы басқа жұмысқа ауыстыру керек, – деп табан астынан нұсқау берді. Морозов жөніндегі пікірін білдірмеді. Бірақ көп ұзамай ол да орнын босатып, өз жөнін тапты.

...Димекеңнің 110 жылдығы қарсаңында газеттерде естеліктер шыға бастады. Соларды оқи отырып, мен де ол кісі туралы өз білгенімді қағазға түсірдім. Жоғарыдағы жәйттер ешқандай да қоспасы жоқ болған оқиғалар. Оны үлкен адамның өмірбаянын толықтырар шағын деталь, штрих ретінде жазып отырғанымды естеріңізге саламын. Соңғы айтар бір жәйт... 1987 жылы, Мәскеуде А.М. Прохоровтың жетекшілігімен, 2 млн 500 мың дана боп шыққан «Советский энциклопедический словарь» бар. Сондағы Қазақ КСР-ы тарауында Ф.Голощекин әспеттеле жазылды. Қалғандары да мадақтан кенде қалмады. Ал СОКП Саяси Бюросының мүшесі, үш дүркін Социалистік Еңбек Ері Д.А.Қонаев аталмады. Бұған не айтуға болады? Дегенмен ғұмыр бойы ары мен ұжданын таза ұстаған Дінмұхамед Ахметұлы ұлтымен бірге қатар жасап, бізге, ұрпағымызға үлгі-өнеге болып қала берері сөзсіз. Жасаған ием, нұрын пейіште шалқытып, жатқан жерін жарық қылғай!

Қасым ТӘУКЕНОВ,

мемлекет және қоғам

қайраткері

 

1986 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы