• Қоғам
  • 13 Қаңтар, 2022

КЕТКЕН ҮКІМЕТТІҢ ЖҰМЫСЫНА САЯСИ БАҒА БЕРУДІ ДЕ ЕСТЕ ҰСТАҒАН АБЗАЛ

Берік Әбдіғалиұлы, 
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бейбіт басталған халық наразылығын қантөгіске ұластырып, елдің берекесін кетірген қылмыстық топ толық әшкереленіп, қатаң жазалануы тиіс. Сонымен бірге бейбіт шеруге шыққан, террористерге еш қатысы жоқ азаматтар жазықсыз қудаланбауы керек. 
Иә,  қымбатшылық, басқа да мәселелер халықтың қабырғасына әбден батты. Сондықтан да халықтың көпшілігі наразылығын айтуға алаңға шықты. Оны сыртқы күштер пайдаланып, соңы осындай бүлікке ұласты. Дегенмен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы дер кезінде саяси жағдайды дұрыс бағамдап, мәлімдемелерін жасап, күштік құрылымдарға тапсырмасын беріп, тұрақтылықты қамтамасыз ете алды. 
Ең бастысы бүгінгі күні тиісті қорытынды жасауымыз қажет. Ол қорытынды: «Халық неге наразы болды?» деген сұрақтың жауабынан жасалынса. Наразылықтың себептерін анықтауды Президент Үкіметке тапсырды. 
Иә, түбегейлі экономикалық саясатты өзгерту қажет. Ол үшін Үкіметтің құрамына жаңаша ойлайтын, жауапкершілік ала алатын азаматтар келуі қажет. Жаппай қымбатшылық мәселесін кезінде депутаттар көтерді. Бірақ соны тыңдаған Үкімет болған жоқ. Бір жапырақ қағазбен шығарып салма жауаптар болды. Біз, депутаттар да, табандылық танытуымыз керек еді. 
Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев жариялаған саяси реформалар аясында Конституцияға да өзгерістер қарастыру керек. Мәселен, Мәжіліс депутаттарының бір бөлігі жеке округтерден де сайланса. Қоғамдағы барлық белсенді және беделді саяси күштер мен тұлғалар Парламентте отырғаны елдің тұтастығы үшін маңызды. Сонда елдің талабы алаңдарда емес, Парламентте көтеріледі. Бұл тұрақтылықтың бір кепілі. Ең бастысы – Парламент жаңарған Қазақстанға сай болу керек.
Мәжілістегі әріптестерім қаншама маңызды және өзекті мәселелер көтерді –  бағасы өсіп бара жатқан азық-түлік, газ, жанармай туралы Үкіметке бірнеше рет талап қойды, жеке адамдардың банкроттық заң жобасын да ұсынды. Ал соны тыңдап жатқан Үкімет болмады, қойған сауалын қорғаған депутаттар да аз. Тіпті кейбір депутаттық ­сауалдарымыз шешілмейтін бос ұрандарға айналып кетті. Сол қойылған мәселелер бойын­ша Үкімет тиісті шаралар қабылдағанда кешегі қан-төгіс болмас па еді?! Қазіргі жағдайда Мәжіліске табандылық керек, депутаттардың көтерген нақты мәселелері мен қойған сұрағына Үкімет бір парақ қағазбен құтылмай, Парламентке келіп жауап берсін, шешу жолдарын айтсын.
Осыған байланысты Мәжілістің құзырын де-факто күшейтіп, Үкімет жұмысына, ұлттық компанияларға да бақылауын нығайтқан жөн. 
Мұндай сын сағатта Президентімізге қолдау білдіріп, мемлекеттілікті сақтау жолында жұдырықтай жұмылуымыз керек деп есептеймін. 
 

1277 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы