• Қоғам
  • 13 Қаңтар, 2022

ХАЛЫҚ ҮКІМЕТТЕН НАҚТЫ НӘТИЖЕ КҮТЕДІ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жаңартылған құрамда Үкіметтің алғашқы отырысын өткізді. 
Жаңадан тағайындалған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Энергетика министрі Болат Ақшолақов, Әділет министрі Қанат Мусин, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров мемлекеттік қызметші антын берді. 
– Бүкіл еліміздің басына ауыртпалық түсіп тұрған қазіргідей күрделі кезеңде біз Мемлекет басшысының зор сенімін ақтауымыз керек. Біз, Үкіметтің жаңа құрамы, халықтың өмір сапасын жақсартуға, экономиканың өсімін сақтауға және пандемияны еңсеруге, лаңкестер мен бұзақы-тонаушылар келтірген орасан шығындарды қалпына келтіруге, елімізді жаппай дағдарыстан шығаруға бағытталған Президент тапсырмаларын орындау үшін бар күш-жігерімізді аямай жұмыс істеуіміз қажет. Бұл – осындай аса ауыр жағдайда әлі ешқандай Үкіметтің алдында болып көрмеген өте күрделі де ауқымды міндет. Халық біздің жұмысымыздан нақты нәтиже күтеді, – деді Ә.Смайылов.

МИНИСТРЛЕР ЖҰМЫС ЖОСПАРЫН БӨЛІСТІ

Отырыста ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісін­де сөйлеген сөзінде берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды.

Ұлттық экономика министрі  Әлібек Қуантыров, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Қаржы нарығын реттеу және ­дамыту агент­тігінің төрағасы Мәдина Әбілқа­сымова, Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Энергетика министрі Болат Ақшолақов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленетінін айтты. Ол үшін мемлекеттік органдармен инфляцияны тежеу, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, азаматтардың жекелеген санатарына жалақыны арттыру және басқа да іс-шараларды қамтитын мәселелерді пысықтау ұсынылатынын атап өтті. Сонымен қатар министр бизнеске жүктемені төмендету, бюджеттің кіріс бөлігін нығайту, инвестициялық тартымдылықты қалпына келтіру туралы жоспарымен бөлісті. 2023 жылдан бастап салықтың жекелеген түрлерін жергілікті деңгейге беру жоспарланғанын атап өтті.

Ұлттық банк төрағасы Президенттің 2025 жылға қарай инфляция деңгейін түсіру бойынша жоспарымен бөлісті. Ал Сауда министрі өз кезегінде азық-түлік инфляциясын тежеу жолдарын атады.

– Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимыл аясында импортталатын азық-түлік тауарларын тарту бойынша іс-шаралар қабылдануда. Қажет болған жағдайда экспорттық шектеу жөніндегі іс-шаралар уақтылы қабылданады. Қазірдің өзінде мал мен көкөніс экспортына тыйым салынды, – деді Бақыт Сұлтанов.

Ал Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев көктемгі дала жұмыстарына бюджеттік кредитті ұлғайтуды сұрады.

– Өткен жылғы құрғақшылық, сондай-ақ қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер бағаларының күрт өсуі алдағы көктемгі егісті уақтылы дайындау және сапалы жүргізу үшін елеулі қиындықтар туғызуда. Осыған байланысты, фермерлерге қолдау көрсету мақсатында республикалық бюджетті нақтылау кезінде көктемгі дала жұмыстарына бюджеттік кредитті ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз, – деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің дерегінше, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық бағадан 15 пайызға төмен бағамен кемінде 380 мың тонна арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде. Отандық минералды тыңайтқыш өндірушілермен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тұқым, тыңайтқыш пен пестицид сатып алуды субсидиялауға 2022 жылы 70 млрд теңге көзделді.

Е.Қарашөкеев көктемгі дала жұмыстарына дайындық ­жоспарлы режимде жүріп жатқанына назар ­аударды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов болса, Мемлекет басшысының Парламент Мәжілісінің отырысында берген тапсырмаларын қалай іске асыратынын мәлімдеді. Ол халықтың табысын арттыру үшін NEET санатындағы ­жастарды «ерте анықтау жүйесін» енгізуді ұсынды.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ­коронавирус инфекциясының «Омикрон» штаммының таралуы бойынша соңғы аптаның үрдісін ескере отырып, жаңа эпидемиологиялық болжам жасады. Министрдің айтуынша, оптимистік сценарий кезінде ревакцинациямен 100 пайыз қамтығанда, профилактика шараларын жаппай сақталғанда тәулігіне 17,5 мыңнан астам жағдай тіркелуі мүмкін. Ал реалистік сценарий бойынша ревакцинациямен 70 пайыз қамтылып, профилактика шаралар ішінара сақталғанда тәулігіне 25,5 мың жағдай тіркеледі. Министр жағдай пессимистік сценарий бойын­ша ілгерілейтін болса, тәулігіне 40 мыңнан астам жағдай тіркелуі мүмкін екенін ескертті.

– Бүгінгі таңда 14 мыңнан аса инфекциялық төсек-орындарда медициналық көмек көрсетуде. 3000-нан астам науқас ем алуда. Ал елімізде қосымша 50 мыңға дейін төсек-орынды ашуға дайындық бар, егер ауру ушығатын болса. Халықаралық тәжірибені ескере отырып. КВИ-дың диагностикасымен емдеудің клиникалық хаттамаларына жаңа инновациялық препараттар енгізілетін болады. Халықты вакцинациялау және қайта вакцинациялау жалғасады. Ол үшін шамамен 6,5 млн дозаны қосымша сатып алу бойынша шаралар қабылдануда, – деді Ажар Ғиният.

Сондай-ақ ел ішінде де, мемле­кеттік шекарада да қосымша шектеу шаралары енгізілетіні белгілі болды.

Білім және ғылым министрі ­Асхат Аймағамбетов баяндамасында мұғалімдер жетіспейтін өңірлерге үздік педагогтерді тарту бойынша жос­парларын бөлісті. Арнайы әлеуметтік қолдау шаралары, атап айтқанда жалақы көлемі, тұратын үйінің ­немесе коммуналдық шығындарын өтеу туралы шаралар қарастырылған. ­Сонымен қатар елде халықаралық беделді университеттердің филиалын ашу бағытындағы жасалып жатқан жұмыстар туралы айтты. Айтуынша, Аризона университетімен меморандум жасалғанын айтты.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров діни экстремизмнің алдын алу бойынша халық арасында түсіндіру, оңалту ұйымдастырылып жатқанын айтты. Министрдің мәліметінше, интернет арқылы халықтың радкикалдануына жол бермеу мақсатында радикалды діни контентті анықтау және алдын алу жұмыстары жіті жүргізілетін болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық жобасы, сондай-ақ ҚР жастарын қолдаудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспарын іске асыруды жалғастырады.

Үкімет басшысының

тапсырмалары

 

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Ұлттық экономика министр­лігіне мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, биылғы жылдың 20 қаңтарына дейін Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасының жобасын әзірлеуді, қысқа мерзім ішінде ШОБ-қа мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың ашық әрі түсінікті тетіктерін әзірлеуді және даму ­институттары (ҚДБ, «Даму» қоры және т.б.) жұмысының тиімділігіне талдау жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар Ұлттық банкпен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп Инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешенін өзектендіруді, бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу үлесін қысқарту тұрғысынан «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алу тәртібін түбегейлі қайта қарауды, «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның еншілес компанияларының сатып алуды жүзеге асырудың бүкіл процесін қайта қарау мәселесі сөз болып, нақты тапсырмалар берілді.

–  Ұлттық экономика министр­лігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, Қаржы, Әділет министрліктерімен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, биылғы жылдың 1 ақпанына дейін бәсекелес ортаға беруге жататын активтерді іріктеу тәсілдерін әзірлеу, Үкімет қаулысының тиісті жобасын әзірлеу және енгізуді тапсырамын, – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ орталық пен өңірлер арасындағы бюджетаралық өзара қарым-қатынастардың айқын қағи­даларын қалыптастыру мақсатында бюджет заңнамасына түзетулер топтамасын дайындау және жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесін жетілдіру тапсырылды.

– Мүдделі мемлекеттік органдармен, батыс және оңтүстік өңірлердің – Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстары­ның әкімдіктерімен бірлесіп, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы және басқа да салалық бағдарламалар аясында жекелеген бағыттарды әзірлеуді тапсырамын, – деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Президенттің Мәжіліс отырысында Астана LRT туралы берген тапсырмасына тоқтала келе Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, LRT жобасын одан әрі пайдалану нұсқалары бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

– Экология, Ұлттық экономика және Қаржы министрлігіне утилизациялық алым мәселесін іске асырудың нақты тетіктері бар ұсыныстар дайындауды, мұнай өнімдері нарығын реттеу жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді, бір апта мерзімде тиісті есептер жүргізуді және бензин өндірушілер мен делдалдар үшін акциздер бойынша келісілген ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр бір ай ішінде өңдеуші өнеркәсіп саласын талдауды ескере отырып, экономиканың бәсекеге қабілетті секторларындағы жобалар пулын дайындауды, «Самұрық-Қазына» АҚ реформалау бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді, көктемгі егіс жұмыстарын сапалы және уақытылы жүргізу мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді материалдық-техни­калық қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабыл­дауды, Инвес­тициялық саясат­тың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар ІІМ мен ТЖМ құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмысты жалғастыруы қажет екенін атап өтті.

Ішкі істер министрлігіне Ұлттық экономика және Қаржы министр­ліктерімен бірлесіп, бір апта ішінде Үкіметке ІІМ арнаулы мақсаттағы бөлімшелері мен Ұлттық ұланды сандық әрі сапалық нығайту жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырды.

Үкімет басшысы полицейлердің құқықтық қорғалуын арттыру мәсе­лелерін пысықтауды, қару айналымы мен діни экстремизмнің таралуына бақылауды күшейтуді, бір апта ішінде Үкіметке азаматтық қорғау органдарын материалдық-техникалық және әлеуметтік нығайту жөнінде ұсыныстар енгізуді, елдің азаматтық қорғаныс жоспарына қажетті түзетулер енгізуді, төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығаруды жетілдіру жөнінде келісілген ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Қорғаныс министрлігіне Ұлттық экономика, Индустрия және инфра­құрылымдық даму, Қаржы министр­ліктерімен бірлесіп, арнайы бөлім­шелердің әскери қызметшілерінің табысын арттыру, әскери-көлік ­авиациясымен, қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру мәселелерін пысықтау тапсырылды.

Премьер-Министр Қарулы Күштер мен барлау құрылымдарын реформалау, әскердің қорғаныс қабілетін түбегейлі арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді және Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының жақын арадағы отырысына енгізуді тапсырды. Үкімет басшысы жұмысқа орналасуға және әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтап, әлеуметтік-еңбек саласын сапалы жаңарту бойынша жұмыс жүргізу қажет екенін атап өтті.

Үкімет басшысы Еңбек министр­лігіне бизнес идеяларды іске асыруға арналған гранттар көлемін 400 АЕК дейін ұлғайту мен еңбекақы мөлшерін арттыру, жастар практикасына, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімін арттыру бойын­ша шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, бір ай ішінде халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарламаның жобасын әзірлеуді тапсырды.

Президент тапсырмасына орай, Білім және ғылым министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мұғалімдер тапшылығы бар өңірлер үшін әлеуметтік қолдау шараларының тиісті пакетімен педагогтерді тарту бағдарламасын әзірлеу, беделді шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Премьер-Министр мемлекеттік білім беру тапсырысы жобасында техникалық бағыттар бойынша, бірінші кезекте, батыс өңірлерде гранттар санын ұлғайту, халық тығыз қоныстанған өңір жастарының жоғары оқу орындарында білім алуы үшін нысаналы гранттар көздеу қажеттігін атап өтті.

Үкімет басшысы биылғы 1 ақпанға дейін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құру мәселелерін пысықтауды тапсырды.

– Бүгінгі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін барлықтарыңыз жақсы білесіздер. Барынша бір кісідей жұмылып, үйлесімді жұмыс істеуіміз қажет, – деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге ПТР-тестілеу санын ұлғайтуды, жедел мониторинг жүргізіп, медицина қызметкерлері мен ­ауруханаларда резервтік орындардың даярлығын қамтамасыз етуді, сондай-ақ дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың жеткілікті болуын қадағалауды, халықты қайта вакцинациялау қарқынын едәуір арттыруды тапсырды.

Үкімет басшысы еліміздің барлық медицина қызметкерлеріне ризашы­лығын білдірді.

– Ел үшін сын сағатта олар зардап шеккендер мен жараланғандарға тәулік бойы көмек көрсетіп жатыр. Дәрігер­лер ауруханалар мен жедел жәрдем көліктерін басып алғандардың агрессиясын бастан өткерді. Құрметті медицина қызметкерлері, сіздерге еңбектеріңіз бен батылдық танытқандарыңыз үшін, кез келген жағдайда халыққа көмек көрсетуге әзірліктеріңіз үшін алғыс айтамыз, – деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

807 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы