• Қоғам
  • 13 Қаңтар, 2022

БАЛАҢЫЗҒА БӘРІ ЖЕТЕ МЕ?

«Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Ол Қазақстан халқына арналған жаңажылдық құттықтауында: «Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген еді. 
Сонымен қатар, Президент өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беріп, жастарға зор үміт артатынын айтты. «Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде. 
Былтырғы халық санағы бойынша еліміздегі жалпы халық саны 19 169 550 адам болса, оның 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар. Ендеше Балалар жылы аясында неге мән беру керек? Балаларды рухани дамыту үшін не істеуіміз керек? Бала не оқып, не көріп көріп жүр? Бұл жолы біз осы сауалдарға жауап іздеп көрдік. 

ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ?

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында замана көшіне бейімделген саналы ұрпақ тәрбиелеуде балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру және қазақстандық балалар әдебиеті өкілдеріне қолдау көрсету керегін айтты. Жас жеткіншектерді әлем балалар әдебиеті шығармаларымен таныстыру тапсырмасына сәйкес, Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен 2021 жыл «Балалар әдебиеті» жылы болып бекітілген болатын. Сөйтіп, Балалар әдебиеті жылы аясында аталған министрлік 120 мың таралыммен басылған 40 кітап шығарды. Сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, басылып шыққан әдебиеттердің 34-і – отандық қаламгерлер туындысы болса, алтауы – әлем балалар әдебиетінің аудармалары. Осындай игі істерді жалғастыру үшін балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылын 2023 жылға дейін жалғастыру шешімі қабылданды. Жалпы балалар әдебиетінің ертегі, әңгіме, тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақ деген сияқты 20-дан аса жанры болса, әртүрлі жанрда қалам тербеп жүрген ақын-жазушылардың 60-тан аса өкілі бар екен. Ал «Балдырған» журналының Бас редакторы Дұйсен Мағлұмов балалар әдебиетінің жүгін арқалап отырған «Ақ желкен», «Балдырған», «Ұлан» сияқты балалар басылымдарының өзі насихатталмай жатқанын алға тартты.

«Балалар әдебиетін дамыту керек. Балалар әдебиетіне жастарды тартуы­мыз керек. Ойлау қабілеті ерекше, шетелдің әдебиетін жақсы білетін, ағылшын тілін жетік білетін жастар бар ғой қазір. Міне, сондай дарындарды балалар әдебиетіне тартуымыз керек. Бірақ бұл салаға ешкім көп келе бермейді. Балалар әдебиетінің өкілін ешкім дайындамайды. Неге десең, жазған дүниесі шықпай жатса, шыққан дүниесіне бір тиын қаламақы алмай жатса, оған кім қызығады? Ешкім қызықпайды. Кез келген батыс елдерінде, басқа елдерде ең бай бас­паханалар осы балалар әдебиетімен айналысатын баспаханалар. Ал бізде керісінше.

Балалар әдебиетімен, балалар журналистикасымен айналысып жүргеннен кейін «Балалар жылының» жариялануы біз үшін үлкен қуаныш, үлкен дүние. Балалар әдебиеті мен балалар баспасөзі деген сөзді бірге алып жүруіміз керек. Өйткені, балалар әдебиетін халыққа жеткізетін, насихат жасайтын балалар баспасөзі ғой. Қазіргі кезде балалар әдебиетіне, балалар баспасөзіне мамандар арнайы дайындалмайды. Журналистика факультеттерінде ондай сабақ жүргізілмейді де. Қазір Қазақстанда балаларға арналған 20-дан аса газет-журнал бар. Олардың бір-бірімен бәсекелесіп шығып жатқаны балалар үшін пайдалы. Бірақ сол журналдарда қызмет істеп жатқан кімдер? Қандай мамандар? Олар қайдан шықты? Олар балалар әдебиетін, балалар журналистикасын біле ма? Балалардың психологиясы, тұрмыс-тіршілігін, балалардың тілін біле ма, деген бөлек әңгіме», – дейді Дүйсен Мағлұмов.

Ал балалар жазушысы Серікбол Хасан мектеп жасындағы ұл-қыз­дарымыздың бір-біріне әлімжеттік жасап, онысын телефонға түсіріп, желіге жариялап жатқанына талай мәрте куә болғанын айтады. Оның айтуынша, бұл – ұлтымыздың қасіреті, балаларымыздың тәрбиесін ақсатып алғанымыздың дәлелі.

«Бала тәрбиесіне мектеппен қатар, отбасы, ата-ана да жауапты. Себебі тәрбие көрмей өскен бала ертең қоғамды бүлдіреді. Сондықтан бала тәрбиесіне, оның күш-қуатын дұрыс пайдалануына бағыт-бағдар беруіміз керек. Осы бағытта көп­балалы отбасылардың әлеуметтік қам­сыздандыруына мән беру керек. Шынында бала жастайынан бір нәрсеге қызықпаса, не шығармашылыққа, не спортқа, не қолөнерге, не техникаға бейім болмаса, оның болашағы күмән тудырады. Сондықтан қайткен күнде де балаларымыздың қызығушылығын оятуымыз керек. Бұл бағытта балалар үйірмелері, соның ішінде тегін үйірмелердің көбірек ашылғаны дұрыс. Себебі балалар мектептен кейін де уақытын босқа өткізбей, өзіне, өміріне пайдалы іспен шұғылданғаны абзал. Балаларға арналған тегін үйірмелерді көбейту бағытында елімізде бірқатар тиімді жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Алайда Балалар жылы аясында сурет салу, ән шырқау, домбыра тарту, хореография, гимнастика, күрес, бокс, актерлік шеберлік, робототехника т.б бағыттардағы тегін үйірмелер саны көбейіп, алыс аймақтағы ауылдарға дейін жетсе, барша балаға қолжетімді болса нұр үстіне нұр болар еді.

Балалар жылы аясында атқары­латын тағы бір ізгі дүние балалар әдебиетін дамыту болуы қажет. Мемлекеттік тілді дамытудың бір жолы – жас ұрпаққа ана тілін сіңіру. Баланың кітап, газет-журнал оқу арқылы тіл байлығы артады, сөйлеу дағдысы қалыптасады. Кішкентайынан оқырман болып қалыптасады. Өкі­нішке қарай қазір кішкентай оқырмандарды қалыптастыруға бейжай қарап отырмыз. Балалар басылымдары мен кітаптарының қазіргі хәлі ауыр. Балалар жазушыларының аға буыны азайды. Жас қаламгерлер бұл жанрға жақындай бермейді. Соның салдарынан қазіргі заманғы балаларға арналған шығармалар жазылмай жатыр. Рас, балалар әдебиетінің ілгерідегі классиктері жазған іргелі шығармалар жоқ емес, бар. Алайда ол шығармалар қазіргі технология дәуіріндегі балалардың сұранысын қанағаттандыра алмайды. Қазіргі бала шығармадан өз ортасын, өз қоғамын, өз замандасын көргісі келеді. Жаңа авторлар, жаңа шығармалар дүниеге келу үшін балалар әдебиетіне мемлекет қолдау білдіруі керек. Сондай-ақ дүниежүзінің балаларға арналған классикалық шығармаларын, ерте­гілерін, қазіргі заманғы белгілі қалам­герлердің әдеби кітаптарын, балалардың қызығушылығын қалып­тастыратын, белгілі бір бағытқа баулитын танымдық кітаптарды қазақ тіліне аудару қажет», – дейді Серікбол Хасан.

Оның сөзінше, сонымен қатар, балалар әдебиетінің классиктерінің таңдамалы шығармаларын және қазіргі балалар қаламгерлерінің кітаптарын (драматургия, поэзия, проза) шығару қажет.

БАЛАЛАРҒА ЕРТЕГІНІ КІМ ОҚИДЫ?

Жазушы Ділдәр Мамыр­баеваның сөзінше, балаларды тәрбиелеуге, өзін-өзі  кемелдендіруге, жетілдіруге, жігерлендіруге, олардың қоғамның белсенді азаматтары болып өсуіне, әйтеуір бірнәрсе жетпей жатқандай көрінеді. Жақсымен бірге тәлім беру мен тәрбие берудегі еңбекті жоққа шығарғандай болып жүдеу, жұтаң, жан жүйесі жабық, шын сырға сараң ұрпақ та аралас-құралас өсіп келеді.

«Балалар әдебиеті – бүкіл бір мемлекеттің, ұлттың болашағы, тағдыры екенін ұқтырып, соның жауапкершілігін мойнына алып, үлкен мақсатты ережемен жүйелеп, іріктеп жұмыс істеген. Бала ұғымына сай болуын қадалаған.

Ал енді қазір жаһандану аузын арандай ашып, от лебімен бәрін  шарпып, мектеп оқушыларының әр бесіншісі мефедронға  тәуелді болып, суицид жасап, мектеп қабырғасында жүріп босанып жатқанда, баланың өз қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзгелердің талқылауына тәуелді болмауына, өзін-өзі жетілдіруге, өзінің бағыт-бағдарының болуына, өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне алуы үшін оларға әдебиет қалай көмектесуі керек? Мектептерге, кітапханаларға барамыз. Сүп-сүйкімді томпиған жастар отырады. Оларды енді мысық пен тышқан, ақ аю туралы ертектермен қызықтыра алмайтыныңды білесің.  Олардың бір тобына дүниеге қызықтырғыш, әсері мол, жеңіл жазылған, ақыл айтпайтын шығармалар керек, екінші бір тобының ақыл-есі, таным-түсінігі ілгерілеп кеткен, олар жазушы жазып үлгергенше заманауи құралдардан көріп үлгереді. Заман менің, сенің көңілің  мен беделіңе қарамайды. Өзгереді. Кеше шана сүйретсе, бүгін самокат, найнбот, гироскутермен жүреді.  Қазіргі бала да, олардың психологиясы да өзгерген. Оларға қазір «Менің атым – Қожадан» гөрі «Қойшы бала» деген атымен танымал болған әнші Айдос Кәденұлының «Қызық таймстағы» әңгімесі қызықты. Уолт Дисней мен Pixar – Пиксардің түсірген (Walt Disnеy мен Pictures), «Тайна Коко», «Лука» деген мультфильмдері ұнайды. Оларда жаңа заманның құндылықтары, жаңа технология, жаһанданудың кереметтері бар. Үлкен­дер­дің де одан үркетін, шошитын себептері жоқ болу керек деп ойлаймын. «Тайна Коко» - заманауи, түп-тамырында ұлы тұлғаларды, әруақтарды естен  шығармау деген идея жатыр. «Лука» – су адамдары туралы. Ол да біздің ауыз әдебиетімізде бар тақырып», – дейді Ділдәр ­Мамырбаева.

Былтыр Ұлттық-академиялық кітапхананың жанынан Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау кеңесі құрылған болатын. Осы кеңестің зерттеуінше, қазіргі балалар көбінде фэнтези жанрлар, сосын мистикалық шығармалар мен детектив жанрындағы шығармаларды көбірек оқиды екен. Ал балабақшаның балаларына тақпақтар мүлдем жоқ. Яғни 3 жастан 5 жасқа дейінгі, 5 жастан 11 жасқа дейінгі деген дүние бар. Жоғарыда халық санының 33,97 пайызы балалар мен жасөспірімдер екенін айттық, енді осынша балаға бір «Балапан» телеарнасы жетеді ме? Аталған арнаның қазақ балаларына беріп жатқан дүниесі ұшан-теңіз. Бірақ, өкініштісі, бізде қазақтардың көбі ана тілін жетік білмегендіктен, «Балапан» телеарнасын сол қазақтілді отбасының балалары ғана қарайды. Бұл ащы да болса шындық.

Кейбір деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстанда 258 балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жұмыс істейді екен. Оның 241-і балаларға, 11-і жастарға, алтауы балалар мен жасөспірімдерге арналған деседі. Ал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статис­тика бюросы 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының арасында ­республикамызда 425,6 мың сәби дүниеге келді деген мәліметті ұсыныпты, бұл көрсеткіш мұның алдындағы 2019 жылмен салыстырғанда 22,6 мың адамға көп екен. 2020 жылы 248,7 мың нәресте (немесе 58,4%-і) қалаларда өмірге келсе, 176,9 мыңы (немесе 41,6%-і) ауылда туған. Елімізде жыл сайын орта есеппен алғанда 400 мың бала дүниеге келеді екен. 2018 жылы 350 мыңнан астам бала алғаш мектеп табалдырығын аттаған. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2017 оқу жылында 370 мыңнан аса бала бірінші сыныпқа барыпты. 2016 жылы 369 мың бала, 2015 жылы 336 мың бала алғаш рет мектеп есігін ашқан. Ұлттық статистика бюросы былтыр дүниеге келген нәрестелердің 79,8 пайызының анасының ұлты қазақ екенін жариялапты. Қалған бөлігін орыстар, өзбектер, ұйғырлар, украиндар, татарлар мен немістер құрайтын көрінеді.

Ата-аналарының құшағында, балабақшада тәрбиеленіп жатқан, мектеп табалдырығын аттаған осынша баланы біз көркем әдебиетпен (тек қана көркем әдебиет емес) қамтамасыз етуіміз керек. Олар ана тілінде сөйлеп, қағаз бен бояудың иісін сезу үшін қолдарына кітап ұстатуға тиіспіз. Ертегі тыңдап өскен, ертегі оқып өскен баланың өресі де ерек болады. Оның үстіне бүгінгі заманның балаларын кітапқа үңілдіру қиынның қиыны. Осындай қызығы мен қиындығы мол ой еңбегін қатар алып жүрген балалар жазушысы Әдина Жүсіптен жөн сұрап көрдік. Оның айтуынша, ертегінің бір ғажабы – кейіпкер қанша жерден қиындық көрсе де, соңында барша мұратына жетеді. Ал бұл баланың бойын­да сенім қалыптастырады.

«Ертегі оқитын балалар да бар, оқымайтын балалар да бар. Бұрын да менің қатарластарымның бәрі жаппай ертегі оқыды деп айта алмаймын. Ол баланы баулуға байланысты. Өзім қызымды кітап оқуға қалай баулығанымды айта кетейін. Алматыда С.Бегалин атындағы балалар кітапханасы бар. Мықты кітапхана. Жаздыгүндері аптасына бір-екі рет осы кітапханаға әкеп тұратынбыз. Кітапханашылар балаларды ойнатады, оқытады, кітаптарды таңдап береді. Аптасына бір рет мультфильм көрсетеді. Баламен жұмыс істей алатын кітапхана. Қызым осы кітапханадан шыққанда көзі жанып тұратын. Солай істесе, оқиды. Менің қызым он алтыда. Көбіне кітаптан гөрі кино, аниме көреді. Үйге «Мазмұндама» қоғамдық қорынан шыққан мықты-мықты кітаптарды толтырып әкеліп қойғанмын. Бір күні қатты күлген дауысын естіп (күлкісі жер жарады), бөлмесіне жетіп барсам Джером Сэлинджердің «Жар жағалаған жалғыз» деген кітабын оқып, күліп отыр екен. Оған ешкім оқы деген жоқ немесе мынаны оқы деп таңдап берген жоқ. Үйге кітап әкеп қойсаң бала ашып қарайды да өзіне керегін таңдап алады екен. Бізге кітап сатып алуды үйрену керек немесе сатып алмасақ та баланы кітапханаға жиі апарып тұру керек. Қазіргі таңда ертегі айтатын әже жоқ болса, біз айтып береміз. Сол үшін канал ашып, ертегі оқып салып жатырмыз. Балаға ертегі айтып бергісі келмесе, біздің каналды ашып берсін. Болды. Бала келесі жолы өзі ашып алып тыңдай береді. Ол жаңадан ашылған канал. Бас аман болса талай-талай ертегі жариялаймыз», – дейді Әдина Жүсіп.

 

КӨП БАЛАЛЫ  ОТБАСЫЛАР МЕН ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫҢ БҮГІНІ

Ана мен бала, олардың ден­саулығы мен әл-ауқаты бір-бірімен тығыз байланысты. Өткен жылы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Айжан Сқақова бала күтімі бойынша жәрдемақы мөлшерін арттыруды сұраған болатын.  Ол кезде жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы: бірінші балаға 16 802 теңгені, екінші балаға – 19 865 теңгені, үшінші балаға – 22 898 теңгені, төртінші және одан артық балаға – 25 961 теңгені құрайтын. Ал биыл айлық есептік көрсеткіш 3 063 теңгеге дейін өседі. Осыған байланысты қазақстандық аналардың жәрдемақысы мен жөргекпұл мөлшері де артады. Сонымен, 2022 жылы туған балаларға бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 17 643 теңге, екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 20 859 теңге, үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 24 044 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 27 261 теңге болып бекітілді.

Сонымен қатар, Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданған болатын. Ал Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин ерекше білім беруді қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалатынын айтты. Оның айтуынша, мақұлданған заң жобасы мүмкіндігі шектеулі балаларға басқалармен бірдей сапалы білім алуға жол ашады. Яғни Мәжіліс төрағасы білімді дамыту, адам қандай да бір ерекшелігіне қарамастан білім алуға құқылы екенін ескертті.

Төрт баласының екеуі мүмкіндігі шектеулі ана Қымбат Алтаева ерекше балаларға білім берумен қатар, тәрбиелеу, көңілдерін табу, қоғамға бейімдеу де оңай емес екенін айтады. Өйткені мұндай балалар әрдайым ерекше көңіл бөлгенді талап ететін көрінеді.

«Алланың қалауымен үш қыз, бір ұлды өмірге әкелдім. Соның ішінде ұлым мен бір қызымның тілі шықпады. Алғашқыда еркелік шығар деп мән бермегенбіз. Кейіннен солай ерекше туған балалар екенін білдік. Алматыда білім алсын деп, арнайы көшіп келіп, пәтер жағалап жүрміз. Өйткені балаларым сөйлей алмайды екен деп, қоғамнан шеттеп қалғанын қаламаймын. Оларға әрдайым ерекше көңіл бөлу керек. Бір сәт бұрынғыдай болмай қалсаң, көңілдеріне алып қалады. Мені жақсы көрмей қалды деп ойлап қалады. Сондықтан үнемі назардан тыс қалдырмаймын. Ал білім беретін ұстаздарына тіпті оңай емес екенін түсінемін», – дейді алматылық Қымбат Алтаева.

Енді осы жерде «балаларға алатын ай сайынғы жәрдемақы олардың кітап-құралына, газет-журналына, түрлі үйірмелеріне жетеді ме?» деген заңды сұрақ туындайтыны рас. Қымбат Алтаеваның айтуынша, төрт баласына 16,03 АЕК немесе 49 100 теңге жәрдемақы алады, ал 7 жасқа дейінгі мүгедек балалар және үшінші топтағы мүгедек балалар – 1,4 КД немесе 48 023 теңге алады.

«Енді қараңыз, ай сайын барлығы 97 123 теңге жәрдемақы аламын. Бұл менің екі балам мүмкіндігі шектеулі болғаны үшін. Әйтпесе басқа төрт балалы аналар тек 49 100 теңге жәрдемақы алады. Ал мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы күтім қажет болғандықтан, мен жұмыс істемеймін. Жолдасымның тапқаны пәтерақы мен ас-суымыз болса, балалардың жәрдемақысы өздерінің дәрі-дәрмегі, арасында аздап киім-кешегін аламын, артылса, әрине. Ал қосымша үйірмелерге, газет-журналға жазылып оқуымыз мүмкін емес. Оған ақша жетпек түгілі, кейде дәрі-дәрмегімізге жетпей қалады ғой. Көп балалы отбасыларға балаларға арналған басылымдарды жаздырып берсе, қуана оқыр едік, әрине. Тек маған жетпейді, маған анау керек, мынау керек деп міндет қыла бергің де келмейді. Бұл бізге Құдайдың берген сынағы ғой, оны пендеге міндет қылып қайтемін», – дейді ол.

P.S.

«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, «Балалар жылында» еліміздің болашағы болған ұрпағымыздың бар жағдайын жасай аламыз ба? Президент айтқандай, жалаң ұран мен мерекелік шараларға жол бермей, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты істер атқарылар ма екен? Бұл алдағы уақыттың еншісіне қалдыратын шаруа емес. Алдағы 12 айда атқарылуы тиіс маңызды істер. Оны тек жыл соңында ғана қорытындылап, нәтижесін бағалай аламыз. 

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

3163 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы