• Қоғам
  • 13 Қаңтар, 2022

ЕЛ БІРЛІГІ – ТӘУЕЛСІЗДІК КЕПІЛІ

Тәуелсіздік кез келген мемлекет азаматы үшін баға жетпес құндылық. Себебі өзін мемлекет азаматы ретінде сезінген әрбір адам елдің тәуелсіздігі арқылы өзінің болашағына қажетті нәрселерді қалыптастыра алады. Жеке адам мен ұлттың болашағы бұл мемлекеттің болашағымен тығыз байланысты. Ал мемлекеттің болашағы дегеніміз тәуелсіздіктің нығаюы. Бұл қоғамның өркениетті дамуымен тығыз байланысты. 

Өкінішке орай қаңтардың 5-6 күндері еліміз қасіретті күндерді басынан өткізді. Бұндай оқиға енді қайталанбауы керек. Президент үндеуінде айтылғандай береке мен бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз міндет. Бұның қоғамның негізгі ұстанымына айналуы қашанда маңызды деп білемін.

Қоғам өркениеттіліксіз өркениетке қол жеткізген емес. Әлемдік мәдениетте (философия) адам, халықтың болашағына қатысты мәселелер қашанда жоғары тұрады. Ғылым мен техниканың озық үлгідегі түрлері дамыған бүгінгі уақытта да философия адам мен қоғамның ортақ мәселелеріне қайтып оралу үстінде. Бұдан байқайтынымыз философтар айтқан қоғамның негізі, даму феномені ұрпақтың рухына (ақыл-парасат, білім, тәрбие, елдік сана және т.б.) тәуелді келеді. Ал рухтың жалпыға ортақ тұлғалық көрінісі қоғамның өзіндік санасынан бастау алып елдің тарихы мен мәдениетінің құбылысына айналып отыратын қасиеттермен ерекшеленеді. Тарихи уақыт сынынан өтіп отырған ұлттық рух тұғырының бірі елдік пен бірлік.  Осы себептен алаш зиялылары «елдің болмысыңда береке мен бірлік болмаса ұлт ісі ілгері баспайды» - деген.

Ата-бабаларымыз осы береке мен бірліктің арқасында ел тәуелсіздіктен қол үзген уақыттарда да ұлттық мүддеден қол үзген жоқ. Мемлекеттің негізін құрайтын ұлттың төл құндылықтарын сақтап, бүгінгі біздерге табыстап кетті. Адамзат қоғамында жаңа нәрселер күн сайын пайда болып жатқан (ғылымның көмегімен) уақытта мемлекетінің болашағын парасат биігінен зерделеу әр адамның міндеті. Алаш зиялысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, «Жалпақ жұрттың көкірегінде жақсылық болмаса, жұрт жұрт болып тіршілік қылып жүрмек емес....Әділдік жоқ жұртта береке бірлік болмайды». Уақыттың қоғамнан, қоғамның ұрпақтан талап ететіні де осы. Тарихтан ұғынғанымыздай елдің бірлігінің кепілі қоғамдағы әділеттілік болған. Әділеттілік бар жерде білім, бәсекеге қабілеттілік, ізгілік, сенім қатар өмір сүреді. Бұған дейін де президент жолдауында айтылған мемлекет пен халықтың арасындағы рухани байланысты күйшейтуде қоғамдағы зиялылардың рөлін күшейтудің болашақ үшін маңызы зор.

Мемлекеттің болашағына қатысты зерделеніп отырған мәселелерді жүзеге асыру мемлекет пен халықтың бірлігіне тікелей байланысты. Елдің бірлігі оның өркенді дамуының биік тұғыры болып қалады. Соны ескеруіміз қажет. Осы бағытта мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының үндеуіндегі көрсетілген міндеттердің толығымен жүзеге асатындығына сенімдіміз. Отанды қорғауға деген құштарлық, өнер-білімге қызығушылық,  бәсекеге қабілеттілікті күшейту ел дамуының жаңа кезеңіндегі міндеттердің бірі.

Ел егемендігіне қол жеткізіп, онымен бірге өмір сүру алаш зиялыларының да арманы болды.  Бұл кейінгі ұрпаққа салмақты ой мен ерік-жігер беруі тиіс. Айтып өткендей олардың өздері елдің егемендік дәуірде өмір сүруін көре алмаса да, оның болашағына үлкен үмітпен қарады. Кейінгі ұрпақ олардың сенімі мен үмітін жалғастыра отырып, тәуелсіздікті кейінгі ұрпаққа табыстауы міндет. Мемлекет басшысы айтқандай, экономикалық саясатымыздың мақсаты айқын. Бұны жүзеге асыруда өзінің және балаларының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастырудың да маңызы зор.

Халқымыз үшін тәуелсіздік бәрінен де қымбат. Бұл тарихтан қалыптасқан тарихи санамыздың айшықты белгісі, берік қағида ретінде де елдің өркениетті дамуындағы халықтың тұғырлы ұғымына айналуы тиіс.

Сәрсембин Үмбетқан,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің

кафедра меңгерушісі, философия ғылымының кандидаты

722 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы