• Мәдениет
  • 20 Қаңтар, 2022

СЫР БОЙЫНАН КӨНЕ ДОМБЫРА ТАБЫЛДЫ

Сыр бойының жергілікті археологы, ғалым Әзілхан Тәжекеев Жетіасар қалашығынан кезінде табылған қазақтың музыкалық аспабы домбыраға ұқсайтын көне жәдігер туралы жұртшылыққа жария етті. Шынын айту керек, қазіргі кезеңде ежелгі Сыр бойының тарихы жергілікті мамандар тарапынан жіті зерттеліп келеді. 

Мамандардың айтуынша, қасиетті елді ме­кендерді зерттеу кеңес үкіметінің кезінен қолға алынған. Бұрын да зерттелді. Сондықтан тарихы терең Сыр жерінің ықылым заманнан бері тылсым сыры көп. Жақында Қызылордада IV ғасырға жататын домбыраға ұқсас аспап табылғанының өзі ұлкен олжа болып отыр. 

Бұл қос мойынды немесе «Қоссаз» домбыра. Мамандардың айтуынша, бұл әлемдегі ең көне музыкалық аспаптардың біріне жатады. Түпнұсқасы Ресейдің Шығыс мұражайының қорында сақтаулы. Ал Қызылорда облыстық музейіне оның көшірмесі қойылды. Ғалым­дардың айтуынша, өткен ғасырдың 70-жылдары Хорезм экспедициясының олжасына айналған құнды жәдігер біздің заманымыздағы төртінші ғасырына сәйкес келіп тұр.

–1973 жылы Қызылорда облысы аумағында Хорезм экспедициясы арнайы зерттеу шараларын жүргізді. Сол жұмыстар барысында Жетіасар қалашығында да қажетті іс-шаралар атқарылды. Аталған шара барысында домбыраға ұқсайтын дүние көзге түскен. Мен бұл жайында былтыр білдім. Архивте қажетті мәліметтерге көз салып отырған сәтте домбыраға ұқсайтын дүние назарымды ерекше аударды. Аспапта қасқырдың суреті ойылып салынған. Қазақ шертер мен домбыраның қосындысын қоссаз деп атайды. Табылған аспаптың ұзындығы 65 сантиметрге жуық. Демек, бұл аспап қоссаз домбыра болуы мүмкін және оның ежелгі түрі болғанын дәлелдейді. Аспап біздің замандағы төртінші ғасырға жатады. Егер осы деректі нақтылай алсақ, Сыр өңірінде домбыраның ежелгі нұсқасы табылды деген сөз. Оны «баба домбыра» деп атауға негіз бар», – деді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, PhD докторанты Әзілхан Тәжекеев.

Қызылордалық жергілікті БАҚ-тың атап өтуіне қарағанда, көне «Қоссаз» домбыра Англиядағы Саттон-Ху обалы қорымынан табылған лира аспабынан да бірнеше жүздеген жылға көне екені нақтыланған. Мұндай құнды жәдігерлердің қатары алдағы уақытта тіпті көбеюі мүмкін. Өйткені Ресейдің ғылыми орталықтары мен мұражайларында кеңінен зерттеуді қажет ететін осындай 700-ге жуық ағаш бұйымдардың бөлшектері бар екен.

Еркін ҚАЛДАН

1618 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы