• Тұлға
  • 20 Қаңтар, 2022

«ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ» АТАНҒАН ЖАЛҒЫЗ ӘНШІ

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Биыл КСРО мен Қазақстанның халық артисі, Халық қаһарманы, кеңестің және қазақтың опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толды. Осы айтулы мерейтой ЮНЕСКО көлемінде кеңінен атап өтілмек. Алғашқы қадамды Қазақстан Ұлттық банкі ROZA BAǴLANOVA. 100 JYL коллекциялық монетасын айналымға шығарумен бастамақ. 

ӨНЕР ЖОЛЫ

90 жас жасаған Роза Бағланованың 70 жылы шығармашылықпен байланысып, әлемнің 54 елінің сахнасында қазақ, орыс, венгр, өзбек, қырғыз, тәжік, ­украин, грузин, әзербайжан және бірнеше тілдегі әндерді нақышына келтіре орындады. Сахнаға шығарда дауыстың күтіміне қатты көңіл бөлген әнші қай елге барса, жергілікті халықтың әнін міндетті түрде орындап, үлкен ықыласқа ие болған.

Роза Тәжібайқызы мектеп бітірген соң, 1939 жылы Қызылорда педагогика институтына түседі, бірақ кенеттен әкесі қайтыс болып, туыстарды жағалап, тұрмыстық жағдайға байланысты сол жылы Ташкент тоқыма институтына ­ауысады. Ташкентте жүргенде оның ерекше дауысы бірден көзге түседі. Оның әншілік жолын, өнердегі бағын ашқан өзбек филармониясының директоры – Кари Якупов. Ол есік алдын әндетіп жүріп сыпырған қызды арнайы іздеп келіп, Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әншілікке қабылдайды. Содан кейін 1941 жылы Мәскеу консерваториясына жолдама алған.

Роза Бағланова 1946 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әншілерінің ІІ-конкурсының дипломанты, 1949 жылы Бухаресте өткен Жастар мен студенттердің ІІ Бүкілдүниежүзілік фестивалінің лауреаты атанды. Осында КСРО елінің атағын асырып, «Ах, Самара-городок» әнін айтып, Роза Бағланова бас бәйгені қанжығалайды.

Роза Бағланова 19471949 жылдары Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншісі, 19491960 жылдары Жамбыл атындағы республикалық филармониясының солисі болды. 1960 жылдан өмірінің соңына дейін «Қазақконцерттің» әнші-солисі, жетекші сахна шебері болып қызмет етті.

«ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ»

Роза Бағланова – «Халық қаһарманы» атағына ие болған қазақтың жалғыз әншісі. Бұл еліміздегі ең жоғарғы дәрежелі марапат. Аталған марапат туралы заң 1993 жылы бекітіліп, атаққа ие болған адамға «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені қатар тағылатын болды. 1994 жылдың 23 мамырында, ең алғашқы рет «Халық қаһарманы» атағы Қазақстанның қарулы күштерін қалыптастыру жолындағы еңбегі үшін армия генералы, ҚР тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовке берілді. Ал 1996 жылы бұл атақ халықты соғыста және бейбіт заманда ерекше дауысымен жігерлендіріп, рух сыйлаған өнер майталманына табысталды. Бұл атаққа Отанына ерекше құрмет көрсетіп, ел алдында игілікті іс тындырып көзге түскен, халқына аса көрнекті қызметі мен тәуелсіздік жолында жауынгерлік ерлік көрсеткен тұлғалар иелік етеді.

Әншінің қаһармандығы соғыс жылдарында ерекше көзге түсті. Әнші әлемді аралап жүріп, мың түспен әрленген декаративті сахнада ғана емес, ашық майдан алаңында да қайсарлықпен ән салды. Бұл туралы әншінің өзі ­былай деп естелік жазған: «1943 жыл. Соғыстың қызған шағы. Кезекті концерт кезінде майдан даласында жауынгерлерге ән салып тұрмыз. Кенет фашистер минометпен атқылай бастады. Енді еңкейе бергенімде көзімнің алдында қараңғылық орнады. Көзіме снаряд жарқыншағы тиген екен».

Роза Тәжібайқызы осы жарақатқа байланысты көзіне бірнеше мәрте ота жасатты. Кейде мүлде көрмей қалатын кездері де болған.

Роза Бағланова Екінші дүниежүзілік  соғысы жылдары майданды аралап, өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысады. Өзбекстан атынан өнер көрсетіп жүрген қазақ әншісі туралы Мәскеуде Жоғарғы партия мектебінде оқып жүрген Жұбан Молдағалиев  естіп, оның елге оралуы­на себеп болған. Қазақ ақынының қолдауымен 1949 жылы Роза Бағланова елге оралады.

Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған әйгілі әнші, КСРО халық артисі, «Халық қаһарманы» Роза Бағланованың әлдебір жиынның биік мінберінде тұрып Арал теңізінің қасіреті туралы өр рухпен айтқан өткір сөзі әлі де ел есінде.

«Мен соғысты көрдім. Алайда Аралда болып жатқан жағдайды бір ауыз сөзбен тоқтату мүмкін емес. Соғысты тоқтатуға болады, атом бомбасын тоқтатуға болады, аспандағы ұшақты тоқтатуға болады, бірақ мұны тоқтату мүмкін емес. Біз мұнда айтып жатырмыз, ал анда табиғат өз дегенін жасап жатыр. Біздің «ұлы ғалымдарымыз» тұтас ұлтты жатырында өлтіріп жатыр. Ұлтты өлтіріп жатқан ғалымдар туралы не айтуға болады? Қараңызшы, қазақ елінің жерінде не бар: Семейде – полигон, Байқоңырда – космодром, Аралда – у. Сонда қазақтар қайда барып өмір сүруі керек? Егер бұл жағдай шетелде, Америкада болса, олар тұтас ұлтты өлтіріп жатыр деп айғайлайтын еді» деген жанайқайын еш бүкпесіз айтқан.

Танктің үстінде тұрып ән салған ерлігін бейбіт күні тағы да қайталап, елі мен жерінің қасіретіне араша тұра алар азаматтық даусын барша халқына естірткен ержүрек қасиеті қоғам үшін қаһармандық емей, немене?!

ТАЛАЙДЫҢ ТАҢДАЙЫН ҚАҚТЫРҒАН

Роза Бағланова Сталиннің қабыл­дауында үш рет болыпты. Сол кез­десулердің бірінде әншінің қос бұрымын мақтаған ол: «Қыз балаға қос бұрым жарасады. Грузин қыздары да ­шашын қос бұрым етiп өрiп қояды, саған жарасқандай олар да сондай ажарлы көрінеді» деген екен.

Ал 1957 жылы Америкада ­Елизавета патшайымның алдында ән салған Розаны байқамау мүмкін емес еді. Патшайымның өзі: «Қазақ әйелдерінің киген киіміне қарап-ақ олардың қандай халық болғанын тануға болады. Бұл киім байлық пен талғамды аңғартады» деп бағалаған екен.

Сол кезде «Дала қызғалдағына» ғашық болмаған жан қалмаған деседі. Тіпті ел басшысы Хрущевтің өзі әншінің қолын бір ұстап көруді арман еткен көрінеді. Бұл туралы Роза Бағланова өз естелігінде былай дейді: «Бірде Хрущев Қазақстанға келгенде, қонақжай дастарқан тарқағанда бәрі мені біріншінің қасында қалдырып кетті. Бас хатшы оқыстау қимылмен қолымнан ұстағысы келді. Қолын қағып жібергенде құлап қала жаздады. Өзім де байқамай қалдым. КГБ-ның жігіттері сау ете қалды. Мұным ағаттық болды.Үлкен ағалар да ренжіді: «Сол шалға қолыңды ұстатқанда ештеңе болмайтын еді», деп. «Ол Қазақстанға қырын қарайтын болады», деді Димекең. Димаш аға өте текті адам ғой, ренішін жай ғана байыппен жеткізді. Иә, әскери атақты қолбасшыларды майдан даласында көрдім. Маршалдар Жуков, ­Малиновский... Бәрі де әніме, үстімдегі қазақтың қынама бел жарасымды ұлттық киіміне қызықты, «дала қызғалдағына ғашық болдық» деді әскер басшылары».

Қазақ классигі Сәбит Мұқанов:

«Киіктің үйірілген лағындай

Ойнақшып тәтті әндерге басуын-ай!

Таулардан, өзендерден, мұхиттардан

Үнінің кідірместен асуын-ай!..» деп жырласа, 50 жылдары  орыстың атақты композиторы Василий ­Павлович ­Соловьёв-Седой мен ақын  Андрей ­Фатьянов әншіге арнап «Тальяночка» әнін жазды.

«Играй, играй, рассказывай,

Тальяночка, сама

О том, как черноглазая

Свела с ума...».

Бұл ән де өз дәуренінде қазіргі тілмен айтқанда «хит» болған ән еді.

Роза Бағланова ұзақ жылдық еңбегі үшін «Тарлан» қоғамдық және «Дәнекер» Халықаралық сыйлығымен, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» және «Отан» ордендерімен марапатталды. Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы атанды. Өмірін өнерге арнаған әнші 47 жасында ұлды болған. Бүгінгі таңда ұлы Тәжен мен келіні Марал өсіп-өніп, «Халық қаһарманының» Ақерке, Тәжібай, Үрбибі есімді немерелері бар. 

Бибігүл Төлегенова:

«Роза Тәжібайқызы әнді микрофонсыз айтатын. Бұған да жүрек керек, ­шынайы дауыс керек. Қазіргі әншілер микрофоннан бір елі айрылмайды ғой. Иә, Роза Тәжібайқызы өзінің шығармашылық еңбегімен халықтың көңілін көтерді, жан-жүрегін жадыратты, елге қуаныш сыйлады».

 

Кеңес Дүйсекеев:

«1980 жылы Роза апайымыз Алматыдағы Республика сарайында үлкен концерт бермек болды. Осы концертке дайындық кезінде ол кісінің көзі дұрыс көрмей қалды. Мен бұл кешті болмайдыға жорыдым. Бірақ, ол кісі «Халық күтіп жүр, мен бәрібір де сахнаға шығуым керек» деп, ақыры концертті өткізетін болды. Сахнаға шығардың алдында қарама-қарсы бетке үлкен прожектор орнаттық. Ол кісі сол жарыққа қарап ара-қашықтықты реттеп, бақылай алды. Сонымен қоса, сахнадан шыққаннан әр қадамын санап, өлшеп қойдық. Роза апамыз сол белгіленген, өлшенген аумақта ғана жүрді».

 

Алтынбек Қоразбаев:

«Әпкеміз сахнаға шығуға 5 сағат қалғанда ас ішпейтін. Аздап шайдан ғана ұрттайды. «Апа, неге ішпейсіз?» – деп сұрасақ, «Тамақ ішкеннен кейін алқынып қаласың, тойып тұрғаннан кейін әнді еркін шырқай алмайсың», – дейтін. Халықтың алдына шығардағы жауапкершілік, өзінің кәсібіне деген махаббаты осы емес пе?!

2152 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы