• Әдебиет
  • 20 Қаңтар, 2022

ОТАНШЫЛ ӨЛЕҢ АВТОРЫ

Қадыр Өтегенұлының поэзиялық кітаптарындағы («Естелік», «Жүрек сыры», «Асау Атырау», «Айша бибі», «Зейнолланама», «Қыран самғауы») лирикалық өлеңдері мен дастандарынан оның әдеби көркем ойлау аясындағы ақындық дүниетанымын сезінеміз. Ақынның реалистік-романтикалық поэзиясындағы поэтикалық сарындарды азаматтық-отаншылдық рухпен, философиялық ойшылдықпен жырланған өлеңдердегі лирикалық кейіпкердің жан-жүйесіндегі көңіл күй, махаббат, табиғат тақырыптары да сыршылдықпен, психологиялық тебіреністермен өрнектелгендігін оқимыз.

ДАСТАН, ЖЫРДЫҢ ЖОРҒАСЫ

Тарихи-эпикалық сарындағы дас­тандарынан («Зейнолланама», «Айша бибі», «Дана елінде», «Ер Салық», «Асқар ақын», «Ұры сыры») ғасырлар белестеріндегі тарихи тұлғаларымыздың азаматтық, адамгершілік-имандылық парасаты биіктігіндегі тұлғалар ұлағаты тарихи-әдеби көркем бейне тұғырында жырланған.

 «Зейнолланама» дастанында көр­некті ұстаз-ғалым, жазушы академик Зейнолла Қабдоловтың өнегелі ғұ­мырнамасы тарихи-поэтикалық тұр­ғыдағы жүйемен баяндалған. ­Ли­рикалық, эпикалық поэтика тұтас­тығындағы дастанда түптұлғаның мектептегі оқушылық, университеттегі студенттік жылдары, ұстаздары (Мұхтар Әуезов, Хамит Ерғалиев), ­поэзиямен басталған ақындығы, прозаға ұласқан жазушылығы, әдебиеттану ғылымындағы жетістіктері замандас қаламгер ақын-жазушылар, ғалымдар, аға буын (Сәбит, Ғабит, Әбділда, Асқар, Тахауи, Мұзафар, Қуандық, Жұбан, Ғафу, Әбдіжәміл, Сафуан), үзеңгілес (Салық, Тұрсынбек, Сейділда, Мүсілім, Зәки, Тауман) тұлғалармен, асыл жары Сәулемен өткен нұрлы жылдар романтикалық сарынмен суреттелген.

Басты кейіпкердің – тарихи тұлғаның ақыл-ой алыбы Мұхтар Әуезовтің ұстаздық ықыласын иеленгені, әуелде поэзиямен бастап, бірақ ұстазы ­Хамит Ерғалиевтің ақылымен поэзия­ны тас­тап, прозаға, әдебиеттануға көшкені, еңбек ғұмырнамасы («Әдебиет және искусство» журналының бас ­редакторы, көркем прозалық туындыларын жазғаны, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғағаны, әуезовтанудағы, махамбеттанудағы тарихи шығармалары т.б.) – бәрі де тарихи-поэтикалық өрілімдермен өрнектелген.

Қадыр Өтегенұлының хакім Абай рухына арналған «Дана елінде», академик Салық Зимановтың Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігі туралы «Ер Салық», өршіл, сыршыл, сыншыл ақын Асқар Тоқмағамбетовтің «Мұнай бер!» өлеңінің отаншылдыққа жігерлендірген қуатын жырлағаны да эпикалық-поэтикалық, көркемдік-эстетикалық әсерлілігімен баурайды. Ал тарихи аңыз негізіндегі «Айша бибі» дастанының идеялық-композициялық желісінде басты кейіпкерлер Айша ару мен Қарахан ханның шынайы ғашықтық сезімді ұлықтаған көңіл тазалығының биіктігі дәріптелген. Айша ару әкесінің зұлымдық-қараулық пиғылынан туындаған өз қызының лайықты жар таңдауына қарғыс тілегін арнауы да мүлікке, малға бай болғанмен, пейілі тар пенделерге ортақ өмір шындығын байқатады. Айша арудың мәңгілік күтушісі, сенімді тәрбиешісі Баба әже бейнесі де халықтық тәлімімен сүйсіндіреді. Эпикалық шығарманың көркемдік түйіні – көңілдері қосылса да отасып қосылып өмір сүре алмаған ғашықтардың мәңгілік жұбайлық, одақтық-жұптық рухани бірлігі өлер сәтінде некелесуден кейін Айша бибі атануымен дәлелденген.

Халықтық педагогикалық аңыздың негізіндегі «Ұры сыры» дастанында кейіпкерінің киелі құстың қанымен ұрлық жолындағы адасуларынан арылып, адамгершілік-имандылық, рухани сауығу, кемелдену жолына түскен парасатты адамның тағдыры жырланған. Ал туған халқы жаппай ауыру індетіне ұшырағанда елін құтқару үшін өзінің өмірін құрбан етіп, киелі құстың дәрумен қанын ұрлауға мәжбүр болады. Өзінің ұры болып жүрген жолынан айықтыратын киелі қанын берердегі қыран құстың аманат-ескертуі оқырман назарына ұсынылған.

Дастан сюжетінің шарықтау шегінде өзін сауықтырған киелі қыран құстың қанын ұрлауы арқылы өзі өлсе де, туған халқының сауығатынын ойлаған кейіпкер Қасымның шешімін оқырман да құптайды.

Жұмекентану – қазақ әдебиеттануы ғылымындағы аса өзекті, маңызды сала. Жұмекен Нәжімеденов – әлемдік сөз өнеріндегі классикалық әдеби шығармашылық дәстүр салаларына ойшылдық-даналық дүниетанымын танытатын көпжанрлы мәңгілік туындыларын жазған ақын-жазушы. Қадыр Өтегенұлы – Жұмекен шығармаларының поэтикасы бойынша кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғаған, сол іргелі зерттеулері негізінде монографиялар жазған көрнекті ғалым.

ХХ ғасырдың 60-80-жылдарындағы әдеби үдерістегі қазақ поэзиясындағы даралана танылған бірқатар ақындар (Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Сағи Жиенбаев, Тұманбай Молдағалиев т.б.) поэзиясында ғаламдық-ғарыштық кеңістікті, адамдардың ортасын үндестіктер мен қарама-қайшылықтар, бітіспес қақтығыстар сипатымен суреттеп-бейнелеп жырлайтын философиялық сарынды шығармашылық үрдістің өрістегендігі мәлім.

Жұмекен поэзиясындағы лирикалық өлеңдерде де, лиро-эпикалық балладаларда да, дастандарында да адамтанудағы, тіршіліктанудағы адалдық пен арамдықтың, мейірімділік пен қатыгездіктің, жомарттық пен сараңдықтың, отаншылдық пен мәңгүрттіктің-дүбәралықтың, ерлік пен ездіктің т.б. – сан ­алуан қасиеттер қайшылықтары-қақтығыстары филосо­фиялық-психологиялық тұтастық поэтикасымен жырланды. Зерттеуші Қадыр Жұмекен поэзиясындағы лирикалық қаһарманның уақыт, заман, өмір кеңістігіндегі адамдар жан діліне ортақ азаматтық-отаншылдық, адамгершілік асыл қасиеттерді мұрат тұтқан ұста­нымындағы тұлғалық болмысының даралана жырлануын бағалайды. Жұмекен поэзиясындағы өмір философиясын жырлаудағы отаншылдық дүниетанымын айқын көрсетеді.

 

ЖЫРДАН БОЯУ ІЗДЕГЕН

«Жұмекен – философ. Ол – поэзияға философиялық толғаныстар ала келген ақынның бірі. ... Ақынның ұғындырмағы – адам еш уақытта бәрін іштен біліп тумайды, табиғаттағы құпияларды білуге ұмтылу – адам өміріндегі үзілмес үрдіс. Адам алдында үміт бар, мақсат бар. Үмітті мұратты өмір-бақи қуасың, қол жеткенді қанағат тұтпайсың, үміт оты тағы да адамды жетелей түседі. Сонда да бірі жетсе, бірі жетпей жатады. Мақ­сатты іске асыру үшін өмірден үйрену керек. Ақын соны шебер айта білген» (Жүсіп Қ. Жұмекен жұмбағы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2006. – 240 б.; 25-26-бб.). Осындай ғылыми тұ­жырымдары жүйесінде зерттеуші Жұмекеннің философиялық поэзиясында қамтылған қайшылықты мәселелер (дарындылық пен дарынсыздық, үміт пен күдік, шындық пен өсек-жалғандық, тіршілік жасампаздығы мен өкінішке ұрындыратын пендешілік, бейбітшілік және соғыс, еңбексүйгіштік пен масылдық-тоғышарлық т.б.) мәтіндік талдаулармен саралана байыпталған.

Зерттеушінің монографиясында Жұмекен ақынның әкелердің балаларына арналған көңіл күй сарындарын көркемдік жинақтаумен өрнектелген. «Ұлым, саған айтам» жинағындағы өлеңдері арнайы талданған. Адам Ата мен Хауа Анадан басталып, бүгінге жалғасқан, болашаққа ұласатын мәңгілік сезім – әкелер мен олардың ұрпақтарына ортақ жауапкершілік ұстаным. Әкелер мен олардың ұрпақтарына ортақ парыз – адамгершілік-имандылық, отаншылдық асыл ұстанымдарды сақтау, дамыту мұратының Жұмекен поэзиясындағы жырлануына да талдаулар жасалған.

Жұмекен лирикасындағы туған жер туралы өлеңдердің («Менің Қағбам», «Қошалақ», «Меймандос», «Алыстағы ауылда», «Уағалейкумәссалам» т.б.) де поэтикалық ерекшеліктері сараланған. Қазақ поэзиясындағы көрнекті шы­ғар­машылық тұлғалар (ақындар, ға­лымдар) есімдері олардың туып-өскен мекендері (әл-Фарабидің – Отырары, Қорқыт Атаның – Қармақшысы, Жамбылдың – Ұзынағашы, Абайдың – Жидебайы, Махамбеттің – Нарынқұмы, Шоқанның Сырымбеті, Тұрмағамбеттің – Ақтайлақ кезеңі, Мұқағалидың – Қарасазы, Жұмекеннің – Қошалағы т.б.), әлем өркениетіндегі Л.Н.Толстойдың Ясная Полянасы, М.Шолоховтың Вещенская станицасы, Расул Ғамзатовтың Цада ауылы т.б. – бәрі де сөз өнері мен туған атамекеннің киелі тұтастығын танытады. Жұмекен поэзиясындағы туған жерге-атамекенге арналған жырлардың ұлттық-отаншылдық сипатының поэтикалық болмысын атап көрсеткен. Оның лирикалық кейіпкерінің өз жерін жанындай жақсы көретін патриоттық бейнесі көз алдымызда тұрады.

Публицистикалық поэма – әлем поэзиясындағы классикалық үлгілер қатарындағы жанр. Ақын – өзі өмір сүріп отырған қоғамдық-әлеуметтік ортаның саяси-әлеуметтік, қоғамдық-тұрмыстық оқиғалары ортасында жүріп, туған халқының тағдырын жырлаушы қайраткер тұлға. Зерттеуші Жұмекеннің «Бұл жолы ол шынын айтты» (1965) атты дастанында Қазақстан тарихындағы 1937–1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған әкесінен кейін «Халық жауының баласы» деген айыптаумен баласы Кәрімнің де қуғынға, жазалауға ұшырағанын (комсомолдан шығарылуы, 10 жылға сотталуы т.б.) – шыншыл-сыншыл тілмен жырлануын зерттеуші талдап бағалаған.

Жұмекен ақынның Екінші дүние­жүзілік соғыс тақырыбындағы дастандары да жүйелене қарастырылған. «Жоқ, ұмытуға болмайды!» атты жина­ғындағы дастандарынан ақындық дарын тегеурінділігі айқын танылғанын атап көрсеткен. «Келін» поэмасындағы кейіпкерлері (Сұлтан атай, Ұлпа шешей, Айдар ұл, келін және немере) бір отбасы мүшелері екенін, күйеуі Айдар соғыста өліп, келіннің жесір қалғанын, бірақ келіннің өмір бойы атасы мен енесін баққанын, ұлын өсіріп, осы шаңырақтың отын мәңгілік өшірмегенін жырлаған ақынның көркемдік-идеялық шешімін сараптаған. Ақынның «Көзсіз батыр» дастанының басты кейіпкері Жанайдардың соғыста бір аяғынан, екі көзінен ­айырылса да өмір сүру құштарлығын әлсіретпегенін, ұлын әскерге аттандырып, оны жігерлендіргенін, көзі көрмесе де жанындағы жарын мәңгі келіншек күйінде, жарық дүниені сол қалпында елестететінін, ең үлкен артықшылығы – жамандық атаулыны көрмейтінін жырлаған ақынның тұжырымын зерт­теуші айрықша бағалаған. Дастан атауының да кейіпкерді «соқыр» емес, «Көзсіз батыр» деуінің де оқырман көңіліне ұялатудағы көркемдік мәні түсіндірілген.

Зерттеуші Қадыр Өтегенұлы ­Жұме­кен ақынның бірқатар поэмаларын («Қыран-қия», «Ақ көгершін», «Тамыр мен жапырақ», «Жаңғырық», «Алдар көсе») «Қамал-дастандар» (Аталған кітап, 146-б.) деп атапты. Жеті тараудан тұратын «Қыран-қия» поэмасындағы ақын жырлаған танымдық мәселелердің (биіктік және тереңдік) саралануындағы ақылдылар мен батылдардың зардап шегетіні (Галилей, Томас Мор,), тоғышарлармен өршіл ойлы ұлылық-ірілік, күндестік пен бәсеке, үміт-арман және мақтаныш, тектілік қасиеттердің – бәрінің де Жұмекеннің философиялық дүниетаныммен қорытылуына баға берген: «Жұмекен адамдағы күллі қасиет­тердің барлығын – тектілік проблемасына әкеп тірейді. Егер адам бойында туындаған шоқтығы биік бір қасиет байқалса, ол тектен туындаған, демек, «тек» дегенді жоққа шығаруға болмайды.

...Біздің туған жеріміз талай тарихты, алапат апатты бастан кешірген. Ал онда бабалардың – тегіміздің ерліктері, ақыл-өрнектері шешендік-ғұламалығы сайрап жатыр. Қазіргі жалт етіп жанған жалынды ерліктер – солардың жалғасы. ­«Даламыз бен жеріміз, еліміз бен халқымыз батырсыз, ерсіз, күллі басқа да қасиетсіз болмайды» деп ақын қорытынды жасайды. Бұл – қыран қиясындай биік фантазия» (Аталған кітап, 153-б.).

Табиғат – Жаратушы Алланың бүкіл тіршілік әлемін қамтыған ғарыштық-ғаламдық кеңістігі. Әлемдік сөз өнері тарихындағы поэзия, проза, драматургия салаларының туындыларында табиғат келбеті тұрақты орын алған. Ақын Жұмекен «Тамыр мен жапырақ» поэмасының сюжеттік-композициялық құрылымында табиғаттағы тамыр мен жапырақты адам тағдырына баламалап жырлаған. Кіріспеден, жеті тараудан, қорытындыдан тұратын поэманың желісінде зерттеуші бағалауынша: «Шығармада біртұтас тартылып жатқан ой – тамыр мен жапырақтың, яки халық пен әр адамның бірлігі, бір-бірімен біте қайнасуы суреттелген» (Аталған кітап, 155-б.). Зерттеуші поэма композициясындағы Жапырақ, Тамыр, Дауыл астарлы бейнелеулерінің Халық, Адам, Заман ұғымдарына баламаланған философиялық мағыналарын айтады.

Қадыр Өтегенұлы – Жұмекен Нәжімеденов поэмасының көркемдік сипатын жан-жақты саралап талдаған ғалым-ұстаз. Ол Жұмекен ақынның поэзиясындағы жеке сөздердің, сөз тіркес­терінің жыр тармақтарындағы, шумақтарындағы мәнерлі ой өрілім­дерін өрнектеудегі поэтикалық қуатты­лығының әсерлілігін жүзеге асырудағы шеберлік сырларын, өзіндік мәнерін саралап талдаған. Ақынның тіл өрнек­теріндегі бейнелеу сөздердің (синонимдердің, плеоназмдердің, омоним­дердің, антонимдердің, архаизм­дердің, неологизмдердің, ассонанстардың, аллитерациялардың, эпитеттердің (айқындауыштардың), теңеулердің, құбылтудың (ме­та­фораның), кейіптеулердің поэтикалық қолданыстары мәтіндермен сараланған. Мысалдарындағы («Крылов тақырыбы», «Жыл басы», «Кішкенелер», «Тоғай ертегісі», «Шам», «Көршіміз бен қабаған ит», «Бірінші құдай», «Жұмақ бағы», «Ертегі») аллегориялар, символдар, метонимиялар, синекдохалар, халықаралық тақырыптағы шығармаларындағы («Наполеон етігінің сыңары», «Мәжіліс алдындағы мәжіліс», «Әлқисса», «Үрей», «Инфаркт»), жалпы­тұрмыстық мәселелерге арналған сати­ралық өлеңдеріндегі пендешілікті, атаққұмарлықты, мылжыңдықты, жеңілтектікті, айлакерлікті, алдам­паздықты, екіжүзділікті, жағым­паздықты, арамтамақтықты, талап­сыз­дықты, топастықты, жасқан­шақ­тықты, арызқойлықты т.б. сынаудағы сатиралық бейнелеулер (юмор, ирония, сарказм т.б.) – мәтіндермен дәйектеле талданған. Ақынның поэтикалық тіл өр­нектеріндегі айшықтаулар (арнаулар, қайталаулар, эпифоралар, анафоралар, антитезалар) да жүйелене бағаланған.

Жұмекен ақынның қазақ поэ­зиясындағы дәстүрлі алты, жеті, сегіз, тоғыз, он бір буынды өлшемдерді жаң­ғырта жалғастыра отырып, өзіндік жаңашылдығымен он төрт, он бес, он алты, он сегіз және аралас буынды өлең өлшемдерін «Ашық аспан», «Шуақ», «Қыран-қия», «Менің топы­рағым» жинақтарындағы жырларында қолданғаны мәтіндік үлгілерімен дәлелденген.

Зерттеуші Жұмекен ақын поэзия­сындағы тіршілік әлемін алуан түстілікпен суреттейтін тіркестерінің («Ақ сәуле билейді, билейді, көкала ­кестелер түсті де», «қоңырқай дала бас­палап», «ауа жасыл, су да жасыл, қыр жасыл», «күн қалайша қып-қызыл боп жанбасын», «қара тасқа көктеген емен сынды» т.б.) поэтикалық әсерлілігін айта келе, ғарыштық-ғаламдық кеңістікті жырлаудағы ақын танымындағы жеті түсті жырлау суреткерлігіне айқын ғылыми бағалау жасалған: «Асылы, түстер сыры ақынды қатты қызықтырады. Оның поэтикалық қиялы жеті түстің әрбіреуінен ғажап құпиялар ашқан. ...Жұмекеннің жеті түстің сыр-сипатын ашқан жинағы – «Жеті бояу» деп аталатын кітабы. Мұндағы кейбір өлеңдерінің аттары да әр түстің атымен аталған. Мәселен, «Қара түс», «Сұр түс», «Көк түс», «Қызыл түс», «Қоңыр түсі», «Ақ түс», «Сары түс» деген өлеңдер бар. Ақын топшылауынша, қара түсте контрастылық мағына бар, сұр түс – жағымпаздықтың белгісіндей, көк түсте қарама-қарсылық сезіледі, ақынға ең ұнамды түстер: қызыл, қоңыр, ақ, сары түстер» (Аталған кітап, 216-б.).

Жұмекентану – қазақ әдебиеттануы ғылымындағы жаңа салалардың бірегейі. Лирикалық өлеңдерінің де, лиро-эпикалық балладаларының да, эпикалық поэмаларының, дастандарының да поэтикалық тереңдіктерін жаратылыстану, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар қисындары тоғысуы-синтезі тұрғысындағы жаңашыл методологиямен қарастыру-талдау – уақытымыздың өзекті мәселесі. Көрнекті ғалым, зерт­теуші Қадыр Өтегенұлының Жұмекен поэ­зиясының поэтикасын саралап талдаған іргелі зерттеуі – рухани жаң­ғырудағы жаңа тарихымыздағы тың ізденістерге бағдар болатын құнды еңбек.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымының

докторы, профессор

 

1662 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы