• Тұлға
  • 20 Қаңтар, 2022

ЗАМАНЫНЫҢ АМАЛЫН ТАПҚАН...

Біз Ыбырай Алтынсаринді алғашқы ағартушы-педагог әрі Алаш қайраткерлерінің ұстазы ретінде танимыз. Бұл ретте оның мектебінен білім алып, тәлім-тәрбие көрген тұлғалардың қандай бағытта өсіп-жетілгені туралы айтсақ болады. Нақтылай айтқанда, С.Көбеев, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы сынды арыстар Ыбырай негізін қалаған мектептің түлектері еді. Олар қазақ руханиятын жаңа қалыпқа салып, көш ілгері сүйреген үш алып бәйтерегіміз – Шоқан,­ ­Ыбырай, Абайларды өздеріне ұстаз тұтты.

Ұлт келешегі үшін аса қажетті оқу-ағарту мәселелері зиялы қауым өкілдерін түгел толғандырды. Ұлты үшін ұлардай шулаған ұландар өздері шығарған газет-жорнал беттері мен кітаптарда бұл мәселені бірінші кезекке қойды. Олар «алдыңғы соқпақ ағалар» жолын жалғастырып, бәрі дерлік замана сазы, уақыт тезіне орай үн қатты. Сол тұстағы жаңа оқу үлгісі саналған «жәдитті» жақтап, халқын өнер-ғылымға, іргелі ел болуға үндеді.

Ұлт ұстазы – Ыбырай жасөс­пі­рімдерді «оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар, тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» деп, «өнер-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызды» деп озық елдерді жастарға үлгі тұтты. Өз кезегінде қазақ оқығандары да осы тарапта ел арасында оқу-білім бағытында үгіт-насихат жүргізіп, халқына қалам қарымымен ғана емес, ­зайырлы қылығымен де қызмет қылуға ­тырысты.

Міне, сол Ыбырай салдырған мектеп-медреселерде оқып, сауаттанған, ұлттық мақсат жолындағы Алаштың арда ұл­дары басылым беттерінде бұл мәселені көтеруден жа­лықпады. Мәселен, «ұлт ұран­шысы» атанған М.Дулатұлы: «Оқушыларға жәрдем жамиғаты» атты «Қазақ» газетіндегі мақаласында: «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымды сақтасақ та, дүниеден сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман» деп, кемел келешектің сырын ашады, болашақтың барысын болжайды.

Әрине, бұл мәселелер жөнінде сөз еткен бір М.Дулатұлы ғана емес. Ана тіліміз бен әдебиетіміздің ­реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы қазақ балаларының сауатын ашатын «Әліпби» («Төте жазу» ) мен тіл үйрететін «Тіл құралы» еңбектерін жазды. Қазаққа қандай мектеп керегі жайын өзекті мәселе ретінде көтеріп, жұртшылықтың назарын үнемі соған аударуға тырысты. Мәселен: Ахмет «Қазақ» газетіндегі «Жазу жөндеу» («Қазақ», 1913, №43), «Мектеп керектері» («Қазақ», 1914, №52) т.б. мақалаларында сол кезеңнің көкейкесті проблемаларын көтеруді алға қойды.

Сөйтіп, қазақ оқымыстылары «заманына қарай амалын» жасап, ұлттың ұлы арманын ұлықтап, қалың елдің халін қамдап, азаттық-ағартушылық бағыт ұстанды.

Асылы, Ыбырай Алтынсарин бар күш-қуатын халықты ағарту, жастарды тәрбиелеу ісіне жұмсады. Ыбырайдың жазушылық қызметінің сол оқу-өнер, білім мәселесімен сабақтастығы да осында болса керек. Оның ақындық шабытына дем беріп, жазушылық қиялына қанат бітірген зор нысана – қараңғы қазақ халқының көзін ашу, көңілін ояту, оны озық мәдениетті елдердің қатарына қосу болды. Осы жолда ол бойындағы бар күш-қуатын, қабілеті мен білімін сарқа жұмсады. Бұл бағытта тың бастамалар жасап, соған бүкіл саналы ғұмырын арнады.

Ыбырай халық ағарту ісінде қандай елеулі орын алса, әдебиет пен мәдениетіміздің тарихынан да сондай екшеулі орын алады. Ол – қазақтың жазба әдебиеті мен тілінің негізін қалаушылардың бірі. Әдебиетке тың тақырыптар әкеліп, озық ойлар енгізді. Жаңа жанрлар арқылы әдебиетті мазмұны жағынан ғана емес, түр жағынан да дамытты. Оның мағынасы терең тағылымды өлеңдері, қысқа да әсерлі әңгімелері төл сөз өнеріміздің тарихында айрықша орынға ие.

Әрине, бұл айтылған әрі жазылған жайттарды жайына қойып, қазіргі кезде Ы.Алтынсарин тұлғасы жоғары оқу орындарында және мектептерде қалай оқытылып жатқанына тоқталсақ.

Ы.Алтынсариннің «Бір Аллаға сиынып, Кел, балалар, оқылық» деген атақты өлеңінен бастап, оның танымдық-тәрбиелік маңызы зор әңгімелері мен аударма шығармалары мектеп оқулықтарынан ойып тұрып орын алары сөзсіз. Ал жоғары оқу орындарында, өте-мөте «Қазақ әдебиетінің тарихы» пәнінде Ы.Алтынсарин шығармашылығына арнайы сағат бөлініп, дәріс пен тәжірибе сабақтары белгіленген. Мәселен, «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» пәнінде Ы.Алтынсарин шығармашылығына толыққанды тоқталып, оның «Қазақ хрестоматиясы» мен оқу-әдістемелік негізде жазған туындыларымен таныстырып, пайымдаймыз.

Ыбырай мұрасын насихаттау, ел ертеңі үшін еткен еңбегін, асыл сөздерін саралау бүгінгі күннің үлесінде ғана емес, келешектің де еншісінде болуға тиіс. Сондай-ақ оның руханият өрісіндегі рөлін айқындау да бізге тиесілі міндет, ал болашақ ұрпаққа борыш саналмақ.

Осы тұрғыдан келгенде, өз кезегінде біздің Павлодар педаго­гикалық университетінде бұрын ректор, қазіргі сенатор ­Алтынбек Нұхұлының қолдауымен ашылған «Ұлағат» атты орталықта ­Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығар­машылығына және қоғамдық қыз­метіне қатысты материалдар негізінде көптомдық кітап құрастыру көзделген болатын. Әрине, бірінші кезекте алғашқы қазақ ағартушысының туып-өскен өңіріне, ондағы мұражайларға бару жоспарланды. Қостанай, Арқалық қалаларына іссапармен барып, мұражайлардан мол мағлұматтар мен дереккөздерін, суреттер ­галереясын кездестіріп, ғылыми танымдық мақалалар мен естеліктер тізімін алғанымызды айту ­лазым. Өйткені Қостанай, Арқалық мұражайлары мен Алматы ғылыми кітапхана қорынан жинастырып алынған материалдардың пайдасы зор болды. Осы тарапта біздің мол мағлұмат, деректер жинап, материалдар қарастыру негізінде том-том шығаруымызға көмек қолын ұсынған мұражайлар мен кітапхана қызметкерлеріне деген алғысымыз шексіз!

Ыбырай Алтынсариннің әдеби-педагогикалық мұрасы туралы қаншама дүние жазылса да, аздық етері анық. Олай дейтініміз, уақыт озған сайын, замана сазына орай ұлы ағартушы, көрнекті ақын әрі жазушы мұрасына деген ұрпақ көзқарасы да өзгермек. Бұл – өмір талабы әрі бұлтартпас заңдылық.

Осы тұрғыдан келгенде, Ыбы­райдың шыққан тегі, қоршаған ортасы мен шығармашылық өмірбаянына қатысты бұрынғы-соңды жазылып, жарияланған еңбектерді саралап-салмақтау бүгінгі күннің талабы десек болады. Осы жайттарды ескере келіп және қолда бар материалдарды пайдаланып, шама-шарқымызша педагог-жазушы туралы жазылған осы тараптағы еңбектер іріктеліп, жинақ тақырыбына сәйкестендіріп, жарияланды.

Сейфитден СҮТЖАНОВ,

Павлодар педагогикалық университетінің профессоры,

филология ғылымының докторы

1642 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы