• Руханият
  • 20 Қаңтар, 2022

ТҮПКІШ НЕМЕСЕ МЕМЛЕКЕТ ПЕН ХАЛЫҚ БІР ҚАЗАННЫҢ ІШІНДЕ ҚАЙНАУЫ ТИІС

«ПЕРІШТЕЛЕР ЖОҚ ЖЕРДЕ»

«Алматы трагедиясын» тудырған күндері жазушы Қанағат Әбілқайырдың «Қайыршының миллиардер досы» атты кітабын (Алматы: Arna-b, 2020. – 232 б.) қайта оқып шықтым, енді соңынан басына қарай. Кітап желісі «Періштелер жоқ жерде» атты әңгімесімен аяқталады. Әңгімеде байлықтың буына әбден тойынғандардың бірі адамның етін қуырып, достарының алдына ас етіп қойса, енді бірі әскери қызметке келген жігітті нысана етіп «адам атыспаққа» салады. Дәуқара, вискишіл, пышаққа үйір, достары «қолбасшым» десе, өзін «көшбасшым» деп атауын сұрайтын, «адам атыспақ» жасауға баратын азғындар тобы осы күйде жемқорлықтың буынан әбден масаяды.

«Періштелер жоқ жерде» атты әңгімеден жасаған түйінім: «адамның азғын пиғылы жемқорлыққа әкеліп, нәтижесінде сол ортада періштелер де қалмайды». Адам жанын адам емес – Алла тағаланың әмірін орындайтын періште ғана ала алады. Адам періште болып дүниеге келеді, жанын да тек періште алады.  Ол періште – Әзірейіл. Ол Хақ Тағаланың бұйрығымен тұз-дәмі таусылған адамға ғана келеді. «Қорқыт Ата жырының» «Доқа Қожаұлы Дели Домрул» әңгімесінде баяндалған Әзірейіл періште – қызыл қанатты. Көзге көрінсе де, көрінбесе де – мифтік образ.

Ал «Алматы трагедиясын» орнатқан, періштелер жоқ жерден өткен, «белгісіз адам» бұйрығымен келген – ол «адам-Әзірейіл». Адам-Әзірейіл періште емес...

ПЕРІШТЕЛЕР ҚАЙ ЖЕРДЕ?

Қазақ халқының нанымында әр адамның өз періштесі болады, олар адамның екі иығында отырады. ­«Пе­ріште әумин деп қояды» деген халық қандай да бір істі жамандыққа жорымай, жамандықты сезінгенде ­дауыстап айтпайды.

Қазақ халқының рухани мәде­ниетінде, әулиелік культі мен дүниетанымында Ғайып ерен қырық шілтеннің алатын орны ерекше. «Ғайып сөзі «көрінбейтін», «елес» деген ұғым­ды, ал «ғайыптан жаралған» деген тіркесте қолданғанда «періште» деген ұғымды білдіреді. Бұл парсы тілінен (ғайеб) енген сөз. Діни ұғымда Алла Тағалаға ең жақын, оның әмірін орындайтын періштелер – Жәбірейіл, Мекайіл, Әзірейіл, Исрафил. Жәбірейіл – Алла Тағаланың аманат хабарын жеткізуші, Қасиетті Құран сүрелерін Мұхамед пайғамбарға түсірген, күллі періштелердің сұлтаны. Мекәйіл – көк жүзіндегі рай (жел, бұлт, қар, жаңбыр) тәртіпті бақылайды. Әзірейіл – адам жанын алуға Алланың аманатымен келеді. Исрафил – қияметті күнде тіршілік иесімен тілдеседі. Қазақи діни ұғымда ғайыптан түскен періштелер топталып, ұйысып бірлікте өмір сүреді. Қазақтың ғайыптан жаралған періште танымына қазақты танып білейін деп талпынған зерттеушілерді ерекше қызықтарған. Орыс ориенталисі М.С.Андреев шілтен «шырақшы» деген ұғымды беретінін айтады, ол «Қыз Жібек», «Алпамыс» эпостарын негізге ала отырып, қазақтар ұғымында «Ғайып ерен қырық шілтен жолаушыға серік болады, батырларды жорықта қорғайды, бейіт, молаларға жиналып әруақтарды қорғайды», – дейді. Автордың айтуынша, шілтендер балгерлік әрі уақытты аймен санайтын жұлдызшылық қасиеттерге де ие (Андреев М.С. Чильтаны в среднеазиатских верованиях. Издание Общество Таджикистана и иранских народностей за его пределами. – Ташкент: 1927, с.12-13). 

Атақты этнограф, археолог С.П.Толстов өзінің басшы­лы­ғымен  жүргізілген КСРО ҒА «Хорезм экспедициясы» (1946-1966) материалдарын ғылыми өңдеу барысында қазақ халқының ұғымындағы шілтен образын түсіндіруге тырысқан. С.П.Толстовтың бақылауынша, «қырық шілтен» (Риджал-әл ғайып) исламдық танымда софылық культке айналған мазхаб болған, олар Орталық Азияда қырық-қырықтан ұйысып, ресми дін, саяси тәртіппен күрескен. Өздерінің құпия орындайтын салттары болған. Шілтендер шырақшы ретінде күндіз мешітте, түнде мазар, оба, молаларды мекендеп, шөл кезіп жүрген жолаушыны жебеген (Толстов С.П. Древний Хорезм. Опыт историко-археологического исследования.– М.: Издание МГУ, 1948, с.311).

Түркітанушы ғалым Әуелбек Қоңыратбаев «шілтен» образы ислам дінімен ұштаса келген алғашқы элемент дей отырып, оны Баба түкті Шашты Әзіз, Қорқыт культімен байланыстырады (Қоңыратбаев Ә. Оғыз-қыпшақ ұлысы және шамандық культі. // Қазақ эпосы және туркология. – Алматы. 1987, Б.120).  Одан әрі ғалым «шілтен» культінің таралуының тарихи себептерін түсіндірген. Біріншіден, шілтендер ұғымының түп-тамыры ­зороастризмнен туындаған деген болжам айта оты­рып, олардың мола, мазарға жиналып, түні бойы 40 шырақ жағып, зікір салатынымен байланыстырады. Екіншіден, шілтен ұғымының Түркістан өңірінде, одан Сыр өңірінде жиі кездесуі осы өңірде суфизм ілімінің кең таралуымен тығыз байланысты деген қорытынды пікірін береді. Автор суфизм ілімінің таралуы жайында: «ІХ ғасырда Бағдат патшасы Аналхан түрік софысы Мансұр халлажды дарға асады. Суфизм оқуын тұтынған­дар Орта Азияға дәруіш, шілтен түрінде күзгі қарғадай боп ауысып келе бастайды. Өздері жеке-жеке топ болса да әлденеше диуана болып жүрген. «Ғайып-иран шах Абыз» дейтін қиссада Үргеніш патшасы да соларға қосылып, «ғайып» болған. Сол негізде Орта Азияның Қазақстанға қараған шетінде «ғайып ирандар» (суфизм) ­поэзиясы туындаған. Оның басты өкілдері – Арыстан баб, Бақыр­ғани, ­Ясауи. «Түркістанда түмен баб, Отырарда отыз баб» дейтін сөздер содан қалған. Дәруіштіктің кезінде Орталық Азия поэзиясына әсерін тигізіп, олар өз культін жырға айнал­дырған. Х-ХІІ ғасырларда бүкіл суфизм ілімінің орталығы Сыр бойы (Түркістан) болған еді», – деп шілтен образының бейнесінің күрделі әрі көп екенін, олардың барлығының ислам дінінің ресми таралу жылдарындағы мифтік тұлғалар екенін айтады (Қоңыратбаев, 1987: 121). 

Жазба деректерді негізге алсақ, шілтен культінің дін кастасы ортасында туған исламдық салт ұғым, исламдық мистицизм болғанын, әрі халық ұғы­мына берік сіңгеніне көз жеткізуге болады.

Ғайып ерен қырық шілтеннің мекен еткен аңыз орны – Қазығұрт тауының етегі. Нұх пайғамбардың кемесі қалып, бар қасиет бойы­на тараған осы жерде Адам Ата шоқысы, Пайғамбардың су ішкен жері, Пайғамбардың саусағы, Дастарқан тас сияқты қасиетті орындарымен қатар Ғайып ерен қырық шілтеннің осы жерде шоғырлануы бұл бейненің қазақ дүниетанымындағы әулиелік культі аса жоғары екендігін дәлелдейді. Әулие басына барып тәу ету, әулие басына түнеу, әулиеден жәрдем сұрау қазақтардың дү­ние­та­нымында ежелден бар, яғни байырғы политеизмнің монотеизмге өтпелі дәуірінің сарқыншағы ретінде ислам дініне кірігіп, күні бүгінге дейін сақталған.

Батагөй қариялар, сапарға, жолға аттанған баласына «Ғайып ерен қырық шілтен шылауыңда болсын» деп бата берген. Мағынасы – «сені періштелер қоршап жүрсін» дегені. 

Қазақ халқы «періште» ұғымын балаға теңеген. Бала – періште. Бала – күнәдан ада періште. Қауіп-қатерден аман қалған баланы «періштесі қаққан» дейтіні де бекер емес.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рынан-ақ көп жаңалықты жақсылық деп қабылдап алғанымыз ащы шындық. Жақсылық екен деп қабылдап алған жаңалығымыздың бірі – жаңа діни ағымдар». Мен бұл сөзімді «Бордақыланған жаусодырлық» атты мақаламда жаздым (11 қаңтар, 2022 жыл. «Abai.kz» порталы). Жаңа діни ағымның жетегіне түскен адамдардың «Ғайып ерен қырық шілтен шылауыңда болсын» деп бата беруін «шірік» деп танитыны белгілі.

Қазақ халқының байырғы тәңірлік дүниетанымының кейбір белгілері ислам дініне кірігіп, жаңа дүниетанымдық ұстанымдармен бірге араласып, барған сайын күрделеніп, «әулие» ұғымының мазмұны да уақыт өткен сайын толыға түскен. Яғни қазақтың әлі күнге дейін Ғайып ерен қырық шілтенге тәу етуі тарихи дәуірлерден жалғасып келе жатқан ұғым.

 

ЕҢБЕКПЕН ӨТЕУ

«Ханталапай» әңгімесінің желісі бейтаныс басшы мен қара халықтан алшақтап, басқа бір әлемде күй кешкен, енді «мырзақамаққа» түскен бұрынғы белгілі топтың өкілдерінің арасында өрбиді. Бейтаныс топтың басшысы: «...өздеріңіздің қандарыңыздан жерідіңіздер. Осы елдегі әр адамның нәпақасын аузынан жырып алып, шетел асырдыңыздар. Көп асқанға бір тосқан! Міне, соның жауабын беретін кез жетті. Әрқайсыңызды халықтың алдына алып шығып, өлім жазасына кесуге айғағымыз жеткілікті... Бірақ біз сіздердей қорқау емеспіз. Сондықтан бір шарт қоямыз, соған құлақ асыңыздар!», – деп бұрынғы топ өкілдерін басшысымен бірге бір жылға, алғашқы алты айын елдің жолдары тозған, қараусыз қалған, бейшара күн кешіп отырған аймақтарында тұрып, еңбек етуге, ең төменгі жалақыны төлеуге, балалы болып жатса ештеңеге жетпейтін жөргекпұлдан айырмауға үкім кеседі. Өлім жазасын халық арасында болып еңбекпен өтеу жазасына кесуге бір ғана шартпен келеді: «осы уақыт ішінде шетелдегі барлық капиталдарыңызды елге қайтарасыздар. Ештеңені бүгіп қалам деп ойламаңыздар...». Осылайша, қара халықтың ішіне топ ете қалып, ауылда еңбек еткен бұрынғы топқа бір жыл тозақтан кем болмайды. Себебі: «Қашу туралы ойламаңыздар. Осы күндеріңізге зар болып қаласыздар!» ­деген ескерту бәрінің құлағында шыңылдап тұр». (Қ.Әбілқайыр, 2020: 135-145 бб.).

 

АНТ – ҚАСИЕТТІ!

«Жыланды көмбе» соңынан сана­ғанда жетінші, «Марсқа сапар» алтыншы, «Жер астына саяхат немесе сүтсіз қоғам» бірінші әңгіме. Оқиға желісінде қала әкімі сиқыршы делдал арқылы жыландар ордасымен тілдесіп,  қала жарығын, суын, жолын тартып тау етегінен жыландарға орда салып, есесіне жыландардың бауырын жылытып жатқан алтын көмбесіне ие болып, қазынасын шетел асырады. Енді бір топқа Марсқа ұшып барып келу әбден үйреншікті іске айналған. Олардан да жоғары тұрған топтың жер астынан салдырған хандық-қаласының бірнеше хауыздарын жаңа босанған ана сүтімен толтырып, оны әр адам түскен сайын жаңарту үшін, жаңа босанған әйелдердің сүтін сарқа ­сауып, қаншама сәбиді уызына жарытпай өсіреді. «Бәріңізге таныс иіс» (екінші әңгіме) желісінің бай-бағлан кейіпкерінің сараңдығы сонша – үлкен дәретін қимай дәу бөшкеге жинайды. Өзін жақсы көргені сондай, өз қиының иісін өзгелер де жақсы көреді деп ойлайды, ал жиіркене қараған адамды жұта салады. Оқиға өрбитін «ертегі қоғам» кейіпкерлері «мифтік образ» емес, халықтың ортасынан шыққан белгілі бір топтың өкілдері. Олардың «ертегі қоғамында» «ант» ұғымы бар ма екен? Ант тек дауыстап беріледі, әлде олар өз дауыстарын өздері танымады ма екен? Айтпақшы, біз сөз етіп отырған кітаптағы «нысана» болуға келіскен әскери де ант қабылдады емес пе?

Біздің шынайы өмірдегі қоғам­ның мемлекеттік қызметіне келген таңдаулылары халық ортасынан шығып, АНТ қабылдайды. Ол «Өз даусыңды өзің естисің, «Ант сөзі» құлағыңда шыңылдап тұрады» қағидасын ұстануы тиіс!

АНТ. Қазақ халқы үшін қасиетті ұғым. Билер мен ақсақалдар дауды шешу, күнәлі адамға үкім шығару үшін талапкер мен жауапкер тұратын ауылдардан, яғни екі жақтан да арада жүруші екі адам шақырылған. Қылмысты дәлелдеу үшін екіден жетіге дейін куә керек болған, куә болмаған жағдайда ант беру талап етілген, бірақ оны өздері үшін талапкер де, жауапкер де бере алмаған, олар үшін адалдығымен белгілі адамдар ант беруге тиіс болған. Егер айыпкер үшін ешкім ант бермесе, онда ол жауапқа тартылған. Егер айыпкер билердің адалдығына күмән келтіріп, күдіктенсе, онда айыпкер бидің ауыстырылуын талап ете алған. Жарты құн төлеуге айыпты болған адам өз руынан екі адаммен бірге құн төлеуге ант беруі тиіс, ал ¼ құн төлеуге айыпты адам өз руынан бір адаммен бірге құнды өтеуге ант беруі тиіс, ал құнның 8/1 бөлігі кесілген адам өз әулетінің ішінен бір адаммен бірге ант беруі тиіс болған, «уәде Құдай сөзі» деп уәдені орындаудан бас тартпаған. Құн төлеуге ру болып кіріскен. Тарихи дәуірлерде батырларымыз елін қорғауға жауға шапқанда «Әруақ» деп ұрандатқан. «Әруақ» сөзін қолдану ата-баба рухымен ант ету. Ата-баба рухымен ант еттің, саған шегінуге жол жоқ! Себебі, Ант – қасиетті!

Ант – тарихи дәуірлерде басқа мемлекеттер тарихында да өтініш берушілердің сотқа жүгіну құқығын ашық жариялау үшін енгізілді. ­Мысалы, Ежелгі Римде халыққа, сенатқа адалдығын білдіру үшін әскерлер ант берген. Құдайларға арнап құрбандық шалу, «ант сөз\уәде сөз» қасиетті саналған. Бұл елде де ант пен уәденің қасиеттілігі айтылған сөздің орындалуы міндет саналуымен байланысты. Антты, уәдені бұзу діни қылмыс саналған. Ежелгі Римде ант бұзған қылмыскерді пантификтер сотта айыптаған, сырттай да жаза қолдана алған. Әрбір римдік ант бұзған қылмыскерді елден қуып жібере алған, өлтіруге де құқылы болған. Елден қуылған ант бұзушы, елге тек арнайы діни тазаланудан өткен соң ғана орала алды...

***

Түпкіш – қазан қоятын тұғыр.

Мемлекет пен халық бір қазанның ішінде қайнайды. Түпкіш – мемлекет пен халық өз сенімін тапсырған әкімшілік-билік тұғыр.

Түпкіште шеге болмайды, бір-біріне кертік-ойық арқылы кірігетін ағаш шынжыр. Біз көзіміз үйренген темір шынжырдан айырмашылығы – дөңгелете құйған темір шеңбермен емес, екі басы ара тісті, кетік ойығы ортасында болады. Бір басының ара тісі жерді, екінші басының ара тісі қазанның түбін тірейді. Іші тола қазан қойсаң икемделіп жайылады, міндеті – қазанның тепе-теңдігін ұстау. Бір ағаш бөлігі сынса – қалған ағаш бөлігі осалсиды, босайды. Босаған сайын жайыла түседі, сөйтіп қазан бір жағына қисаяды. Қазанның қисаймай түпкіштің әр бөлігінің қозғалысқа икемді болуы қазанның ауырлығын сезіне алуында. Бұл күні осы түпкіш музейлерде де өте сирек кездесетін құндылық.

Лайым, «мемлекет пен халық» тек бір қазанда қайнасын, ендігі жерде тұғыр-түпкішінің ара-тісі мұқалмайтын берік болсын!

Тәттігүл ҚАРТАЙ,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ профессоры,

этнограф-ғалым

1619 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы