• Қоғам
  • 20 Қаңтар, 2022

ЖАЙЫЛЫМ ЖАЙЫ ЖАҚСАРСА...

Нұрболат АБАЙҰЛЫ
«Ana tili»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада Парламент депутаттарының алдында сөйлеген «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» атты мәлімдемесінде жаңа Үкіметті жасақтап, олардың алдына бірқатар міндеттер қойғанын білеміз. Әрине, ол жерде Мемлекет басшысы көптеген мәселені қамтығаны анық. Дегенмен журналист ретінде қарапайым халықтың ортасында көп жүргендіктен, әлеуметтік-экономикалық саладағы кейбір тұстарды біз де Президент пен Үкімет назарына салуды жөн көрдік.

МАЛ ЖАЙЫЛЫМЫ ДҰРЫС  ПАЙДАЛАНЫЛМАЙДЫ

Біз аграрлы ел болған соң, бұл саладағы әрбір кішігірім мәселенің өзі назардан тыс қалмауы керек. Алайда ауыл шаруашылығында қордаланған кемшіліктер жетеді. Мәселен, малды қысы-жазы қоңды етіп бағу үшін жылдың төрт мезгілінде де жайылымды дұрыс, ұтымды пайдалану қажет. Өкінішке қарай, осы мәселені малды бағып жүрген малшы қауымы да ұмытып, оларға жөн сілтейтін де елде ешкім қалмады. «Өткенсіз болашақ жоқ» дейтін қазақтың қағидалы қара сөзін еске алсақ, кешегі колхоз, совхоздар бар заманда малшыларға шаруашылық басшылары бас-көз болатын. Онда да ежелден белгіленген тәртіп бойынша ерте көктемде көктеуге шығарып, одан алыс жайлауларға көшіріп, күздеуге уақтысында түсіріп, дер кезінде ұрықтандырып, қыстауға да мерзімінде қоныстандыратын. Қазіргі таңда бұл тәртіп мүлде бұзылған. Малшылардың 99 пайызы қыстау мен жайлауға тура тартады. Ортада көктеу мен күздеуді ұмытқандарына отыз жылдан асты. Себебі ауылда бүгінде жөні түзу малшы қалған жоқ. Шаруашылық иелерінің көпшілігі малды бала-шағасымен селбесіп, өздері бағады. Ал ауылдарда отбасы аш отырса да, көршілерімен «сәбіраз жасап» арақ ішетін, жалқаулар көбейді. Мұның бәрін ретке келтіріп, елді тәртіппен басқаратын әкім, учаскелік полицей дегендер, басшыларына өтірік есеп беруден әріге бармайды. Ащы болса да ақиқаты осы. Бұл пікірімізді Алматы облысы Райымбек ауданында ұзақ жылдар агроном болған Серікбай Бертаев ағамыз да қолдап, өз ұсынысын білдірді.

– Көшпенді халқымыз өзінің өмір салтында көктеу, жайлау, күздеу және қыстау деп мал жайылымын бекерден-бекер бөліп қарастырмаған. Малдың аузы мен аяғы бір жерде ұзақ отырса жайылымды тоздырып-ақ жібереді. Сондықтан малшылар қауымын ауылдан қашықтау аумақтардағы өрістерге – көктеуге, жайлауға және күздеуге шығуға міндеттеу қажет. Мұны ауыл, аудан әкімдері, ауылшарушылық басқармасының мамандары бақылауға алуы қажет, – деді Серікбай Бертаев.

Міне, агроном маманның пікірі осындай. Алайда оған назар аударып, шара қолданып жатқан әкімдер көрінбейді. Сондықтан енді бұған Үкіметтік деңгейде көңіл бөліп, облыс әкімдері бақылауына алуы тиіс деп есептейміз. Әйтпесе жайылымды дұрыс пайдаланбаудың салдарынан қыстаулық жерлер құнарсызданып қу тақырға айналып барады.

 

ЖЕРІ ЖОҚ, МАЛЫ КӨП «ШЫҒАЙБАЙЛАР» КӨБЕЙДІ

Халқымызда «жер елге бітеді, мал жерге бітеді» деген нақыл сөз бар. Бұл халқымыздың сан мыңдаған жылбойы қалыптасқан өмір тәжірибесінен алынған нақыл болатын. Нарық заманының қағидасы да осылай қалыптасуы қажет еді. Өкінішке қарай, бүгінде мұны бақылап жатқан ешкім жоғын білген «қулар» жағдайды мүлде басқа арнаға бұрып жіберді. Әр ауылдағы 30-40 шаруашылықтың жайлаулық, қыстаулық жерлері болса, бір гектар да жайылымдық жері жоқ, ауылда отырып-ақ, солардың жартысындай мал ұстайтын «шығайбайлар» көбейді. Мәселен, шаруашылықтар жайылымдық, шабындық жерлері үшін жыл сайын салық төлеп отырса, «шығайбайлар» соқыр тиын да шығармайды. Малын ауыл айналасындағы жайылымдар мен орманға айдап қойып бағып отыр. Соның салдарынан елді мекендер айналасы тозып, орманға  да зияны ­тиуде. Бұл жөнінде Алматы облысы ­Шарын мемлекеттік ұлттық саябағының басшысы Ернұр Мұқаметжанұлы өз пікірін білдірді.

– Біздің саябақтың аумағына жақын орналасқан бірнеше елді мекендер бар. Қазіргі таңда елдің қолындағы малы өскен. Әрине, бұл қуанышты жағдай. Алайда солар көктем, жазда ауылдан алыстау аумақтардағы жайылымдарды пайдаланбай, малдарын ауыл маңына жаяды. Одан қалса, біздің саябақтың аумағына кіріп кетеді. Бұл енді заңсыздық. Біздің егерлер олардың малын қамап, айыппұл салады. Зиянын халық өзі тартады. Сондықтан ауыл, аудан әкімдері мен учаскелік полицейлер осы мәселені ретке келтіруі керек деп есептеймін, – дейді Ернар Мұхаметжанұлы

Аудан, ауылдардағы жер мәселе­сіндегі тағы бір мәселе – малы жоқ, жері көп монополистер пайда болды. Олардың кейбірі, мыңдаған гектар жерге ие болып, сол жердің шөбін сатып, миллиондап қаржы тауып отыр. Ал кейбірі таулы аймақтардан мыңдаған гектар жерді иеленіп алып, сол аймақтарға үйлер салып, турис­тер апарып, жергілікті халықты жайылымдық жерге жібермей, қысастық көрсетуде. Президент мұндай монополистерге тыйым салу жөнінде тапсырма бергенімен аудан, ауыл әкімдерінің оны орындайтын түрі жоқ. Себебі әкімдер сол байлардың астауынан «жем» жеп жүр.

 

ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ,

ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ ЖӘНЕ КӨМІРДІ АРЗАНДАТУ ҚАЖЕТ

Президент  Үкіметке осы жолғы мәлім­­демесінде де мал азығын келер қысқа жеткілікті дайындауды тапсырғаны белгілі. Ал ол тап­сыр­маны орындаудың тетігі қан­дай? Ауылдардағы шаруалармен пікірлескенімізде олар жанар-жағармайдың және электр энергия­сының тым қымбаттығына шағым айтты. АИ-80 бензинін өндіруді депутаттар Үкіметтен сұрағанына 4-5 жылдың жүзі болды. Алайда оны осы жылы ғана шекті деңгейін 89 теңге деп көрсеткенімен, бұл жанармай аудан, ауылдарға әлі жеткен жоқ. Шын мәнінде АИ-80 тек аудан, ауылдардағы шаруашылықтарға ғана керек. Сондықтан оны тікелей сол шаруашылықтарға жеткізу жолын, жүйесін жасаған жөн. Сонымен қатар «дизел отыны» аталып кеткен солярканың бағасы бензиннен де қымбат. Бұл енді тым сорақылық. Кешегі кеңестер заманында солярка деген АИ-80, АИ-76 бензиндерінен де арзан болатын. Мұны сол кездерге куә орта және аға буын өкілдері ұмытқан жоқ. Сонда кеше біреуге тәуелді болып тұрғанда арзан болған солярка бүгін тәуелсіздік алғанда неге қымбаттап кетті? Бұған халық басқарудың жем­қорлық жүйесін кінәлап отыр. ­Расында, халық тұтынатын тауарлардың бәрін қымбаттатып, соның есебінен баюды көздегендер әшкере болды ғой. Үкімет осы келеңсіздіктен сабақ алып, халық тұтынатын тауарларды арзандатып, оны алыпсатарлар қымбаттатпас үшін шекті деңгейін белгілеу қажет. Мәселен, солярканы АИ-80 дең­гейіне төмендету қажет. Өйткені ауылшаруашылық техникаларының бәрі осы екі майға қарап тұр. Әйтпесе ет пен сүт өнімдерінің бағасы арзандамайды. Шаруалар жем, шөп дайындайтын науқан уақытында бензин мен солярканы алу үшін 4-5 ірі қарасын сатып жанар-жағармай алатындарын айтады. Осы арада жағармайдың да тым қымбаттап кеткенін айта кетейік. Ел арасында солидор, аптол, нигрол аталатын, тракторлардың моторына құятын, бөлшектерін майлайтын майлар құны екі мың теңгеден асып кеткен. Орта деңгейдегі бір шаруашылықтың техникасына бір науқанда 100-150 литр майлайтын май керек. Яғни бір ірі қараның құны деген сөз. Бұған енді осы ауылшаруашылық техникалар бөлшектерінің қымбаттығын және қосыңыз. Мысалы, трактордың бір дөңгелегі 85 мың теңге тұрады. Төрт дөңгелек алу үшін және бір ірі қараның құны кетеді. Мұндай жағдайда ет қалай қымбаттамайды?

Сондай-ақ шаруалар ауылшаруа­шылық өнімдерін өндіруде қажетті электр энергиясы мен көмір бағасының да тым қымбаттығын айтады. 6-7 ай қыс болатын солтүстік, шығыс аймақтарда қазан мен сәуір аралығында бір үйді жылыту үшін 8-10 тонна көмір жағады. Қара отынның бағасы әр аймақта әртүрлі. Тоннасы 20-25 мың теңгенің арасында. Бір отбасы бір қыс үшін бір ірі қараның құнына көмір алады. Ал малы жоқтар қайтеді? Ауылдарда ондай да отбасылар жетерлік. Қазақ елінде 300-ге жуық көмір кені белгілі болса, соның 10-ы ғана игерілуде екен. Игерілген көмірдің 40 пайызы көрші елдерге сатылатыны және белгілі. Егер қажеттілік болса тағы бес, алты кен орнын неге игермеске? Немесе көрші елдерге саудалауға мараторий жариялау қажет. Сондықтан Үкімет пен әкімдер осы қымбатшылықтың мәселесін шешсе, ауылшаруашылық өнімдері арзандары даусыз.

 

МАЛШЫ, МАЛ ДӘРІГЕРІ  ЖӘНЕ АГРАНОМДАР ТАПШЫ

Ғасырлар бойы мал шаруашылы­ғымен айналысып келген қазақ елінде бүгінде малшы табылмайтын жағдайға жеттік. Кешегі кеңес заманында әрбір колхоз, совхоздарда 40-50 мың қой, 4-5 мың ірі қара, 2-3 мыңнан жылқы бар еді. Осы малды 100-ге жуық қойшы, жылқышы, сиыршылар бақса, оларды емдейтін 20-30 мал дәрігері болатын. Бүгінде бұл малдың әр ауылда жарымы ғана қалды. Яғни әр ауылда 30-40 қана шаруа қожалығы бар.Міне, осыларға не малшы, не мал дәрігері жетіспей отыр. Әр облыста 4-5 ауылшаруашылық колледждері барын білеміз. Неге солар «малшы және мал дәрігері» деген мамандықта 3 айлық курстарда жастарды оқытып, кейін соларды мал бағуға міндеттемеске? Сонда мал дәрігері мамандары да көбейіп, жастардың жұмыссыздық мәселесі де шешілер еді.

Сонымен қатар қазіргі таңда шаруашылықтарда агроном мамандары да тапшы. Тағы да бұрынғы кезеңмен салыстырсақ, әр колхоз, совхозда бір бас агроном және 3-4 қатардағы көмекші агрономдар болатын. Ал бүгінде шаруашылықтарда бірде-бір агроном жоқ. Сондықтан да шаруалар егін, көкөніс және мал азығы өнімдерін өсіруде қателіктер жіберіп, шығынға ұшырап жүр. Осы екі мәселе жөнінде Алматы облысы ­Райымбек ауданы Сарыжаз ауылындағы ауылшаруашылық колледжінің директоры Самат Сартаубайұлының пікірі мынандай.

– Біздің колледжде ауылшаруа­шылығына керек 5-6 мамандыққа оқытамыз. Оның ішінде ветеринар және мал дәрігері мамандығы да бар. Студенттер шәкіртақы алып оқиды. Олар тоғызыншы сыныптан кейін екі жыл, 11-сыныптан кейін 9 ай оқып, диплом алады. Әр жылы 10-15 жас осы мамандықты алып шығады. Алайда бұлар аудандағы жиырма ауылдың әрқайсындағы 30-40 шаруашылық үшін жеткіліксіз. Сондықтан облыстық бюджеттен осы мамандыққа қосымша қаржы бөліп, оқытатын мамандық санын 20-25-ке дейін арттыруға болады. Бұл енді аудан, облыс басшыларының, білім басқармасының деңгейінде шешілетін мәселе, – дейді Самат Сартаубайұлы.

 

ҚАЗБА БАЙЛЫҚТАРДЫҢ ҚЫЗЫҒЫН КІМ КӨРЕДІ?

Жерінің үсті ғана емес, асты да бай қазақ елінде Менделеев элементінің 99 түрі бар екені ресми деректерде айтылады. Көмірдің қанша қоры барын жоғарыда айттық. Қара отынды да алыпсатарлар қолдан қымбаттатып отырғанын біз бұрын да жазғанбыз. Еліміз алтын, күмістен бастап, темір, хром, маргенец, никель, полиметалдар және бағалы сирек металдарға да бай. Қашар мен Саколов-Сарыбай кен орындары ең бай, және дамыған болып саналады. Хромның барлық табиғи қорлары Мұғалжар тауында Кемпірсай және Дон кен орындарында. Ал марганец орталық аймақтарда өндіріледі. Ең үлкендері – Атсу және Жезді кен орындары. Ресми мәліметтерде орталық және солтүстік өңірлерде белсенді игеріліп жатқан 50-ге жуық бай кен орындары бары айтылады. Мырыш, қорғасын, алтын, күміс Кенді Алтай мен Текеліде өндірілуде. Елімізде алтынның 200-ге жуық кен орны табылғаны ресми мәліметтерде бар. Қаншасы игеріліп жатқаны нақты белгісіз. Соған қарағанда бұл құпияланған болуы керек. Бірақ мыс туралы мәлімет көп екен. Тіпті Жезқазған маңындағы мыс кендері өнімдерінің 92 пайызы шетелге экспортталатыны да жазылыпты. Елімізде пайдалы қазбалар өндіруде өркендеген.  Олардың арасында кеңінен белгілілері асбест, фосфориттер, уран, және тұз. Отандық асбест кен орындары әлем бойынша көшбасшы орындарға ие екені ресми мәліметтерде бар. Олардың ішіндегі ең әйгілісі және үлкені Жезқазған мен Жетіқарада. Еліміздің оңтүстігінде өндірілетін фосфориттер қоры жөнінде қазақ елі АҚШ-пен теңеседі екен. Ал мұнай қоры әлемнің мұнай қорының 4 пайызын құрайтыны белгілі. Жылына 25 миллион тонна мұнай өндіріледі екен. Бұдан бөлек, еліміз уран өндіруден әлемде Канада мен Франциядан кейінгі үшінші орында. Енді осынша пайдалы қазбалар мен кен орындарынан өндірілген өнімнің, қаржысы қайда кетіп жатыр? Ұлы Абай «қазақтың кемшіліктерін халқы түзесін» деп айтқан. Біз де жоғарыда келтірген олқылықтарды елдің атқарушы билігіндегілер шешсін, халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайы көтерілсін деп мәселе айтып отырмыз.

 

983 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы