• Руханият
  • 20 Қаңтар, 2022

1001-ші МАҚАЛА

Қали СӘРСЕНБАЙ
«Ana tili»

Тізгінқағар сөз. Әуелі әрлі-берлі жүріп алдым. Тіпті теңселіп те кеттім-ау деймін. Бір өзі бір мектеп – ұстахана кісі көз алдыма келді. Сол мектептің қай жағынан кіріп, қай жағынан шығуды ойлап, тәуір терледім. Кейіпкерім болғалы отырған кісінің «Журналист – өмір барлаушысы, журналистика – өмір мектебі» деген сара сөзін нысанаға алдым да, ұстаханаға кірдім. Оның өмірбаяны мен өнербаянын бастан-аяқ тізбелеу таптаурын тәсіл болар. Дей тұрғанмен, біздің кейіпкеріміз де көктен түскен жоқ. «Кешеден келген бүгінге» (Ә.Тәжібаев). Алдымен екеуара әңгімеде сөз болып қалатын, бұрын қаламға көп ілінбеген деректер ден қойғызды.

ҚОЖЫҚОВ пен ҚОЖА

Бұл кісі алғаш рет 1957 жылы алты жасында суретке түсіпті. 1967 жылы 27 тамызда аудандық «Советтік шекара» газетінде тұңғыш рет өлеңі басылған. Табиғат туралы. Арада 55 жылға жуық уақыт өтсе де балаң шумақтарды ұмытпаған. «Сай-сала сағым басқан қыр төбені, заңғардан далаға күн нұр төгеді. Қоңылтақ қоңыр желі табиғаттың, қаңғып кеп жусандарға сүйкенеді» болып келеді. Поэзияның сурет, образ екенін бүлдіршін кезінен сезініп, іңкәр ізденістерге барған. Балақай мұнымен қоймай, «Қазақстан пионері», «Балдырғанға» «ауыз сала» бастаған. Арада екі жыл өткенде республикалық «Лениншіл жас» газетінде «Туған жерге туыңды тік» атты суреттемесі шығады.

Сурет салмай, өлең оқымай, ән айтпай өспейтін бала жоқ. Бірақ соның бәрі бұл жолға түсе бермейді. Өмір өз таңдауын ұсынады. Тағдыр деген және бар. Бірақ бұл кісі бәрібір сол алғашқы арман-аңсардан алыстамады. Бұл енді тағдырдың таңғажайып сыйы.

Бәрі сол баяғы 1967 жылы бұрқыратып өлең жазған жылдан басталыпты. Сөзімізге серпін болсын, тереңдеп кеткен бір әңгіменің тұсында былай дегені бар. «...Шынымды айтсам, жетінші сыныпқа келгенше мамандық таңдау деген ой менің миыма кіріп шыққан емес. Рас, оған дейін бойымда бір қабілет айқын байқалған болатын. Ол алгебра мен геометрияға деген алғырлық еді. Қазір ойлап отырсам, оның өзі де: «Мен математик боламын» деген берік шешім емес сияқты. Журналистикаға ынтызарлық мүлдем күтпеген кездейсоқ оқиғадан басталды».

Рас, кездейсоқтықтан, әу бастағы бала бойындағы жалынды тұтатып жіберуден бастау алды. Кездейсоқ­тыққа кім қарыздар емес дейсіз?! Егер Райымбек Сейтметов досы алқалап Асқар Тоқпановқа алып бармаса, Асанәлі Әшімов кім болар еді, көп агрономның бірі болып ­кетер ме еді?! Егер Нұртас Оңдасынов болмаса Хакімжан ­Наурызбаев, Әбіш Кекілбаев қайда жүрер еді?! Ал, егер Сұлтан Қожықов кезікпесе, бүгінде жаһанды жауһар жазуымен жаңғыртып жүрген, біздің күні бойғы бәйге атындай атын жасырып отырған кейіпкеріміз ­Жанболат Аупбаев кім болар еді? Бәрібір тегін адам болмас еді. Мәселен, математика ғылымының док­торы... Оған шүбәміз жоқ. Бірақ... Бәрі сол кездейсоқтықтан. Жасасын кездейсоқтық! Мың алғыс саған кездейсоқтық!

1967 жылы Нарынқолға «Қазақ­фильмнен» бір топ адам сау ете қалады. Ішінде режиссер Сұлтан Қожықов бар, бір қауым өнер адамдары «Қыз Жібек» фильмін түсіру үшін жер таңдап, ел ішінен ескі заттар, жәдігерлер жинап жүреді. Сұлтекең ауыл балаларын жинап алып, олармен әңгімеде: «Қане, кімнің үйінде қандай ескінің заттары бар?» деп сұрау салады. Шу еткен балалар бұл іске құлшы­на кіріседі. Қарадомалақтар­дың әкелген жәдігерлері суретке түсіріледі. Тізімге алынып өздеріне қайтарылады. Бала Жанболат бастаған топ онымен қоймай, Сұлтекеңді ақсақалдармен әңгімелестіреді. Тау-тасты, көрікті жерлерді түсіретін операторлардың камерасын көтеруге қолғабыс етеді. Күндердің бір күнінде қонақтар Алматыға қайтуға жиналады. Сол сәтте көп балақандардың ішінен бұған ықыласы ауған әйгілі ­режиссер: «Мен бірдеңе білсем, сен біздің жолымызды қуатын бала көріндің маған. Әттең, Алматыда кино мамандарын дайындайтын оқу орны жоқ. Бірақ қазір КазГУ-дің журналистика факультеті жанынан сценаристер әзірлейтін топ ашу туралы әңгіме жүріп жатыр. Оқуыңды бітірісімен Алматыға жет. «Қазақфильм» атынан ке­пілдеме әперуді мойныма алайын», – дейді.

Осы күннен бастап ол математиканы ұмытады. Санасында «журналистика факультеті», «титр», «дубль», «сценаристер тобы» деген сөздер жаңғырып, мүлдем басқа әлемге еніп кетеді. Көз алдынан операторлардың әбжіл қимыл-әрекеті кетпейді. Айтқандай, Жәкең Нарынқолдағы Бердібек Соқпақбаев бітірген мектепте оқыған ғой. Сол кісінің «Менің атым Қожасы» тура өзі болды да шықты. Қожықовтың «сеніміне» кірген ол енді Қо­жамен «ауыра» ­бастайды. Оңа­шада тура кинодағыдай айна алдында өзімен-өзі сөйлесіп, әр нәрсені қиялдап тыным таппайды. Қожа одан сайын қиялына қанат бітіреді. Тіпті бұрынғы бұрынғы ма, шабыт пырағын ерттеп мініп, әңгіме өлеңдерді бұр­қыратып, «Қазақстан пионері», «Балдырғанды» «бомбылайды». Сөйтіп, Қожықов та­ныған, Соқпақбаевтың атақты кейіп­керінің күйін кешіп, қиялына бір табан жақындаған сол арманын арқалап Алматыға тартады.

Оның үстіне ұсталығымен аймаққа ұстын болған Әлихан әкеміз бен қарасөзге келгенде алдына қара салмаған Нұрша шешеміздің рухани бесігінде тербеліп, отбасындағы иман бүтіндігі бойына ерте дарыған баланың алдында бұдан артық арман болуы да мүмкін емес еді. Алғашқы арманына бастаған бұл жолдың өзі де бір «Одиссей оқиғасына» ұқсап, шым-шытырық басталады.

Жәкең арада елу жыл өткен соң Қожаның да сенімін ақтады. Қалай, қайтіп дейсіз ғой. «Ана тілінде» «Балалық бейнеміздің белгісі» (№50, 2020) атты мақаласы жарқ ете қалды. Автор жазбасына Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты туындысын арқау ете отырып, бүгінгі балалар бойынан Қожаға тән адалдықты, қайрат-жігерді, қайырымдылық пен қамқоршылық қасиеттерді көргісі келетінін айтып, Қожаға символдық образ тұрғысында Астанада ескерткіш орнату мәселесін қозғап еді. Көп ұзамай бұл ұсынысты Мемлекет басшысы қолдап, тиісті орындарға тапсырма бергенін Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли редакцияға қуана хабарлады.

 

Бұхара.2016 жыл

 

ЖУРНАЛИСТ БОЛМАУЫ ДА МҮМКІН ЕДІ

немесе шарапаты мол Шайхуддиновқа мың алғыс!

Әу баста айтқанымыздай, біздің мақсатымыз оның өміріндегі назар аударылмай келген беймәлім деректерге үңілу ғой. Тағдыр дегеннің өзі де қызық әрі қиын дедік. Алдымен сүйген жар, кәсіп таңдауда жолы болған адамның өмірінде көп қиындық, кедергі болмайды деген тәмсіл еске түседі. Ендеше оның журналист болмай қалуына төнген екі қауіпті неге айтпасқа? Бұл да бір ұзақ хикая.

Журналистика факультетіне түсу үшін жергілікті жерден мінездеме керек. Жәкең де Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінен мазмұнды мінездеме алады. Бірақ мөр басылмай қалған екен. Енді не істеу керек? Құжат қабылдауға бір-ақ күн қалды. Ауылға барып келу мүмкін емес. Жер шалғай. Кенет есіне облыстық «Жетісу» газетінің түсе кеткені. Бұл басылымға да аракідік мақалалары жарияланып тұратын. Содан салып ұрып КазГУ-ге жақын жердегі редакцияға барады. Жұмыс аяғына тап келіпті. Десе де ондағы бір ағайға жолығады. Ол кісі мұны мұқият тыңдап алады да, шыққан мақалаларын тізіп, қатырып мінездеме жазады. Сосын мөрді нығыздап басады. Бұл КазГУ-ге қарай құстай ұшады. Мінездемені көрсетіп, факультетке құжаты қабылданады. Сонымен емтихан тапсыру басталып кетеді. Бәрін беспен ұрып келе жатады. Енді шет тілінен тапсыру керек. Міне осы жерде тағы бір қиындық қылтияды. Бұл пәнді сол кездегі ауыл балалары мектеп бағдарламасы көлемінде толық оқымаған еді. Мұғалім жоқтықтан сегізінші сыныппен тоқтаған-тын. Бірақ мектеп директоры қолдарына «мұны жоғалтпаңдар, қиындық кезігіп жатса, керек болады» деп анықтама ұстатқан. 12 абитуриент факультет комиссиясына жағдайын айтып еді, жауап болмады. Содан емтиханның басталуына екі күн қалғанда «қолдарында анықтамасы бар талапкерлер Оқу министрлігіне барса, шет тілінен босатылады. Соны факультетке әкеліп тапсырасыңдар» деген сөз тарайды. Бұл хабарды ол кеш естиді. Содан жол қапшығындағы анықтаманы алып, Жамбыл көшесіндегі 25-үйге жеткенде сағат беске тақайды. Басқарма бастығы Жұмабаев деген кісі тиісті қағазды жазып береді. Содан ол университеттегі қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы деген кабинетке келе бергенде «ол кісі жоқ, жұмыс уақыты аяқталды» дейді есікті жауып жатқан апай. Мына сөзді естіп, есеңгіреп қалады. Ертең сенбі. Одан соң жексенбі. Ал арғы күні емтихан. Босатылатын тізімге іліге алмайтын түрі бар. Осы жайсыздықты сезген апай оның қағазын алып қарайды. Сөйтеді де бір-екі сөз жазып, анықтаманы үстел үстіне қойып: «Ертең сенбі болғанымен, біз мұнда бір соғып кетеміз. Сонда ағайдың өзі қарап көрер», – дейді.

Қара баланың көзінде үміт оты жылт етеді. Түнімен кірпік қақпаған ол ертесіне жауапты хатшының бөлмесіне жүгіріп жетеді. Есік ашық екен. Ақ сары өңді, сымбатты кісі: «Білемін, рұқсат қағазды көрдім. Осында Шварцман деген шет тілдері кафедрасының меңгерушісі бар. Үшінші емтиханды тапсырудан босатылғандардың тізімін кеше сол кісіге табыстап қойғанбыз. Бірақ қайта барып, айтып көрейін. Ол да адам баласы ғой. Түсінер», – дейді. Қысқасы бұған дейін екі емтиханнан бестік алған бала үшін кафедра меңгерушісіне үш рет барған жауапты хатшы қара тастай қатты оны көндіреді. Сөйтіп ол төртінші тарих емтиханына алаңсыз дайындалады. «Не деген қамқорлық?! Адамгершілік! Құдай-ау... ол кезде бұл туған әкемнің де қолынан келмейтін жақсылық қой. Үлкен лауазым иесі оның өзі білмеген, көрмеген қазақтың қара баласына көмек қолын созуы деген... Бұл енді адамның адамының ғана түзу ниетінен туатын нәрсе шығар деп ойлаймын қазір» деп толқиды Жәкең.

Енді мынаған қараңыз. Тағдыр дегенімізді қалай қызық демейсің. Жәкеңе «Жетісу» басылымынан берген мінездеменің авторы бүгінде қазақ журналистикасының ардагері атанған Сарбас Ақтаев. Кейіннен «Халық кеңесі» газеті ашылып, сонда Сарбас аға бас редактор, Жанболат Аупбаев бас редактордың орынбасары болып бірге қызмет етті. Ал енді жаңағы Шварцманның алдына барып шырылдап жүрген ағамыз, әйгілі ғалым Еренғайып Шайхуддинов болатын. «Кейін өз қолым өзіме жеткенде, Еренғайып ағаға рахмет айтуға барғанымды әріптесім Қорғанбек Аманжол жақсы біледі», – дейді Жәкең. – Сонда ол кісі: «Сол кезде қол ұшымызды бермегенімзде «Егеменнің» бүгінгі бас редакторы алдында ұятты болғандай екенбіз», – деп жымиды да ризашылық танытып, батасын берді».

Біз Еренғайып ағамен соңғы жылдары Алматы қаласында тізе қосып бірге жұмыс істедік. Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Ғажап адам еді. Міне осындай жақсы адамдардың арқасында Жанболат Аупбаев журналистика факультетінің студенті атанды. Көрдіңіз бе, адам тағдыры деген қандай?! Егер деймін ау, сол күндерде осындай жайсаңдар жолықпағанда балақайдың таудай талабы шағылып, еңсесі түсіп елге қайтса не болар еді?

Жасасын жақсы адамдар! Шови­низмнің шалығы шарпыған Шварцман­ның иілгеніне де рахмет!

 

КИІМІЛГІШТЕН БАСТАЛҒАН ЖУРНАЛИСТИКА

1969 жылы КазГУ-дің журналис­тика факультетінің бірінші курсына оқуға түскен студенттерге екі айдан соң өндірістік тәжірибеден өтуге тура келді. Талап бойынша олар не шағын газет, не брошюра шығару керек екен. Куратор – Әбілфайыз Ыдырысов. Содан 32 беттік шағын журнал шығаруға тоқтайды. Алдымен объект таңдалады. Ол – республикалық А.Жұбанов атындағы музыка мектебінің тіршілігі, өмірін көрсету. Жоспар жасалады. Газеттің жанрлары бойынша жеке-жеке тапсырмалар беріледі. Бұған, яғни, кейіпкерімізге мектеп директоры Пернебек Момыновтың мақаласын ұйымдастыру тапсырылады.

Кісі баласы туған ұясынан ұшып кеткеннен кейінгі тәрбие басқа ортада жалғасатыны заңдылық. Сізді басқа орта, дұрысы тұлға тәрбиелейді. Пернебек Момынов та баяғыда академик А.Жұбанов мұны студент кезінен жыға танып, Семейдің музыкалық мектебіне директор етіп жіберген жас кадр еді. Бала Жанболат бұл кісіні іздеп келгенде, ол енді Алматыға тәжірибе жинақтап оралған білікті басшы-тын. Ашық тұрған есіктен қараса, ол кісі бас изейді. Онысын кір деді екен деп, кіріп барады. Үстінде күздік пальто. Отырып әңгімелесе бергенде: «Қарағым, бөлме ыстық. Өзіңе ыңғайсыз болмай ма? Кіреберісте киімілгіш бар», – дейді Пернекең сыпайы түрде. Мына сөзді естіген студенттің екі беті ду ете түседі. Сөйтеді де қабылдау бөлмесіне жүгіреді. Киімін іліп қайта кірген соң тапсырмаға қажет мәліметтерді алуға кіріседі. Бірақ көкейінен: «Директор кабинетіне сырт киіммен кіргенім ұят болды-ау», – деген ой кетпейді. Қаншама жылдар өтсе де ол сол бір жағдайды ұмытқан емес. Ұмытпағаны сол қайда барса да ең алдымен киімілгіш іздейтін болды. Содан соң барып қажетті бөлме, кабинетке беттейді. Арада қырық жыл өткеннен кейін «Егемен Қазақстан» басшыларының бірі Жанболат Аупбаевтың қолына Пернебек аға туралы мақала түседі. Материал ол кісінің қазақ музыка мәдениеті тарихы туралы төрт томдық еңбегі жөнінде еді. Жәкең сонда бір сөзі арқылы табиғи тәрбие жолына түсірген тұлғаны елжіреп еске алады.

Айтқандай, киімілгіш жөніндегі екінші хикаяны да баяндай кеткен артық болмас. 1992 жылы қаңтарда Қонаев ақсақал 80 жасқа толатын болды. Бұл кезде Жәкеңнің «Қазақстан коммунисінен» «Жас Алашқа» қайта оралған кезі. Бас редактор оның мол тәжірибесіне сүйеніп, Димекеңнен интервью алуды өтінеді. Оқиғаны көктей шолып айтсақ, былай:

Үлкен кісі бұл ұсынысты қабыл алып, сұхбаттасады. Оны әзірлеген соң, материалды қайта бір қаратып, рұқсатын алу үшін Димекеңе екінші мәрте барады. Сонда Жәкең баяғы әдетімен подьездің кіре берісінен бастап-ақ киімілгіш іздейді. Екінші қабатқа көтерілгенде фойе сияқты ұзынша дәлізде ілмектері бар ашық киім шкафы тұр екен. Сол жерге курткасы мен малақай және бәтеңкесін қалдырып, Димекең пәтерінің қоңырауын басады. Үлкен кісі сұхбатқа риза болып, бірлі-жарым түзету енгізеді. Димекең: «Не бұйымтайың бар?» деп сұрайды. Жәкең ештеңе демей, ақсақалдың 1980 жылғы «Советтік Қазақстан» кітабына қолтаңба жазып беруін өтінеді. Автограф алынып біткен соң, үй иесі сыртқы есікке дейін шығарып салып тұрып: «Киімің қайда, інішек?» – деп сұрайды. Бұл подьездегі дәлізге шешкенін айтады. «Қап, бекер істегенсің, балам», – дейді оны көрген ақсақал. Кейіпкеріміз үлкен кісіні күттірмейін деп барынша тез киінуге тырысқанымен, «Жетісу» фабрикасы жасаған қара бәтеңкесінің сала құлаш бауы шиеленісіп, тыпырлайды да қалады. Содан курткасын кигенде де сондай ыңғайсыздықты бастан кешеді. Соны байқады ма, Димекең әңгімеге алдарқатып, бұл баспалдаққа беттегенше есіктен қарап тұрады. Тек сәлден соң ғана есік сырт етіп жабылады. Сөйтіп, бұл оқиға да арада қаншама жылдар өткенімен, баяғы Пернебек Момыновтың кабинетіндегі жағдайды еріксіз еске түсірген еді. Бүгінде сырт етіп жабылған есік есіне түссе, жүрек тұсы жылып сала береді. Бұған дейін талай кейіпкерлердің көкесімен кездескен ол шығарып салу түгілі, жақсы деп айтпастан орнында қала бергендерді де көрді-ау. Содан бері бұның санасында үйге қонақ келгенде жақсы әсермен қайтсын деген ой қалыптасқаны бар. «Ұлық болсаң кішік бол» деген ұлы сөздің мағынасын сол жолы бұған үлкен кісі тағы бір мәрте ұқтырғандай еді. Қазір де сол бір даналықтың лебі тұлабойын жылы желдей желпиді. Бұдан да ең маңыздысы сол тұста баспасөз біткен Қонаев мерейтойын өтірік ұмытып жатқанда, тәуекелге бел буып сұхбат алған журналистің бірі де бірегейі болып қалды Аупбаев.

«Театр киімілгіштен басталады» деген Станиславскийдің жаны сірі сөзі бар. Ал, ол үшін журналистикаға барар жол киімілгіштен басталғандай. Әлі күнге қайда барса да, ең алдымен киімілгіш іздейтін әдет содан қалған.

ОН ЖЫЛДАН КЕЙІН  ЖАРЫҚ КӨРГЕН «ЭТАЛОН»

Жанболат Аупбаев университетті бітірмей жатып, «Лениншіл жасқа» қыз­метке тұрды. Үш жылдан кейін мә­дениет және ғылым бөлімінің мең­герушісі болды. Бөлімде қалыптасқан дағды бойынша алдағы уақытта газетке  автор болатын атақты адамдардың  тізімін жасады. Солардың бірі Қазақ поли­техникалық институтындағы философия кафедрасының меңгерушісі, әйгілі ғалым Досмұхамед Кішібеков еді. 1977 жылдан бері бұл кісімен байланысын үзген емес. Ол «Егемен Қазақстанда» да жалғасты. 2011 жылы ғалым Жәкеңе хабарласып: «Айналайын, біз бір-бірімізді көптен бері білеміз. Бір-бірімізге ақылшы болып келеміз. Әсіресе, сенің жұмыс тәсіліңе тәнтімін. Мақаланы өңдеуге, тақырыптарды тауып қоюға, ұштауға көп көмектестің. Мен сексен бірге келдім. Осы күш-қуатымның барында сен туралы мақала жаздым. Бұрынырақ кірісуім керек еді бұған. Сонда да болса бір парызымды өтегендік, ырзашылығым, ініге ілтипатым деп біл», – дейді. Кейіпкеріміз: «Ниетіңізге рахмет! Кейін көрейік, аға. Қазір болмайды», – деп жауап береді.

Қадыр Мырза Әли «Мен жақсы ақын болмаған күнде, жақсы оқырман болар едім» деуші еді. Жақсы дүние жазған журналистің бақыты да жақсы оқырманға кезігу. Бұл мәселеде де Жәкеңнің жұлдызы жанған.

Досмұхамед Кішібеков те ұзақ жылдардан бері сондай озық оқырманның бірі. Байқаған болсаңыз, ол кісінің «әсіресе жұмыс тәсіліңе тәнтімін, мақаланы өңдеуге, тақырыптарды тауып қоюға, ұштауға көп көмектестің» деген сөзі журналистикадағы көпшілік оқырман біле бермейтін бір сырдың шетін шығарады. Жәкеңнің: «Іші де сырты да сірескен «Қазастан коммунисі» журналында қызмет істеген мен обком, партком хатшыларының атынан материал дайындап, қасаң қаулы-қарарларды аударуға қатысып, әбден қажыған едім», – деп аталмыш басылымнан «Жас Алашқа» қайта келгенде бұл бейнетті бір еске алғаны бар. Былай қарағанда сырт көзге кез келген газет-журнал өзінен өзі қызықты, тартымды шығып жатқандай көрінеді. Қысқасы қазақ баспасөзінің әлеуетін даңқты дүниелерімен көтерген журналистің сол салаға бұдан басқа берген ой, идеясы қаншама, соны жазатын автор табу дегенде бір көзге көрінбейтін қара жұмыс барын оқырман тәптіштеп біле бермес. Бұл мәселеге келгенде де Жәкең алдына қара салған емес. Кейбір тәп-тәуір ойы бар өз аяғымен келетін мақалалар жазылу жағынан ақсап жатады. Жәкеңнің сондайларды қайта жазып, өңдеп, қырнап-сырнап, «адам қалпына» келтіргендерінің санына жетіп болмассың. Ол бұл іспен әлі де айналысады. Мақаламды бір сүзгіден өткізіп беріңізші дейтін көзкөргендер болып тұрады.

Бұл мектептен біз де өттік. Өз басымыздан кешкен жағдай. Талай кісі болып жүргендердің мақаласының мұртын басып қана қоймай, тұтас қайта жазып, тақырыбын айқайлатып қойған дүниелердің санынан біз де жаңылдық. Осынша қисық шегені түзеуге кеткен қайран уақыт-ай! Бір қызығы, сол өңдеуден, әбден сүзгіден өткен жазбалардан кітап шығарып алғандардың да қарасы жетерлік. Қазір бар жоғын білмеймін, кезінде журналистика факультетінде Зейнолла Тұрарбеков ағамыз өткізетін «Әдеби өңдеу» деген пән бар еді. Сірә, бізге сол оқу өтіп кеткен болуы керек. Бұл қазіргі журналистер үшін ертегі айтқанмен бірдей.

Қош... Сонымен не болды дейсіздер ғой. 2016 жыл. Жәкең 65-ке толған. Академик баяғы өтінішті қайыра бір есіне салады. Не десін, сол баяғы қарапайым қалпымен: «Мақала жақсы жазылған, ықыласыңызға рахмет, аға. Бас редакторлықты өткізіп бергеніммен, қазір мен мұнда кеңесшімін. Өзім қызмет істейтін басылымға бұл мақаланы жариялау этикаға жатпайды. Асықпаңыз, уақыты келеді. Сол кезде жарияланады. Ренжімеңіз» – дейді.

2021 жылы тоқсан алты жасқа келген академик аға әлі де үмітін үзбей, күздің соңғы айында Жәкеңе тағы да телефон шалады. Сол кезде «Егемен Қазақстанның» бас редакторы Ғабит Мүсіреп кейіпкеріміздің 70 жылдығына орай сұхбат беруін сұрап тынымсыз, телефондап жатқан. Міне, осыдан соң барып кейіпкеріміз академиктің мақаласын әріптесіне оқып көруге береді. Оны редакцичдағы жігіттер ұнатады. Сөйтіп, араға он жыл салып барып, материал «Эталон» деген атпен жарық көреді.

Бұған не дейсіз? Шыны керек, біреулер сәл төбешікке шықса өзін тұлға санап, біреу бірдеңе екен десе деп тұрады. Ал біз­дің кейіпкеріміз өз аяғымен келген ғажап жазбаны көп уақыт «зынданда» ұс­таған. Бұл кезде ғалым аға өз жазбасын ұш­таған үстіне ұштап, жетілдірумен болған еді.

Өзбек футболының аңызы Берадур Абдурайымовпен сұхбат. 
Ташкент. 
Жар стадионы. 
2015 жыл

 

АРМАН

Арман деген ағаш ат адамға тек бала кезден ғана серік болмай, өмірдің өз ағысымен жасыңызға қарамай жетелей беретін, қайнары тартылмайтын қуатты күш болар-ау. Біздің Аупбаевтың да бір арманы бар. Мен оны ептеп біліңкіреймін.

Осыдан біразз бұрын қазақтың класси­калық журналистикасының бірегей тұлғасы Жанболат Әлиханұлы телефон соғып, әдеттегідей едәуір әңгімелестік. Сөз барысында қазіргі ұлт баспасөзінің шетін мәселелері де көктей шолынып, сипай қамшылап айтылды. Осыдан біраз уақыт бұрын «Ана тілінде» («Журналист – өмір барлаушысы, журналистика – өмір мектебі») Жәкеңмен үлкен сұхбатым жарияланып еді. Мақсатым баспасөздегі белгілі тұлғалармен қазіргі жас журналистер үшін пайдасы бола ма деген ниеттегі шеберлік сыныбын өткізу болатын. Өкінішке қарай, содан кейін бір мінәйі себептерге байланысты бұл бастама кешеуілдеп қалды да, кейінірек жалғасын тауып бірнеше сұхбатқа айналды.

Жанболат Әлиханұлының өмірі мен шығармашылығы ұлт баспасөзінің тұтас бір дәуірін қамтиды деуге болады. Ол еліміздің белгілі басылымдарында студент стажерден бастап бас редактор – вице-президентке дейінгі аралықтағы қызметтік 12 баспалдақтан өтіп, БАҚ саласындағы меритократия үлгісін көрсеткен көрнекті тұлға. Тұла бойында табиғи ерекшеліктері соншалықты мол, аса қарапайым мұндай жандарды өмірімде сирек кездестірдім десем, артық айтқандығым емес. «Адамның жан дүниесін танығың келсе, ән салдыр», деген екен Назым Хикмет. Сондықтан Жәкеңнің шығармашылығымен таныс адам үшін көсемсіп сөйлеп жату артық. «Ашылмаған аралдарды» ашқан Аупбаевтың өзі де бір арал. Алдағы күндерде оның сан қырын көрсетіп, айтып беретін өз зерттеушілері де үркердей боп шығатынына сенімім кәміл. Ұлт баспасөзіндегі жылдар бойы қалыптасқан үздік үрдістер кенеуі кеткен кендір жіптей бырт-бырт үзіліп қалмай, алтын бастаулар мен сағалар сарқылмай өзінің қуатында тұрар болса, Аупбаев секілді биіктік иелерінің өлшеусіз еңбегі, тұлғалық қа­сиетін даралап тұрған жанқиярлық істері де аршылып, жазыларына күмәніміз жоқ.

Жәкең – қазына. Баспасөздің тірі шежірешісі. Қайсыбір жолы бұл кісінің телефон шалуының мәнісі былай болды. Атақты композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Лениншіл жасқа» ертеректе берген сұхбаты жөнінде бір эссемде жазғанмын. Әдетте дерек пен дәйекке кәдімгідей жауапты едім. Бұл жолы да сондай бір сенімде болғаныммен, оқиғаның жетегінде отырып, жалпылама әсершілдікке елтіп кетсем керек. Бір жайтты байқамаппын. Ондайға аса ұқыпты Жәкең мұны ақырын ескертіп, едәуір түзетулер енгізді. Қайта жөндедім. Онда 80-жылдары Сейдахмет Бердіқұловтың идеясымен «Тікелей желі» деген айдар ашылды деппін. Ол «Сұхбат-телефон» екен. Оның алғашқы қонағы қателеспесем Ә.Тәжібаев сияқты еді деппін. Олай емес, алғашқы қонақ Н.Тілендиев болыпты. Осы әңгімеде анықталғаны Нұрағаңмен сол «Сұхбат-телефонды» («Өнер – күрделі әлем». «ЛЖ», 31.01.1986 ж) ұйымдастырған Жанболат Аупбаев пен Қонысбек Ботбаев екен. Әуелде жігіттердің тісі батпаған не жалқаусынған. Содан Сейдахмет аға оны Жәкеңе тапсырған. Әдеттегідей бұл кісі оған ынты-шынтымен кірісіп, тастай ғып орындаған. Жарияланған күні 1986 жылдың 31 қаңтары. Міне, көрдіңіз бе ағамыздың ұқыптылығының арқасында қаншама түзету енгізіп, бұрмаланған деректі қалпына келтірдік.

Зейнетке шығып өзінің сүйікті ісімен бұрынғыдан да әрмен құлшына айналысып жатқан Аупбаевқа неге бұрылдық деген сауал туады ғой. Айтайын. Қайсыбір жолы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры ­Ерлан Сыдықов бір сөзінде: «Университеттен ­Жанболат Аупбаев, Жарылқап Бейсенбайұлы, Сауытбек Абдрахманов және Нұртөре Жүсіптің шеберлік мектебін ашу ойымызда бар. Сөйтіп аты-заты бар оларды сабақ беруге шақырмақпыз», депті. Өте орынды ұсыныс. Шеберлік мектебін емес, аудиториясын ашса да жарасып тұр. Сонда қазіргі журналистика факультетінің мазмұны да, маңызы да артар еді.

Жәкең «Егемен Қазақстанға» бас редактор болған жылдарда «Етжеңді Егемен» қосымшасын шығарды. Бұл идеяның қалай туғаны жөнінде өзі былай дейді: «...Мен аға басылымдағы кызмет жолымды 1998 жылы 24 желтоқсанда бастадым. Сол күні 47 жасқа толған едім. Ол кездегі лауазымым бас редактордың орынбасары болатын. Арада бес жыл өткенде бас редакторлыққа тағайындалдым. Одан кейінгі сегіз жылдан соң акционерлік қоғам жарғысының тәртібіне байланысты вице-президент лауазымын қосып атқаруға тура келді. Жоғарыда айтып өттім, «Егеменге» 1998 жылы келдім деп. ЬІлғи болмаса да, ара-тұра ойыма салмағы ауыр бір сұрақтың оралатыны бар. Ол: «Содан кейінгі 20 жыл ішінде күнделікті газет шығаруға қатысудан басқа бас басылымға жеке өзің нендей үлес қостың? Атқарған жұмыстарыңның ішінен қандай шығармашылық ізденісті бөле-жара айтуға болар еді?», – деген сауалдар.

...2000 жылдың жазы еді. Редак­циядағы кезекті лездемеде газеттің оқылымдылығын қайтсек көтереміз, басылымның қызғылықты болуы үшін не істеу керек деген мәселе көтерілгені бар. Сонда бас редактордың орынбасары ретінде пікір айту кезегі маған келгенде: «Айына 16 беттік бір еркін нөмір дайындап, оның 1-2-ші бетінен басқасына ресми материалдар араластырмай, тек қызықты мақала, танымдық дүниелермен шығарып отырсақ, оқырмандар көңілінен шығар едік», – деген ой білдіргенім әлі есімде. Бұған түрткі болған сонау 80-жылдары «Лениншіл жаста» жүргенімізде көрген бір жақсы тәжірибе еді. Онда бір-бірімен бәсекеге түскен 10 бөлім айына бір рет өз күштерімен 10 оқылатын газет шығарып, елді қарқ қылатын. Соны айтқанымда,бастама бірден қолдау тапты. Бас редактор Ержұман Смайыл ағамыз оған «етжеңді» деп ат қойып бергені де бар. Ол: «Жақсы дүниелер көп сиятын етек-жеңі мол нөмір болсын», – деген тілек еді. Қиянат болмасын, оның алғашқы санын бас редактордың бірінші орынбасары Еркін Қыдыр шығарды. Содан кейінгі нөмірлер маған жүктелді. Содан бастап газеттің осы жобасы елдің асыға күтетін жансерігіне айналды. Кейін жұртшылық тарапынан: «Егеменнің» «етжеңді» нөмірін жиірек шығарсаңыздар», – деген өтініштер де айтыла бастады. Осыны ескеріп, біз 2014 жылдың сәуірінен 2016 жылдың қарашасына дейін айына екі реттен шығарған да кезіміз бар».

Қысқасы, ұстазымыз Ержұман ағаның қойған атауымен Жәкеңнің өзі бас жібін ұстаған «Етжеңді Егемен» 15 жыл бойына шығып, ондағы таңдаулы мақалалар арнау­лы кітап болып жарық көріп, оқырманын әбден олжалы етті. Тіпті «Егеменді» емес, осы «Етжеңді Егеменді» күтетіндер саны артып кеткен деген дерек бар.

Тақырыптың түйініне енді жақындап келеміз. Иә, «Етжеңді Егемен» Жанболат Аупбаевтың ежелгі арманының хабаршысындай еді. Оқырман есінде шығар, кезінде одақтық «Известия» басылымының «Неделя» деген апталығы болды. Аупбаевтың арманы жоғарыдағы сөз болған «етжеңдіні» қазақ тілінде осындай бір қосымшаға айналдырып, жеке «Апта» атты газет шығару еді. Ол арманына ат үстінде жүрген кезінде қолы жетпей кетті. Әрине қазір де аттан түскен жоқ. Аты да, заты да сол баяғы Аупбаев. Демек, Аупбаевтардан әлі де алып қалуды, оның шығармашылық мол әлеуетін пайдалануды ойласақ керек.

«Бір кісінікі – мақұл, екі кісінікі – ақыл». Осыны ойлағанда басқа саладағы (ғылым, өнер, мәдениет, әдебиет, т.б.) тәрізді ұлт баспасөзінің тұлғаларына да өз деңгейінде құрмет көрсетілуі керек. Бұл дәстүрлі, классикалық журналистиканың үздік үрдістерін сақтап қалудың да бірден бір жолы.

Енді мен де армандай бастадым. Жоғарыдағыдай апталық жарық көрсе, оған тартылған кәсіби, кәнігі қаламгерлер талдап, талғап жазу, дерек пен дәйекке ұқыптылық, тақырып таңдау, сыны мен сыры келіскен сараптама жасаудың үздік үлгісін көрсеткен болар еді. Оның үстіне бұл бүгінде интернет иірімдерінде малтығып, ұстазға жарымай жүрген жас журналистердің шыңдалу мектебіне айналар еді. Ия болмаса: «Түркістан облысы қай елдің аумағында орналасқан?» – деп мақала жазатын мақұлықтардан мәңгіге арылар едік.

Аупбаевтың арманын жүзеге асыру түк емес. Баяғыдай бір шеге шығарсақ та Мәскеумен ақылдасатын заман емес қой. Бәрі өз қолымызда. Тек тиісті орындар тарапынан құлық, ниет болса болды. Қазіргі журналистикаға адамның жасы емес, басы да керек болып тұр. Тәжірибесі, көрген-түйгені, өмірлік мектебі керек. Бұл құндылықтар Жәкеңнің, оның журналистикадағы жансеріктері Шархан Қазығұл, Қайнар Олжай, Талғат Сүйінбай, Нұртөре Жүсіп, Ермұрат Бапи, Жүсіпбек Қорғасбек, Еркін Қыдыр, Бауыржан Омарұлы, Жанарбек Әшімжан, Талғат Батырхан, Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай, Есей Жеңіс секілді інілерінің бойында да жетіп артылады. Бұдан ұлт ұтпаса, ұтылмайды.

Бүгінде Алаштың Аупбаевының арманы осы. Ол оны оңаша бір сәттерде «алғашқы махаббатындай» еске алып, аялап отырады.

 

ТАНЫМАЛДАРДЫҢ  БӘРІ ТҰЛҒА ЕМЕС

Қазіргі ақпарат айдынында атқа жеңіл телпекбайлар көбейіп тұрған тұста тұлға туралы жазылып отырған бұл толғаныстың мұраты да енді айқындала бастаған тәрізді. Аупбаев шығармашылығы жайлы аз жазылған жоқ. Әсіресе, әріптестер әлемін, портреттер палитрасын талғап, тамсандырып жазуда әзірге Бауыржан Омарұлының алдына түскен қаламгер кем де кем. Сондықтан біз оған кейіпкер болған Жәкеңнің өткен өміріндегі өнерде салған өрнектерін жазуды мақсат етпедік. Аупбаевтың жазбаларын бірнеше буын оқырман әлдеқашан санасына сіңіріп алған. Біз оны қайталап жатпаймыз, тек соңғы жылдар мұғдарына тоқталып, осыдан бес жыл бұрын баспа­сөздің қара жұмысынан құтылған кейіп­керіміз бүгінде не тындырды деген сауал төңірегінде тәпсірлейміз.

Сөз жоқ, журналистиканың жолбарыстары – Ш.Мұртаза, С.Бердіқұлов, Н.Оразбековті былай қойғанда, Ж.Дәуренбеков, Ж.Бейсенбаевтың, М.Қожахметовалардың келуімен ұлт баспасөзі отбасы, ошаққасы әңгімесінен, науқандық тақырыптардан арылып, ойлы, озық оқырманға бет бұрғанын білеміз. Олардың ізбасары Жәкең де журналистикадағы науқандық тақырыптарға жолаған емес. Мақсатты түрде жұмыс істеген, қазаққа керек дүниелерді ғана жазған адам. Оның кейіпкерлері – жұмбақ, жанкешті, қызық, қиын тағдырлы, тұлғалы, қарапайым жандар. Біз ұмытқан, білмейтін қазақтарды тауып, жалғанның жарығына шығарып жүретін де Жәкең. Жазғандары әңгімедей оқылатын, баспасөздегі тұтас бір буын өзіне ұстаз санайтын қаламгер бүгінде осы өнердің биігіне көтерілді.

Ертеректе «қазақтың Аграновичі, Песковы» деп сөйлеуге құмар едік қой. Бүгінде оның атын «Алаштың Аупбаевы» деп асқақ сезіммен айтамыз. Дүйім жұртқа аты мәшһүр журналист Жанболат ағаның қолынан шыққан туындыларды оқырманның қай кезде де таң атуындай асыға күтері сөзсіз. Ол қай кезде де журналистикада жасампаздыққа, жаңашылдыққа жол ашты. Сол қасиеті арқылы соңғы жылдары ұлт ұпайын түгендеуге ерекше екпінмен ден қойды. Таяуда «Ана тілі» апталығында оның «Жол-жөнекей», «Жетісу жұмбақтары» атты жаңа жоба бойынша жойқын жарияланымдар шоғыры жарық көре бастайды. Бұл кешегі «Ашылмаған аралдар», «Ұлылардың ұрпақтары» айдарларының заңды жалғасы, үздік үрдістері. Сөз жоқ, ол қашанда тамсандырумен, таңғалдырумен келеді. Тағы да сол сара соқпақ, қайталанбас қолтаңба. Айтыңызшы, Қытайда Пушкиннің ескерткіші екі рет құлатылғанын білесіз бе? Іледегі ілбіс іздерін, Қашқар дәптерінде не жазылғанын, Хомейнидің үйінде не болғанын да әрине біле қоймайсыз. Сондай-ақ 1967 жылғы Египет – Израиль, 1985 жылғы Анголадағы құпия соғысқа қатысқан қазақтар... Ендеше, «Ана тілінен» көз жазбаңыз.

Ол осылайша сол баяғы жаңаша ойлау машығын, жаңаша жазу бағытын байыта, барақаттандыра береді. Біз неге Аупбаевты айналдыра береміз. Білесіз, әулие, пайғамбарлардың заманы өткен. Енді олар тумайды. Ал әр салада тұлғалар туады. Бұл тұлғалардың уақыты. Тарихты жасайтын да тобыр емес, ғұмыры сол тобырлық сана, деңгейді түзетумен өтетін тұлғалар. Дейтұрсақ та, танымал адамдардың бәрін тұлға деуге болмайды. Олардың кейбірі өз деңгейіндегі тұлға. Сол тұлғалықты, танымалдылықты жоғалтып алмау үшін жанталасады. Сол үшін күреседі. Әр жерден жылт етіп көрінгенді жаны сүйеді. Ал біздің Жәкең жанталаспайды. Оған жарнаманың керегі жоқ. Өзі туралы жазғанға бейілді емес. Тек «Жанболат Аупбаев» деген атпен қолы тұрған мақалаға ғана көңілін тоқ санайтын ол онсыз да биіктей береді. Сондықтан оның тек жазғаны ғана емес, бүгінгі, болашақ қоғам үшін ойы, пікірі, көзқарасы, ұсынысы қымбат. Теңіз терең емес, адамның жаны терең. Демек, әлі де «ашылмаған Аупбаевтың», терең тұлғалардың толғанысын да жазып алып, оны рухани қажеттілікке айналдырудың жөні бір басқа. Оқырманның ішкі рухани сұранысын қанағаттандыратын да тұлғаның терең толғанысы.Бізге керегі оның білімі, ілімі, тосын көзқарасы, өмірлік тәжірибесі, көрген-түйгені, парасат-пайымы, биік ойлау деңгейі. Жанболат Аупбаевпен соңғы жылдар мұғдарында «Сұхбат-сараптама» жүргізіп («Журналист – өмір барлаушысы, журналистика – өмір мектебі», «Тұлғалар мен сұлбалар», «Күткен күн»), өзгеше сүрлеуге түсуіміздің де себебі сол. Біздің түсінігімізде баспасөзде әр саладағы ерекше, озық ойлайтын тұлғалардың трибунасы болуы қажет. Алдағы уақытта «Ана тіліндегі» тұлғалар туралы төртінші сұхбатымыздың да айтары аз болмайтынына кәмілмін. Сұхбат бүгінгі баспасөздегі газет-журналдағы деңгейіңді байқататын, қызықты дерек-дәйектермен қатар тың ой, көзқарастарды сұрыптайтын сұңғыла, сұрапыл жанр. «Сұхбат-сараптама» да күні бүгінге дейін «Ашылмаған аралдарды» ашқан Аупбаевты ашуға арналған жоба. Қысқасы мақсат – тұлғаны тыңдау, тұлғаға оралып отыруды үрдіске енгізу.

 

ОЛЖЕКЕҢНІҢ ҮЛГІСІ, ЖӘКЕҢНІҢ ҰМТЫЛЫСЫ

«Аспандағы ай-жұлдыздан гөрі, қасыңдағы адамдарды тану қиын», – деген екен әйгілі астроном Ұлықбек. Осы сөзге иек артсақ, шынында да өзін бір кісідей білемін ғой дейтін кісінің де білінбейтін қыры көп. Біздің тағы бір білетініміз адам ретіндегі Аупбаев. Меніңше, аты жер жарған Аупбаев ең алдымен адам ретінде талантты болды, адам болып қалыптасты. Оны айшықтап тұрған да ең алдымен осы қасиеті. Атақсыз да атақты Аупбаев ғұмырында атақ үшін, мансап үшін жанталасып, өлермен болған емес. Емесіңіз не, ондай пәлекет ойына кіріп те шықпаған.

Атақ демекші, Жанболат Аупбаев БАҚ саласындағы Президент сыйлығына үш мәрте ұсынылып, үшеуінде де құлады. Әйтеуір, 2004 жылы грант иегері болды. Содан 2014 жылы Дәурен Абаевтың өзі телефон шалып: «Конкурсқа түсіп жатқандар көңілден шықпай тұр. Сізді ұсынсақ қайтеді?» дейді. Бұл кезде ондағы бәйге тізімі ішінде өзі еңбек ететін басылымның өкілі бар екенін білген Жәкең ұжымның моральдық-психологиялық ахуалына алаңдап, бас тартады. «Келесі жылы көрейік», – дейді кейіпкеріміз. Содан 2015 жылы Абаев оны конкурсқа қайта тартып, Президент сыйлығының лауреаты атанады. Әрине бұл ретте Абаевтың азаматтығын атай кету қажет. Бұл – адамтану, бардың бағасын білу. Тағы бір дерек. Аупбаевтың аты журналистика жөніндегі энциклопедиялық сөздікке де енбей қалған. Тілі удай Бауыржан Омарұлы бұл жағдайды: «Ол кісінің өзі де бір энциклопедия ғой. Сондықтан қоспай-ақ қояйық деген шығар», – деп құрастырушылады қағытқаны есімізде. Жәкең журналистика академиясы­ның академигі де емес. Қазақстанның Құрметті журналисі деген атақтан да ада. Тағы да Бауыржан Омарұлының сөзіне салсақ: «Аупбаевтың бір өзі бір академия ғой», – деген болар. Бұл тақырыпқа біз тізгінтартарда арнайы тоқталамыз. Ақыры атақ туралы айтқан соң, құласаң, нардан құла демекші, ұстазы В.Песковқа кеңес тұсында Лениндік сыйлық берілгені тәрізді, бізде де билік бір журналиске, мәселен Аупбаевқа да Еңбек ерін беріп, таңғалдырса қайтер деп ойлайсың.

Классикалық журналистиканың жампоздарын жоғары бедел санайтын жасы кішілердің ішінде Аупбаевты ұстаз тұтпайтыны кемде кем деп білемін. Ұстаз санау үшін одан дәріс алу міндет емес. Кейіпкеріміздің қарапайымдылығында шек жоқ екенін әріптестері жақсы біледі. Сол кішілігі ғой: «Горький ақсақал жазуға үйретуге болмайды, жазуға үйренуге болады», – депті. Болдым, толдым деген адам тоқырайды. Әсіресе жазудың адамы. Ақылы асып тұрғанды аға санағанның айыбы жоқ. Керек болса кейінгі шәкірттерден де үйренуге әбден болады», – дейді он бес кітаптың, 821 таңдаулы жазбалардың авторы. Алла бұйыртса, күпірлік болмасын, Аупбаевтың арманы алдағы жылдарда Олжекеңнің «1001 сөзі» секілді 1001-ші мақаласына нүкте қою.

Тізгінтартар сөз. Біз тізгінқағарда тақырыбымызға Жанболат Аупбаевтың ұлт журналистикасындағы қалыптасқан өзіндік мектебі, ұстаханасы туралы толғаныспен келіп кіріп едік. Эссенің өн бойындағы ой-толғаныстар, орамды оқиғалар, жүрек тербейтін жылы ағыстар бұл ұғымның аясын кеңейтіп жіберді. Ол заңды да. Ұлық ұстазымыз Тауман Амандосов «бес жыл бойы «Правданы» оқып, «Времяны» үзбей көрсеңдер журналист болып шығасыңдар» деуші еді, кеңестік заманның өзінде. Сол кезде ұстаз аса қателесе қойған жоқ. Бұл да уақытына қарай айтылған сөз. Осы ойдың тақырыбымызға тұздық тастап жібергенін қараңыз. Жалпы әр салада бір өзі бір кіші академияға айналған адамдар болады. Бейнелі айтылғанымен, астарында үлкен мағына сыйып тұрған сөз. Бұл – тұлғаның академиялық білімі, кең қарымы, өресі, эрудиті, биік өлшемі, жанкешті жұмысы, өмірлік өнегесі, зерттеушілігі, шеберлігі, бай тәжірибесіне байланысты берілген биік баға!

Айтпағым, бүгінде басқа салалар тәрізді ұлт журналистикасы да дағдарыста. Ілім-білім, тәжірибе жинаудан бұрын, шөп ішінен ине іздейтін ізденістен алыс, журналистикаға тек жұлдыз, танымал болсам деп келетіндердің легі де барын жасырып болмайсың. Бағзыда журналистика факультетін бітіргендер жүйрік жазарман ғана болып қоймай, қалам қайраткері, тұлға деңгейіне көтерілетін. Бұл ойымызға мысал келтірсек алыстап кетеміз.«Ең жақсы мектеп – өмір мектебі» депті Гете. Біз университет бітірген соң, екінші университетке түсіп оны да тауыстық. Меніңше ең нәтижелі, жеміс беретін мектеп осы. Сондықтан егер тәңірден берілген титімдей талант болса, одан соң Аупбаевтың академиясын сырттай бітіріп шықса, адам болып та, журналист болып та шығу түк қиындық тудырмайды.

Біз осы жолдан өткенбіз. Ағалар академиясын да бітіргенбіз.

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА: 
Жәкеңнің өзін Бауыржан атамызға қалай сипаттағаны ойға түсті. 1981 жылы Баукеңмен сұхбаттасудың қалай сәті түскенін ағамыз қызық әңгімелейді. Редакция ол кісінің үйі тұратын бір көшенің бойында-тын. Шамамен төрт-бес орам жер. Атақты 8-ші гвардиялық дивизия құрылуының 40 жылдығына байланысты газет басшысы С.Бердіқұловтан тапсырма алған ол батырға жүрексіне телефон шалады. Келісімін алады. «Әй, – дейді трубкадағы дауыс. – Сен осы менен қанша шақырым жерде тұрсың?» Бұл күтпеген сұрақ еді. Көк базар қасындағы Баспасөз үйі мен Гоголь көшесіндегі «Радиотехника» дүкенінің арасын кім өлшеп көрген? Бірақ сұрақтың аты – сұрақ. Оған жауап бермеуге болмайды. «Бір шақырымдай жерде тұрмын, Бауке!». «А, онда былай. Бір шақырым дегенің жүгіре білген жанға жеті-ақ минуттық жол ғой. Немене, қозы қарның бар ма, еді? Онда қарызға тағы бір-екі минут қосуға болады». «Жо-жоқ... тырыли арық қарамын», – деп шырылдайды аузына жазушы Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» триллогиясындағы сөз түскен бұл. «Олай болса мына ыстықта сорламайтын болдың. А, ну-ка, бегом марш!» Баукеңнің телефондағы гүж ете қалған жоғары даусымен кейіпкеріміз алға қарай қалай атылып кеткенін өзі де білмейді. Сөйтіп, құстай ұшқан күйі өкпесін қолына ұстап жанұшыра жүгірген ол батыр үйіне жеті минутта жетеді. 
Сөйткен қайран Баукең.... Бір жылдан кейін тура сол уақытта қайтыс болды ғой. Бұл Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығы тойланып жатқан кезі еді. Соның алдында арыстандай айбатты ағамыз: «Отар ел тойлайтын мереке ме бұл. Бодан болған жұрттың болашағы да болмайды» деп күйінген екен дейді білетіндер. Ел соны мерекелеп жатқанда Баукең соған қарсылық танытқандай  өзі де келместің кемесіне мініп кете барды емес пе?.. Иә, қанша батыр болса да мұндай адамдардың жүрегі бұған қайдан шыдасын. 
Айтпағымыз, кейіпкеріміздің осындай он сан ұлы тұлғаларды көріп, әңгімелесіп, ғибрат алғандығында.

1014 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы