• Cұхбаттар
  • 20 Қаңтар, 2022

Мұқан ӘБДІРАМАНҰЛЫ: ЕҢ АЛДЫМЕН БІЗГЕ БІРЛІК КЕРЕК

Иә, қай кезде де халқының қамын ойлап, қанын да, жанын да аямайтын, бірақ өткінші кезеңде жалған жаладан күйіп кететін, кеш те болса артынан ақталатын ардақты азаматтар болады. Сол ардақтылардың есімін қайта жаңғыртып, елге еткен еңбегін, артта қалған мұрасын халыққа жария етіп жүрген жоқтаушы азаматтар бар. Сол сирек жанның бірі 1961 жылы Мұхтар Әуезовтің, 1965 жылы Ш.Қалдаяқов, 1974 жылы Н.Оңдасынов, 1992 жылы Е.Әуелбеков ағаларының батасын алған, 1992–2001 жылдары бірнеше рет Елбасының Құрмет грамотасына ие болған Алаш арыстары үшін үлкен еңбек сіңіріп жүрген ұлтжанды Мұқан (Мүбәрәк) Әбдіраманұлы ақсақал. Бір кезде қарапайым шаруаның жалаң аяқ баласынан мемлекеттік, қоғамдық қайраткер дәрежесіне жеткен қазақтан шыққан тұңғыш екінші хатшы Сұлтанбек Қожановтың есімін қайта тірілтіп, жанын сала кірісіп жүрген де осы Мұқан аға. Оны көпшілік біле бермеуі де бек мүмкін. Ал бүгінгі әңгіме қазақтың астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіріп, атын Қызылорда деп өзгерткен, «қазақ» деген ұлт атауын қайтарған, Сталинмен пікірталасқа түсіп, соңынан «халық жауы» атанып, атылып, 1957 жылы КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясы қайта қарап, ақталып шыққан Сұлтанбек Қожанұлы жайлы болып отыр. 

–Аға, адам қартайған кезінде жастық шағын еске түсірудің өзінен-ақ ләззат алады. Балалық шаққа, өткенге бір қарасаңыз, алдымен ойыңызға не келеді?

– Иә, адам өмір бойы балдәурен кезін ұмыта алмайтыны несі екен? Туған жерім – Қаратаудың күнгей беті. Қанат қаққан тұғырым, аялап тербетіп өсірген алтын бесігім 1723 жылдары «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп, қазақтың «Елім-ай» дастанын жырлаған Қаратаудың етегіндегі Түркістаннан 40 шақырым жердегі «Үкаш-ата құдығының етегі Меккем – «Ақсары» ауылы. Менің есімімді жоғары діни білімі бар ғұлама әкемнің інісі Әбдірейім көкем азан шақырып арабша «Мүбәрәк» деп қойыпты. «Мүбәрәк» – араб тілінде «Алладан бата алған» деген ұғымды білдіреді екен.

Абай атамның әжесі Зере немересінің азан шақырып қойған «Ибраһим» есімін еркелетіп Абай деп атағаны сияқты, мені де үлкендер еркелетіп «Мүбәрәк» атымды Мұқан деп атап кеткен екен. Қазір де солай атайды. Он жеті жасымда Кентау қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепті  бітірдім. Сол жылы оқуға жолым болмады.

Екі жыл ауылда, қалада кірпіш зауытында істедім. Есімде мектеп тәрбиесі бойынша, сабақ біткен соң, класты жуып тазалап кету оқушылардың міндеті болатын. Тәртіп бойынша партада бір ұл, бір қыздан отырады. Кезек бізге келді, мен парталарды қозғап, су тасып беремін. Ұзын еденнің ана басында үш кісі бізге қарап келеді, біреуі мектеп директоры Аппақша ағайымыз, біреуі орыс кісі, енді біреуі жүзі таныс есіме түсіре алмадым. Біз амандастық, әлгі жүзі таныс кісі басымнан сипап, «нешінші ­класта оқисың, сабағың қалай жақсы оқы, талабыңа жет» деп бата сөзін айтты да, әрі қарай өтіп кетті. Сөйтсем, әлгі бейтаныс кісі Мұхтар Әуезов екен. Бұл 1961 жылдың ұмытпасам, сәуір айы болатын. М.Әуезовтың оңтүстікке соңғы рет келуі екен. Біздің ұрпақтың талайына ұлы Мұхаңды көзбен көру бақыты жазылмапты.

Жазушының қайтарда Түркістанда – Ахмет Иасауи кесенесінде «Әзірет Сұлтан» мұражайы қызметкерлерімен кездесуі болады. Мешітте үш имам қарсы алады. Біреуі менің әкемнің інісі,   «Қарнақ» медресесінен дәріс алған ғұлама Әбдірейім көкем.

Сөз соңында

–Мұха! Сіз дүние жүзіне белгілі жазушысыз, Сіздің жаратылысқа көзқарасыңыз қалай? – деп сұрапты.

Сонда Мұхаң, «сіздерге басымнан өткен бір жайды айтып берейін» деп бастапты.

– Ілгеріде Семейге оқуға барғанымда, көріпкел әйелге кезігіп, кітап ашқызып, өз тағдыр-талайын ырымдай білмек болған екен. Көріпкелден естігенім: «Келешегің зор, атақты кісі боласың. Үш рет үйленесің, жасың елу жеті- елу сегізге жетер» деген екен.

1961 жылы 27 маусымда ұлы жазушы кенет дүние салғанда қолжазбасы жазу столының үстінде қалған. «Өскен өркен» романы оңтүстік өлкесінің өмірінен алып жазған бірінші кітабы екен. Мен мұны музей үйінен көрдім.

Оқуға, білімге құштар бола тұра екі жыл жұмыс істедім. Себебі ол уақытта Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеп келгендер мен мектептен соң екі жыл өндірісте істегендерге едәуір жеңілдіктер қарастырылған еді.

Ол кезде «ЖОО-на түсем деушілерге арналған құрал («Пособие для поступающих в ВУЗ-ы»)» ­деген математикадан, физикадан кітаптар болатын. ­Солармен дайындалып жүрдім. Сөйтіп, Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына келіп алғашқы түнеп шыққан жерім ол кездегі Ғабит Мүсірепов жастар драма театрының қарсы бетіндегі қазіргі Амангелді ескерткішінің айналасындағы көкмайса еді. Емтиханның бәрін «жақсы» деген бағамен тапсырдым.Институтты 1973 жылы бітіріп,­ ­Министрлер кабинеті жанындағы кәсіптік білім беру жөніндегі Мемлекеттік комитетке орналастым. 1975 жылы орталық комсомол комитетіне нұсқаушы болып ауыстым. Ата-анамның ауыр науқасқа ­душар болуына байланысты 1976–1978 жылы елге барып, совхозда инженер болдым. 1978 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қызметке келдім. 1998 жылдан Алматы облысы бойынша Көліктік бақылау бөлімін басқардым.

Әке-шешем мектеп есігін ашып, оқыған кісілер емес. Әкем жасынан кетпен шауып, мал баққан шаруа адамы. Тек шешем байғұс еті ширақтығы, көргенін көкейге түйе білгендігімен ел қатарлы өмір кешкен.

Алматыға алғаш келген кезім, Кентаудан Мұрат жездем келді. Кешкісін мені «Жетісу» мейрамханасына ертіп барды.

Алматыда санаулы ғана мейрамхана, ондағы му­зыканттар дәл сағат жетіде оркестр «Бақыт құ­ша­ғында» әнімен мейрамхана отырысын ашады екен.

Біз кезде артымнан бір кісі «Әй бала, бұл кім­нің әні? – деп сұрады. Мен мұғалімнің алдында тұрғандай:

– Бұл ән «Бақыт құшағында», – дедім.

– «Кімнің әні?», – деп қайта сұрады.

– Бұл әнді Шәмші Қалдаяқов ағамыз шығарған, – деп едім,

– Қарағым-ау, сол Шәмші ағаң менмін. Балам, оқуыңа түсіп кет», – деп шашымнан сипап, батасын берді.

Шашымнан сипағаны есіме түссе, әлі күнге дейін елжіреп, жылағым келеді.Жарым көңіл қой­шы­ның баласына басынан сипаудың өзі де үлкен бақыт.

Небәрі 34 жасында еліміздің Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болған абзал жан Нұртас Оңдасынов 1974 жылы Мәскеуден Алматыға парсыша-қазақша сөздігін шығаруға келді. Өмірзақ Есназаров ағамыз екеуміз күтіп алып кеткенше көлікпен алып жүріп, көмегімді беріп едім. Ол кісі «Ажал алады-ау деп қорықпаймын, Мәскеуде мәңгі қаламын-ау деп қорқамын» деген ойын сөз арасында айтып қалып еді. Кетерінде адалдық пен тазалық туралы көп айтып, батасын беріп кетті.

29 жасында Ауыл шаруашылық министрінің бірінші орынбасары, кейін республикамызда Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарын басқарып, ұлтжандылығымен көпшіліктің көкейінде қалған, іскер Социалистік Еңбек Ері Е.Н.Әуелбеков ағамызбен де істес болдым. 1992 жылғы егін орағы кезінде, «сен келесі жылы Президент аппараты жанында Республикалық штаб, астық жинау орталығын ашсақ, соны басқарасың, тәуелсіздік тұғыры берік болсын» деп, мені көңілдендіріп шығарып салып еді. Көп ұзамай қайтыс болды. Өлімі жұмбақ күйінде қалды. 1991 жылы мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа телеэкранның ­тынысы Т.Өтебаев, дәрігері К.Бекмұхамбетов үшеуміз келіп, сәлем бердік. Димекең сол кезде өзінің ататегі жайлы айтып беріп еді, жарықтық.

Өмірлік тәжірибесі мол, ел құрметіне бөленген осындай абыройлы ағалармен бірге болып, ақыл кеңесін естіп, батасын алу мен үшін үлкен мектеп болды.

– Жетпістен асқан шағыңызда тоталитарлық режимнің құрбаны болған алаштың ардақтысы Сұлтанбек Қожанұлына Алматы қаласының төрінен ескерткіш қойып, ортамызға қайта оралтқаныңыз ерлікке пара-пар еңбек. Әсіресе ұрпақ тәрбиесіне, ұлт рухын көтеруге қосқан өлшеусіз үлес бұл...

– Сұлтанбек тәуелсіздіктің рухани ­батыр көсемі деген бағаға лайықты тұлға. Ұлттың мүддесін қорғап өткен, қазақтың бағына туған асылдарымыздың бірегейі. Профессор Мекемтас Мырзахметов 2014 жылы С.Қожановқа арналған ғылыми ­конференцияда, «қазақтың тарихи-рухани қалыптасуы – Бұхар жырау дәуірі, Абай дәуірі және Қожанов дәуірі» деп, үш кезеңге бөлінетінін айтты. Ғалымның бұл тұжырымдамасы – Қожановтанудың жаңа кезеңі басталғанын ұқтырды. Оның ұлт үшін жасаған, тарихи деректермен дәлелденген жанкешті еңбегі – ешқандай дау тудыра алмайды. Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуына зор еңбек сіңірген, ұрпақ жүрегіне өшпестей ұшқын тастаған, Ақсүмбеден түлеп ұшқан талантты қоғам қайраткері С.Қожанов есімін бүгін қалың қазақ ұлықтап жатыр. Әрине, ұлтты сүйіп, оған жанкештілікпен қызмет ету – мыңның бірінің ғана қолынан келетін қасиетті іс. Сұлтекең ұлтымызға саналы қызмет жасаған ірі тұлға. Ұлт мәселесі Сұлтекеңді түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырды. Соншалықты күрделі кезең болса да, ұлт бірлігін нығайтып, салт-дәстүрді сақтап қалуды мәселе деп білді.

Ұлтын сүйіп, артына өшпес іс қалдырған Сұлтекеңнің ұлықтауға лайықты қасиетті тұлғасы – жастарға патриоттық тәрбие беруде мақтанышқа айналмақ. Сондықтан тұлғаны тану, бағалау, жарыққа шығару ұрпақтың еншісінде. Өлгенді тірілтуге бола ма? Әрине болмайды. Бірақ өлгеннің рухын сақтауға болады. Өлгендердің рухы ­молада, темір табытта емес, ақ қағаздың бетінде, тірі адамдардың лүпілдеген жүрегінде сақталады. Өлгенді тірілту деген осы болар. Сот қателесіп, кінәсіздерді өлімге бұйырар. Кінәсіз екені анықталғанда қайтадан тірілте алмайды. Не істеу керек? Мен Алматының төріне Сұлтанбекке арнап, ескерткіш қойдым. Қолымнан келгені осы болды. Ендігі бір арман, Сұлтанбек Қожанұлы атында мектеп болса.

– Сұлтанбек Қожанұлы атындағы қорды ашып, басшылық жасап келесіз, мұндағы мақсат...

– 1994 жылы Ілияс Жансүгіров, Бейімбет ­Майлин, Тұрар Рысқұловтың туғанына 100 жыл толу мерейтойын өткізу туралы Министрлер кабинетінің қаулысы шықты. Ол қаулыда Сұлтанбек Қожанов аталмай қалды. Артынан Премьер-министр С.Терещенкоға кіріп, 12 сәуір 1994 жылы №370 қаулысын қосымша шығарттық.

1995 жылы Алматы қаласынан Сұлтекеңнің атына көше сұрап, қала әкімі Ш.Құлмахановқа бардым. Овчарова көшесін ұсынды. Екі күннен кейін қайта кездесіп, Водозаборная бұрылысын қоса берілетінін айтты. Сонымен, екі көшені қосып, Сұлтанбек Қожанов көшесі болып өзгертіліп, 25 тамыз 1995 жылы №184 Алматы қаласы әкімінің қаулысы шықты. 2008 жылы көше басына ескерткіш тақта қоюға рұқсат сұрап қала әкіміне барсам, ол қарсылық білдірді. «Онда Көктөбедегі «Битлс» ескерткішінің қасына қояйық» деп ренішімді білдірдім, ақыры келісті. Сонымен ескерткіш тақта орнаттық. Алматы қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің шешімімен Водозаборная бұрылысына басқа есім берілді. Ал біз бұрынғы Овчаров көшесінің бойына Сұлтанбек Қожанұлына қоладан бюст жасап, қойдық.

2000 жылдары Астана қаласынан да көше аты берілді, күрделі құрылыстар басталып, көше жабылып қалды. 2016 жылы қайта барып Астана қаласы әкімдерінің қаулысы және мәслихатының шешімімен Астана қаласының Алматы ауданынан Сұлтанбек Қожанұлы көшесі берілді. 2011 жылы Алматы қаласындағы мектепке Сұлтанбек Қожанұлының есімін беру туралы өтініш қалалық ономастика жөніндегі комиссия мүшелері тарапынан дұрыс шешім тапты. Бірақ Елбасы мораторий жариялағаннан кейін күні бүгінге дейін шешілмей келеді. Қазір ономастика комиссия мүшелері қайта қарап, мәселе оң шешімін табады деп отыр.

Ел алдындағы азаматтық-күрес­керлік парызын адал атқарған Сұлтекеңді жарыққа шығару ісі осындай тар жол тайғақ кешулерден өтіп, мойындалып отыр. Байқасақ, Сұлтекең туралы мәселелер бірден мақұлданбай, артынан кеште болса, ақ, адал шешімін тауып келеді.Қайраткер тұлға 1938 жылы 8 ақпанда атылды. КСРО Жоғары әскери Сотының алқасы 1957 жылы 5 шілдеде жазықсыз құрбан болған С.Қожановты толық ақтады.

– Ал Алматыдағы ескерткішін салтанатты ашылу рәсіміне кімдер қатысты?

– Ақ жол партиясының басшысы, Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев, Қазыбек Иса, филология ғылымының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Амантай Шәріп, жазушы, тарихшы Бейбіт Қойшыбаев, филология ғылымының докторы ­Дандай Ысқақұлы, қалалық әкімшіліктен ұлтжанды азамат Мамай Ахет, Саяси қуғын-сүргінге ұшы­ра­ғандар қауымдастығы төрағасы Жұмабек Ашуұлы, ҰҒА академигі Ханкелді Әбжанов және тағы басқалар қатысты.

– Кешегі қаңтар қасіреті елдің амандығы мен бірлігі қашан да қастерлі екенін көрсетіп берді. Сіздің ойыңыз...

– Бізде мынандай мақал бар ғой! Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – қос саулық. Халық осылай дейді. Мұның біріншісі – денсаулық түсінікті. Екіншісі – ақылды әйелің, үшіншісі – ішер ас, киер киімің болсын дегені.Мен осы үш принципті ұстанған адаммын.Ең үлкен байлығым – елімнің амандығы, халқымның тыныштығы. Ал өз байлығым осы тұрған бойым: Ойлайтын ойым, көретін көзім, сөйлейтін тілім, жұмыс істейтін қолым, жүретін аяғым.Үйде ақылды, арлы, жан серік жақсы әйел отыр. Киетін киім, ішетін асым, өмірімді жалғастыратын ұл-қыздарым, балаларым бар.

Өткенге тұжырым жасап қарайтын болсақ, ол – адам тәрбиесіндегі көп қателіктердің бар екені. Ештеңеге сенбейтін адамдар қазір имандылықтан да, ибалықтан да жұрдай болып қалғанын байқап жүрміз.Байлық та қолдың кірі екенін ескерсек, шенеуніктердің өз олжасын туған халқымен бөліспеуі – ең үлкен қасірет. Мұны бәрі ашкөздіктен және тәрбиеден кеткен қателіктер.

Біз рухани тәуелсіздік дегенде, ең алдымен, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді айтамыз. Тіл – қазақ болуымыз үшін, дін-адам болуымыз үшін, салт-дәстүр – ұлттығымызды сақтау үшін қажет.Тілді білген адам ұлттың қамын жеуден шаршамайды. Осы жіберген кемшіліктерімізді алдағы уақытта түзеу үшін бізге ұлттық идеология керек. Халықты тәуелсіздік алған өркениет заманында надандық, кедейлік құрсауында ұстап отыру – қылмыс. Тәуке көз жұмар алдында «Қазақтың ұраны – бірлік болсын» деген өсиет қалдырыпты. Айдың басында Алматыда орын алған «қаңтар қасіреті» ұлттық иделогиядағы олқылықтарды көрсетті. Бұл өткен 30 жылдағы кеткен қателік. Қазақтың қаншама жастары опат болды. Қаңғыған оқ талайдың өмірін қиды. Бүгінгі билік өткеннің қателігін қайталамауы тиіс. Сондықтан олар қашанда халықпен бірге болуы қажет. Ол үшін, ең алдымен, бізге бірлік керек. Ендеше, ісімізге бір Алла жар болсын!

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

2511 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы