• Тіл
  • 20 Қаңтар, 2022

ҚАЛА ТІЛІ АНА ТІЛІНЕ АУЫСТЫ МА?

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру бағытындағы тағы бір игі іс-шараны Жарлыққа қол қоюмен нақты жүзеге асырды.  Өзінің Жолдауында «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді» деген ел Президенті Қазақстанда көрнекі ақпаратта орыс және қазақ тілін пайдалануды регламенттейтін заңға қол қойды. Жаңа Ережелерге сәйкес көрнекі ақпаратты орыс тілінде жазу енді міндетті болмайды. Сондай-ақ жол белгілеріндегі жазбаларды мемлекеттік тілде жазу, хабарландыруларды, жарнамаларды, прейскуранттарды, баға белгілерін, мәзірлерді, нұсқауларды да қазақ тілінде жазу мүмкіндігіне қол жеткізілді. 
Жалпы  бұл бағыттағы үдерістер тәуелсіздік алғаннан кейін қалай өрістеп еді? Сәл тоқталып өтелік. 
Қазіргі қалалық коммуникацияның даму бағытын зерттеу, осы бағытта ізденістер жүргізу өзекті тілдік мәселеге жатады. ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысы тілші ғалымдар үшін зерттеудің қызықты нысанына айнала бастады. Урбанизацияның жанданып, ауылдан жөңкіле көшкен халықтың үлкен қалаларға  қоныс аударуы қала тілін зерттеуді қызықты, тартымды ете түсуде. 

Бүгінгі қоғамдағы саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер қалалық коммуникацияның құры­лымына өз әсерін тигізіп, ықпал етуіне байланысты қала тілінің типтік жанры болып табылатын стерео­типтер мен микродиалогтардың құрылымы ғана емес, өмір сүру аясы да өзгеруде. Қазіргі заман – мобильді, коммуникативтілік қарымы күшті адамдардың заманы. Соған орай диалогтың жандана түсуіне сұраныс пен қажеттілік артуда. Қажеттілік – адамдар арасындағы диалогтың қызметінің күшеюі мен олардың коммуникативтік белсенділігінің арта түсуінің қозғаушы күші. Ал қалалық қарапайым сөйлеу тілінің критерийі әдеби тілді игермеген, әдеби тілдің барынан көп жағдайда хабарсыз, әдеби тілде сөйлемейтін адамдардың қысылыссыз өз стихиясымен еркін сөйлеуі. Көптеген өзге ұлт тілін зерттеушілердің қалалық коммуникацияның өзгерісіне әсер ететін тенденциялық бағыттардың қатарында диалогтың күшеюін жатқызуы жай емес. Зерттеушілер диалогтан кейінгі орынға жекелік яки тұлғалық бастаманың, қала өміріндегі карнавалды стихияның өрістеуін шығарады.

Қала тілінің өзгерістері қазақ қала­ларында топонимикалық атаулардың қайта қаралуынан басталды. Патриоттықтың күш алуынан басталған бұл шаралар қазір әр өңірдегі қалаларда өзіндік ерекшелігі бар тілдік процестің көрінуіне тірелді. Айталық, солтүстік-шығыс аймақтардағы ірі қалалардың атауының өзге тілдік болып қалуы – осы аймақтарға тән әлеуметтік және демографиялық ахуалдың тікелей көрінісі. Мысалы, Павлодар, ­Петропавл атаулары өзгеріссіз тұрса, ал Семипалатинск атауы бұл қаланың бұрынғы Семей деген атына ресми түрде ­ауыстырылды. Павлодар қаласының атын өзгерту туралы ауық-ауық мәселе көтерілгенмен, Павлодар атауы да, қаланың орталық әрі үлкен көшесі ­Кутузовский проспектісі де қала тіліндегі өзгерістердің жай жүретінін байқатып, карнавалдық өгерістердің күшіне ене алмай отырғанын дәлелдейді. Осы өңірден шыққан қазақтың дүлдүл ақындары мен әншілерінің есімі берілген көшелер (мысалы, Майра есімі берілген көше) орталықтан қиыс, тар да қысқа көшелер. Бірақ нақ соңғы бес жылдықтағы өзгерістер туралы мәліметке сүйенбедік. Дәл осы жағдай солтүстік-шығыс, батыс өңірлерінің қалаларына да тән деуге болады. Ал оңтүстіктік қалалары тілінде карнавалдық шеру немесе бастама қанат жайып, кей жағдайда тым әсіреленіп, қолы жеткен, қалтасы қалың адамдар атасының атына көше алып беруде. ­Титулды ұлт үшін қала атауларын ұлт тіліне көшіру маңызды болғанмен, оңтүстік аймақтардың кейбір жерлерінде бей-берекетсіздік орын алғаны туралы газеттерде жазылып жүрді.

Қалалардағы мемлекеттік орын­дардың атаулары өзгергелі де біршама уақыт өтті: мектептер мектеп-гимназияға айналуда. ­Мысалы, Алматыдағы М.Базарбаев атындағы 138-мектеп-гимназия осы үдерістің көрінісі. Бұрынғы училищелер колледж­дерге айналды. Мысалы, Алматыдағы бұрынғы медициналық училище Алматы медициналық колледжі деп аталады. Қарапайым азық-түлік магазиндері, гастрономиялардың маңдайшаларында қазіргі қала тілінде азық-түлік дүкені деп жазылады, бірақ одан гөрі супермаркет, (Рамстор супермаркеті), үлкен гастрономдар гипермаркет (Алматыдағы Силкуэй-Сити гипермаркеті), минимаркеттер деп атау қазіргі күні сәнге (әлде қажеттілік пе) айналғалы біраз болды. Ал Астанадағы бұрынғы норма бойынша Үкімет үйі атауының орнына келген Парламент үйі, Президент аппаратының ғимараты қала тіліне өзгеріс енгізді, ал түрлі департаменттердің өзгерген атаулары қазіргі қала тілінің бет-бедерін көрсетеді. Қазақстан қалаларындағы бұрынғы институттардың университеттер мен академияларға айналуы қала тілінің жаңа күйін, соны келбетін суреттейді.

Қазақстандағы мегаполис Алматы тілінің өзгеруі көшелердің ескі және жаңа атауларының жарыспалы (қазақ//орыс) қолданылуынан сезіледі. ­Мысалы, Комсомол//Төле би, Космонавт//Байтұрсынұлы, Октябрь//Қабанбай батыр, көшелері т.б. Бірақ соңғы уақытта ескі атаулардың ұмытыла бастағаны анық сезіледі.

Қалада өтіп жататын түрлі іс-шаралар мен әлеуметтік-экономи­ка­лық үдерістерді мемлекеттік қайрат­керлердің атымен байланыстыра атау – қала тілі өзгерісінің тағы бір көрінісі. Мысалы, Алматыда 2005 жылы қалада И.Тасмағамбетов әкім болған кезде «Тасмағамбетов сенбіліктері» өткізілген-ді, ал Өскемендегі көше бардюрлерінің ауыстырылуы Б.Сапарбаев есімімен байланыстырылады. Соңғы жылдардағы қала көшелерінің гүлдермен безендіріліп, тазаруы, жолдар­дың жөнделуі, әкімдердің, лидер­лердің есімімен байланыстырылып, қала тіліне жеке тұлғаның, ол атқарған іс-шаралардың әсері болатынын байқатады. Бұл өзгеріс қала тілінің персонификциялануы деп аталады. Тұлғалық фактормен байланысты осы сынды қала микродиалогтарының уәжі нақты іс-әрекет пен оның нәтижесі болса, ал уәжділік базасы жекелеген адам, яғни жалқы есім болып табылады.

Астананың көшірілуі, мемлекеттік саяси істер мазмұнының, мемлекет басшысының титулы (Президент) мен мемлекеттік қызметшілердің, шен атауларының өзгерісі қала тілінің лексикалық қабатына әсерін куәлан­дырады. Қала тіліндегі осындай өзгерістердің астарынан ғалым­дар мифологиялық сарын мен мифо­логиялық сана әсерін көбірек іздестіретін-ді. Қалыптасқан салт-сана бойынша ескіні (қала тіліне ­байланысты ескі атаулардың жаңамен ауыстырылуы – Б.М.) жойып, оны жаңамен (жаңа атаулармен) ауыстыру сияқты актілерді жүзеге асыруда тұлға (инициатор), уақыт пен өзгерістер талабын қанағаттандырылады. Айталық, ­Целиноград – Астана – Нұр-Сұлтан, бір кездердегі Алма-Ата – Алматы, Семипалатинск – Семей, қалалық демалыс саябақтары атауларының өзгеруі, көше атауларының өзгеруі т.б. осы үдеріске жатады.

Қала тіліндегі өзгерістер мен әртүрлі деңгейдегі белсенді әрекеттер ауызекі жарнамалардан, түрлі шақырулардан, үндеулерден көрінеді. Қазақ тілінің осы жанрларда қолданылғанмен, дұрыс қолданылуы, нормаға сай болуы кем екенін көруге болады. Жергілікті ұлт өкілдері мейлінше көп шоғырланған Алматыда ауызша жарнамалар көп жағдайда орысша жасалады. Әсіресе бұл көше, базар төңі­регінен байқалады. Мысалы, базарларда:

Беляши! Горячие беляши! – деп, я болмаса:

Яблоки местные! Иссыкские! – деп, жарнамаланып жатады. Бірақ:

Өзіміздің (жергілікті) алма! Өзімізде өскен алмалар! Алматының апорты! Есіктің алмасы! – деп дауыс­тап, жарнама жасаушылар жоққа тән. Ондайда сатып алушы ретінде:

Алма өзіміздікі ме? Қаскелеңдікі ме? Есіктің алмасы ма? Ыстықкөлдің алмасы бар ма? – деп арнайы сұрамасаң, қазақша жарнаманы есту мүмкіндігі аз.

Ал жазба жарнамаларда, қала бил­бордтары мен маңдайша-жарна­маларда, тауарлық жарнамаларда солақай аудармалардың қала көшелерін жаулағаны туралы үнемі баспасөз бетінде мәселе көтеріліп те, жазылып та жүр. Сондықтан қала тіліне байланысты өзгерістер, ондағы атаулардың шығу себебін анықтау, уәжін көрсету, қоғамдық өмір өзгерісінің лакмусы сөйлеу стереотиптерінің қоғамдық бейнесі мен өзгеру бағытын бақылау, олардың қоғам өміріндегі өзгерістермен тікелей байланысын ашып көрсетіп отыру т.б. мәселелердің әлеуметтік-мәдени мәні зор. Бұл факторлар – қала тілі үшін маңызды факторлар.

Әсіресе жеке-дара тұлғамен байланысы жоқ, қала коммуникациясына қатысушылардың бәріне ортақ жалпы сипатымен ерекшеленетін стереотиптер мен микродиалогтардың қазақ тілі үшін де, қаладағы қазақ тілінің өрісін анықтау үшін маңызы ерекше. Жалпылық сипат қала стереотиптерінің бәріне тән болып келеді, жеке-тұлғалық, яки жалқы сипаттан өзгеше жалпылық тілдің дамуына, әрі қарайғы өрістеуіне бірде жақсы, кейде кері әсерін тигізеді. Олар негізінен стандарттар, клишелер түрінде болады, ал сөйлеушінің жеке стилі, стильдік ерекшелігі қалтарыста қалады.

Қала тіліне тән шағын жанрлардың өмір сүруі түрлі коммуникативтік жағдаят­­тарға тәуелді. Кейбір жағдаят­тарға стереотиптердің ауытқуы қажет болмаса, керісінше, басқа бір топтағы стереотиптерге коммуникацияның өзіндік ерекшелігі керек болады. Орыс ғалымдары транспортта, жинақ кассаларында, билет кассаларында қалыптасқан стереотиптерден ауытқудың қажетсіздігін айтады. Бұл пікірдің жөні бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Қазіргі қазақтың ірі қалаларында қалалық көліктердің тізгіні негізінен қазақ ұлты өкілдерінің қолында болғандықтан, бұрынғыдан жағдай өзгерген, соған орай стереотиптер де ауысқан. Бұрынғыдай аялдама хабарламаларында «...остановка» деуден гөрі, «...аялдама» деп хабарлау жиі байқалады. «Платите за проезд» деудің орнына «Жол ақысын төлеңіз», – деп, қазақша жарнамалануына құлақ үйреніп кетті.

Дүкендерде орыс тіліндегідей етістіктің взвесьте (лит.) – свешайте (прост.) – завесьте (проф. жаргон) түрлерін кездестіру қиын. Сатып алушының әдеби тілде сөйлейтінін немесе сөйлемейтінін, я болмаса қай әлеуметтік топқа жататынын Айып етпесеңіз, Кешірім өтінемін сияқты ізет-сөздерге қарап айыруға болады. Өйткені қазақ тілінде өлшеудің орыс тіліндегідей «предлогтармен» берілетін әдеби, қарапайым, жаргондық түрі жоқ. Мүмкін, өлшеші-ей, өлшей салшы, өлше, өлше дедім ғой, өлшеңіз, өлшеңізші сияқты өтіну, бұйырудың сыпайы, әдепсіз сияқты түрлі формаларына қарап айыруға да болар.

Қазіргі қазақ тілінде бұрынғы стерео­типтерден ауытқудың бірнеше түрлері мен себептері бар:

– ауылдан, шет елден көшіп келген адамдардың қалалық үлгідегі тілдесімді меңгермеуі;

– этикеттік формаларды (әдеби норманы игерген адам) білуі// білмеуі (әдеби нормамен таныс емес адам);

– сөйлеудің инвективті стратегия­сына орай, өтінудің орнына бұйыру, жауап бермей қою, елемей қою т.б., яғни бейтарап ізетті/ізетсіз стереотиптен ауытқу;

– адамның мінез-құлқына ­байланысты әдепсіздікке бару, мәдениетсіздік көрсету т.б.

Қала тіліндегі фонетикалық, морфо­ло­гиялық, синтаксистік ерекшеліктерді қарастыру да қазақ тілі үшін өзекті.

Қала тілін зерттеу әдеби тілдің әлеу­меттік тегін белгілеп алу тұрғысынан өзекті мәселеге жатады. Қала тілінің коммуникативтік қызметіне арнап жазылған еңбектер бар, солардың бірі филология ғылымының кандидаты Гүлзира Ақымбектің қаламына тиесілі.

Бағдан МОМЫНОВА,

филология ғылымының

докторы, профессор

1484 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы