• Қоғам
  • 20 Қаңтар, 2022

ӨРТТЕН КЕЙІН ӨРТЕҢ ӨСЕДІ

Кезекті жылды «Тәубе, тәубе» деп шығарып салып, жаңа – 2022 жылды «Иә, Алла, бере гөр, тілекті! Халқымды Жер әлемді бұғалықтаған ковид атты індетіңнен құтқара гөр!» деп мінәжат етіп жатқанда... ойда-жоқ сұмдық килікті. 
Жаңа жылдың төртінші күнін ұясына қондырып, төсегімізге енді қисая бергенде қаланың орталық көшелерінен тарс-тұрс дыбыстар естілген. «Жаңа жылды қарсы алғанда жаратын қытайдың отшашуларын қашанға дейін тарсылдата береді бұлар?» – деп күңкілдесіп ұйқыға бет түзедік. Таңғы ұйқыдан тағы да сол мазасыз тарсыл оятқан. Терезені ашып, орталық жаққа қараймыз. «Ештеңені көрсетпейін» дегендей қаланы қалың тұман басып қалыпты. Көрші үйдің сұлбасы әрең қарауытады. Тарсылдаған үн тыйылар емес. Жүгіріп келіп, теледидарды іске қостық. Экранда өртеніп жатқан ғимараттар мен автокөліктер. Қара тұман және қара түтін.  Терезелерінен түтіні будақтаған алып ғимаратты ­танып, өз көзіме өзім сенбедім.

«Шет жұрттардың бірінде болып жатқан үйреншікті толқулардың бірі болар» деп тұрғанда отқа оранған Алматы қаласы әкімдігінің үйі екенін танығанда есімнен тана жаздаппын. Өйткені бұл келтек темір, ағаш таяқ, басқа да қару ұстаған жастар мен әскери құрылымның арасында өтіп жатқан кәдімгі қан майдан еді. Әр жерде сұлап жатқан әлде мәйіттер, әлде жаралылар.  Көз алдыма 1986 жылғы Желтоқсан сойқаны елестеді. Екеуінің ұқсастығы біреу ғана. Ол – ешкімді, ешнәрсені аямау. Айырмашылығы – бірнешеу. Ол жолы әділдік сұрап алаңға жиналған қазақ студент жастарын қан-жоса ғып сабап, иттерге талатқан әскерилер көбіне Мәскеудің пәрменімен келген, әр қаладан жеткізілген өзге ұлттардың өкілдері еді. Ал бұл жолы сырт көзге әскерилер де (полицейлерді де осы атаумен айтып отырмын), оларға ентелей ұмтылып жүргендер өз еліміздің азаматтары сияқты көрінген. Бұл, әрине, қазақ пен қазақ майдандасып жүргендей көрінген. Өз ұяларын өздері қиратып, өз шаңырақтарын өздері ортасына түсіріп жүргендей әсер етті. Тіпті бір жерден қуатты бульдозер тракторын тауып әкеліп, есік-терезелерді қиратып жүргендерін, өрт сөндіретін арнаулы техникаға, жедел жәрдем машинасының іші-сыртына отырып алып, есіріктене жабайы айғайға басып жүргендердің өз қандасымыз екенін көргенде, бұл – заманақырдың белгісі болар деген ойға келдім.

Жоқ, шындық олай болмай шықты. Теледидардан еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасағанда мәселенің мәнін ұқтық. Шет мемлекеттерде арнайы даярлықтан өткендер ең бір ыңғайлы кезеңді тосып отырып, барлық қалаларда бір мезгілде үкіметтің, полиция ғимараттарын ­басып алуды жоспарлаған ғой. ­Алдын ала қару-жарақ, оқ-дәрілерін де әр жерге жасырыпты. Бұл жай ғана толқу немесе бұлғақ, бас көтеру, күш көрсетіп қою емес, қапысыз даярланған көтеріліс немесе мемлекетті құлату, тәуелсіздікті тұғырынан тайдыру үшін жасалған әрекет болды. Біз ойлағандай кейбір әлеуметтік әділет іздеп, болмаса қымбатшылыққа қарсы наразылық болмай шықты. Қаскүнемдер сондай толқудың қолайлы сәтін ғана күткендей. Батыс облыстардағы мұнайды, газды өздері өндіріп отырып, біздегі тойымсыз жебірлердің ашкөздікпен ай санап қымбаттатқандары үшін біраз жұрттың бейбіт шеруге шыққан сәтін негізгі белгідей көріп, сойқандарын бастап жіберген. Құрту, жойып жіберу, өртеу, тонау сияқты сұмдықтар болады деп ойламаған біраз жастар әлеуметтік әділет үшін деп, көшеге шығып, қосақ арасында босқа қылмыскер атанып кеткен сияқты.

Сонда деймін-ау «жат жұрттықтар» әкелерінің үйіне келгендей елімізге емін-еркін кіріп-шығып жүргенде, қару-жарақтардың түр-түрін әкеліп, «қоймаларына» жасырып жүргенде, өңшең бет-ауыздары түктілер жиналып, жиын өткізіп жүргенде жеті қабат жер астындағы күдіктіні тықырынан сезіп қояды дейтін қауіпсіздігімізді қорғайтын коми­тетшілеріміз айға бата ғып жүрген бе?!

Ақиқаттан аттап, жауырды жаба тоқымай сөздің турасына көшсек, «біз олаймыз, біз былаймыз» деп мақтанумен жүріп, өлгенде қолымыз әрең жеткен тәуелсіздігімізден айырылып қала жаздағанымызды мойындайықшы. Жақсының жауы аз болмайды. Өзіміз жұрттың бәріне жақсы болмасақ та, Құдайдың қазаққа берген асты-үсті қазынаға толы жері бәріне жақсы. Алыстағысы сол жерімізге көзін алартса, жақындағысы ебін тауып, енші алғысы келеді. «Жалғыздың жары – Құдай» – бұл жолы Құдай қақты және бай елге де, кедей елге де берешек, қарыздар болып отырып, «мен-мен» деп кеуде қағып жүргенше, бұдан былай барымызды барымталатпаудың қамын ойлайық.

«Ауруын жасарған өледі». Тәуел­сіздіктің туын көтерген отыз жылда еліміздің еңсерген табыстары аз болды десек, Құдайға шет болармыз. Көргеннің көзі тоярдай Ұлы даланың төсіне сәулетті шаһар тұрғыздық. ­Шегараларымызды шегендеп, барша шет жұртпен тереземізді тең, керегемізді кең ұстай отырып сөйлесетін болдық. Жұмыр жердің төрт бұрышындағы жұрт қазақ елін танып, білді. Тере берсек, ірілі-ұсақты жетістіктеріміз жетерлік екен. Кеңес заманында-ақ «Мақтансаң мақтан қазақ, Төбеміз көкке жетпей тұр аз-ақ» деп бастап, әлі күнге дейін әндеткенімізге осы жетістіктеріміз жетіп қалғандай. «Ал жеттік» дегенімізден жете алмай жатқан тұстарымыз тіптен көп екен. Әлі де үлкен-кіші болып, тұтас ел болып жабыла, жұмыла кіріссек, бұл аурулардан құтыла алғандаймыз. Осынау біздің жұртқа жабысқан, тұқымымызда, тегімізде болмаған аурудың бірінші түрі рухани кемтарлық дер едім. Алматыдағы бүліншілік кезінде дүкендерді, банктерді бүлдіріп, тонағандардың бәрі сырттан келген содырлар емес, көбі өзіміздің қаракөздеріміз – жігіттер мен қыздарымыз (олардың талайын теледидардан көрсетті де). Қалай жүзіміз шыдап, біреудің мүліктерін пайдаланып кетуге арымыз барды? «Бүлінгеннен бүлдіргі алма!», «Кісі ақысы – Тәңір ақысы» демеуші ме еді, бабаларымыз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Жапония сұмдық зілзалаға ұшырап жатқан кездегі теледидардан көрген бір оқиға естен кетпейді. Бір алаңқайға машинамен әкеліп, пластилин қауашықпен ауыз суды кезекке тұрғандарға үлестіріп жатты. Келесі бір су әкеле жатқан көліктің қорабы ашылып қалып, бірнеше ыдыс еңіске қарай домалап бара жатқанда кезекте тұрғандардың біразы жүгіре жөнелді. Өзіміздің психологияға салып, «Кезекте тұрғанша, домалап кеткен ыдыстарды алып кетпек-ау» деп ойладым. Жоқ, бәрі де көтеріп әкелген суларын ортаға қойып, өздері қайтадан кезекке тұрды. Біз өйте алар ма едік? Күмәнім бар...

Бұрындары жуып, іліп қойған киімдерді талмап жейтін сиырларды «жемқор» деуші еді. Сиыр малына шүберектің қаншалықты қорек болатынын білмеймін, алайда қазір тілдік қорымызға бұл сөз «парақор» деген ұғымның орнына орнығып алды. Бірінші рет бұл сөзді кім қолданса да, әбден дұрыс тапқан екен деп ойлаймын. Демек, таңдамай ала беретін парақор кісі талғамай жұта беретін сиырмен бірдей деп ұғуға болады. Парақорлықпен соңғы екі-үш жылдың беделінде күрескен болдық, тірескен болдық. Дендеп алған дерт дес берер емес. Қазір «кім пара алады?» деп іздеуден гөрі, «кім пара алмайды» деп іздеу салу қиын сияқты. Жоғарырақ қызметке барғың келе ме, беруің керек; келелі бір мәселеңді шештіргің келе ме, беруің керек; кезексіз үй алғың келе ме, беруің керек; тендер («жеңдер» деген сөзге ұйқасуын) дейтін пәлекеттен жеңгің келе ме, бер; тіпті балабақша мен мектепке балаңды орналастыру үшін де беретін болыппыз. Қазір мен осыларды қолмен ұстап, көзбен көргендей «анау да алады, мынау да береді» деп жазып отырмын. Егер кез келген біреу «Қане, кім не алып, кім не берді?» десе, айтар дәлелді қойып, уәж де айта алмас едім. Себебі заң адамдары бұлтартпай ұстап алғанда болмаса, «бердім» деп, «алдым» деп ешкім ешқашан айтпайды. Жең ұшынан ғана жалғасатын жымысқы жұлынқұрт. Мен мұны дәлелдемей-ақ қояйын, ешкім маған мұны дәлелдетпей-ақ қойсын, алайда мұндай вирустың қоғамымыздың іші-сыртын біржолата жайлап алғанын ешкім де жоққа шығара алмас. «Коррупция» дейтін осынау қылмыс түрімен айына демей-ақ қояйын, аптасына ірілі-ұсақты шенеуніктер ұсталып жатады, қамалып жатады. Одан сабақ алып, құлқындарын құлыптай алған кімдер бар? Байқалмайды. Қайта үдей түскендей. Адамның ішкен-жегенін бойына жұқтырмай, үнемі ашқарын сезімде ұстайтын «жегіқұрт» деген болады деуші еді. Біздің қоғамның да ілгері басқан аяғын кері кетіріп жүрген жегіқұртымыз осы жемқорлық дейміз бе, коррупция дейміз бе, парақорлық дейміз бе – атын құбылтқанымызбен, заты өзгермейтін осы індет екенін ­мойындап қоймай, онымен анау ­Сингапур, Кіші Азия елдері сияқты бітіспес күреске шығып, біржола індетпесек, ілгерілеу туралы әңгіме айту артық.

Қазіргі қазақ еліне тән індеттің бірі әрі бірегейі – материалдық құндылықтардың құнына жетпеу. Байлығымыздың «Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатуы да жасырын емес. ­Жаратушым момын қазаққа асты-үсті шылқыған байлыққа толы жерін берді. Топырағына қаққан қазық бәйтерек болып өсетін, сепкен дән береке болып жайқалатын, астына алтыннан бастап, ­мысына дейін, мұнайынан бастап, ­газына дейін ырыс қып берген байлықты шашып-төгіп, өндіріп-ақ жатырмыз-ау. Алайда сол байлықтың негізгі бөлігі жекешелендіргіш жегіштердің меншігі болар деп кім ойлаған. Біреулердің еселенген миллиардер атанып, байлықтан бастары айналып жүрсе, сол жердің иесі қарапайым халықтың негізі әлі кедейшіліктің қамытын киіп жүргені қалай? Жерасты байлығын иеленіп, танауларын көкке көтеріп жүргендерге әкелері қалдырып кетіп пе? Тіпті өздерін қойып, ата-бабаларының да қазақ жеріне табаны тиіп көрмеген келімсек-олигархтар да жетерлік.­ ­Шынымен де, Әділет дейтін адасқақ ұғым ба еді?! Адас­паса ертеңіне үмітпен қараған жұртына оралар сәті келген болар.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы тіпті ел мен елдің арасын­дағы алтын көпір іспетті кедендердің өзі жеке біреулер үшін табыс көзіне айналып отырғанын ашына айтты. Барды бардай бұйыртпай олигархтардың бөлісіп әкетуі, бұл – қоғамды іштен ірітудің басы. Іріген дүниенің соңынан шіритіні бар. Ес жиятын уақыт келді, ағайын.

«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?». Еліміз, жеріміз тарихында көрмеген шерулер, митингілер, көшеге шығулар неге жайлап алды? Бұл да себепсіз болған құбылыс емес. Албастыдай басып, еңсені тіктетпеуге айналған қымбатшылыққа да неліктен тоқтау болмай кетті? Тағы да қалталыларға түсер үлесті азайтпаудың қамы емес пе екен?

Бүкіл қазақ елін қамтыған қаңтар қақтығысына себеп болды деп отырған сұйытылған газдың бағасын аз уақыт ішінде еселеп өсірмей-ақ, ашкөзденбей байқастаса болар еді ғой. Ең қажетті деген азық-түлік түрлері де соңғы айларда еселеп өсетінді шығарды. Айталық, картоп сияқты ең қажетті өнімді диқан ала жаздай тер төгіп өсіріп, сатып алатын делдалға келісін 30 теңгеден өткізсе, ол бірнеше қолдан өтіп барып, базар сөреелеріне барғанда 4-5 есе қымбат бағаға сатылады. Өсірген түпкі иесі азғана ақыға риза болса, негізгітабысқа жолбикелер кенеледі. Министрліктер көп, бақылаушылар да, басқармалар да жетерлік. Бірақ саудада белгілі бір жүйе, тәртіп жоқ. Осыдан келіп, наразылық туындайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар айында еліміздің біраз қалаларында орын алған толқулардан басталып, терактілерге жалғасқан оқиғаларға байланысты жасаған мәлімдемелерінде, жолдаған сөздерінде біраз кемшіліктердің бетін ашып, ашына сөйледі.

– Біз – мықты халықпыз. Төл тарихымызда талай жаугершілік заманды, ашаршылықты және басқа да алапат қиындықты бастан өткердік. Соңғы күндердегі қайғылы оқиғалар біз үшін тағы бір сынақ болды. Оны еңсеріп, бұрынғыдан да мықты боламыз, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Демек, ел болып, еңсе көтермесек, жұрт болып жұмылмасақ бойымызға сіңіп, дағдымызға айналып кеткен міндерден арылмасақ болашағымыз бұлыңғыр болары сөзсіз.

Иә, бізді де бір жойқын өрт шарпып өтті. «Өрттен кейін өртең өсетін, өртең көркем өсетін» дейтін әкелеріміз. Осы бір алапат оқиғадан тағылым алып, өртең өскінімізді көркемдесек, қанеки. Өткен өмір – сабақ. Бүкіл тарихымызды таразылмай-ақ соңғы 15-20 жылымызды саралап сабақ алсақ, жақсы ісімізді жалғастырсақ, кедергі болған кеселдерді айқындап қана қоймай, қайталамаудың, қайталатпаудың қамына батыл кіріссек деймін.

Ғажап, бүліншілік басталған күні Алматыны қалың тұман басып еді, көшелер тынышталғанда – 3 тәуліктен соң аспан шайдай ашылды...

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,

жазушы, ҚР еңбек

сіңірген қайраткері

917 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы