• Қоғам
  • 20 Қаңтар, 2022

ЕЛ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРСЫН ДЕСЕК...

12 және 18 қаңтарда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. Отырыста елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспары және инфляцияның, азық-түлік өнімдері мен мұнай өнімдері бағасының өсуіне жол бермеу шаралары қаралды.  

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі орталық мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар ­жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы­ның Үкіметі Қаулысының ­жобасын әзірледі. Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыровтың айтуынша, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіру бағыты бойынша Жоспарда 11 іс-шара көзделген. Осылайша, Мемлекет басшысының күш құрылымдары қызметкерлерінің жауынгерлік әзірлігін арттыру және моральдық рухын қолдау, зақымдалған жылжымайтын мүлік объектілерін, сондай-ақ күш құрылымдарының, денсаулық сақтау, білім беру және коммуналдық шаруашылық салаларының материалдық-техникалық базасын қалпына келтіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру көзделген. «Әлеуметтік мәселелер бағыты бойынша 10 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Олар жарақат алған тиісті органдардың қызметкерлеріне өтемақы төлеуді, қаза тапқан осы органдар мен бейбіт азаматтардың отбасыларына көмек көрсетуді, бизнес пен халыққа борыш жүктемесін азайту шараларын, мұқтаж азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің жаңа тәртібі мен тетігін енгізуді қамтиды», – деді Ә.Қуантыров. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында 15 іс-шараны іске асыру жоспарланған.

Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев ІІМ 3 іс-шара бойынша негізгі орындаушы екенін баяндады. Бірінші – әскери даярлықты және қамтамасыз етуді арттыру, әскери қызметшілердің, құқық қорғау, арнайы органдардың қызметшілерінің моральдық рухын көтеру бойынша шаралар қабылдау. «Әскери және қызметтік даярлық бойынша бағдарламаларды қарастыру, ең алдымен арнайы бөліністердің материалдық-техникалық базасын нығайту жоспарлануда. Жалпы материалдық базаны нығайту үшін Үкімет резервінен қаржы бөлінген», – деді Е.Тұрғымбаев. Министрдің айтуынша, жеке құрамның әскери рухын көтеруге ерекше көңіл бөлінуде. «Идеологиялық және имидждік жұмыс шеңберінде қызметкерлердің бойында патриоттық және қызметтік парызға адалдық сезімдерін тәрбиелеу бойынша іс-шаралар тұрақты негізде іске асырылады», – деді Е.Тұрғымбаев. Қиындыққа шыдау, төзімділік бойынша  арнайы тренингтер ұйымдастырылды.  

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инфляцияның өсуіне, азық-түлік пен мұнай өнімдері бағасының көтерілуіне жол бермеу шаралары қаралды. Премьер-Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде инфляция мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, бағаларды тұрақтандыру міндетін қойғанын атап өтті. «Инфляция деңгейі өткен жылы қыркүйектегі 8,9%-дан желтоқсанда 8,4%-ға дейін төмендеді. Бірақ бұл да – жоғары көрсеткіш. Бұл адамдардың сатып алу қабілетін төмендетіп, жалақыларының құнсыздануына әсер етеді. Тұтастай алғанда, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатының тиімділігін төмендетеді. Сондықтан инфляция мен баға тұрақтылығына ерекше маңыз беріліп отыр», – деді Ә.Смайылов. Үкімет басшысы азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға, ішкі нарықта тауарлардың жеткілікті болуына, энергия көздеріне баға белгілеу тетігі мен ақылы қызметтердің тарифтерін қайта қарауға мүмкіндік беретін жүйелі шаралар қабылдау қажетін атап өтті. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне монополияға қарсы шара қолдану және делдалдық схемаларды тексеру бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев банк жүйесін дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Бірінші – инфляцияны 2025 жылы 3-4% орта мерзімді таргетке дейін төмендету. Бұған дейін 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметпен бірлесіп  Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін іске асыру басталды, бұл жылдық инфляцияны 8,4%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.  «Бұл ретте аталған деңгей жоғары деңгейге жатады және ақша-кредит саясатының тиімділігін шектейді деп есептеймін. Осыған байланысты Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді ескере отырып, бағаның өсуімен күресуге бағытталған, 2022 жылға және одан кейінгі жылдарға арналған Инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар кешені қабылданатын болады», – деді Е.Досаев.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова екінші деңгейлі банктердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету жұмыстары туралы айтып берді. «Банк секторындағы ахуал тұрақты. Үздіксіз қызметті қамтамасыз ету және халық пен бизнес үшін банктік қызметтерді толықтай көрсету үшін банктердің меншікті капиталы мен өтімділігінің айтарлықтай қоры бар. Банктер капиталының жеткіліктілігі ең төмен талаптардан 3 есе көп, өтімділік те реттеу мәндерінен 4 еседен асады», – деді М.Әбілқасымова.

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкіметтің қаржы-экономикалық блогы ­бойынша жедел және жүйелі шаралар қабылдау туралы айтты. Бірінші. Азық-түлік инфляциясын тежеу және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын мемлекеттік реттеу шараларын күшейту шеңберінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің нақты және бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету ­бойынша шаралар қабылдануда. Екінші. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, тауарларды өндіру, тұтыну және қайта бөлу теңгерімдерінің толық мониторингі қамтамасыз етілетін болады. Үшінші. Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимыл шеңберінде импортталатын азық-түлік тауарларын тарту бойынша шаралар қабылдануда. Қажет болған жағдайда экспорттық шектеу жөніндегі шаралар уақытылы қабылданатын болады. Қазірдің өзінде мал мен көкөніс экспортына тыйым салынды. Төртінші. Кәсіпкерлік кодексінде шекті бағаларды қолдану құралдары көзделген. Министрдің айтуынша, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп, шекті бағалар тетігі қайта қаралды. Бесінші. Сауда комитетінің қызметін функционалдық күшейтуге байланысты шұғыл заңнамалық ­бастамалар дайындалатын болады. Бұдан басқа, маусымаралық және пандемия кезеңіндегі бағаның себепсіз өсуіне ­байланысты өткен жылдардың тәжірибесін ескеретін басқа да мәселелер пысықталуда. Экономиканы әртараптандыру және төлем балансын жақсарту бойынша «экспорттық тәртіп» тәсілдерін енгізу жолымен шикізаттық емес экспортты ұлғайту бойынша жүйелі ұсыныстар әзірленетін болады. Жоғары білікті кадрларды, елде жаңа технологияларды шоғырландыру және халықаралық нарықта жаңа белсенді ойыншыларды өсіру үшін Оңтүстік-Шығыс Азия мен Шығыс Еуропаның тәжірибесі пайдаланылатын болады. Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасарының айтуынша, Үкіметтің экономикалық саясаты, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталатын болады.

ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев кедендік әкімшілендіру саласын жақсарту, жанар-жағармайға акциз мөлшерлемесі және капиталды шетелге негізсіз шығаруға қатысты заңнамаға түзетулер енгізу туралы айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз ету бойынша қосымша мемлекеттік қолдау шаралары арқылы жүктемені өтеумен тау-кен металлургия кешенінің жер қойнауын пайдаланушылардан түсімдерді арттыруға қатысты бірқатар шаралар әзірленуде. Сондай-ақ жанар-жағармайға акциз мөлшерлемелерін қайта қарау және шекті үстеме бағаны шектеу тетігін енгізу ұсынылады, яғни үстеме баға асып кеткен кезде айырма акциздер түрінде алынатын болады. Кедендік әкімшілендіруді жақсарту шеңберінде уәкілетті экономикалық операторларға қойылатын талаптар күшейтіледі.

Қиратылған нысандарды қалпына кел­тіру, көлік саласының жұмыс істеуі және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі жұмыс туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтып берді. Әкімдіктердің жедел деректері бойын­ша ел бойынша 8 өңірде 53 мемлекеттік нысан және 151 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны зардап шекті. Әкімдіктер бүлінген нысандардың нақты санын күн сайын жаңартып отырады. Министрдің айтуынша, мемлекеттік комиссия барлық адамдар үшін бірыңғай қадамдық іс-қимыл алгоритмін әзірледі және объектілерді қалпына келтіру бойынша нақты мерзімдер белгіледі. Барлық өңірлерде келтірілген залалды тексеру және бағалау жөніндегі тиісті комиссиялар құрылды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде жүйелі шаралар қабылдау туралы айтты.  Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланы мемлекеттік қолдау жүйесін түзету бойынша ұсыныстар дайындалды, олар, ең алдымен, қолдау тетіктерін оңайлатуға, бағыттарын оңтайландыруға, шаруашылық жүргізудің мөлшері мен нысандарына қарамастан, барлық субъектілер үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Сондай-ақ субсидия алушылар нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізу туралы қарсы міндеттемелерді міндетті түрде қабылдайтын норма енгізіледі.

Кәдеге жарату алымдары мен ӨКМ Операторының жұмысы туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев баяндады. Министрдің айтуынша, «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері Операторы» ЖШС ҚР Экологиялық кодексінің 387-бабына сәйкес 2015 жылғы 30 желтоқсандағы ҚР Үкіметінің Қаулысымен құрылды. 2016 жылдан 2022 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде кәдеге жарату төлемі түрінде түскен ақша қаражатының көлемі 691,9 млрд теңгені құрады. Министрдің айтуынша, алынған қаражат Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қатаң сәйкестікте жұмсалды. Атап айтқанда: отандық автоөндірушілерге 338,9 млрд теңге мөлшерінде кәдеге жарату түріндегі бұрын төлеген қаражаттары қайтарылды. экологиялық мәселелерді шешуге 102 млрд теңге және салықтарға 49, 1 млрд теңге жұмсалды.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі санитарлық-эпидемио­логиялық жағдайдың нашарлағаны туралы баяндады. Бұған дейін жасалған болжамдарға сәйкес, барлық өңірде коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың күрт өскені байқалады. Жыл басынан бері індетті жұқтыру деңгейі 21 есе өсті. «Сары аймақта» орналасқан Түркістан облысынан басқа өңірлердің барлығы «қызыл аймақта» тұр. Елордада, Алматы қаласында, Қарағанды және Атырау облыстарында тәулігіне вирус ең көп таралып отыр. Үкімет басшысы Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдаған қосымша шектеу шараларының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ете отырып, барлық өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды қатаң бақылауды тапсырды. «Негізгі алдын алу шаралары – бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтықты ұстану – бұлжытпай сақталуы керек. Адамдар санитарлық талаптарға неғұрлым салғырт қараудың соңы, аурудың соғұрлым өсуіне әкеп соғатынын түсінулері керек», – деді Ә.Смайылов. Премьер-­Министр мониторингтік топтардың жұмысын жандандыруды, адамдардың көп жиналуына жол бермеуді және ауырғандарды уақытылы оқшаулауды, Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге науқастардың саны ұлғайған жағдайға ауруханаларда қосымша төсек-орын қорын дайындауды, ПТР-тестілеу деңгейі төмен өңірлерге, әсіресе Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарына олардың санын арттыруды тапсырды. «Елордада, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Түркістан, Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында ревакцинациялау қарқыны жақсарған жоқ. Демек, әкімдер бұл мәселеге дұрыс қарамай отыр. Сондықтан аталған өңірлер бұл жұмысты жеделдетсін», – деді Ә.Смайылов.

Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғамбетов сапалы білімге қолжетімділікті арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Бірінші. Мұғалімдер жетіспейтін өңірлерге қолдау шараларының тиісті топтамасын қарастырумен үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуге қатысты. Министрлік өңірлердегі педагогтердің тапшылығына талдау жүргізді. Президенттің тапсырмасы бойынша тиісті қолдау шараларымен бірге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірленеді.

Дін, азаматтық қоғамды дамыту және ­жастар саясатын іске асыру мәселелері бойынша ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров баяндады. Министрдің ­айтуынша, министрлік өз құзыреті шеңберінде азаматтардың радикалдануына жол бермеу және дінді деструктивті мақсатта пайдалану үшін діни экстремизмнің алдын алу бойынша жұмыс ұйымдастыруда. Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жалпы профилактикалық сипаттағы, сондай-ақ радикалды идеологияға тарту тәуекелі бар халықтың нысаналы топтары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды.

Өз тілшімізден

1083 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы