• Cұхбаттар
  • 27 Қаңтар, 2022

Эльмира Ерікқызы, PhD., Л.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы: ҚАЗАҚ АҚШ-қа ОҚУ ІЗДЕП БАРАДЫ

Нью-Йорк Кино академиясының тағылымдамасынан өтуге барған, Еуразия ұлттық университеті телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының аға оқытушысы, жас зерттеуші Эльмира Ыбыраева қазіргі БАҚ тенденцияларымен қатар Алаш журналистикасын зерттеу ісімен де айналысып жүрген маман. «Қазақ» газетінің редакторларының бірі болған Жанұзақ Жәнібеков туралы ғылыми монографиясы желтоқсан айында жарық көрген еді. Иә, Алашорда қозғалысының туын көтерген арда туған азаматтардың арасында күні бүгінге дейін аса көп айтылмаған, өмірі мен қызметі зерттелмеген Жанұзақ Жәнібеков сынды арыстар да бар. «...«Қазақ» газетінің үшінші редакторы – Ж.Ә.Жәнібеков туралы қалың жұрт түгілі, оқығандар да аз біледі» дейді алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының өзі. Эльмира Ерікқызымен жаңа кітабы және мұхиттың арғы бетіндегі тағылымдама туралы аз-кем тілдескен едік. 

– Эльмира Ерікқызы, АҚШ-қа қандай оқу бағдарламасымен жол тарттыңыз? Ол жаққа барғандағы ең алғашқы әсер қандай болды?

– Біз Нью-Йоркке қаңтарда барып, енді-енді орналаса бастағанда елмен байланыс үзілді. Жүрегіміз ауырып, «елдің жайы қалай болмақ?» деп алаңдап қалғанымыз да рас. Осындай ауыр кезеңде елмен бірге бола алмағанымызға да еңсеміз түсіп кеткен-ді. Сондай сәтте біз тағылымдамадан өтуге барған Нью-Йорк Кино академиясының басшылығынан хат алдық. Онда NYFA (New York Film Academy) басшылығы елде болып жатқан жағдайға алаңдайтынын, Қазақстаннан келген студенттердің қандай да бір көмекке мұқтаж болып қалған жағдайда көмекке дайын екенін айтқан. Хат соңында әрқайсымызды құшақтап, бізбен бірге екенін де жеткізіпті.

Сабақ барысында да профессорларымыз да елдегі жағдайға байланысты жылы сөздерін айтып, көңілімізге демеу болды.

Нью-Йорк Кино академиясы бірнеше қабаттан тұратын үлкен ғимарат екен. Біз бас ғимаратында білім алып жүрміз. Арнайы құрал-жабдық қоймасы бар. Студенттік билетімізді көрсетіп, түсірілімге қажетті құралдарды емін-еркін пайдалана аламыз.

Біз мұнда «Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша бір жылға арналған тағылымдамадан өтіп жа­тырмыз. Ғылыми дәрежесі бар ЖОО қызметкерлеріне арналған санат. Тағылымдамаға арналған оқу бағдарламасымен «Болашаққа» құжаттарды өткізбей тұрып, таныстық. Көңілімізден шығып, жұмысымызға қажет болғандық­тан осы оқу орнын таңдадық. Біздің білім беру бағдарламамызда: Тележурналистика; ТВ бағдарламаларын әзірлеу; ТВ-дегі монтаждау; Продюссерлік деген бағыттар бар. Осы бағытта біз жаңаша білім алып, елге оралып, сол білімді өз шәкірттерімізбен бөлісеміз.

– Бір топта қазақстандықтардан өзге де елдердің студенттері бар ма?

– Біздің топта ЕҰУ-дан, ҚазҰУ-дан, Өнер академиясынан, Ұлттық арнадан әріптестеріміз бар. Одан өзге «журналистік зерттеу» бағытында ізденіп жүрген мәскеулік маман оқып жүр. Грекиядан, Кувейттен келген студенттермен де бірге дәріс тыңдаймыз. Арнайы тапсырма орындау барысында кәсіби дағдымызбен бөлісіп, тәжірибе алмасып бастадық. Қазір видео тапсырмалар көбірек беріп жүр. Деканымыз Билл өзінің Instagram парақшасында «Қазақстаннан келген журналистің жұмысы» деп мен орындаған  тапсырмамды бөлісіп қойыпты. Жалпы өзге елдермен салыстырғанда (біз өтіп жатқан тағылымдама бойынша) біздің мамандардың бәсеке көшіне қаймықпай ілесе алатынына көзіміз жетіп келеді. Иә, тәжірибе алмасу, білімді жетілдіру, көргенімізді тереңнен үйреніп, оны өз еліміздің оқу бағдарламасында қолдану – басты мақсат. Осы мақсат жолында бір жыл бойы ештеңеге алаңдамай оқу оқи беретін боламыз.

– Нью-Йорктегі өзге қазақтармен танысып, білісіп үлгердіңіздер ме?

– Күнкөріс қамымен келген қазақтар да біршама бар, олармен әлі жақын танысып үлгермедік. Сабақ барысында тапсырмалар береді, соны орындау барысында арнайы жолығамыз, олар туралы да видеолар түсіреміз деп ойлаймын. Ал мұнда оқу іздеп келген қазақтар көбірек-ау деп шамалаймын. Нью-Йоркте ағайын өзбектердің «Ташкент» деген екі супермаркеті бар екен. Ол дүкенде жұмыс істейтіндердің 90 пайызы өзбектер. «Нават» деген мейрамханалар желісі де бар. Әріптестерім тапсырма орындау барысында олармен сұхбаттасқан екен. Сонда «Қазақтар мықты. АҚШ-қа өзбектердің көпшілігі қызмет көрсету саласындағы жұмыс іздеп, ал қазақтар, негізінен білім іздеп келеді» деген екен. 

– Нью-Йорктен өзіміздің елге ойыссақ. Жақында ғана ғылыми монографияңыз жарық көрді...

– «Қазақ» газетіне басшылық жасаған Жанұзақ Жәнібеков те алаштықтардың есімдерімен қатар айтылуға лайық тұлға. Жанұзақ Жәнібековтің ұрпағы Маяш Сәлімқызымен университеттегі ұстаздарым таныстырды. Алаш арысының ұрпағы Маяш Сәлімқызы өзінің жеке фотомұрағатында сақталып келген Жанұзақ атасының бұдан 100 жылға таяу бұрын түскен суретін берді. 2012 жылы, мұрағаттан «Айна» кітабын тауып алып, алаштанушы-ғалым Дихан Қамзабекұлына қуанышым қойныма сыймай көрсеткенім есімде. Ол кісі менен өте қуанып: «Мен Петербургтағы мұрағаттан мынадай бір шумақ өлең кездестірдім, жазып алшы» деп, ішінде Жанұзақ деген бір ауыз сөзі бар өлеңді оқып берген еді. Иә, бұл монографияның ең басты ғылыми жаңалығы – мұрағаттан Алаш қаламгерінің 1908 жылы Қазан қаласында басылған «Айна» және осы қалада 1909 жылы жарық көрген «Балалар бәдуәмі» жинақтарының табылғаны. «Айна» – 24 беттен тұратын ағартушылық бағытта жазылған әдеби-публицистикалық еңбек.

АҚШ-қа тағылымдамадан өтуге құжат тапсырғанда Жанұзақ Жәнібековтің «Балаларыңызды келешек заман үшін үйретіңіздер. Осы заманымыз – келешек заманның айнасы» деген сөзін де назарға алдым. Біз болашақтың адамына дәріс оқимыз. Демек, сол болашақты студенттерден де жақынырақ тани, біле түсуіміз керек. Ол үлкен ізденісті, терең білімді қажет етеді. Бір жылға ғана созылады дегенімізбен де, сол бір жыл уақыт ішінде елдегі оқу үдерісіне, жаңашыл бағдарламалар түзуге қажетті білім негізін толық әрі жан-жақты сіңіріп үлгергіміз келеді.

– Ендеше сәттілік. Әңгімеңе рақмет!

Әңгімелескен

Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ

2055 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы