• Мәдениет
  • 27 Қаңтар, 2022

ӨНЕРДІҢ ӨЗ АДАМЫ

Ғасырлар көші қазақ халқының мәдени-рухани дәстүріне ерекше сын болғаны рас. Қазақ қоғамында қалыптасқан ұлы мәдениеті – сөз өнері, музыкасы, қолөнері, салт-дәстүрі, тілі, моральдық этикалық қалыбы бірер ұрпақтың көз алдында  кенжелеп  барып өркендеді.  
Шынайы өнердің  төлтумалықта өмір сүретін заңдылығын  жолға қою, сыртқа,  және әлемге танытуда үлкен еңбек сіңірген  ұлтжанды, озық ойлы, ерекше дарынды перзенттердің иығына түскені де белгілі. Олар өз биіктігінде көріне білді. Жақсы дәстүрді жалғастырғандардан кейінгі  толқынды сөз етсек, оның  алдыңғы қатарында біздің замандасымыз, танымы мен талғамы биік,  бейнелеу өнерінде өзінің қолтаңбасы бар, әсемдіктің әлеміне сүйіспеншілік сезіммен қарайтын   қылқалам шебері Тоққожа Қожағұловтың да үлесі  бар.  

Шығармашыл адам үшін негізгі нәрсе – өз дарынына деген тұрақтылық, жүректің ашықтығы мен батылдығы аса қажет. Оны сақтай біліп, өзгемен бөлісіп, шәкірттеріне үйрету – міне, суретші иығына салмақ салатын жауапкершілік жүгі де осындай. Суретші халықтың мәдени-рухани тағдырын терең біліп, зерделі сезініп танығанда, әрекетшіл мақсатпен ұштастырғанда ғана тұлғалығы жарқырай көрінеді. Мұндай қасиет пен сезімталдық қылқалам шеберінің тұла бойында ертерек қалыптасқаны анық. Оны біз Тоққожаның шығармашылығындағы кейіпкерлердің мерей-мәртебесін көтеретін ұлттық төлтумалық туындысынан айқын сеземіз. Бұл суретшінің өзіндік құнды ізденісінің игілікті жемісі десек артық болмас. Оның шығармашылығындағы танымал еңбектері – «Абай», «Жамбыл Жабаев», «Мұхтар Әуезов», «Мұқағали Мақатаев», «Ұлы дала дидары» және басқа туындылары көркемдік ерекшелігімен қашанда дараланып тұрады. Сонымен қатар автопортреттерінің де орны бір бөлек, бір әлем десек артық емес.

Суретші еңбегінде тұлғаларды салуда ерекше танымдықпен бейнелеуі ұлттық болмысымызды аша отырып, оның жан дүниесінің сырын, сондай-ақ халықтың мәдениетін таныта алады. Бұл Тоққожа Мұқажанұлының бойындағы құбылыс пен ізденіс. Ол өзінің өнердегі жолын Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтындағы көркемсурет-графика факультетіне түсуден бастап, әр туындасына арқау еткен. Шығармашылықтағы құштарлық осы жеткен межесінде тоқтап қалмай, білгені мен іс-тәжірибесін жастарға жеткізудегі өмір жолы мен негізгі ұстанымдарын айқындап та алды. Соның нәтижесінде суретші-педагогтің өнер әлеміндегі бағыты өзі білім алған жоғары оқу орнында жалғасып жатуы да зор мәртебе. Ұстаздық деген ұғымды ұлықтай білген Тоққожа педагогикалық жұмысқа белсене араласа жүріп, шығармашылық еңбектегі ізденісінен қол үзген емес. Қайта ізденіс жолын тауып, қайталанбас ­туындыларымен халықаралық байқаулар мен көрмелерге қатысуы да шынайы ­талант екенін мойындатқан. Сол жетістікте топтан озып, құрмет грамоталары мен дипломдармен марапатталса, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының ­лауреаты атануы бұған дәлел.

Тоққожа Қожағұлов суретшілік өнерімен қатар, білім ордасында тек студенттерге бейнелеудің қыры мен сырын үйретіп қана қоймай, бейнелеудегі шығармашылықты ­насихаттауды да ұштастыра білуі де ерекше қасиет. Өмір мен өнердің қатаң талабын жүрек сүзгісінен өткізіп, өзіндік даралықты шыңдауға шапағаты тиетін тағылымдарды ғана тал бойына сіңіре білуі шынайы өнер адамының өзіндік жазу стилін қалыптастырды. Онда қылқаламның өрнекті қимылын, портреттік лебізін, сұлу ырғақты бояу мәнерін таба білді. Қылқаламшының шығармашылық жұмысына қарап отырып, сәл ойлана бастасаңыз түсніксіз тілі әсте сөйлей бастайды да, соңында ол түсінікті болады. Оның туындысында аяулы арудың тартымдылығы, жастық жалын мен қылаусыз сезім, кейбіреулер жоғалтып алған, енді біреулерге арман болған арқа сүйер азаматтық бейнені көрсек, жыры мен сыры арқылы адасқанды жолға салатын даналардың ойы, халықтың мәдени-рухани өресін көтеретін шабыт, мерзімсіз өшкен тағдырдың телқоңыры, кәсіби талғам мен дарындылықты байқайсыз. Демек, ірі тұлға – өзінің белсенді және жемісті еңбектерімен қазақ бейнелеу өнерінің дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосқан шығармашыл, ғалым екенін байқау да қиын емес. Белгілі қылқалам шебері болумен қатар, портретист, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Тоққожа Мұқажанұлы өзінің жемісті шығармашылығын ғылыми-педагогикалық және әкімшілік қызметінде жетістікпен орындауы да қажырлы еңбек. Ол бейнелеу өнерін оқытудағы шығармашылықты танып білу бойынша көкейкесті мәселелерді баспасөз бетінде тұрақты жариялаумен қатар ұсыныс, пікірін де қосып отырады. Қожағұловтың барлық теориялық еңбектері тек философиялық, психологиялық ғылым үшін ғана емес, шығармашылық тәжірибе арқылы көркем педагогикалық еңбек жолының нәтижесі мен жемісін көруге болады. Сонымен қатар оқу-әдістемелік тәжірибесінің қорытындысы болып та табылады.

Шебер қай тілде «сөйлесе де» боялған дақпен, айқын сызықтарымен немесе өрнекпен, оны түсініп, оған еліктей отырып өз сезімізді білдіруге мүмкіндік алу-маңызды нәрсе. Әрқайсының өз құндылығымен дараланған көптеген тақырыптардағы картиналарды дүниеге әкелген Тоққожа Қожағұловтың шығармашылық шегі әлі де биіктерге өрлеп, қолтаңбасы еліміздің және шетелдердің мұражайлары мен галереясында жаңаша көріністерінің куәсі болатынына сеніміміз мол. Оның жұмыстарынан даму тегеуріні сан қырлы романтика, драма, реализмге дейінгі кейіпкерлердің алуан түрлі ғаламат көріністерді байқасақ, ол қашанда сонымен ерекшеленетін белгілі суретші екенін танимыз.

Білім мен өнердегі әріптесіміз, педагогика ғылымының кандидаты, профессор Тоққожа Мұқажанұлы өзі еңбек етіп отырған жоғары оқу орнында тәжірибелі ұстаз болумен қатар, қадірлі де құрметті тұлға ретінде танымал азамат. Оның бейнелеу өнеріндегі еңбегі еліміздің мәдениетін әлемге танытып жүргені де мақтан.

 Ұлы Хантәңірі етегінде дүниеге келіп, биік шыңның асқақтығын сезініп, алты ондықты артқа тастап, қанатын шыңдарға қаққан өнер иесінің жаңа туындылары қазақ елінің болашақ суретшілерін ­ынталандыратыны сөзсіз.

Зоя Рабилова,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дің дизайн кафедрасының меңгерушісі,

философия докторы

1562 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы