• Руханият
  • 27 Қаңтар, 2022

ҰЛТ ҮШІН ҰРАН БОЛҒАН ҮНДЕУ

Жиырмасыншы ғасырда халқымыз құрамында өмір сүрген патшалық пен Кеңес Одағы тұсында екі мәрте «Оян, қазақ!» ұраны көтерілген екен...
Міржақып Дулатовтың әйгілі «Оян, қазақ!» атты публицистикалық өлеңдер жинағы алғаш 1909 жылы шыққан-ды. Патша үкіметінің тыйым салғанына қарамастан қайта басылып, ел ішіне кең таралған еді. Өйткені кітапқа эпиграф боп басылған: «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты. Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп, Қазағым, енді жату жарамас-ты» деген шумағының өзі халықтың басына түскен ­ахуалды дәл аңғартып,  оқырманын отарлық езгіге қарсы күресуге шақырып тұрған-тұғын.
Патшалық заманда дүниеге келген осы туындының жарық көргеніне ­жиырма шақты жылға тақағанда, ақын Дулатов өзінің аталмыш кітабында көтерген мәселелер шешімін тапты деп санауға болатын кеңестік дәуірде қайтадан «Оян, қазақ!» ұраны көтерілді. Лағынет айтылып келген отар орнына халқымыз елдік туын көтерген кеңес заманында, Октябрь революциясы қазаққа азаттық әперді деп шаттана қол соғылатын жаңа заманда көтерілді.

Күрескер-ақын аузынан шыққан 1909 жылғы бұл ұранның 1929 жылы қайтадан ортаға тасталуына, жаңа кезеңге сәйкес жаңа нұсқасы пайда болуына жаңарған, өзгерген, халық көңілінен шыққандай көрінген, сөйтіп «қазаққа азаттық әперген» большевиктік биліктің қазақ тұрмысына Алашорданы тарқатып барып таңылғаннан бергі ұлт мүддесін елей бермейтін іс-әрекеттері себеп болған-тын. Ұран бұл жолы жеке ақынның емес, ұжымдық ақынның қарасөзбен саяси ахуалды тұжырымдаған ащы үнін бейнелеген түрде, халыққа қаратылған үндеу тұрпатында шықты. Кеңес өкіметінің солақай реформаларына ереуілдеп қарсылық көрсеткен жылдардың басында шықты.

Біз оның түпнұсқасымен емес, орысшаға тәржімеленген нұсқасымен ғана таныса алдық. Орысша нұсқа Біріккен мемлекеттік саяси бас­қар­маның Қазақстандағы толық өкілетті өкілдігі 1930–1932 жылдары жүргізген №2370 істің алғашқы бет­теріне тігілген екен. Машинкаға басылған екі беттік орыс тіліндегі мәтін. Алғашқы парақтың шекесіне «аударма» деп жазылған (түпнұсқасы кезікпегендіктен де, біз мәтінді кері аударып келтірмекпіз). Тақырыбы «Көтер, қазақ, басыңды! ­(немесе – оян, қазақ!)» деп аталған көрінеді. Үндеу шағын-шағын алты тармаққа жүйелеп жазылыпты.

Алғашқы тарауша «Қазан төңкерісі жасалған күннен және ұлттарға өзін-өзі билеу құқы берілгеннен бері – он бір жыл болды» деп басталады. Одан әрі өз тағдырын өзі айқындаған ұлттардың бірі қазақ екенін, оның көрінісі «қазақтың автономиялы республикасы» болып табылатынан айта келіп, «бірақ іс жүзінде айтарлықтай өзін-өзі басқару жоқ» деп үзілді-кесілді түйеді. Содан соң оның себебін атайды. Себебі республика жарияланып, революциялық жаңа өкімет құрылғалы бері оны «орыс қарақшылары басқарып отыр» дейді. Олар «қазақ халқын мәдениет және экономика тұрғысынан езіп-жаншуға түсіре отырып, өз саясатын жүргізуді мақсат еткен» деп әшкерелейді. Бұл әшкере-байламы «озық ойлы орыс авантюрист-қарақшыларының қазақ жер-суында қоныстанып отырған фактімен расталады» деген қорытынды тәрізді түйінмен үндеудің бірінші үзігін тиянақтайды.

Екінші тармақта елді ауыр салық-салғырттарымен қысқан олар «әлемдік революцияның негізі, аван­гарды болуды мақсат ете отырып, Қазақстанда халықтың азық дақылдарын сығып-сорып алуды көздейтін науқандар жүргізуде» деп, тағылған айыпты үстемелей түседі. Сөйдейді де: «Қазан (Октябрь) ре­волю­циясының нәтижесінде жеңіп алған құқтарынан орыс қарақшылары айырған, езілуден көз ашпаған қазақ халқы үшін ашқарақ арамтамақтарға астық берудің ешқандай мәні жоқ, – деп бір шегелеп қояды да, – өйткені бұл саясат қарақшылар мен авантюристерден шығып отыр» деген түсінік-түйін жасайды.

Үндеудің үшінші бөлімшесінде тұжырымдалмақ «Қазақстанның езгі астында болуының басқа себебін» атау алдында: «Қазақ еңбекші жұрты өзіне ­керек заң жобаларын өзі жасап алып па еді?» деген сауал қойып, оған: «Әрине, жоқ!» деп жауап беріп алады. Сосын патшалық кезіндегі езілу мен қаналудың кеңес дәуірінде жаңаша жалғасуының сырын, яғни «езгіде болуының басқа себебін»: «Осы еуропалық қарақшылар мен авантюристер қазақ халқының өз тағдырын өзі айқындау хақындағы құқтарын аяққа таптап келе» жатқанымен түсіндіреді.

Төртінші тараушада: «Қазақ жастарын оқу орындарында тәрбиелеу оны орыс мәдениеті ықпалына бағындыру принципіне негізделген» деген ой айтады. Сондай тәртіппен жүргізулі оқу-тәрбие жұмысы нәтижесінде: «Орыс авантюристері қазақ халқын алдап, жастарды мәдени дамудың соңында, артқа қалдырып келеді» дейді. Қыз-жігіттерге: «Қазақ жастары, біздің ұлттық принципімізді ұмытпаған жөн» деп тікелей үндеу арнайды. «Бізді орыс авантюристері бастап келе жатқан жолдан шығайық! Шығыңдар!» деп шақырады.

Бесінші тармақшада республикада көтерілген жергіліктілендіру (коренизация) науқанының астарын ашады. «Саналы қазақ қызметкерлерін өз қоластына алу үшін еуропалық авантюристер ортаға «қазақтандыру» деген жалған ұран тастады, – дейді, – бірақ іс жүзінде сол ұрандарын жүзеге асырмады да, мекемелерді орыстарға толтыра берді. Қазақ халқының мыңдаған тілектерінің ішінен тым болмаса біреуі орындалды ма екен, қайда ол» деп шарасыздана сұрайды.

Үндеудің соңғы, алтыншы бөлігін жер мәселесіне арнапты. ­«Николай патшаның саясаты салдарынан өз жер-суынан қуылып, таулар мен ормандарға, шөлейттерге ығысуға мәжбүр болған қазақ халқы Қазан ­(Октябрь) төңкерісінен кейін бұрынғы реніш-өкпесін ұмытудан үміттенген еді, делінген үндеуде, – алайда халық бүгінде патша кезіндегіден де нашар ахуалға түсіп қалған боп шықты. Бұл мәселеде қазақ халқы еш­қандай да теңқұқықтылық алған жоқ».

Осы тұжырымның артына: ­«Деректер мынаны айтады» деп, 1920 жылы қазақтың кеңестік автономиясын жариялаған Құрылтайшы съездің мазмұнына өз ұғымымен шегініс жасайды: «Авантюрист-қарақшылардың Қазақстанның батысында шақырған Советтер съезінде қазақтар ешқашан орыстарсыз мәдени өркендей алмайды деген ой айтылды. Сондықтан да Қазақстанға жері жоқ орыстарды көшіріп әкеп қоныстандыру керек және олардың пайдалануына шұрайлы қазақ жерлерін табыстау керек деп тапты. Бұл орыс авантюристері саясатындағы негізгі мәселелердің бірі боп табылады».

Шағын үндеуге сыйғызған осылардай күрделі ойлардан кейін үндеу авторлары: «Осындай қорлауларды есте тұта отырып, «Саналы Алты Алаш» өкілдері орыс авантюристеріне және оларға сатылған қазақ халқының опасыздарына қарсы ашық саяси күреске шығуға шақырады» деп жазыпты. Бұдан үндеуді жазған ұйымның аты «Саналы Алты Алаш» екенін аңғаруға болады. Одан әрі: «Әділ «Алаш» ұйымының бірлігі жасасын!» деген терең мағыналы ұран келтірілген. Ыңғайы, «Саналы Алты Алаш» – «Алаш» ұйымы деген атаумен біріктірілген болса керек. Одан әрі: «Қанқұйлы орыс авантюристеріне – қой терісін жамылған қасқырларға өлім келсін!» деген қарғыс іспетті ұран-мәтін түсіріліпті де, үндеу «Қазақ әлеуметінің бірлігі жасасын! «Қазақшылдар» ұйымы жасасын!» деген ұрандармен аяқталыпты. Үндеуге «Қазақшылдар» ұйымы» деген қол қойылған. Шымкент қаласында жазылғаны көрсетілген.

Сонымен, «Саналы Алты Алаш» – «Алаш» ұйымы қандай ұйым? «Қазақшылдар» ше? Тергеуге алынған «ұлтшылдардың» қайсысының оған қандай қатысы бар? №2370 іс томдарынан біз бұл сұраққа жауап таппадық. Бәлкім, іс қатталғалы бергі сексен жыл ішінде тергеу материалдары бірнеше рет сұрыпталып, қайта тігіліп отырғандықтан, оған қатысты бірлі-жарым парақ мардымды дерегі болмағандықтан елеусіз түсіп қалған шығар? Солай болуы да ықтимал. Есесіне, №011494 істің 3-ші томынан қызық мағлұмат кезікті.

Біз тілге тиек етіп отырған үндеу­дің бір данасы 1929 жылдың жазында тұтқындалған әдебиетші Әбдірахман Байділдиннің жеке архивінде сақталған екен. ОГПУ тергеушісі, әрине, мұның жай-жапсарын сұрас­тырады. Сонда, 1929 жылғы 6 шілдеде жүргізілген қосымша тергеуде, тұтқын Байділдин: «Маған көрсетілген, «Басыңды көтер, қазақ!» ­деген сөздермен басталатын құжатты маған БК(б)П Сырдария округтік комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Жамбылов берген­ ­болатын» деп көрсетеді. Ағарту ­саласы қызметкерлері кәсіподағының республикалық комитетін басқаратын төраға ретінде Шымкентке іссапарға барғанында, шамасы, окружкомның бөлім бастығымен арасында жылы әңгіме-дүкен болса керек. ­Сонда «ол маған Шымкентте осы үндеуді көшелерде көрнекті жерлерге жапсырып жүрген астыртын топ ашылғанын айтып берген еді» деді тұтқын. Үндеудің өз қолына қалай өткенін былай аян етті: «Мен одан үндеудің көшірмесін маған беруін сұрадым, сонда ол оны маған берген-тін». Не үшін сұрап алған? Неменеге сақтап қойды екен? «Менің үндеуді өзімде сақтаған себебім – жазуды ойластырып жүрген өзімнің кітабыма материал ретінде пайдаланғым келген, сол тұста сондай мақсатым болған еді».

Бұл көрсетуге қарағанда, 1928 жылдың соңына қарай, әлде 1929 жылдың бастапқы айларында «Көтер, қазақ, басыңды! (немесе – оян, қазақ!)» үндеуі дүниеге келген де, оны тарату ісі жүрген (бәлкім, арнайы шабармандармен жан-жаққа да жіберілген болар, анығы – арнайы топ Сырдария округінің орталығы Шымкент шаһарының көпшілік жүретін орындарына жапсырып-ілумен шұғылданған). Бұл әрекетті жасаушылар, сөз жоқ, жергілікті құпия қызмет тарапынан әшкереленді. Оған, Байділдиннің көрсетуінен аңғарылатындай, округтің партиялық билігі де өз сөзін айтты. Әрине, құқық қорғау органдары тиісті шараларын қолданғанына күмән жоқ. Демек, респрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялар осы ретте облыстық мұрағаттарда мақсатты түрде іздестіру жұмыстарын жүргізсе оңды болар еді.

1929 жылдың күзінен өкіметтің солақай реформаларына қарсылық ретінде республикада халық ереуілдері басталғаны мәлім. Жоғарыда аталған үндеудің мазмұны көтерілісшілердің ұйысуына белгілі бір дәрежеде әсер етуі ықтимал ғой. Қалай болғанда да, Жүсіпбек Аймауытовтың 60-шы жылдары ақталмауына оның «арнайы үндеу жазу арқылы Созақ көтерілісіне қатысы болғандығы себеп болды» деген сөз жұртшылық ішінде көптен айтылатын. Бірақ ОГПУ тергеушілерінің хаттаған тергеу материалдарында ол жайында ештеңе көрінбеді. Мүмкін әлдеқандай із жергілікті архивтерде сақталған шығар. Сарысу – Созақ көтерілісі болған Сырдария округі кейін екі облысқа: Сарысу ауданы – Жамбыл, Созақ ауданы – Шымкент (Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Тұркістан) облыстарына бөлініп кеткені мәлім. Ендеше аймақтық комиссиялар мақсатты іздеу жұмыстарын жүргізе отырып, үндеу авторларын анықтауға, оларға («Қазақшылдар» ұйымы мен оның мүшелеріне, үндеуді таратумен шұғылданғандарға) қандай шаралар қолданылғанын жергілікті билік тармақтары құжаттарын мұқият зерттеу арқылы анықтай келе елеулі іс тындырып, кеңес заманындағы ұлт-азаттық қозғалыс шындығын ашуды тілейтін осы мәселеде шешуші рөл атқара алады...

Кеңестік тарихнамада 30-шы жылдарғы «бандылар қозғалысы» деп таңбаланған халық көтерілістері тарихын терең зерттеген тарихшы-ғалым, Ғылым академиясының құрметті мүшесі Талас Омарбеков 1997 жылы шыққан «20–30-жылдардағы Қазақстан қасіреті» кітабында «1929–1931 жылдары Қазақстанда 372 рет шаруалардың бұқаралық бас көтерулері» болғанын, бұл қарсылық ереуілдерінің іс жүзінде «қазақ шаруаларының ұлт-азаттық қозғалысы» болғанын құпия қызмет мағлұматтары мен тарихи деректерді молынан келтіре отырып дәлелдейді. Республикамыздың әр өңірінде бұрқ-бұрқ тұтанған ірі 15 көтерілісті талдап, түрлі репрессиялық шараға тартылғандардың санын келтіреді.

Көтеріліске байланысты қуғын-сүргінге ұшыратылғандардың басым көпшілігі советтік ұғым анықтаған «бандылық құрылымдарда» болғандықтан, 1993 жылғы 14 сәуірде қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңның 6-шы бабында ескерілген «қарулы бандыларды ұйымдастыру және олар жасаған кiсi өлтiрулерге, басқа күштеу әрекеттерiне қатысу» тұжырымдалған тармақ тұрғысынан ақтауға жатқызылмаған болатын.

Бүгінгі таңдағы міндет – қарсылық шараларына қатысқандардың «бандылар» емес, ұлт азаттығы жолындағы көтерілісшілер екенін, қозғалыстарының мәні «Қазақшылдар» ұйымының сол 1929 жылы туған «Көтер, қазақ, басыңды! (Оян, қазақ!)» үндеуінде тұжырымдалғанын байыппен талдап, сараптау. Сөйтіп, тоқсан жылдан астам уақыт бойы бұрмаланып келе жатқан қозғалысты өз атымен атауға қол жеткізу және 30-шы жылдарғы көтерілісшілер хақында тарихи әділеттің орнауына атсалысу, олардың нағыз тәуелсіздік күрескерлері, халық батырлары екендік­терін мойындау болып табылады.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымының

кандидаты, Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік

комиссия мүшесі

1137 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы