• Әдебиет
  • 27 Қаңтар, 2022

ҚАРТ ПРОФЕССОРДЫҢ ҚАЗАСЫ (новелла)

Нұрғали ОРАЗ

Қарт профессор түнде бір қызық түс көрді. Түсінде оған бәз-баяғы Алаш қайраткерлері аян берген екен-ау дейді.
Иә-ә... 
Олар бір қаракүңгірт вагонның ішінде отырғанға ұқсайды.
Әлекең – Әлихан Бөкейхан темір торлы терезеден сыртқа үңіле қарап: «Біз өз мақсатымызға жете алмадық» деп ауыр күрсінеді.
«Е-еһ! - Қараңғы бұрыштан және бір дауыс естілгендей болады. –Амал нешік... Біздің мақсат – Ұлы мақсат еді. Жер-жаһандағы ең алдыңғы қатарлы елдермен тең болсақ деп едік. Дербес мемлекет құруға талпынып ек...»
«Жә, жә, таусылмаңдар. Үміт үзбеңдер!»
Қаракүңгірт вагонның тағы бір бұрышынан Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы шыға келді. Тұп-тура тірі күніндегідей. (Жо-жо... Біз Ахаңды көрген жоқпыз ғой.)
Дегенмен... Басында папахасы. Көзінде жылтыраған пенснесі. Үстінде қаракөл жағалы қалың пальтосы бар. Дәлме-дәл осы күнгі кітаптарда басылып жүрген суреттегі кейпі.

«Ұлылық, нақтылап айтқанда, Ұлы мақсат өлмейді. Оны біз келер ұрпаққа аманат етіп қалдырамыз» дейді Ахаң.

Осы сәтте профессор оянып кетті. Ал-л... Содан Ахаңның даусы құлағының түбінде ап-анық боп жаңғырып қалды да қойды.

Күні бойы осы бір түстің әсерінен арыла алмай, мең-зең болып, өз-өзіне келе алмай жүрді.

Түске дейін созылған ғылыми-интерактивті конференцияда ұйқысы қанбаған адамдай көзін жұмып, қалың ойға батып отырды. Әріптестері оны қалғып кетті екен деп ойлап, бір-бірін шынтағымен түртіп, езу тартып, жымыңдасып қалды.

Қарт профессорға іштей аяушылық танытқандар да болды.

«Қайран Қайрекең қартайды ғой, –десті олар. – Сексеннің сеңгіріне шығып, тоқсанның шыңына өрлеу оңай ғой дейсіз бе?..»

Әдеттегісінше түс ауа, сағат үштің кезінде ішілетін кафедрадағы шай үстінде де профессордың қабағы ашылмады. Өзі үйінен пісіріп әкелген тәтті-дәмділерді ортаға жайып қойып, сүт қатқан қою шай құйып беріп отыратын ақ көңіл хатшы келіншектің: «Қайыр аға, шайыңыз суып қалды ғой. Қане, жаңалап құяйын» дегеніне де қарамастан, алдындағы кесенің аузын алақанымен жауып, ернін жыбырлатып қана рақмет айтты.

Оның мынадай қоңылтақсыған көңіл күйіне кафедра меңгерушісі де алаңдап: «Қайреке, бүгін өзі, қас қылғандай, соңғы сабақ сіздікі екен. Егер мазаңыз болмай отырса, осындағы жас жігіттердің біреуіне тапсыра салайық» деген-ді.

Бірақ оған да қарт профессор басын шайқап, келіспеді. Өз ойына өзі шырмалып: «Аманат, – деп күбірледі ішінен. – Ахаңның аманаты... Мен ол түсті, сірә, жайдан жай көрмеген болармын...»

Түскі тамақтан кейінгі тегін шайдың үстінде өзара қауқылдасып, қалжыңдасып қалатын әріптестеріне де қарт профессордың бүгінгі көңіл күйі әсер еткен секілді. Бір-екі кеседен соң-ақ бірі сабақ кестесін қараған болып, енді бірі темекі тартқысы келіп, үстел басынан тұрып кетіп жатты.

Соңғы сабақ төменгі қабатта, жартылай жертөле іспетті қаракүңгірт ­аудиторияда өтетін-ді. Терезесіне сырт жағынан темір тор тұтылған үлкен бөлме қарт профессордың есіне түндегі түсінде көрген вагонды салды.

«Иә-ә. Мен қазір жастарға Ахаңның аманатын жеткізуім керек, – деп түйді ол ішінен. – Ал-л... бүгінгі тақырып, қалай еді өзі?! Ә-ә, иә, иә. «Қазақ баспасөзінің тарихы» екен-ау. Оны енді, сәл кейінге қалдыра тұрармыз...».

Соңғы сабақта, әрине, студенттердің ынта-ықыласы ескі құдықтың суы секілді сарқыла бастайды. Әйтсе де, өзі ойға алған еркін тақырыптың бүгін оларды жалықтыра қоймасына профессор бек сенімді еді.

Сондықтан да лекцияны бастамас бұрын:

– Балалар, мен әдеттегі тақырыптан ауытқып, өздеріңмен емін-еркін әңгіме өткізсем бе деймін, – деп езу тартты. – Оған қалай қарайсыңдар? Қарсы емессіңдер ме?

Студенттер қарт ұстаздың бұл ұсы­нысын қызық көргендей бір-біріне қарап жымиып, бірден үн қата қоймады. Тек арт жақтағы партада отырған етжеңді, басқалардан жасы үлкендеу жігіт қана иығын қомдап, жан-жағына көзін сүзе қарап:

– Жоқ, ағай. Қай тақырыпта лекция оқимын десеңіз де, өз еркіңізде ғой, – деп батылдау жауап қатты.

– Ім-м... Олай болса, – деді профессор өзіне бір аса жауапты міндет алып тұрғандай көңілі толқып. – Мен әңгімемді бастайын. Ал сендер оны қажет деп тапсаңдар тыңдаңдар, қажет деп таппасаңдар, менен рұқсат сұрамай-ақ, үн-түнсіз аудиториядан шығып жүре берулеріңе болады. Оған мен ренжімеймін. Өйткені бұл еркін сабақ.

Студенттер тағы да бір-біріне қарап, «осы ағай шын айтып отыр ма» дегендей таңырқап қалды. Бірақ ешқайсысы орнынан қозғалған жоқ.

– Бүгін мен сендерге Алаш қайрат­керлері туралы айтпақпын, – деді профессор сөзін жалғап, бір жөткірініп алып. – Нақтысына көшсек, әңгіме олардың алға қойған Ұлы мақсаты жайында болмақ...

Осыдан соң ол өз ойы мен қиялының жетегіне еріп, аудиториядан бірте-бірте алыстай бергендей күй кешті. Түндегі түсінде көрген қаракүңгірт вагонның ішіне жарық сәуле түсіп, ондағы Алаш қайраткерлерінің бейнесі айқындала, анықтала түскендей таңғажайып әсерге бөленді.

Қарт профессор олардың елді бодан­дық құрсауынан құтқарып, өз алдына жеке мемлекет құрмақ болғанын және ол мемлекеттің қуатты, өркениетті, әлемдегі ең алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі болатынына күмән келтірмегенін айтқан кезде көңілі толқып, даусы дірілдеп кетті. Көзінің алды бұлдырап, теңіз секілді бір тұңғиық тереңге батып, тұншығып бара жатқандай сезінді өзін.

Кенет ауа жұтқысы келгендей кідіріп, сәл тыныстап, өзін тыңдап отырған студенттерге зер салып еді... үлкен аудиторияның үштен бір бөлігі босап қалғанын көрді.

«Апыр-ай, – деді ол іштей бос парталарға таңырқай қарап. – Бұлар қайда кеткен?..»

Көшкен елдің жұртындай құлазып қалған парталар қарт профессордың көңілін тағы да бейжай етті.

Сонсоң өз-өзінен ақталғандай болып: «Ә-ә, иә... иә... оларға өзім рұқсат берген екем ғой» деп білінер-білінбес қана басын шұлғыды.

Әйтсе де, «бүгінгі жастарға бұл әңгіменің мүлде керек болмағаны ма» деген күдік көңілінде ұялап қала берді.

«Бірақ аяғына дейін жеткізуім керек, – деп ойлады профессор. – Шынтуайтына келгенде, олардың оннан бірі, тіпті жүзден бірі түсінсе де жеткілікті емес пе».

Сөйтті де, түсінде көрген қаракүңгірт вагонды тағы да есіне алып:

– Олардың мақсаты – Ұлы мақсат еді, – деп жалғады әңгімесін. – ­Алайда оған жете алмады. Шындығында, большевиктер жеткізбеді. Алаш арыс­тары Ұлы мақсат жолында құрбан болды. Бірақ олар кеудесін оққа тосып тұрып та келешектен үміт үзген жоқ. Біз жетпегенімізбен, келер ұрпақ жетеді деп сенді...

Қарт профессордың көзі жасаурады. Енді болмаса, іштегі бір ыстық шер тасыған судай лақ етіп ақтарыла жөнелетін секілді.

Ол аз-кем үзіліс жасап, тамағын кенеп, көз жасын іркіп, өзінің ұстаздық этикадан аттап кете жаздағанын сезіп, кібіртіктеп қалды.

Сонсоң қалтасынан аппақ беторамалын алып, көзәйнегін сүрткен болып, көзін де бір сипап өтті. Өзін соншалықты толғандырған осы бір әңгіме өзгелерге, яки студенттерге қалай әсер етті екен деп, аудиторияға қарап еді, алдыңғы партада отырған үш-төрт қыздан басқа ешкім қалмапты. Және олардың біреуі қарт профессордың әңгімесіне мүлде құлақ түрместен, алдындағы кітапқа ауық-ауық үңіліп, әлденені зырылдатып көшіріп алып жатыр екен. (Сірә, ертеңгі болатын пәннен берілген тапсырмалардың бірі болар-ау.)

Әй... тоқта, тоқта! Әлгі қыздың жауырынын паналап, кейінгі партада және бір жігіт етбетінен түсіп ұйықтап жатқанға ұқсайды. «Бәрекелде-е, сендердің бүйтіп тыңдағандарыңа...»

Профессор тез есін жиып:

– Ал-л, балалар, бүгінгі сабағымыз осымен бітті, – деп қысқа ғана қайырды.

Қыздар орындарынан тұрып, алда­рын­дағы кітап-дәптерлерін жинап, сөм­келеріне сала бастады. Олардың таса­сындағы әлгі маубас та оянды. Осы сәтте:

– Сендер өзі, бірдеме түсіндіңдер ме? – деп қалды профессор еріксіз.

Даусында бір кекесін бар еді. Қыз­дардың көзі дөп-дөңгелек боп, «түсін­бесек, не үшін отырмыз» дегендей таңданып қалды.

Сол сәтте екі қолын керіп-созып, әлі де маужырап отырған әлгі маубас басын бір сілкіп қойып:

– Неге түсінбейік, ағай, түсіндік қой, – деді. –Бірақ оның бәрі ертегі сияқты...

– Неге?

Профессор студентке тіксіне қарады.

– Өйткені... – Ол профессормен сөз таластыра кетер ме екен деп, өзіне үрке қараған қыздарға бір көз салып өтті. – Олардың рухы мүлде сезілмейді.

Қарт профессор ойланып қалды.

– Меніңше, сіздер бүгінгі әлсіз рухты кешегі тарихтың қалқанымен қорғамақ боласыздар, – деді студент. – Бұл әншейін...

– Жо-жоқ, – қарт профессор оның сөзін бөліп жіберді. – Оларды біз жетпіс жыл... жетпіс жыл бойы еске алмадық. Тіпті мүлде ұмытуға айналып едік. Кейін өз Тәуелсіздігімізге қолымыз жеткенде ғана шындық айтыла бастады. Жетпіс жыл бойы адасқан, тоналған, күштілерге кіріптар болған керуен екенімізге көзіміз жетті. Ғайыптан тайып, күніміз оңынан туып, өз жолымызға оралдық. Керуен кейін бұрылды...

– Иә-ә, көріп келеміз, – «маубас» студент мырс ете қалды. –«Керуен кері айналса, ақсақ түйе алға шығады» екен.

Қарт профессор енді сөзден тосылды. Ол мынау «маубастың» нені меңзеп тұрғанын жақсы түсінді.

«Керуен кері айналса... ақсақ түйе... алға шығады» дейді. Қарай гөр!..

Әйтсе де, осы бір сөз оның көз алдына бүгінгі күннің картинасын ап-анық елестетіп өткендей болды.

Шетелден тауар әкеле жатқан алыпсатарлар және олардың жолын тосып, қарақшылар секілді «өз үлесін» қармап қалатын қай-қайдағы бір топтар және бәрін жоғарыдан бақылап, байлыққа белшесінен батып отыратын жемқорлар, тағысын тағылар...

Соның есебінен елдің қабырғасын қайыстырып, жүз есе, тіпті мың есе қымбаттап жатқан заттар...

«Е-еһ!..» Қарт профессор өзінің қалай күрсінгенін өзі де байқамай қалды. «Елді ойласа нетті... Алаш қайраткерлері арман еткен Ұлы мақсатқа қашан, қалай жетеміз?..»

Осындай бір ауыр сұрақтар оның кеудесін төс балғамен ұрғандай тесіп жібере жаздады.

Сонда да, ұстаздақ этикадан алшақ­тамай:

– ...Көш жүре түзеледі деген, – деп қысқа ғана қайырды.

– Сау болыңыз, ағай!

Әлгі студент өкшесін еденге қадай басып, сарт-сұрт етіп шыға жөнелді.

Одан соң:

– Ағай, біз де кете берсек бола ма, – деді қыздар профессорға жалтақтай қарап.

Ол басын изеп, қинала езу тартты. Студент қыздардың көзі әлдеқандай бір қауіптің сыбысын сезген еліктің жанарындай жаутаңдап тұр еді.

Олар кеткен соң профессор өзімен-өзі ой кешіп, қаракөлеңке аудиторияда сүт пісірімдей уақыт отырды. «Бүгінгі әңгіме соншалықты қызықсыз болғаны ма?» деген ой мазалады оны.

Әлдеқайдан, темір торлы терезенің ашық қалған бір тұсынан сұп-суық жел ескендей болды.

Ол орнынан тұрып, өзі отырған орындықтың арқалығына іле салған плащын киіп жатып: «Түндегі... түсімде көрген вагонның ішінде де осындай бір суық жел азынап тұрды ма екен» деп ойлады.

Ақырын басып сыртқа шыққанда таңертеңнен бері түнеріп, түйіліп тұрған қарасұр бұлттың әлі жаумағанын, қара­ша­ның дымқыл күзі әлі де болса май тоң­ғысыз жылы екенін көріп, таңданып қалды.

Оның үйі университеттің бас ғима­ратынан бір аялдама ғана жоғарыда, Абылай хан даңғылы мен Шевченко көшелерінің қиылысында еді. Әдетте жұмысқа келерде қарт профессор төмен қарай жаяу түсе салатын-ды. Ал қайтарда, бір аялдама болса да, троллейбусқа мінетін. Себебі өрге қарай жүру қарт кісіге қиын соғушы еді.

Бірақ ол бүгін үйіне жаяу қайтпақ болды. Жаңағы қаракүңгірт ­аудиторияда жабысқан қорғасындай ауыр ойлар көше бойлап жүрген сайын сейілетіндей көрінді.

«Апыр-ау, – деді ол өзімен-өзі сыр­лас­қандай күбірлеп. –«Керуен кері айналғанда, ақсақ түйе алға шығады» дейді. Сонда оның... сонда оның Тәуел­сіздікке күмән келтіргені ме? Жо-о-жо-о...»

Кенет оның басына бір қызық ой келді.

«Өйдөйт деген-ау, тәуелсіздік болмаса, еркіндік болмаса, мен бүгін сендерге бұл әңгімені айта алар ма ем?! Жо-жоқ. Қай-қайдағы бір партиялық баспасөздің құрып қалғыр тарихын мыже-е-еп тұрар ем-ау. Сендер де бүйтіп, емін-еркін аудиториядан шығып жүре бермес едіңдер...»

Осы сәтте таяқ тастам жерден шыққан ащы дауыс қарт профессордың құлағын жарып жібере жаздады. Селк ете түсіп, жалт қарағанда көргені, қара жерді ойып жіберердей дүрсілдеп келе жатқан қып-қызыл трамвай тым-тым жақындап қалған екен.

Байғұс қарт қалбалақтап ары өтіп те, кері шегініп те үлгермеді. Қас-қағым сәтте алты басты айдаһардың ып-ыстық күлімсі деміндей бір дүлей күш оны жел ұшырған қалпақтай домалатып жіберді. Басы рельс төселген жып-жылтыр малта тастарға тиіп, жаңғақ секілді шырт етіп жарылғандай болды...

Аялдамада тұрған кісілер шу ете түсті. Жаяу жүргіншілерге арналған светофордың қызыл шамына байқамай, екпіндеп келе жатқан трамвайдың алдын кес-кестеп өте берген қарт кісі көз алдарында қанға боялып, бүк түсіп жатты. Әйелдер шыңғырып, еркектер ішегін тартып, алғашында не істерін білмей қалғанымен, артынша бірнеше адам жүгіріп келіп, әлгі жерді қоршай алды.

Табанынан от шашып, сырғанап барып тоқтаған трамвайдың шойын доңғалақтарының астынан бұрқ етіп шыққан қап-қара түтін маңайға тез ­жайылып бара жатты...

Әп-сәтте мынау дүниедегі көрер жарығы таусылып, қимылсыз қалған қарт кісінің кім екенін, қандай оймен келе жатып қаза тапқанын ешкім білген де, сезген де жоқ.

 

1402 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы