• Әдебиет
  • 27 Қаңтар, 2022

АСҚАРОВТЫ ҚҰТҚАРҒАН АҚАЕВ ЕКЕН

Мынау дүние-дүрмекте бәйге атындай қалың топтан оза шабу екінің бірі дейтін қаламгердің де қолынан келе бермейді. Яғни шығармашылық биіктік оңай беріле салмайды. Қалам азабына шыдаған жанкешті жандар ғана бағындыра алады. Кәсіби журналист-жазушы Көлбай Адырбекұлы сондай қаламгердің бірі әрі бірегейі. Сонысымен де елге сыйлы, көпшілікке құрметті. Оның «Казахское дело» тақырыбымен туындаған қаншама тұлғалардың тағдыр жолы жұрттың іздеп жүріп оқитын шығармасына айналды. Солардың бәрі де шындығымен құнды дүниелер. 

«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»

НЕГЕ «ҚАЗАҚ ІСІ» ЕМЕС?

Осыдан жиырма жылдай бұрын Көлбайдың халықаралық «Түркістан» газетінде «Авторлық бағдарлама» айдарымен тұтас екі, кейде тіпті төрт, бес бетті қамтып, «Казахское дело» деген тақырыппен жарияланған зерттеу мақалалары жұртшылықтың ерекше назарын аударып, ықыласын туғызды. Өйткені бұл Горбачевтің «қайта құру», «жариялылық» деп жарияға жар салған жалған демократиясының пәрменімен Қазақстан басшылығына келген Колбин мен Меңдібаевтың желтоқсаншылар мен зиялыларды жазалаудағы ащы шындығын ашқан бірден-бір туындылар. Жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, тергеуге алынған, сотталған, кейіннен ақталып шыққан қазақтың игі жақсылары, тұлғалары, студент және жұмысшы жастары туралы архив деректеріне сүйеніп, ұзақ жылдар бойы жазылған алғашқы сериялы мақалалар топтамасы болатын.

– Көлеке, «Казахское дело» неге «Қазақ ісі» емес?

– Иә, зерттеу еңбегімнің атын «Қазақ ісі» десем де, болатын еді. Бірақ онда тақырып табиғаты ашылмай қалатынын білдім. Ал «Казахское дело» – кеңестік дәуір тарихында өшпестей із қалдырды. Осы атаудан сол кездегі биліктің зорлық-зомбылығы, шовинистік пиғыл-әрекеті, орыс тілінің еңсені басқан үстемдігі тұтастай көрініп тұрды. Кезінде КСРО Бас прокуратурасының аса маңызды қылмыстық істер жөніндегі бөлім бастығы, генерал Владимир Калиниченко да «Литературная газетаға» «Казахское делоны» жүзеге асыра алмадық деп өкінішпен сұхбат бергені бар. Ол 1983 жылы тергеушілер Тельман Гдлян мен Николай Иванов жүргізген «Узбекское делоға» қатысып, мол тәжірибе жинаған. Олардың мақсаты Орта Азиядағы осы екі республиканың басшыларын тұқыртып, халқын рухани тұрғыдан басып тастау керек болды.

Иә, рас. Қазақ халқы басқа түскен бұл ауыр сынақты да көтеріп алды. КОКП ОК Бас хатшысы Михайл ­Горбачев ең алдымен Дінмұхамед Қонаев пен ­Асанбай Асқаровты «Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырды, қаражат ­жинап, студенттерді алаңға алып шықты» деп айыптады. Оны дәлелдей алмаған соң «ішіп қойды, жеп қойды» деп кінә таққан. Тергеушілері жалған куәлер тауып, жазықсыз жалаларды қолдан ұйымдастырды. Асқаровтың Мәскеудегі тергеу ісі табандатқан төрт жыл бойына жүргізілді. Ал Бішкектегі сот қарау ісі 17 айға созылды. Мұндай сорақылық әлемдік сот тарихында бұрын-соңды болған емес.

Мәскеуліктер қолқа салған қырғыз ағайын­дардың судьялары: «Біздің Асқаровтай жазықсыз бауырымызды соттауға ар-ұятымыз бармайды» деп жон арқасын көрсеткен. Одақтық Бас прокура­тураның қызметкерлері Қырғыз республикасы Жоғары Сотының мүшесі, ­судья Найла Ибрагимоваға «саяжай, жеке пәтер, жеңіл көлік алып береміз» деп өз дегендеріне көндірген. Көздегендері – Асқаровты және оның серіктерін қалайда қылмысты етіп соттату. Бірақ олар үшін бұл іс «Узбекское дело» тәрізді оңай шағылатын жаңғақ болмай шыққан. Жан беріп, жан алысқан сотта бәрі де өз құқықтарын қорғап, Мәскеуден келген мемлекеттік айыптаушылардың адымын аштырмай, жапқан жала қылмыстарын әшкерелеп, мойындаудан бас тартты. Асқаровтың төрт қорғаушысы болған. Солардың өзі Асқаровтың білім-білікті­лік деңгейіне жете алмады. Тек сот төрағасы мен мәскеулік прокуратура қызмет­кер­лерінің сұрақтарына Асекеңнің жауаптарын қайталаумен шектелді. Асекең өзін-өзі қорғады. Алайда компартия билеген диктаторлық-авторитарлық жүйенің ­сотына ешқандай уәж, айғақ пен дәлел қажет емес еді...

Мұны ол Асанбай Асқаровтың сол сотына қоғамдық қорғаушы болып бастан-аяқ қатысқан Шымкенттегі белгілі заңгер Бекбосын Көбеевтің естеліктеріне және сот іс қарау кезінде жазылған аудиотаспаларға, сот материалдарына сүйене отырып, Көлбай өз мақаласында жүйелі баяндайды.

– Көлеке, заңгер Көбеевпен қалай кездестіңіз?

– «Асқаров туралы тереңірек білетін кім бар екен?» деп жүргенімде, жазушы Мамытбек Қалдыбай Шымкентте тұратын зейнеткер, сот процесіне қоғамдық қорғаушы болып қатысқан Бекбосын Көбеевті ұсынды. Мекенжайын біліп, алдын ала хабарласып, Алматыдан жолға шықтым.

Көпбосын ағаның айтуынша, сот кезінде көптеген куәлер сұралыпты. Бәрі де соттың іс қарауын жүргізіп жатқан төраға Найла Ибрагимованың: «Жалған куәлік берсеңдер, заң бойынша жазаланасыңдар», –  деп қорқытып, үркіткендерінен қаймықпай Асқаровты жақтап сөйлеген.

– Көлеке, генерал Әлімжан Ахмадин де сотта куәлікке шақырылған екен ғой.

– Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы, генерал Әлімжан Ахмадин социалистік меншікті талан-таражға салушылармен күрескен басты тұлға. Қазір зейнеткер. Алматыда тұрады.  Генерал Ахмадиннің 2013 жылы «Мерей» баспасынан «Бақыт – сенің қолыңда» атты кітабы жарық көрген. Сол кітабында ол сотта Асекеңді қаралаушылардың тырнақ астынан кір іздеп, үш сағатқа жуық өзіне бірнеше қитұрқы, арандатушы сұрақтарын қойып, сөзден шатастырып, торға түсірмек болғанын жазыпты. Асанбай Асқаровтың  ешқандай парақорлыққа бармағанын, таққан айыптардың бәрі жала екенін, оның есесіне облысты әлеуметтік-экономикалық жағынан жоғары көтергенін, артында жақсы, өнегелі істері қалғанын тілге тиек еткен.

Үйге келген соң кітабын парақтадым. «Мен Қазақстанда Колбиннің билігі жүріп тұрғанын біле тұра Бішкекке  бел буып барған едім. Қатыгез жан ары кетсе сотта Асанбай Асқаровты қорғап сөйлегенім үшін қызметтен босатар. Бәрібір генералдық шенімді ала алмайды.Сотта Асқаровтың көз алдымда ел үшін істеген ізгі жұмыстарын айтпасам, менің ар алдындағы адамгершілігім қайсы?! Сот алдында Асқаровтың ақ екенін айтып, сыртқа беттегенімде, Асекеңнің әйелі Фатима жеңгей соңымнан дәлізге жүгіріп шықты. «Әлімжан шырағым, ағаң адам таниды. Сен туралы «Осы жігіт дұрыс маман. Ісіне адал азамат» деуші еді.  Сол айтқаны айдай келді. Шындықты жайып салғаның үшін өзіңе деген ризашылығым шексіз. Рақмет, айналайын!», – деп жанарына жас толып, иегі кемсеңдей берді».

Ал Асекеңнің сотта қойылған сұрақтарға жауабы, өзін еркін ұстауы, өзіне деген сенімділік – бәрі-бәрі мәскеулік жазалаушылардың дегбірін қашырса керек. Әсіресе соңғы сөз берілгенде алпыстың жетеуіндегі Асекең ерекше тебіреніп, төрт сағат бойы тапжылмай тұрып сөйлепті.

Сот процесіне сол кездегі Қырғызстан президенті Асқар Ақаевтың келгенінің өзі неге тұрады? Кетерінде Асекеңнің жанына барып: «Қамықпа, байке, бәрі жақшы болады!» деп күш-жігер бергенін айтсайшы. Сот төрағасы ­Ибрагимова мәскеуліктердің ықпалынан шыға алмай жазаға тартылғандардың алдын он екі, кейінгілеріне сегіз жылдан үкім шығарған. Сонда Ақаев өзіне берілген жалғыз жеңілдікті пайдаланып, Асанбай Асқаровтың ісіне «кешірім жасап», түрме қапасынан босатқанын жұрт біледі. Ал өзгелері жазасын өтеуге Қазақстан түрмесіне ауыстырылған. Республика тәуелсіздік алғаннан кейін оларға өз елімізде қайта сот болып, ақталып шықты.

Көлбай Адырбекұлы обкомда Асқаровпен бірге қызмет етіп, кейін Мәскеудің «Матроская тишина» және ­«Бутырка» түрмелерінде тергеу азабын бірге тартқан Тұрмысбек Ахметов, Әбді­манап Көмекбаев, Ұланбек Арғынбеков жөнінде «Түркістан» газетіне мақалаларын бірінен соң бірін жариялады. Сол материалдарды Шымкенттен шығатын «Айғақ» газеті көшіріп басып, облысқа кеңінен таратқанын білеміз. Сонда Тұрмысбек ­Ахметов  Алматыға телефон шалып: «Көлбай, осы уақытқа дейін жұрттың бәрі маған күдікпен қарайтындай, жиын-тойларда еңсемді көтере алмай жүруші едім. Көптің қайсысына жан сырымды ақтарып, жазықсыз жапа шеккенімді айтып, қалай сендірейін. Осы бір ауыр ой іштен жанымды жегі құрттай жеп жүргенде сенің материалың мені екінші рет дүниеге әкелді. Еңсем көтеріліп, жұртқа тіке қарайтын болдым. Рақмет шырағым!», – деп көңілі босап, алғысын айтыпты.

Солай «Казахское дело» қалың көпші­ліктің іздеп жүріп оқитын мақаласына айналды.

 

ҚОНАЕВТЫҢ КАДРЫ

Көлбайдың Шымкент қорғасын ­зауытын он бес жылдай басқарған ­Рзабай Хобдабергенов туралы «Түркістан» газетінің екі санына бірдей жарияланған мақаласы да оқырмандар арасында қолдан қолға өтіп, «сенсация» туғызған. Өйткені Горбачев пен Колбиннің кезінде ұлты үшін жаны күйген, азап шеккен адамдарға жұрт нағыз қылмыскердей үрке қарайтын уақыт еді. Хобдабергенов  зауыт директоры қызметіне тағайындалғанда ондағы қазақтар саны саусақпен санарлықтай екен. Солардың өзі зауыт ауласын ­сыпырып, тазалау жұмысында жүргендерін көреді. Ол небәрі 5-6 жылда кәсіпорынға қазақтарды жұмысшы мамандығына тартып, темір жонатын қондырғылар басына қояды. Өз жұмысын тез игеріп алған қабілетті жандарды ­бригадир, тіпті цех бастығына дейін көтерген. Солай жергілікті ұлт өкілдерінің санын күрт көбейтеді. «Іштен шыққан жау жаман». Шымкент обкомының хатшысы Черненко мен зауыттың бас бухгалтері Дермановский КСРО Түсті металдар министрі Петр Фадеевич Ломакоға жасырын түрде жеткізіп тұрса не шара. Мәскеуде үш ай ­сайын министрлікте жиналыс өтеді. Сол жиналыстарда Ломако оның жағасынан алып: «Сен техникадан хабары жоқ қазақтарыңды зауытқа неге жинайсың? Олардың қолынан қой баққаннан басқа ештеңе келмейді. Қысқарт!» деп айғайлап, жерден алып, жерге салғанда Хобдабергенов: «Зауыт өнімінің сапасы жоғары, жоспар солардың күшімен мерзімінде орындалуда. Олардың санын шегеруге негіз де, себеп те жоқ», – деп қасарысып қарсы тұрған. Ломако ашуға булығып, Қонаевқа бірнеше рет телефон соғып, Хобдабергеновті орнынан алуды талап етеді. Ал КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі Дінмұхамед Қонаев: «Әзірге оның орнына қоятын білікті маманымыз жоқ»  деп талабын орындамайды.

– Генерал Калиниченко сол ағамызды да қырына алса керек.

– Асанбай Асқаров 1984 жылы мамырда Хобдабергеновті обкомға шақырып, КСРО Бас прокуратурасы аса маңызды қылмыстық істер бөлімінің бастығы ­Владимир Калиниченко бастаған топтың келгенін, олардың зауытты да тексеретінін жеткізеді. Зауытта шикізаттан қорғасынды айыру барысында бір жылда алтын мен күмістің 1,5-2 тонна қоспасы шығып, оны өңдеуге Новосібірге жібереді. Тексерушілер тобы зауытты бір айдай жан-жақты тексеріп, қылмыстық ештеңе таба алмайды. «Қайта шапқан жау жаман». Он күннен соң Мәскеуден Тулинов пен Абдиевский бастаған тағы бір топ келген. Олар үш айыпты директордың мойынына қиып салады. «Біріншісі, зауытта қорғасын өндіруде оны есепке алу және тіркеу жұмыстарында бұрмалаушылыққа жол бергенсіз. Екіншісі, зауыттан құрылыс сыр бояуларын шығару кезінде өсіріп жазу орын алған. Үшіншісі, өзіңіз тұрып жатқан үйге күрделі жөндеу жұмысын жүргізіп, қызмет бабын асыра пайдаланғансыз». Тулинов: «Бізге сізді түрмеге отырғызуға осының біріншісі де жетіп жатыр» дейді зілді үнмен. Хобдабергенов: «Үш айыптың бәрі де жалған. Сіздер оны қолдан жасап отырсыздар» дейді селт етпей. Тулинов: «Сіздің қарсылығыңыз біз үшін маңызды емес» деп мырс еткен. Қонаев КСРО Жоғары сот төралқасымен байланысқа шығып, ­Хобдабергеновке жала ­жабылып отырғанын ескертіп, ісін қайта қарауды өтінеді. Зауыт жұмысшылары да Мәскеудегі ОК-ке қайта-қайта шағымданып, ­Хобдабергеновке жабылған жала негізсіз екенін, сондықтан оны түрмеден босатуды талап еткен. Сол талаптардың арқасында ол үш жылдан соң бостандыққа шығады.

– Көлбай, ол кісі еркіндікке шыққан соң Қонаевпен кездесті ме?

– Қонаев сол кезде үйқамақта отырған. Хобдабергенов өзіне-өзі келген соң Алматыға барады. Қонаевтың пәтеріне телефон шалып: «Димаш Ахметұлы, мен Рзабаймын. Сізге Шымкенттен сәлем берейін деп келіп едім», – дейді. Қонаев: «Рзабай, үйге кел», – деп қуана қарсы алған. Дастарқан басында ­Хобдабергенов: «Димаш Ахметұлы, мені қаралаған ­Калиниченко сізді де тергепті ғой. Соны айтып берсеңіз», – деп өтініш жасайды.

Қонаевтың қабағы түсіп, біраз уақытқа дейін үндемейді. «Қап, менің сұрағым бекер болды-ау» деп іштей қысылған Рзабай: «Димаш Ахметович, сұрағым орынсыз болды-ау. Қайтып алдым, жауап бермей-ақ қойыңыз», –  дейді ыңғайсызданып. Сонда Қонаев: «Жоқ, Рзабай, сұрағың өте орынды» деп басынан өткен жайды баяндаған.

Қонаевтың сол әңгімесін кезінде «Түркістан» газетіне «Казахское дело» Дінмұхамед Қонаев» тақырыбымен жария­ладым. Соған дейін жұрт бұл деректен еш хабарсыз еді. Содан елге кеңінен тарап кетті, – деді Көлбай.

 

«ХХ ҒАСЫР.

СОҢҒЫ РЕПРЕССИЯ»

Бұл – Көлбай Адырбекұлының 2006 жылы «Алаш» баспасынан жарық көрген кітабы. Осы уақытқа дейін халықаралық «Түркістан» газетінде «Казахское дело» тақырыбымен жарияланған ұлт тұлғалары жайында архив материалдары негізінде жазылған көлемді зерттеу-сараптама мақалаларының алғашқы жиынтығы. Оны кезінде мемлекеттік тапсырыспен шығаруға қазақтың белді жазушыларының бірі Дидахмет Әшімханұлы себепкер болған екен. «Түркістан» газеті редакторының бірінші орынбасары болып жүрген кезінде марқұм Дидағаң «Казахское дело» тақырыбына қатысты әр материалды оқып, нөмірге жіберген сайын: «Көлбай, мына жазып жүргендерің өте құнды дүниелер. Бұл тың тақырыпты жүйелі түрде осылай көтеру сенен басқа әлі ешкімнің ойына келген де емес. Дерек пен көркемдікті әдемі астастырып жібереді екенсің», – деп ризашылығын білдіріпті.

Шынында да, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жайында үзіп-жұлып, қалам тартпаған тілшілер кем де кем. Бодандық бұғауын үзген осы көтерілісті жазушылардың бәрі оқиғаның жалпы сипаты мен оған қатысқан жастарды ғана көрсетсе, Көлбай сол кезеңде қуғын-сүргінге ұшыраған жастар мен қазақ зиялыларына қатысты көмбеде жатқан архив материалдарының көзін ашып, жарыққа шығара білді. Сондай-ақ сол тақырыпта 1989 жылы 16-19 маусым күндері Колбиннің Жаңаөзен көтерілісін әскер күшімен басқаны туралы архивтегі тарихи деректерге сүйеніп, сараптап жазғаны да аса құндылығымен ерекшеленеді.

Қазір не көп, газеттер көп. Ондағы материалдар бірін-бірі қайталап жатады. Ал кезінде журналист Шәмшидин ­Паттеев басқарған халықаралық «Түркістан» газетінің аты аталса, біздің көкейімізге бірден Көлбай Адырбекұлының ­«Казахское делосы» түседі. Сол газеттің бренді болып қалғаны қашан. Оның 2006 жылы жарыққа шыққан «Казахское дело» деген айдары бар «ХХ ғасыр: соңғы репрессия» кітабына қазақтың біртуар тұлғалары Дінмұхаммед Қонаев, Асанбай Асқаров, Өмірбек ­Жолдасбеков, Темірбек Қожакеев, Салық Зиманов, Көпжасар Нәрібаев, Нәдір Нәдіров, Кеңес ­Аухадиев, Сағат Әшімбаев туралы жазғандары енгізілген. Осы тақырып аясындағы туындылары әлі бес кітапқа жүк болады. Өкінішке қарай, қаражат тапшылығынан жарыққа шықпай жатыр.

Оның Тұрар Рысқұлов туралы «Алты Алаштың ардақтысы» зерттеу кітабы да тың деректерімен оқырмандар талабынан шықты. Ал шындықтың шырайын шығарған «Бесеудің хаты» шығармасы бүгінде көзіқарақты жандардың аузында. Сондай-ақ тиран Сталиннің жендеттері Николай Ежов пен ­Лаврентий Берия ­туралы зерттеу-талдау мақалаларын оқысаң көптен көкейіңде жүрген сұрақтарға жауап табасың. Ел ішіндегі қызықты оқиғаларды баяндаған «Ауыл ­хикаялары» әңгімелер топтамасы да ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбай айтқандай, өте тартымды туындылар. Бәрін айт та, бірін айт демекші, «Түркістан» газетінің бір бетін алып жатқан «Жанпида» мақаласын Американың әскери соты Ауғанстанға байланысты қылмыстық іс қарау кезінде пайдаланып, Гуантанамо түрмесінде жеті жылдан бері жатқан біздің Келес ауданының азаматы Ильхомжан Ботаевтың ақталып, бостандыққа шығуына себепші болған. Бұл қазақ журналистика тарихында бұрын-соңды болмаған жайт.

Қазақстан  Президенті грантының иегері Көлбай Адырбекұлының өзінің еңбекқорлығы мен тынымсыз ізденісінің арқасында толайым жұмыс атқарған. Шынында да, оның тек өзіне ғана тән жазу мәнері бар. Бұл жылдар бойына қалыптасқан, өзінің ғана ерекшелігі. Былайғы жұртқа елеусіздеу көрінетін ол үндемей жүріп, қаншама үлкен істерді бітірген десеңізші. Еріксіз тәнті боласың.

Суханберді ОРАЗАЛЫҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

1691 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы