• Тұлға
  • 27 Қаңтар, 2022

ҚУАНЫШ СЫЙЛАУҒА ҚҰШТАР ЖАН

Қателеспесем, 1997 жылдың күзі болуы керек. Шырайлы қаланың тал-терегі сары түске боялып, үп еткен желден енді-енді саудырап түсе бастаған кез. Аяқ астынан ауруханаға жатуға тура келді. Бала кезімнен өкпемнің кінәраты бар еді. Ауа райы өзгергенге ме, сол дертім қозып, Шымкент қаласындағы №2 ауруханасында дәрігер болып жұмыс істейтін Нұраш ағам «уақытылы ем алу керек» деп бір күнде палатаға жатқызып тастады.
Шынын айту керек, өзім де жұмыстан шаршаңқырап жүрген едім. Ем алуға, бір сәт ұйқы қандырып, демалуға еш қарсы болған жоқпын. Біздің бөлім екінші қабатта орналасқан екен. Сонымен ауруханадағы көп уақытым ұйқыға, одан қалса кітап оқуға кетті. 

Күн әлі қатты салқындай қоймаған кез. Кеш түсе науқастар бір сәт далада серуендейді. Палатада мен ғана қаламын. Келген күннің ертеңінде-ақ палатаның есігін бір апа ақырын ашып «Айналайын, балам, бізге көмектесіп жіберші...» деді дауыстап. Орнымнан атып тұрдым. Сөйтсем, көрші палатада шалы екеуі жатыр екен. Ақсақал аяғын жақсы баса алмайды. Сол атамызды далаға сүйемелдеп шығаруға шамасы жетпей әуреленіп жатса керек. Әлі есімде, атаның қалың қасы, қабағы бірден көзіме түсті. Сұсты екен. Көбіне қалың ойда отыратын, төңірегін қабағымен басқарып, сөзді бір-ақ кесіп айтатын қазақтың қасиетті қара шалы екені бірден байқалды. Көтеріп аулаға алып шықтым. Апа коляскасын алып түсті. Аңқылдап қалған апамыз алғысын жаудырып жүр.

Содан ол палатаға ең жақыны біз болғандықтан атаны күнде далаға алып шығу мен қайтып кіргізу менің міндетіме еніп кетті. Апамыз әңгімешіл де кісі екен. Риза болғаны шығар, біраз күннен кейін: «Балам іссапарда жүр, осы бір-екі күнде келеді, өзіңді таныстырамын» деп ағынан жарылды. Ұйқыны қандырып, ем алып, кітап оқып, осы күйім өзіме қатты ұнап жүргендіктен апаның айтқанына мүлдем мән бермедім.

Содан шынында екі-үш күн өткеннен кейін апа мені ұйқымнан оятып алып, «Балам келді, жүр, таныс­тырайын...» деп жол бастады. «Осының керегі бар ма еді, жоқ па еді?» деп екі ойлы боп тұрсам да, үлкен кісінің сөзін қимай соңынан ердім. Барсам, баласы атаның қасындағы орындықта отыр екен. Көрген заматта бірден шырамыттым. Иә, дәл сол кісінің өзі... Облыс әкімінің орынбасары. Қалалық басылымда жұмыс істесек те кейде облыстық әкімдікке де жиналысқа баратынымыз бар. Содан облыстың ақ үйінің төрінде отырған ақ жағалыларды да сырттай танып қалған кезіміз.

Міне, менің Дархан Мыңбай деген азаматпен таныстығым осылай басталды. Алдымызда отырған ата – Дархан ағаның әкесі Қамзабек ақсақал екен. Аңқылдап қалған апамның есімі – Үрзада екенін де кейін білдім.

Жасыратыны жоқ, дәл сол күннен бастап облыс әкімінің орынбасарымен тығыз араласып, қарым-қатынасымыз бірден жанданып сала берді десем, өтірік айтқандық болар еді. «Танитын едім ғой, бір көмегі тие ме?» деп мен де шаруа айтып ол кісінің алдына бармадым, «хабарласып тұр деп едім, неғып хабарсыз кетті» деп ол да мені шарқ ұрып іздемеді. Тіпті осы таныстықтан кейін бір-екі жиында жолығып қалып, Дархан ағаның мені танитынына, білетініне, кеше ғана тілдесіп, аз-маз әңгімелескеніме күмән де келтіре бастағам... «Күн сайын қанша адаммен танысады, әңгімелеседі, араласады, қайсыбірін есте сақтай береді? Ары-беріден кейін мені не үшін есінде сақтау керек? Мен сияқты тілші көп емес пе?» деп өзімді жұбатқан кездерім де болды.

Сөйтсем, жоқ, біледі екен. Біліп қана қоймай, менің жазған мақалаларымды оқиды да екен. Арада бір-екі ай өткенде облыс әкімінің орынбасары редакцияға арнайы келіп, ұжыммен жолықты. «Шымкент келбеті» газетінің бас редакторы Жұмамұрат Тұяқбаев нағыз еңбекқор, бүгінгі тілмен айтқанда нағыз медиаменеджер еді. Басқа газеттер әрең күн көріп, ілдәлап шығып жатқанда Жұмамұрат аға редакцияның жанынан балалар газетін, сосын баспахана ашты. Редакция бюджеттен бір тиын да алмай, өзін-өзі қаржыландырды. Міне, осы жаңалықтың бәрімен Дархан Мыңбайдың өзі арнайы келіп танысты.

Жасыратыны жоқ, облыс әкімі орынбасарының қалалық газетке ат басын бұруы тосын нәрсе еді. Сондықтан бұл кездесуге редакция басшылығы қатты дайындалды. ­Дархан Қамзабекұлы бірінші қабаттағы баспахананың жұмысымен танысқан соң, бас редактордың кабинетінде ұжыммен кең отырып әңгімелесті. Бәрінің көкейінде қонақтан жақсы сөз есту, тіпті атымды атап тұрып мақтап кетсе деген де дәме бары анық. Әкімнің орынбасары газетімізді оқиды екен. ­Басылым бетінде көтерілген мәселелерді айтты. Оны жазған журналистерді тілге тиек етті. Сөйтті де «Осы редакцияда Оралхан Дәуіт деген жас журналист бар екен. Жазғандарын оқып жүрмін, тәп-тәуір» деп атымды атап тұрып, жазған мақалаларымның бір-екеуін айтып өтті. Бас редакторымыз «Ол жігіт міне отыр» деп мен жақты нұсқады. Орныман сәл көтеріліп, басымды изегендей болдым. Шынымды айтсам, таңғалдым. Мақтау естимін деген ойымда жоқ еді. «Мәссаған, мені біледі екен ғой...» деп іштей күбірлей бергенім есімде қалыпты.

2000 жылдың наурызында үйлендім. Алдымен ауыл тойы, тамыздың тамылжыған кешінде үлкен той өтті. Бұл «Оңтүстік Қазақстан» газетіне ауысқан кезім. Келіншегімнің мамандығы – мұғалім. Тойдан кейін жұмысқа тұрғызуға әрекеттендік. Бірақ ол жылдары қалаға мұғалім боп жұмысқа тұру тіптен қиын шаруа еді. Әлі есімде... Тамыз айының соңғы күндерінде әрең дегенде қалалық білім бөлімінен бір таныс тауып, қай мектепте орын болуы мүмкін екенін сұрап білдік. Танысымыз «Біздегі мәліметтер бойынша №36 мектепте бір орын бар. Бірақ ол орынға осы уақытқа дейін директор бір адам алып қойғаны сөзсіз. Тым кеш келдіңдер... Қазір мұғалімдік жұмыс іздеген адам көп, директор ол орынға сендерді жақындатпайды-ау» деп шығарып салды.

«Жазған құлда шаршау жоқ» деген, білім бөлімінен шыққаннан кейін келіншегім екеуміз әлгі мектепке бардық. Қаланың бір шетінде орналасқан  мектепке жақындай бергенде байқадым, аулада бір іс-шара аяқталып, жиналғандар енді тарап жатыр екен. Қателеспесем, осы мектептің түлегі болған бір даңқты шахматшыға ескерткіш тақта орнатылды ғой деймін. Шара аяқталып, аулада мұғалімдер орындықтарды жинап жатқан. Біз де жақындай бердік. Сол сәтте мектептің алдынан бір қызметтік көлік шығып, біздің қасымыздан өтіп барып тоқтады. Қоңыр әйнектен ішінде адам бар-жоғы да байқалар емес. Аңтарылып қарағанымша артқы есіктен күлімдеп Дархан аға түсті. Өтіп бара жатып байқап қалыпты. Біраздан бері көрмеген едік. Амандасып, хал жағдай сұрасып жатырмыз. Әкімнің орынбасары әлгі ескерткіштің лентасын қиыпты.

– Естіп жатырмын үйленіпсің, құтты болсын, – деді әңгіме арасында.

– Рақмет, – деп мен де бәйек болып жатырмын. Келіншегім сәлем берген соң ыңғайсызданып ар жақта тұрған.

Шамамен үш-төрт минуттай сөйлестік-ау деймін. Дархан аға жылы қоштасып, көлігіне мініп жүріп кетті. Мектепке кіріп, директорды сұрасақ, сыртта жүр екен. Тауып алып, амандасып, «Осы жерде бір мұғалімдік орын бар деп естіп кеп отырмыз, келіншегім физик-математик еді» деп әңгімемізді бастай бергеннен директор түріме бір қарады да: «Болды, інім, ертеңнен бас­тап келін жұмысқа келе берсін» деп бірден көне кетті. Директордың мына сөзінен кейін есіміз ауып қала жаздады.

Сөйтсек, кейін білдік қой, ­директор мектеп ауласынан жаңа ғана өзі шығарып салған облыс әкімі орынбасарының өтіп бара жатып тоқтап, көлігінен түсіп амандасқанын сырттай бақылап тұрыпты. Бағана­дан бері: ­«Ойпырым-ай, әкімнің орынбаса­рының өзі тоқтап амандасатын бұл кім болды? Тегін адам болмады ғой...» деген ой маза бермей тұрса керек. 

«Жақсыдан шарапат» деген, осылайша Дархан ағаның көмегі тиді.

Тағдыр жолы сан тарау. Алла тағаламның қолдауымен Ғалымжан ­досым себепкер болып «Жас Алашқа» да ат ауыстырдым. «Таразда тұрамын, ­Жамбыл жері туралы бұрқыратып мақала жазамын» деген жайт үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Бірақ Әулиеата өңірінің дәмі бұйырған екен. Әрине, шығармашылық жолда қырып тастаған ештеңеміз жоқ. Әйтсе де ел газеті «Егемен Қазақстанға» екі мәрте жұмысқа тұрыппын. Осы басылымның Түркістан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) және Жамбыл облыстарындағы меншікті тілшісі болдым. Осы редакцияның орталық аппаратына ауысып, екі бөлімді басқардым. «Жас Алашқа» да екі мәрте келдім. Бірінде – Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарсам, кейінгісінде бас редактордың орынбасары болдым. Былайша айтқанда қазақтың екі мықты басылымын тел емген құлындай екі ортада еркелеп жүрдім. Бұл екі басылымға дейін республикалық «Түркістан» газетінде жазуым қалды.

Осы өмірімде жақсы адамдар көп кездесті. Талай адамдар демеу болды. Бірақ қай қызметке ауыссам да, қай қызметке шақырса да Дархан ағаммен ақылдасып отырғанымды мақтан тұтамын. Қай кезде де Дархан аға ақыл-кеңесін аямай, бағыт-бағдар сілтеп отырды. Былайша айтқанда, ағалық қамқорлығын аяған жоқ.

Маған, әсіресе Дархан ағаның қарапайымдылығы қатты ұнайды. Қашан көрсең, ақ жарқын, ағынан жарылып, анекдотын айтып, жұрттың бәрін күлдіріп отырады. Үлкен-кіші демей, адамның бәрін туған бауырындай көреді.

Өткен жылы ма, сайлаудың үгіт-насихат жұмыстарымен ауыл-аймақ­тарды аралап жүрген кезде ойда-жоқта көше бойында тұрған біреудің ескі көлігі өртенген ғой. Елдің бәрі абдырап, у-шу болып жатса көлікпен өтіп бара жатқан Дәкең тоқтай қалып, жалынды өшіруге кірісіп кетіпті. Жанұшыра су іздеп, оттың үстін су шүберекпен жауып, ел-жұртпен бірге кәдімгідей әбігерге түскен ғой. Ол ауылға өзі бірінші мәрте барып тұр. Танымайды да, білмейді де... Тіпті өртенген көлік иесі үміткерлермен кездесуге келіп отырған сайлаушы да емес. Өз шаруасымен жүрген адам. Сондықтан назар аудармас­тан өте шыға салса да болар еді. Бірақ біздің Дархан ағамыз ондай адам емес қой. Өрт сөндіруге жұмылғандардың көбісі Дәкеңнің депутат екенін кейіннен біліп, қарапайымдылығына риза болып, үлкендер батасын беріп жатты. Бұл Дәкеңнің қарапайымдылығын білдіретін бір ғана мысал...

Айтпақшы, араласатын адамдары ол кісінің әңгімені нәшіне келтіріп айтатынын, әсіресе анекдот айтудың шебері екенін жақсы біледі. «Дәкең айтқан екен» деген анекдоттарды дос-жаран, таныстары ауыздарынан тастамай, көпшілік ортада жұртты күлкіге қарық қылып жүр. Әйтеуір, Дәкеңнің достары, курстастарының жүрген жері қашанда күлкіге, құрдастық ойынға толы. Ойда-жоқта бір қызықты оқиғаларды ұйымдастыра қоюдың нағыз шеберлері.

– Бірде Алтынбек (Сәрсенбаев) Мәскеуден ауылға қайтатын болды, – деп бір әңгімесінде Дархан Қамзабекұлы сонау студенттік жылдарын еске алады. – Бір күн бұрын заттарын түгендеп, оны ұқыптап сөмкесіне салып, ұшақтан қалып кетпес үшін ұйқыдан оятатын сағаттың тілін бұрап қойып, ертерек жатып қалды. Содан біздің ойымызға қулық келе қалды. Алтекең ұйқыға кеткен соң алдымен сағаттың тілін тағы бір-екі сағатқа алдыға бұрап қойдық. Сосын сөмкесінің ішін жігіттер тастарға толтырып тастады.

Сонымен домалақ сағат түннің бір уағында шар еткенде Алтынбек атып тұрып, киініп, жуынып-шайынып, бізбен қоштасып әуежайға кетті. Барса, өзі межелеген уақыттан бір-бір жарым сағат ерте барған. Аң-таң. Онсыз да ауыр сөмкесін таразыға қойса, шектеулі салмақтан асып кеткен ғой. Оған қосымша ақша төлейді. Артынып-тартынып үйіне келген соң, анасы баласының сөмкесін ақтарып отырып, бес-алты тас тауып алыпты.

Сонда анасы марқұм:

– Айналайын, балам-ау, «Керек тастың ауырлығы жоқ» деуші еді, сонша жерден арқалап келгеніңе қарағанда мына тастар оқуыңа қажетті тастар болды-ау, – депті.

Сол кезде ғана Алтекең курстас­тарының қатырғанын іші сезіп, айласын асырған достарына риза болып, «қап» деп отыра кеткен екен.

Тағы бір қызық, қайбір жылы Дархан Қамзабекұлы құт мекен – Түлкібасы ауданының әкімі болып тұрған кезде ХІХ ғасырдың соңында осы өлкеде өмір сүрген белгілі ақын Молла Мәди Меркішұлына бір көшенің атын беріп, мүсінін Шымкентте арнайы тапсырыспен жасатуға ниеттенеді. Арада біраз уақыт өткенде мүсіншілер Дәкеңе ақынның мүсіні дайын болғанын, алып кетуге болатынын айтып, телефон шалған ғой. Аудан әкімі де қат-қабат шаруамен қапылысып отырса керек. Бірден Мәди Меркішұлы дүниеге келген ауылдың әкіміне хабарласыпты.

– Сіз Мәди Меркішұлы деген ақынды танисыз ба? – деген ғой қысқа амандық-саулықтан кейін.

Сөйтсе ауыл әкімі:

– Жоқ, Дәке... Бәлкім, көрсем танитын шығармын... – депті күмілжіп.

– Әй, ол кісіні енді көре алмайсыз-ау... – деп аудан әкімі еріксіз жымияды.

Қысқасы мүсінді әкелуді ауыл әкіміне тапсырады. Әлде ауыл әкімі аңғал болды ма, әлде аудан әкімі шаруаны асығыс-үсігіс айтты ма, әйтеуір, осы тұста біреуден кінәраттың кеткені анық. Аудан әкімінің айтуымен ақынның аты-жөнін, сосын Шымкенттегі ұстахананың мекенжайын жазып алған ауыл әкімі осы тұста бір көрініп қалғысы келсе керек. Бірақ әкімнің әңгімесін шала-шарпы ұғып, Шымкенттен бір үлкен кісіні Түлкібасқа алып келу керек екен деп түсінеді. Содан қызметтік көлігін жақсылап жуып-шайып, қалаға тартқан ғой. Мекенжайды тез табады. Бірақ тілдей қағазда аты-жөні жазылған қонақ көрінбейді. Ары-бері қарайды, күтіп тұрған да ешкім жоқ. Телефон нөмірі жазылмаған. Ары күтеді, бері күтеді. Күн кеш боп бара жатқан соң ұят та болса аудан басшысына телефон шалып:

– Дәке, мен сіз айтқан мекенжайда тұрмын. Анау кісі шықпай жатыр, – ­деген ғой.

Сонда аудан әкімі:

– Әй, ол кісі бүгін де, ертең де шыға алмайды-ау, – десе, анау «қызметтік «Волга» көлігімді қомсынып шықпай тұр ма?» деп одан бетер аң-таң болатын көрінеді.

Қысқасы сол күні ауыл әкімі Түлкібасқа кері қайтып, ертеңінде шағын жүк көлігін жалдап, мүсінді әрең дегенде жеткізген екен.

Айта берсек, Дархан ағаның өмірінде осындай қызықты жайттар өте көп. Өзі де адамға қуаныш сыйлауға құштар жан ғой. Оңтүстікте аудан әкімі, басқарма басшысы, облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Ел астанасында да үлкен қызметтердің құлағынан ұстады. Мәдениет және ақпарат министрі қызметін абыроймен атқарды. Қайда жүрсе де жаңашылдығымен ерекшеленіп, іскерлігімен танылды. Әлі күнге түркістандықтар ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық дәстүрді ұлықтауда үлгі болған «Саба» қымыз фестивалі, «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты шаралардың шарапатын ұмытқан жоқ. Мұның бәрі Дархан Мыңбайдың кезінде қолға алынған болатын.

Осы мақаланы жазу барысында белгілі айтыскер ақын Ахметжан Өзбековпен тілдесіп қалдым.

– Дархан Қамзабекұлының айтысқа да сіңірген еңбегі көп, – дейді айтыскер ақын. – Министр боп тұрған кезінде алғаш рет сол кісінің идеясымен «Алтын домбыра» аламаны ұйымдастырылды. Бұл айтысқа орасан серпін берді. Ақындардың осы өнерге деген ықыласын оятты, қызығушылығын арттырды. Содан болар әлі күнге жалғасып келеді. Сондықтан Дархан Қамзабекұлы айтыстың қазылар алқасының тұрақты құрамына енуі керек еді. Бұған әбден лайық азамат, еңбегі сіңді.

Әрине, бұл саланың тіршілігін ақыннан артық кім білсін, ақыннан артық кім айтсын. Шынында, ­Дархан Қамзабекұлының ұлттың жанашыры, ұлттық өнердің іздеушісі, жоқшысы екені әлдеқашан дәлелденген. Ұлттық құндылығын ұлықтаған Алаш жұртының алғысына кенеліп, ақ батасымен өсіп-өніп келе жатқан азамат. Ендеше ол кісіге Алла тағалам бақ-берекесін үйіп-төгіп бере берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай.

Оралхан ДӘУІТ,

Жамбыл облыстық «Aq jol»

газетінің бас редакторы

1388 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы