• Руханият
  • 27 Қаңтар, 2022

БҮЛІК – ТОҚЫРАУ, БІЛІМ – ӨРКЕНИЕТ

Ұлт, ұлт тағдыры яғни ата-баба еншісі, белгісі, таңбасы, айбыны, ырысы, киесі, рухы, қасиеті, мақтанышы, арысы, білігі туралы түсініктен, оның тамырлық жүйесіне зақым түсе бастаған кезеңде ел тұтқасын ұстай білудің ең үздік  үлгісі мен бөлшектеуге көнбеген біртұтас ел бірлігінің куәсі болдық. Ең алдымен Отаны мен елін қорғау жолында мерт болған әскери азаматтар мен қапыда қаза тапқан қарапайым тұрғындар отбасына ұстаздар қауымы атынан қайғырып көңіл айтамыз. Алаяқ, сұм-сұрқия, ұры-қары, содыр-сойқан атанбай, балаларыңыздың ерлікпен қаза табуы – көңілге медеу екенін жұбату етеміз.  

Абай «Отыз тоғызыншы» қарасөзінде «арлылық, намыстылық, табандылық» туралы уағыз айта келіп, «Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы – пейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық» дегендей «Тәуелсіздік тарихында аса күрделі және қатерлі кезеңге» тап болғанымызда, қалың елдің абдырап қалғаны шындық.Бірақ бірден есімізді жинадық. Өйткені ­Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел ­басына түскен осынау қатерлі сынақ кезінде бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алып, тәуелсіздігімізді қорғай білді. Біртұтас ел болып қиындық атаулыны еңсере алатындығымызға көз жеткізді. Дүниежүзі бойынша осындай митингілер мен ұрлау, тонауға көз жүгіртсек, Қазақстандағы 2022 жылдың 2-7 қаңтар аралығындағы жағдай да оңай болған жоқ. «Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет» деді Мемлекет басшысы.

«...әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары қалай қылса, калай бітірсе, халық та оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манартауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?» дейді Абай.

Міне, Абай Елбасы деген ұғымның қазақ тарихындағы алатын орнын ашалап түсіндіріп береді. Осы қарасөзінде айтылған «арлылық, намыстылық, табандылық» деген ұғымдарды біз бүгінгі күні Ел президентінің де басынан көрдік. Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің мына бір сөзі ойлануға жетелейді: «Халықшыл», «отаншыл» деген сөздер жақсы болғанда, «ұлтшыл неге жаман болуға тиіс? Тәуелсіз, еркін елдерде «ұлтшыл» сөзі әлі күнге дейін оң мағынасында қолданылады. Оларда «ұлтшыл» атану мақтаныш. Ал біздің қорқып қалғанымыз сонша, өз халқын сүйген азаматтарды «ұлтшыл» деуге аузымыз бармай, «ұлтжанды» деп жүрміз. Осыны естігенде бетіме бірдеңе былш ете қалғандай болады. Мен білгенде, бұл формада айтылатын қазақта екі-үш қана сөз бар-ды. Байжанды, қатынжанды және итжанды. Үшеуі де – ұнамсыз сөздер. Ұлт деген қасиетті ұғымды өйтіп қорлауға болмайды. Сондықтан мен шау тартқан шағымда «бірдеңе жанды» атанғанша жасымда көп бейнетпен алған «ұлтшыл» деген атағымды сақтап қалғым келеді», – дейді. Осыдан ойлағанда Елбасы деген сөзді де одан әрі ретімен қолдана білудің қажеттігі туындайтын сияқты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы ісін де дер кезінде қолға ала білгені – табанды іс-әрекетінің жарқын көрінісі. 10 қаңтар – «Жалпы ұлттық аза тұту күні» болып жариялануы да толқыған елдің тарих қойнауына бойлаған сайын ұлт санасын ­оятып, намысы, нәрі бар ер-азаматтың жігерін қайрай берері сөзсіз.

Президент 2022 жылдың 11 қаңтарда парламент мәжілісіндегі сөзінде «үкімет комиссиясы еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға ала бастағаны» туралы айтты. Ұлттың ұлт болып қалыптасуының алғы шарттары негізіне территориясы мен тілі, мәдениеті, экономикасы, психологиясындағы этникалық ерекшеліктердің ортақтығы жатады. Осының ішіндегі саяси-экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізу үшін жүйелі түрдегі терең білім керек. Абай «Мәз болады болысың» деген өлеңінде «Миың болса жолама, Бос желігіп шапқанға» дейді емес пе?

«Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин мен «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болмақ» деген Абай Құнанбайұлынан бастап, бұлардан кейінгі Алаш арыстары да мұғалім мәртебесіне ерекше ден қойды. Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы да «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалімі қандай болса, мектебі де сондай болмақ» деген сөзді айрықша атап көрсетті.

Кешегі тасада жатқан күштің қолжаулығына айналғандардың іс-әрекеті әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген пікіріне дөп келеді.

«Сондықтан мұғалімдер тапшылығы бар өңірлер үшін тиісті қолдау шаралары кешенімен үздік мұғалімдерді тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын», – деді мемлекет басшысы 11 қаңтардағы сөзінде. Ахмет Байтұрсынұлының мына бір сөзі қазір де өзекті: «Мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім».

Кейінгі жылдарда болмаса, жоғары оқу орындарының ұстаздары мектеп мұғалімдеріне қарағанда көп жағдайда елеусіз-ескерусіз қалып отыратын. Ел президенті «Жоғары білімнің қолжетімділігі мәселесі өзекті болып қала береді. Еліміздің халқы тығыз орналасқан өңірлерінің жастары үшін атаулы гранттарды бөлуге ерекше назар аудару қажет» екенін де күн тәртібіне қойды.

Мектепте оқытылатын барлық пән бойынша Қазақстанның түкпір-түкпіріне мұғалімдер даярлайтын оқу орны ретінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бұл пікірді қуана құптаймыз. Өйткені «Жаңа экономиканы құру үшін университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды».

Бұл тұрғыдан алғанда 1944 жылы Мұхтар Әуезовтің «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі сөнбесін дейік» деп осыдан 78 жыл бұрын айтылған данышпан жазушы үміті бүгінде толық түрде ақталғанын ауыз толтырып айтуға болады. 2021 жылғы оқу жылынан бастап, университет ректоры болған Кембридж университетінің докторантурасын үздік тәмамдаған ғылым докторы Гүлмира Әмірханқызы Қанай «университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» мәселесіне байланысты жас ғалымдардың идеялары мен бастамаларына қолдау көрсетіп, «білім мен ғылымның қарқынды өзгеру заманында жастардың ғылыми әлеуетін арттыру – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақ» деп қарайды.

Бұл тұрғыдан алғанда елдің қаржылық тірегі болып саналатын «Қазақстан халқына» атты қоғамдық әлеуметтік Ұлттық қордың маңызы зор болмақ. Бұл қордың денсаулық сақтау, басқа да әлеуметтік қолдау салаларына ғана емес, нақты білім беру саласына да пайдасы тимек.

Әлбетте жаңа экономиканы құру үшін бәсекеге қабілетті университеттер ­керек. Бұл тұрғыда Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының ­филиалдары ашыла бастауы – аса тыңғылықты жұмысты қажет ететін үлкен мәселе. «2025 жылға дейін елімізде беделді шетелдік университеттердің кем дегенде 5 филиалын ашу қажет деп санаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Кезінде қазақ халқының ағартушы-демократтары Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин экономика мәселесіне де көңіл аудара білген екен. ­Мысалы, Ш.Уәлиханов қазақтарға егін шаруашылығымен, саудамен шұғылдану туралы ақыл-кеңес берсе, Ы.Алтынсарин «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесін жазу арқылы сол кездегі проблеманы қозғайды, сонымен бірге мал азығын дайындау, қора-қопсы салу, малдың тұқымын жақсарту, мал дәрігерлік көмек көрсету Қазақстанның мал шаруашылығын өркендетіп, экономикасының нығаюына ықпал ететіндігін, өлкедегі орыс мекендеріне наразылығын, егер осылай жалғаса берсе, қазақ жойылып кетіп, кейін ешнәрсені қалпына келтіре алмайтындығын ­жазады. Ал өз тұсындағы саяси ­ахуалды жақсы түсінген Абай қазақтарға отырықшылдықсыз өмір жоқ екендігін айта келіп, 1893 жылы өкіметтен 45 шаңыраққа Бақанас өзені бойынан отырықшы ­мекен құруға, Семей облысынан екі ауыл шаруашылығын көшіруге рұқсат сұрайды. Бұдан өмір сүрген заманына қарай күнелту салтымызды жалғастыра білудің үлкен маңызы бар екенін аңғарамыз.

«Бәс», «бәс тігу» деген сөз қазақта бұрыннан бар. Белгілі бір нәрсеге бәстесіп, бір қойдың етін бір өзі жеп кеткен талай адамдар болғаны туралы көзі қарақты оқырманның бәрі біледі. Қазіргі уақытта бұл сөз нарықтық экономиканың негізгі элементіне айналып қана қойған жоқ, «Бәсекеге қабілетті» деген сөз бүкіл салада қолданылады.

Қорыта келгенде «Бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік! Халқымыз үшін тәуелсіздік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!», – деген Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндеуіне Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай мен оқытушы-профессорлар құрамы және қаракөз студенттеріміз атынан қолдау білдіреміз.

Руда ЗАЙКЕНОВА,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы

1176 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы