• Руханият
  • 27 Қаңтар, 2022

БҮКПЕСІЗ ӘҢГІМЕ БОЛДЫ

«Елімізде саяси реформалар легі тоқтамайды. Ол үстірт емес, кезең-кезеңмен жүргізіледі. Бұл ретте қоғам өкілдерінің белсенділігі аса қажет». Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин ­Алматыда Ұлттық кеңес мүшелерімен кездесуде осылай деп мәлімдеді. 
Кездесуде ұлттық кеңес мүшелері өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды. 

Ұлттық кеңес мүшелерімен жүздесу барысында Мемлекеттік хатшы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды» құру идеясына ерекше назар аударды. Нақты айтқанда, экономика мен әлеуметтік саладағы айтулы бастамаларды жүзеге асыру қазіргі таңда ең басты міндеттің біріне айналып отыр. Ал кездесу барысында айтылған Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстары мен пікірлері жақын уақытта жұмыс отырысында қаралады.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қайсар Тұрсынқожа «Саяси реформалар жаңа қарқынмен жасала береді. Алайда саяси реформа ол бір атүсті қабылдана салатын шешім емес» екенін айтты.

Жалпы Ұлттық кеңесте сөз сөйлеген азаматтардың ой-пікірлерінің бәрі де алдағы уақытта ескеріледі.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Шибұтовтың пікірінше, «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында айтылған саяси реформалар қыркүйекте жария етілетін Жолдауда көрініс табатынына сенім білдірді. Бүгінгі шағын отырыстағы көптеген ұсыныстар да алдағы уақытта бір жүйеге келтіріліп, талқыланатын болады».

Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Алматыда зиялы қауым өкілдерімен де кездесті.

– Бүгін зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, пікірлестім. Кездесуде еліміздің әдеби-мәдени, руханият саласындағы өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар елімізде орын алған соңғы оқиғаларға, мемлекет дамуына, ұрпақ тәрбиесіне, жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге қатысты ой алмастық.

Жалпы мемлекеттің қуатты болуының бір тірегі – руханият. Сондықтан елімізде әлеуметтік, экономикалық, саяси ­реформалар жүргізуден бөлек, рухани жаңғыруы да өзекті мәселе. Бұл ретте шығармашылық қауымға артылар жауапкершілік те зор болмақ, – деді Ерлан Қарин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Кездесуде белгілі жазушылар Дулат Исабеков, Кәдірбек Сегізбай, Смағұл ­Елубай, Ахметжан Ашири, Любовь Шашкова, Әлия Бөпежанова, Кенжехан Матыжанов, Қали Сәрсенбай, Дәурен Қуат  келелі ой, керек кеңестерін айтты. Жалпы еркін форматта, емен-жарқын әңгіме айтылған жақсы кездесу болды. Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жүргізіп отырды.

Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы «Қазақ­стан» телерадиокор­пора­ция­сының Алматы филиалының ғимара­тында болды.

«Қаңтар оқиғасы» кезінде ғимаратқа үлкен залал келіп, 16 мыңға жуық бейнетаспа жинақталған «Алтын қордың» жерасты қоймалары мен цифрланған видеоматериалдар сақталған серверлер бөлмесін өрт шалғаны белгілі. Бұл серверде осы күнге дейін цифрланған бейнематериалдардың бір бөлігі сақталған (басым бөлігі Нұр-Сұлтан қаласында). Бұған қоса, өрт сөндіру кезінде қоймаларды су басты. Қазіргі кезде Корпорацияның техникалық мамандары өртенген сервердің жады және кассеталар мен пленкалардың жарамдылығын тексеруде.

Мемлекеттік хатшы телеарнаның зардап шеккен студиялары жақын арада қайта қалпына келтірілетінін, аман қалған бейнетаспаларды цифрландыру жұмысы жедел түрде қайта басталатынын айтты.

Айта кетер бір жайт, қазіргі уақытта Мемлекеттік хатшының ықпалымен қаңтар оқиғасына байланысты азамат­тардың құқын қорғау мақсатында қоғамдық комиссия құрылып, Абзал Құспан, Айман Омарова және тағы басқа белсенділер жұмыс істеп жатқанын айта кету ләзім.

Еркін ҚАЛДАН

1403 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы