• Әдебиет
  • 03 Ақпан, 2022

САРА СӨЗДІҢ САРАСЫ

Жердің шетіндегі, желдің өтіндегі аядай ауылда өмірге келген бізді сыртқы әлеммен байланыстыратын тек газет-журнал ғана еді. Теледидар дегенді өңіміз түгілі түсімізде де көрмегенбіз. Үйдегі радиоқабылдағыш кейде қазақша  ән салып, жаңалық айтып, тым тәуір самбырлап тұратын да, кейде қыр-қыр етіп, үні талып естіліп, сосын мүлде жоғалып кететін. Ол кезде қазақ тілінде шығатын басылымдардың өзі санаулы еді. Жаңалыққа жаны құмар, көкірек көзі ояу әкем соның бәрін үйге жаздырып алдыратын. Газет-журнал үйіліп-төгіліп айына бір келуші еді. Сол күні үй-ішімізбен көптен көрмеген тума-туысымыз алыстан қыдырып келгендей қуанып, жапа-тармағай газет-журналға жабысатынбыз.

Інілерім «Балдырған» журналын­дағы ертегі, тақпақтарды таласа оқып, тіпті кішкентай, сауатсыз сіңлім де журналдағы түрлі-түсті суреттерге қызыға қарап отыратыны есімде... Әке-шешеміз кешкі шәй үстінде бізге газет-журналдан оқыған тәрбиелік мәні бар, мораль тақырыбында жазылған әңгіме, мақалаларды майын тамыза айтып отырушы еді. Ара-тұра мен де  әңгімеге араласып, оқығанымды ортаға салатынмын.

Көп ұзамай, мектепте болған әдеби кештер туралы, қызықты пионерлік істеріміз жайлы жазғандарымды «Қазақстан пионері» газетіне жолдай бастадым. Пошташы құшақ-құшақ газет-журналдарды көтеріп, үйге келген сайын жүрегім алып-ұшып, кеудеме сыймай кететін. Балалық-ай десеңші, жалма-жан газетті ала сала, өзімнің аты-жөнімді, өзімнің жазған хабарларымды асығып-аптығып іздейтінмін. Газеттің әр санын іштей асыға  күтіп жүруші едім.

Бір күні сабаққа барсам, оқушылар: «Саған редакциядан хат келіпті. Поштада жатыр», – деді. Жүрегім өрекпіп, сабақ арасындағы үлкен үзіліске дейін әзер шыдадым. Қоңырау соғылар-соғылмастан орталық көшедегі жалғыз поштаға қарай құстай ұштым. Сыртына «Қазақстан пионері» газетінің аты жазылған ерекше конвертті асығып-үсігіп аштым. «Құрметті, Заря! Жазғаныңды оқып шықтым. Талабың жақсы екен. Бірақ әлі де іздене түс, көп оқы, айналайын...» деп жазыпты. Хат машинкамен басылған, соңына редакцияның әдеби қызметкері Сара Латиева қол қойыпты.

Жазған мақалам газетке шықпаса да жүрегім жарылардай шын қуандым. Өйткені бұрын-соңды біздің ауылға редакциядан ешкімге хат келген емес еді. Қуанышым қойныма сыймай, бірге оқитын достарыма, сабақ беретін ұстаздарыма хатты көрсеттім. Алып-ұшып үйге келсем, бірінен бірі естіп, құтты болсын айта келген көрші әйелдерге апам бар тәтті-дәмдісін шығарып, шәй беріп жатыр екен...

Шөпжелке қыздың  «тырнақал­дысын» қоқыс шелекке тастай салмай, журналист апайдың ерінбей-жалықпай уақыт бөліп, хат жазуы көңіліме қанат бітірді. Сол күннен бастап, бұрынғыдан да көп оқып, қолым қалт етсе,  мектеп кітапханасынан шықпайтын болдым. Көп ұзамай, республикалық, облыстық, аудандық басылымдарға мақала, новелла, шағын әңгімелерім біртіндеп шыға бастады.

Ол жылдары қазақ қыздарынан шыққан жазушы, журналистер саусақпен санап аларлықтай: Рза Қунақова, Шәрбану Құмарова, Сара Латиева, Шәрбану ­Бейсенова, Мағира Қожахметова сияқты қаламгер болсам деп армандайтынмын. Мектеп бітірген соң, кездескен көп қиындықтармен күресе жүріп, КазГУ-дің журналистика факультетіне түстім. Жалғыз хатымен көңіліме үміт отын жағып, дұрыс бағыт-бағдар сілтеген Сара Латиеваны іздеп барып, сәлем беруге студент кезімде батылым бармады. Шынымды айтсам, ұяңдығым жібермеді. Қанша дегенмен, ауылдан шыққан жас қыздар жасықтау болатыны рас-ау... Университет бітірісімен, жолдамамен Жезқазған қаласына кеттім. Қаламгер апайлармен жақын таныспасам да бәрінің де  баспасөзге шыққан дүниелерін оқып жүретінмін. 

***

Араға 20 жыл салып, Алматыға оралған соң ғана республикаға танымал журналист, жазушы, өнертанушы, «Мен соғысты көргенім жоқ», «Бұлбұл», «Хадиша Бөкеева» атты кітаптардың авторы  Сара Латиевамен бетпе-бет жүздесудің сәті түсті. 

Мен ол кезде Қазақстан Жазушылар одағына қарасты республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі едім. Белгілі жазушы Шәрбану ­Бейсенова редакциямызға жаңа әңгіме-хикаяттарының қолжазбасын көтеріп, жиі келетін. Ол кісінің жазған әңгімелерін студент кезімнен сүйсіне оқып, сырттай жақсы көріп жүруші едім, бірден сөзіміз жарасып, апалы-сіңлі жандардай араласып кеттік.

Бір күні ол кісі өзінің Құдай қосқан қосағы, белгілі әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері, марқұм Сағат Әшімбаевтың 60  жылдық мерейтойы  Нарынқол жерінде  өткелі жатқанын айтып, маған шақыру билетін берді. Сол тойға курстас құрбылары Сара Латиева мен Мағира Қожахметованы да шақырғанын, бәріміз бір жеңіл көлікпен бірге баратынымызды  естігенде  қуанышым қойныма сыймады.

  Жүзі аршыған жұмыртқадай аппақ, бой-сойы келісті, тал бойында бір міні жоқ, талғаммен киінген жан – Сара ­Латиева екен. Шәрбану Бейсенованың екінші курстасы – танымал қаламгер Мағира Қожахметованы ертеректе сыртынан бір-екі рет көргенім бар. Студент кезімде көк базарға қарсы беттегі ылғи газет-журнал редакциялары орналасқан биік ғимараттан анда-санда қаламақы алуға баратынмын. Сонда джинсы шалбар киіп, мойнына алпыншақ-салпыншақ әшекейлер таққан ерке бойжеткенді журналист ағайлар қоғадай жапырылып, кассаға кезексіз өткізіп жататын... Енді бүгін қолына қос-қос күміс білезік, мойнына күміс алқа таққан, мыс түстес шашы бұрқыраған салиқалы бәйбішені сол тәкаппарлау сәнқой бойжеткен дегенге кім сенер?!

Бір қалада тұрып жатса да, көптен бастары қосылмаған ба, жол бойы әңгіме тиегін ағытты. Студенттік қызықты жылдарына «саяхат» жасап кеткен жазушылардың сөздерін сүйсіне тыңдап отырдым. Әңгімелерінен ұққаным: ылғи жігіттер оқитын журналистер факультетінде қыз атаулыдан тек осы үшеуі-ақ болыпты. Марқұм Сағат аға мен Шәрбану апай студенттік кездерінде бас қосып, үйленген екен. Сара апай мен Мағира апай «қалыңдықтың шашбауын көтеріп», Қытаймен шекаралас алыс ауылға бірге ілесіп келіпті... Курстас құрбылар қаншама жыл бұрын болған сол тойды, хош иісі аңқыған, саф таза ауасын қанша жұтсаң да мейірің қанбайтын қонақжай ауылды, ауыл іргесіндегі қарағай, шырша, аршасы аралас қалың орманды, тойдан шыққан соң  айлы түнде салған әндерін сағынышқа толы қимастық сезіммен елжірей еске түсірді.

Кенет сонау бір жылғы тойда  айтқан халық әндерінің бірін Сара Латиева сызылтып шырқай жөнелгенде, күмістей сыңғырлаған сұлу үніне сиқырланып қалғандай болдым. Жан-тәнімен беріле ән салғанда, бір қарағанда сәл қаталдау көрінетін  ақсары өңі жылып, әуенмен бірге жүзі құбылып, құлпырып, ажарланып кетеді екен... Бір сәт қарсы алдымда отырған жан журналист, жазушы емес,  өзі жазған «Бұлбұл» кітабының бас кейіпкері – әнші Күләш Байсейітова тіріліп келгендей сезіндім.

***

Ең алғаш еш жасандылықсыз, боямасыз, таза табиғи қалыптарында көрген соң ба, сол сапар мені үш қаламгермен де жақындастырды. Мағира апайдың өз қаржысы және қажыр-қайратымен шығарып жатқан «Балбұлақ» балалар журналында Сағат Әшімбаевтың 60 жылдық мерейтойынан дайындаған көлемді фоторепортажым жарық көрді. Сол сапардан соң да апайлармен жиі кездесіп жүрдім. Шәрбану апай мен Сара апайдан алған көлемді сұхбаттарым республикалық басылымдарға жарияланды.

Кейін қаламдастарыммен бірге Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданына, Өскемен қаласына  жолым түсті. Шәрбану Бейсенованың туған жерінде өткен   әдеби кештер мен түрлі кездесулерге қатыстық. Ол да бір естен кетпес ерекше оқиға болды. Қонақүйде Сара Латиевамен бір бөлмеде жаттық. Ұзақ жылдар журналист боп қызмет еткен қаламгердің айтар әңгімесі көп екен. Алғашқы еңбек жолын, шұбартаулықтардың бастамасымен, комсомолдық жолдама бойынша, Жәнібек ауданының Талов совхозында қой шаруашылығынан бастапты. Аудандық «Октябрь туы» газетінде, Гурьев облыстық радиосында тілші, республикалық «Қазақстан пионері» газетінде, «Қазақ радиосында», ұлттық «Қазақстан» энциклопедиясында, «Ақ желкен» журналында бөлім меңгерушісі болып істепті. 

***

Сара Латиева жайлы сөз қылғанда, он жеті-он сегіз жастарынан жұп жазбай, өмір бойы әдебиет әлемінде бірге келе жатқан курстас, қаламдас қос құрбысын бөліп тастауға болмайды. Бірі – Қазақстанның батысында, бірі – шығысында, бірі – Сары Арқа өңірі, сұлу Көкше жерінде өмірге келген  үш қаламгердің қаншама жылдан бері достықтарына қылау түсірмегендеріне, жаны сүйіп таңдаған қиын да қызықты мамандықтарын ештеңеге айрбастамай, саналы ғұмырларын арнаған адалдықтарына іштей тәнті болдым.

 Атақпен де, шатақпен де істері жоқ, қасиетті қаламдары қолдарынан түспей, қанша жылдан бері халқымызға қалтқысыз қызмет етіп жүрген қазақтың қаламгер үш қызы туралы бір үлкен шығармашылық кеш өткізу керек деген ой басымнан кетпей қойды. Көп уақыттан бері  жаныма маза бермей жүрген сол ойымды ортаға салып едім, «Қой, қарағым, арнайы кеш өткізетіндей біз не тындырдық?» – деп Сара апам шортандай шоршып түссін. «Заряжан, бізден басқа тасада жүрген талантты жандар аз емес қой, солардан ыңғайсыз болар», – деп Шәрбану апай қиналды. «Да ну?! Зачем?» – деп Мағира апам қыңырайды. Бірақ мен де табандылық танытып, айтқанымнан қайтпадым.

Жазушылар одағының сол кездегі  басшылары Нұрлан Оразалин мен  Ғалым Жайлыбайдың алдына барып, үнемі қалтарыста қала беретін, атақ-даңқпен ісі жоқ  қаламгер үш апамыздың осы кезге дейін тындырған игілікті істерін санамалап, кейінгі жастарға үлгі, өнеге болатын тәрбиелік мәні бар іс-шара өткізіңіздерші деп ұсыныс жасадым. Олар мені қуана қолдап қана қоймай, соны ұйымдастыру жауапкершілігін өз мойныма ілді. Бұрын-соңды көпшіліктің алдына шығып, сөйлеп көрген жан емеспін, көсемдігім де, шешендігім де жоқ, бірақ өзім әзер көндірген қаламгерлер үшін тапсырмадан бас тарта алмадым.

Шығармашылық кешті 8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында өткізуді жоспарладық. Әдеби кештің шартты атауы –  «Мен қазақ қыздарына қайран қалам...» дедік. Енді сол әдеби кешті қалай тартымды, тағылымды және есте қаларлықтай етіп өткіземіз деп бас қатырумен жүріп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдым.

Тіпті сахна төріне ілінетін баннер­дің нобайын да өзімнің қағазға түсі­руіме тура келді. Үлкен баннердің бір жағында – бұрынғы Үкімет Үйінің (қазіргі Қазақ-Британ Университеті ғимаратының) алдында студент кезде түскен үшеуінің фотосуреті, ортада – кеш эмблемасы, екінші жағында тап сол ескі алаңдағы тарихи орында елге танымал үш қаламгердің  қазіргі кезде түскен фото суреті тұрады деп жобалағам, баннер ойлағанымнан да сәтті шықты.

 Шағын видео фильм түсірдік. Артық даңғаза-жарнамаға, бос мақтан сөзге жаны қас қаламгерлердің бабын тауып, әрі көптің көңлінен шығатындай әсерлі әдеби кеш өткізу оңай болған жоқ. Беделді, белді қаламгерлердің біразы сол кеште ортаға шығып, талай қызық әңгімелер, естеліктер айтып, үшеуінің көп адам біле бермейтін қыр­ларын ашты, қаламгерлік образдарын толықтырды. Қалың оқырман­ның құрметіне бөленіп, құшақ-құшақ гүл шоғының астында қалған қаламдастарымның сол бір бақытты сәті әлі күнге көз алдымда...

***

2017 жылдың күзінде Сара апайды туған жері – Бөкей Ордасындағы мәдени саланың бір пұшпағын ұстап отырған зиялы азаматтар шығармашылық кездесуге шақырған екен. Алматыдан шашбауын көтеріп, белгілі ақын, аудармашы Қалампыр Кенжеғалиқызы екеуміз жолға шықтық. 

Сара апай нағашысының жылдық асына қатыспақ болып ел жаққа  бізден сәл ертерек кеткен еді, облыс орта­лығынан  өзі күтіп алды. Орал қаласынан Бөкей Ордасына жеткенше көлік жүргізуші туыстарының бірі туған жерінің тарихын сыр ғып шертіп, ел аузында жүрген талай аңыз әңгімелердің тиегін ағытып, жол қысқартты.

 Бөкей Ордасының соңғы ханы, өз ­заманында Қазан университетінің құрметті мүшесі болған, араб, парсы, неміс, орыс тілдерін жетік меңгеріп, Ордада қазақ балалары үшін тұңғыш мектеп, банк, екі мешіт, дәрігерлік бөлімше, дәріхана т.б. ашқан  Жәңгір хан туралы туған нағашым Сатыбалды Даумовтың жазған «Сонау бір тұрған Нарында» кітабынан біраз хабарым бар еді. Өзім көптен бір көруді арман етіп жүрген қасиетті жерге жеткенше асықтым.

Сол сапарымызда ашық аспан астындағы мұражай секілді керемет сақталған тарихи үй-жай, ғимараттарды өз көзімізбен көрудің сәті түсті. Ауыл сыртындағы қорымға барып өмірден өткен тарихи тұлғаларға мінәжат еттік. Жәңгір ханның өзі еккізген құмдағы қарағайларын тамашаладық.  Хан  ставкасын, мешітін, ашқан мектептерін аралап, тарихи-өлкетану мұражайына бардық. Сара апайдың әкесі тарихи жәдігерлерге толы тамаша мұражайдың алғашқы ұйымдастырушыларының бірі болыпты... Ол кісінің аты-жөні жазылған ескерткіш тақта мұражайдың сыртқы қабырғасында  ілулі тұрғанын көріп, қайран қалдық.

Қайда барсақ та, халықаралық Алаш сыйлығының иегері, алты Алашқа аты мәлім жазушы жерлестерін сағына құшақтап, амандық-саулығын сұрап жатқан қарапайым адамдардың ерекше ізеті мен ыстық ықыласына кез болдық. Әсіресе Мәдениет үйінде өткен кештен алған әсерімізді   сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ақ бас Алатау баурайындағы ару қала – Алматы шаһарында тұрғанына жарты ғасырдан асқан Сара Латиеваның «Туған жердің түтіні» деп аталатын жаңа кітабының алғашқы парағын ашқаннан-ақ,  алыста жатқан туған жерін, тіпті туған жерінің түтінін де  үнемі сағынып жүретінін жаным сезген. Қателеспеген екем.

Кеш басталған кезде Сара апай бірден сахна төрінде шалқайып отырса да ешкім сөге жамандамас еді. Бірақ ата-анасы «Ұлық болсаң, кішік бол» дегенді ес білгеннен құлағына сіңірген зиялы жан көрермен отырған кең залдың табалдырығын тебірене аттап, алдымен әдеби кешке жиналған көпшіліктің алдына барып, жасы үлкеннің қолын алып, замандастарымен құшақтаса амандасты. Соны көргенде көңіл шіркін толқып кеткенін қалай жасырайын?! 

Заря ЖҰМАНОВА,

жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

1342 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы