• Руханият
  • 03 Ақпан, 2022

АВЕСТАЛЫҚ АТАУЛАРДЫҢ АСТАРЫ

«Авестада»: «Адамдардың үй-жайлары үшін барлық төрт жаққа жүгіру көлемінде және малды орналастыру үшін барлық төрт жаққа жүгіру көлемінде Вар жаса. Алдыңғы аумағында (Вардың) тоғыз, ортаңғысында – алты, ішкі аумағында – үш өткел жаса. Сазды өкшелеріңмен иле және дымқыл жерді қолмен ұсақта» дейді. К.Г.Залеманның аудармасында «сол дуалды (варды) ат шабысының ұзындығындай етіп жаса» дейді. Қазір де қазақтарда «ат шаптырым» деген сөз бар. «Вар» ұғымы тұрғын үй және шаруашылық құрылыстарына қатысты екені анық. Ал жеті каршварды – осындай жеті көршілес құрылыс, жеті ерекше қала – жайылымдар мен өрістер шоғырланған полистер деп түсіндіруге болады. 

Сонда Нисая қонысы ежелгі Ниса қаласы – Парфия астанасы деп түсінілетіні негізді дер едік, болжам бойынша ол қазіргі Ашхабад аймағында болған, Харойвадағы (Қара ой) Моуру, қазіргі шұрат – Мары (Мерв) қаласы деп айқындалады, ал Бадхи – Балх сияқты Бактрия, Ишката да Памир алды ишкамишдіктердің қоныстарына жақын. Батыс Памирде Ишкамиш жотасы бар. Бір қызығы, Ишката таулары, Ишкамиш жотасы Авеста кезінен бері өз атауын сақтап қалған. Таулы-бадахшан автономиялық облысында шағын памирлік халықтардың бірі ишкашимдіктер тұрады. Басқа жерде Ишката Парутте орналасқан деген түсінік беріледі, яғни ол жер Паруттағы деп аталады. Согдиананың Соғды тарихи ауданы Әмудария мен Сырдарияның өзен аралығы ретінде белгілі.
Афрасиаб – қазіргі Самарқанд қала­сының солтүстік бөлігінде орналасқан көне қалашық. Қирандылар XVII ғасырда Тұран патшасы Афрасиабтың құр­метіне аталған.
Хорезм – Арал теңізінің оңтүстік жағалауына іргелес жатқан Әмудария жағасындағы ең көне шұрат. Барлық жеті каршвар – көрші жеті елді мекен, қалалар (елдер) ретінде түсіндіріледі. Өйткені түркі тілдерінде карши, корши сөздері қарама-қарсы, көрші, көршілес деген мағынаны білдіреді.
Нисая Моуру мен Бахди арасындағы каршвар ретінде белгіленген, қазіргі археологтардың анықтауынша, парфян­дықтардың астанасы, ежелгі Ниса қа­ласының орны – Мервтің (Мары) батысында, Ашхабад маңында. Мүмкін, Нисая көшірілген немесе бұл жерде аттас елді мекен туралы айтылып тұр. Бұл археологтар мен тарихшылардың еншісінде. Ең бастысы, Нисая осы өңірдегі елді мекен ретінде 350 шақырым радиуста орналасқан деп бағдарланған. Немесе Бахди (Балх) мен Мервтен (Моуру) 150 -170 км. Бір қызығы, географиялық поэмада Моуру үздік елдердің ішінде үшінші, ал Харойва алтыншы болып белгіленеді. Сонымен бірге Михр-яштта И.М.Стеблин-Каменскийдің аудармасында «Харойвадағы Мервке» деп жазылған. Мұнда оның аудармасы: «Паруттағы Ишкатқа да, ... және Согдианадағы Гаваға да» деп түзетіледі. Егер біріктірілген атаулардың бірінші бөлігін елді мекендерге жатқызуға болатын болса, екіншісі – аумаққа немесе елді мекендердің бағыныштылығына қатысты болуы мүмкін. 
Барлық жеті каршвар арқылы ағатын Анахита өзені тек Әмудария болуы мүмкін. «Мал семіз, егістік құнарлы» бұл өзенге асыраушы ретінде  «ең атақты авесталық мәтін... Ардвисур» арналып, көп орын берілген. «Табын оған, о, Спитама, толық сулы Арәдібиге, Байтақ және шипалы;... Астық  өсірушіге дұға ет, Оған, байлықты арттырушыға. Жер меншігін кеңітушіге...».
Арәдвисура  Анахита өз ағысын екі бағытта: солтүстік пен оңтүстікке, шығыс пен батысқа бағыттайтыны туралы жолдарына байланысты сұрақ туындайды. Өзен аралығындағы тағы бір өзен – Сырдария туралы нақты мәліметті «Авестада» кездестіре алмаймыз. Орта Азияның екі ұлы өзенінің аралығы – Согдиана туралы айтылады. Авестаны құрастырушылар Арәдви Анахитаның (Әмудария) екі тармағы – бірі оңтүстік, екіншісі солтүстік тармағы бар деп болжаған болуы керек. Бірақ Әмудария солтүстікке ағып кетпейді.Бұл ретте Сырдария туралы айтылып тұрған болуы керек. Мүмкін, Арәдви Анахита мен Арәдви сура атауларында Памирдің көршілес жоталарынан бастау алатын екі параллель өзендердің атаулары жасырылған шығар. Ал құрастырушылар бұл шығыс пен батысқа, екі бағытта оңтүстікке және екі бағытта солтүстікке қарай ағып жатқан, сол бір Арәдвисура Анахита өзені деп есептеген көрінеді. Бұл қате емес, сол кезде мүмкін болған географиялық білімнің деңгейі болса керек. Және бірдей тау сілемдерінен, қол жетпейтін тау қырқасынан бастау алатын екі түрлі өзен көздерін анықтаудағы қиындықтарға байланысты түсіндіруге болады. Екі өзен атауындағы «дария» жалғауы олардың ықтимал бірлігін көрсетуі мүмкін. Бұл өзендердің бірдей түсінігі екі өзеннің параллель ағып, бір теңізге құйылуы, олардың атыраулары бір-бірімен тоғысуымен нығая түсті.Әмудария мен Сырдария айтарлықтай атырауларға ие. Әмударияның үлкен атырауы батпақты, қалың тоғайлы, қамысты болып келеді. «Ардвидің тармағы – мың, және мың көл бар. Қайсысын болса да жақсы атқа мінген салт атты ғана қырық күнде айналып үлгереді» деп анықтап көрсеткен өзен суы Ворукаша теңізіне құяды дейді. Бұл теңіз әлдебір мифтік теңіз емес, қазіргі Арал теңізі болуы мүмкін. 
«Авестада» Анахита сулары Харати тауларында (Кара тау) орналасқан Хукарья шыңдарынан түседі делінген. Бұл таулар Кіші Памир таулары болуы мүмкін, ал Хукарья шыңдары – Әмудария бастаулары орналасқан Гиндукуштың солтүстік беткейінің шыңдары. Авестада Харатидің 8 тауы, көп мүйізді Хара және басқа да таулар, соның ішінде Ишката таулары – барлығы 29 тау көрсетілген. Белгілі болғандай, Памирде 22 жота мен 12 шың бар. Ең ұзындары – Сарыкөл – 402, Заалай – 273, Дарваз – 200, Петр Бірінші – 200 шақырым. Мүмкін, ежелгілердің ойынша, Харати –  қара таулар деп қазіргі Қаратаудан бастап Памирге дейінгі таулар аталған, олар Орта Азияның біртұтас тау жүйесіне кіреді. «Авестада» былай делінген: «Күн батқаннан күн шыққанға дейін елді қоршап тұрған биік Харати жерде көтерілді; Екінші Зердаза тауы Мануштың елді күн батқаннан күн шыққанға дейін қоршап тұрған жағынан жерде көтерілді...». Бұл Памирдің ең ұзын, көп шақырымдық тау жоталарына қатысты болуы ықтимал. Тәжік зерттеушісі Наргис Ходжаева «Авестада» сызбаға сәйкес географиялық атаулардың сипаттамасы келтірілген деп санайды: «Хара Березаити таулары – Вахви-Датия өзендері және Ранха — Ворукаша теңізі. Бұл сызбаны тек осы формада ғана қазіргі Орта Азияның географиялық картасына қоюға болады: Тянь-Шань тау жүйесі – Памир – Гиндукуш – Әмудария және Сырдария – Арал теңізі. Жоғарыда айтылғандардың барлығынан авесталық Ворукаша теңізі – Арал теңізі деп сенімдірек болжауға болады».
Егер біз жеті каршварға арналған әдемі, адам көп қоныстанған көршілес аңғар – Хванират туралы айтатын болсақ, онда мұндай ел – Ферғана аңғарында орналасуы мүмкін.
Ең көне қоныстар, игеруге қолайлы Сырдарияның суы мол аңғарында орналасқан. Сел-Үңгірден (Ферғана алқабы, Қырғызстан) плейстоцен кезеңіндегі сүйек қалдықтарының, тас құралдарының табылуы, бұл алқапты кем дегенде 125 мың жыл бұрын адам игергенін көрсетеді. Ежелгі Худжанд қаласы орналасқан жеріне негізделген қоныс болуы мүмкін. Назар аудартатыны, Худжа́нд тәжік тілінде Хуҷанд, соғды тілінде kwc’nth (xučant(a), xuǰand деп түсіндіріледі, яғни жағымды жақ деген мағына береді. Каршвар әдемі және жағымды жақ, мүмкін қарапайым үндестік емес шығар. Бір қызығы, Ферғана алқабындағы тағы бір ірі қала – Ош осы атауға үміткер. Болжам бойынша, топоним парсы тілінің «خوش»(‘huwuš) «жағымды, жақсы сөзінен шыққан. Бұл Ош – «жағымды қала» дегенді білдіреді. Мүмкін, бұл Андижан қаласы шығар. Аңыз бойынша, қаланың пайда болуы ежелгі Тұранның аты аңызға айналған билеушісі Афрасиабтың қызы Тұран ханшайымы Адинажанның есімімен байланысты. Науқас ханшайым Тахти Сүлейман бөктеріндегі тау аңғарларының біріне келіп, өзінің ауыр, созылмалы сырқатынан айығады. Осы ғажайып алқапта оның емделуінің құрметіне Афрасиаб ханшайымға қамал салып, кең бақша екті. Содан бері Ошсай таулы өзенінің төменгі ағысында орналасқан бұл аймақ, Адинаджан деп атала бастады, кейінірек сонда тұрғызылған қаланы Афрасиаб өзінің айбынды Тұранның астанасы Андижан қаласына айналдырды.


Тау аңғарындағы бұл каршвар Паруттаның Ишкатасының солтүстігінде және Согдианадағы Гаваның шығысында орналасқан. Тау жоталары – оның табиғи шекаралары. Алайда Хванират каршвар ретінде кайянидтер билеген көршілес жеті каршварға жатпайды. Ең жақсы 16 ел тізіміне Авестаны құрастырушылар Хваниратты қоспаған, бірақ түсіндірмеде олар «әдемі, ғажайып әрі көрнекті де, тамаша және таңғалдыратын басқа да елдер мен мекендер бар» деп көрсеткен.
Келесі географиялық көрсеткіш дала­ның кеңістігі мен оны кесіп өтетін өзенге қатысты.
«Біріншіден, мен, Ахура – Мазда елдер мен мекендердің ең жақсысын жасадым: Арианам-Вэджаны (өзен) Вахви-Датиямен. Содан кейін, бұған қарама-қайшы, Аныра-Манью көп зиянды қызыл жылан мен қысты, девтік (диюлік) жаратылысты жасадым. Онда он ай қыс, екеуі жаз... қыс аяқталуға жақындағанда, үлкен сел болады».
«Арианам-Вайджа жерінде
Киелі Датии жағасында».
Британдық зерттеуші Мэри Бойс «Авестаның» оқиғалары «Еділдің шығысындағы Азия далаларында» өрбіді деп санайды. Авестаны құрастырушылар (Ден), әрине, өздеріне таныс тұрғылықты жерлерде, мекен еткен орындарда болған оқиғаларды негізге алған. Арианам (Арийанам) – вэйджаны (Арианажайы, Аруанажайы) көптеген зерттеушілер солтүстік Каспий ойпатында орналасқан дала кеңістігі ретінде түсіндіреді. Сірә, Арийана жайы – Алтай тауларынан Днепр жағасына дейін кең жолақпен созылып жатқан дала кеңістігі немесе Ұлы Дала болуы ықтимал. Днепр, Дон, Еділ, Жайық, Ертіс сияқты осы далаларды кесіп өтетін маңызды өзендердің ішінде Еділ немесе Жайық авесталық сипаттамаға көбірек сәйкес келеді. Екі өзеннің де бастаулары Орал тауларының солтүстігінде, қысы ұзақ, жазы қысқа болатын арктикалық шеңберге жақын тайга ормандарының жанында орналасқан.Үлкен қарлы сілемнің еруі қазір де осы аймақтағы үлкен селмен қатар жүреді. Тағы бір белгі – қызыл жылан – бұл өзендердің жағасында өмір сүрген сары бауыр жылан. Авестада сары бауыр Сарвар жыланы туралы айтылады, онда түркі тіліндегі Сары баур сөзі кездеседі, қазақ тілінде – сары бауыр. Орал мифологиясында үлкен жыландар туралы башқұрт аңыздары ерекше орын алады, онда ең танымал сары бауыр Ұлы жылан – көптеген мифтер мен аңыздардың кейіпкері. ХIХ ғасырдың көрнекті зоологтарының бірі Л.П.Сабанеев қырқыншы жылдары жүргізілген Оңтүстік Орал аумағы бойынша экспедицияның нәтижелері бойынша, «Орталық Оралдың омыртқалылары және олардың Пермь және Орынбор губернияларында географиялық таралуы» атты анықтамалық жариялады, оның беттерінде жергілікті тұрғындардан алынған алып жыландардың сипаттамалары келтірілген.
«Авестадағы» Еділ мен Жайық өзен­дерінің қайсысы Ранха, ал қайсысы Датия деп көрсетілген» деген дауды шешу үшін келесі сипаттамаларға жүгінеміз.
«Он алтыншыдан, мен... елдер мен мекендердің ең жақсысын жасадым: (ел) Ранханың бастауында, ол билеушілерсіз басқарылады. Сонда бұған қарама-қайшы Анхра-Манью (Аңыра Ман – маңыраған қой) көп зиянды қысты, девтік (диюлік) жаратылысты және (жат елдік) билеушілер (халықтан) «таожьяны» жасадым». ­«Таожья» халқынан шыққан билеушілерді анықтау керек. Бұл тайга шекарасында тұратын солтүстік оралдық ханты мен манси халықтары туралы айтылып тұрған болуы керек. Судың байтақтығы туралы сипаттама Еділге көбірек лайық.
Оған Заратуштраның мына сөзі дәлел секілді:
 «Егер Ахура жеріне тірідей жетсем, 
кең арналы Ранханы. 
Және өз үйіме жетсем».
Пікірталасты шешудегі маңызды нәрсе –Авеста мәтінінің келесі нұсқасы:
«Құрбандық шалды оған, Фрияна ұлы, тур Йошта да, Байтақ Ранха өзенінің, Ағысындағы аралда, жүз айғыр жəне мың сиыр жəне сансыз қой».
Біріншіден, осы екі өзеннің ішіндегі ең кеңі – Еділ. Онда 16 арал бар, олардың ішіндегі ең үлкені – Сарпинский (Сарпы) немесе Царицын аралы, ауданы 16 шаршы шақырым, жағалау сызығының ұзындығы – 60 шақырым. Жүздеген айғырлардан, мыңдаған сиырлардан және он мың қойдан осындай үлкен құрбандық шалуға болатын арал осы екі өзеннің ішінде тек Еділ ­бойында мүмкін, қазіргі Волгоградқа қарама-қарсы орналасқан және бұл Сарпинский аралы деп айтуға болады. Жайық өзенінде құрбандық шалуға болатын үлкен аралдар жоқ. Сондықтан Ранха өзенінің қазіргі атауы Еділ өзені болуы әбден мүмкін. Қызықтысы, қазақ тілінде сарп, сарп ету «құрбан шалу» мағынасын білдіреді. Сонда Сарпы аралы құрбан шалған жері дегенді нақты қөрсетіп тұрған жоқ па?
А.Кляшторный, Т.Сұлтанов «Ранха Еділдің ең көне атауы екені сөзсіз, ал Сура Анахита құдайының өзені Ардви б.з.б. III-II мыңж. Үзбой арнасы арқылы Каспийге құйылған Әмудария деп санайды (4). 
Бұл нұсқаны растайтын тағы бір белгі, егер Еділдің бастауы ретінде оның солтүстік саласы Вишера өзені тайга аймағында орналасқан және Жайық өзенінің бастау­ларынан жоғары орналасқан мол сулы Каманы алсақ, онда осы екі өзен туралы қайшылықты пікірлерге нүкте қойылады.Ежелгі уақытта түркі халықтары, араб саяхатшылары Кама өзенін Еділ өзенінің бастауы ретінде қабылдаған.Зерттеушілер ежелгі уақытта пра-Кама болған кезде, Еділдің әлі болмағанын айтады. 
Сонда Ранха Еділ болса, Датия Жайық өзені. Ал Ариана Вейджді (Арианажайы) дала кеңістігін Жайық өзені кесіп өтетін оңтүстік Каспий өңірі ретінде белгілеуге болады.
Жоғарғы патшалықта Кай, кайянидтер билік еткен Мерв пен Хорезм арасындағы аймақта Чайчасты көлінің сипаттамасына ең қолайлы, оның терең және байтақ ­деген параметрлері тек Сарықамыш көліне сәйкес келеді. Бұл көлдің ұзындығы – 100-120 шақырым, ені – 30-40 шақырым, орташа тереңдігі – 8 м; ең терең тұсы – 40 м. «Авестада»: «Терең сулы, Чайчаста кө­лінің маңында, Арийліктердің елдерін бі­рік­тірген батыр Хаосрава» деген сөздер бар.
Ворукаша (Арал) теңізінен ағып кететін суларды Сарықамыш көлі арқылы өтетін Үзбойдың суы ғана бола алатын Хаосрова сулары деп бекер айтпаса керек. Арал теңізінде ағыстар – ағып кететін өзендер жоқ. Айта кету керек, кейбір аудармашылар шығанақтардың пайда болуын судың ағып кетуі деп атайды. Бірақ мағынасы жағынан ағыс ағып шығатын өзен мағынасын береді. Бірақ бұл әрқашан осылай болмаған. Тарихи тұрғыдан алғанда, 10 мың жыл бойы бір ағыс (көзі) – Үзбой өзені болған. Ол Ворукаша – Арал теңізін қазіргі Сарықамыш көлі арқылы және одан әрі Фраздана (Каспий теңізі) теңізін қосты. Ал бұл көл авесталық Чайчаста, өзен – Витанхухати болуы мүмкін. «Авестада» бұл туралы маңызды ескерту бар: «О Арэдвисура Анахита, мейірімді Витанхухати арқылы құрғақ өткелді енді аш!» және ары қарай «Бір суларды тоқтатты, басқаларды әрі қарай ағып кетуге мәжбүр етті. Витанхухати арқылы құрғақ өткел салды» (98, 234, 235 бб).  Бұл  өзен қазіргі Үзбой өзені болуы мүмкін. Ол осы өзеннің тұрақты емес ағынымен және оның Амудария өзенімен (Арэдвисура Анахита) тікелей байланысын нақты сипаттайды.
Оғыздардың «Чайчаста» сөзі, біз­діңше, түрленген тұрандық (сақтық) ­«Шайшасты» сөзі. Бұл түсінік Сары­қамыш көлінің Арал мен Үзбой арасындағы ағынды су қоймасы болып табылатындығына байланысты, ол ағын сулар қатып қалған кезде бірнеше рет таязданып, керісінше, сел, кезекті су тасқыны, теңіз трансгрессиясы кезінде толығады. Сонда Воурукашты қазақша Баурау каш – бауырлап қаш, төгіл, ағыс бойынша ақ деп түсінуге болады.Шайқақтау – құйылу, шайылды – жуылу, шайшасты – жиі шайылуға бейім, дәлірек айтқанда осы транзиттік көлдің тұрақсыз қасиеттерін сипаттайды. Өз тарихында көл бірнеше рет жойылып, сел немесе Сібір су тасқыны кезінде Әмудария суларының келуіне байланысты қайта пайда болды.
Өңірде екі теңіз бар: қазіргі Каспий және Арал теңіздері.
«Құрбандық шалды оған, Фраздану теңізінің алдында, Санасы биік Кавай Виштаспа». Мұндағы Фраздан теңізі тек Каспий теңізі болуы мүмкін, себебі бұл аймақтағы екі теңіздің бірі Ворукаша теңізі Арал теңізі деп анықталды, содан кейін екінші теңіз – қазіргі Каспий теңізі және оны Фраздана теңізі деп сәйкестендіруге болады. Бұл теңіз Кавилер, каянидтердің иеліктерінің батысында орналасқан.Каянидтердің осы батыс иеліктерінің солтүстігінде дахилер (дайлар, адайлар) орналасқан болуы мүмкін – дәстүр бойынша олар Тұрандардың ең күшті тайпалары, кейінірек Парфияның негізін салушылар деп аталды.
Ал егер Заратуштра оның үйінің байтақ Ранха жағасында орналасқанын атап өтсе, онда ол Еділдің төменгі ағысында болған. Бірақ бұл жерлер кең-байтақ Тұран патшалықтарына қарады. Авестада Йошт туры (тұрандық) Ранха өзенінің жағасында, күймес аралда құрбандық шалғаны туралы айтылады. Бұл екі жағдай Ранха өзенін, Заратуштраның туған үйін және тұрандықтар құрбандық шалатын аралды біртұтас байланыстырады.
Авестада турлардың, тұрандық­тардың және каянидтердің өзара әрекеттесуіне көп көңіл бөлінеді. Заратуштра ежелгі наным-сенімдер мен табынушылықтар үшін туындаған, отандастары үшін түсініксіз реформалары кесірінен өз үйінен алас­татылып, өзінің туған жерлерінен, Солтүстік Тұран даласынан, кави, Кай Виштаспаға қоныс аударады (өз елінде пайғамбар жоқ). Кавилердің жоғарғы және төменгі патшалықтарында бола отырып, ол олардың билігін өз бетінше немесе олардың билеушілерінің бұйрығымен жырлады, Кави билеушілерінің, кайянидтердің өзіндік шежірешісі болды.Заратуштраның жат елдегі өмірі оны хиониттер мен тұрандықтардың кайянид астанасын басып алуы кезінде Балхтағы әулие пірәдар бақсы 77 жасында өлтіргенге дейін жалғасты.
Заратуштра «хварно» категориясына тағдыр, арналу, алдын ала басқару үшін жаратылу, бұл «ең даңқты, басым, ең мейірімді, ең таңғаларлық, ең оңтайлы, ұсталмайтын» нәрсе деп ерекше назар аударады. Ең күшті хварно алдымен ойы мен сөзі, ісі бірдей «жеті тату, жеті бір ауыздан, жеті бірлікте билеуші және бір ата-анаға келді». Ол Кавий билеушілерін дәйекті түрде тізімдейді: Хварно (билік) ұзақ уақытқа «Хаошьянхе (Кай Шиянхы) Парадатеге өтті, ал жер бетінде ол барлық жеті каршварда билік етті», содан кейін «Түлкі терісін киген батыл Урупиге» өтті. Содан кейін Кави патшалары билік етті: Кавата (Кабат), Апивоха, Усан (Үсен), Аршан, Пишин, Бьяршан, Сьяваршан, ­содан кейін хварно держава тірегі ретінде, осы аймақтың билеушісі болған арийлік елдердің батыры Хаосраваға (Кай Сырау, Сырап) өтті. Олардың барлығы Заратуштра кавилердің жоғарғы патшалығында пайда болған кезіне дейін билік етті.
Заратуштраның бұл патшалықтарда пайда болуы жеті каршвардың билеушісі Виштаспамен байланысты, ол оған жаңа ілімді қабылдағаны үшін өте риза болды. Ол оған барлық каршварларды басқаруға тағдыр жазған «айбынды, ақылды ұлық» эпитеттерін береді, одан кейін өз кезегінде Вивахванттың ұрпағы керемет, күшті ­Йиманы мадақтайды.Заратуштра тағдыр үш рет (хварно) Йимадан бас тартқанын, ол үш рет биліктен айырылғанын айтады: Бірінші рет билік Митраға, екінші рет Атвияның қуатты ұлы Трайтонға, үшінші рет батыл Кэрсаспаға «ұшып кетті».
Заратуштра, әсіресе Митраға көп­теген мақтау сөздерін айтты, ол оған Михр-Яштадағы ең ұзақ әнұранды арнады: «Мен саған табынамын», оған «аса ақылды, жеңімпаз, қуатты, ақылды, мейірімді, асқақ, ізгі, білімді, құдіретті және жоғары» эпитеттерін берді. Мүмкін, Заратуштраның ең шабытты жылдары Митраның билігі кезінде болған шығар.Мүмкін, ол сарай қызметкері болмаса, ­Митра сарайында немесе оның жанында адал дін қызметкері болған шығар. Жеке «Ард-яштта» көптеген мақтау эпитеттерін Заратуштра жеті каршвардың келесі билеушісі – Ашиге (Аши – ашық, Айша – айжүзді) берді: «ұлы, әдемі, күшті, мықты, ізгі, жарқын, мол, берекелі, игі, толық билікті».Бұл пра-оғыздар мен пра-сақтар. Тікелей, Тұран патшалығы Арал теңізінен жоғары, Еділ өзенінің шығысында, Сарыарқа аумағын алып, Балқаш көліне дейін кең дала аймағында орналасқан.
Үстірт қыратының биіктігі 180-нен 300 метрге дейін жетеді, 350 метрлік тік қырлар – шұңқырлар да бар. Бұл жерлер ежелгі Тұран патшалығына жатады. «Авестада» тұрандық Франхрасянның «Тұңғиықтың шетінде – жүз жылқы, мың бұқа және он мың қой» құрбандыққа шалғаны туралы айтылған (98, 229 б.). Мұндай тұңғиық – Үстірттің тік қыратының бірі болуы мүмкін.
Фирдоуси «Шахнамада» Рустамның Тұран жеріне жорықтан қайтып оралуын сипаттай отырып, оның: «Ол жабайы Тұран даласынан табын айдап өткен» деп көрсетеді.
«Авестада» «Асты мол пісіріп, көп бөлігін беретін, аттар пысқырып, дөң­гелектер гүрілдейтін, қамшы сермелетін... кең патшалықтар бар» делінген. Тұран патшалықтары және Каянидтердің билігіндегі барлық жеті каршвар. Бұл картаны «Авеста» авторы құрастырған. 3900+500 жыл бұрын, Орта Азияға арийлік көші-қон кезеңі.
«Авестада» тұрандықтардың бірқатар есімдері айтылады. Тұран патшасы Пашанның ұлдары тур Франкрасянға (Афрасиаб) (Ворукаша теңізінің маңында), оның туған ағасы Керсаваздаға, Фриянаның ұлы тур Йоштаға (Ранха өзенінің маңында), Ахтяға, Нэрэманға (Нариман), Ваесакқа (Байсақ, Байзақ), үш дан тұрандық – Асабана туған шешен Қара мен Вара, батыр, жүйрік Дураекайте (Дура, Тура аке айт), Вэрашаваға, Тантриавант, Хумаяк (Қума аяқ), Ворукаша су маңындағы Вандамаришуге және олардың ағасы Арэджатаспаға (Ажыратаспа) – хионит (хьондар) тұран тайпасының көсеміне көп назар аударылады. Көбінесе, шекарадағы үздіксіз қақтығыстар, көршілес екі халықтың жеке жауынгерлері арасындағы қақтығыстар туралы айтылады. Кейіннен кавиліктер мен тұрандықтар өз патшалықтарының күшін нығайту үшін бірікті. Кайлар+Сақтар, кайсақтар. Бұл мифтік шығыс-иран тайпалары емес, екі түркі халқы болды.
Парфяндық «Зареридтер туралы аңыз» поэмасы тұран патшасы Арэджаспа мен кайянид Виштаспа арасындағы бірінші діни соғыстың сюжетін жеткізеді. Алдымен Арэджаспа өзінің елшілері Видрафш пен Намхваст арқылы Виштаспаға үзілді-кесілді қатер жібереді: не ол бірден «әділ сенімнен» бас тартады, не хиониттер оған қарсы соғысып, бүкіл Виштаспа патшалығын отпен, қылышпен және қорлаумен масқара етеді. Шешуші шайқаста екі жақ та үлкен шығынға ұшырады.
Тек Фирдоуси ғана өзінің «Шахна­ма­сында» өз тұтынушыларының, парсы шахтарының көңілінен шығу үшін ­поэманы тұрандықтарға қарсы риторикамен безендіріп, мәтінді сан рет үлкейтіп, авесталық мәтінге субъективті, әсіре түсіндірме қосып, Тұран мен Иранның арасындағы жалған текетіресті келтіреді. 
Бірқатар зерттеушілер Тұран бар кезде Иранның әлі болмағанын атап өтеді. А.А.Стариков «Шахнамадағы» Иран  –  «Иран-Шехр шындық емес, идеал» деп атап көрсетеді. Авестаның көптеген түсініктемешілері кавилер мен тұрандықтардың қарым-қатынасына механикалық түрде шынайы, нақты емес деген бейне береді, Фирдоусидің поэтикалық қиялының нәтижесі дейді.Авестаның өзінде Иран немесе оған үндес патшалықтар туралы сөз жоқ. Каянидтер түркмендер мен түріктерге жақынырақ.
Авестаның ирандануы бірқатар адасуларға және қате түсіндірмелерге әкеледі. Мұны «мазда» сөзінің түсін­дірмесінен байқауға болады. Аудар­ма­шылардың барлығы дерлік оны жай ғана от, маздаясналық халықтар – отқа табынушылар деп түсінеді. Шын мәнінде, профессор Алма Қыраубаева атап өткендей, мазда – бұл ыстау, ұшаны баяу қуыру үшін қолданылатын ерекше жалын режимі.Метеорит ағындарының жалыны өз жолында бәрін өртеп жіберді, тек әлсіреген кезде ол етті күйдірмей, тек қуырып, жеуге жарамды етті. Дәл осындай отты біздің ата-бабаларымыз пұтқа айналдырды, жалынның барлық түрлерінің ішінде ерекше табынушылыққа тек жасампаз, бірақ азықты жойып жібермейтін отты көтерді.Ахура Мазда – Ахыр Мазда, Ахырын Мазда. Арқыраған жалын, баяу жалын.Зерттеушілер Афрасиаб (Франхрасьян) батыр туралы поэма, Авестаның тұрандық нұсқасы болған деп есептейді. Қазір де Орта Азия, Қазақстан халықтарының арасында оның өмірі, жорықтары, ерліктері туралы жекелеген аңыздар сақталған.

Рахман Алшанов, 
профессор, Тұран 
университетінің ректоры

 

1136 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы