• Тарих
  • 03 Ақпан, 2022

ҚУҒЫННАН КӨЗ АШПАҒАН ӘУЛЕТ

Заманында «ұлт көсемі» атанған Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы тарихта есімі мәшһүр тұңғыш тархан Жәнібекпен түбі бір, текті атаның балалары. Қошқар ұлы Жәнібектің атасы – Көшей, бабасы – Шақшақ. Жәнібек пен Ахметті таратып алатын түп-тегіміз де, осы ұлы баба Шақшақтан бастау алады. Жәнібек батыр Шақшақтың шөбересі болса, ал Ахмет – Шақшақтың тоғызыншы тармақтағы үрім-бұтағы, яғни жалғасты ұрпағы. Ахметтің әкесі бес ағайынды: Ақтас, Байтұрсын, Данияр (кейбір деректерде Сабалақ есімімен мәлім. Ғұрып бойынша жеңгелері қойған), Ерғазы, Ермағанбет. Атасы Шошақ он ағайынды, ал бабасы Таңбай жеті ағайынды екен. Таңбайдың әкесі Аралбай бес ағайынды. Үлкен бабасы Аралбай Үмбетей батырдың бел баласы. Байсейіттен Үмбетей мен Сейтімбет туған. Ахметтің ұлы бабасы – Үмбетей ру басына айналған үлкен ата. Байсейіт атадан жалғыз, оның әкесі Қалқаман Көшейұлы (5 ағайынды). Қалқаманның сүйегі – Арғын (6 ағайынды). Үлкен ата, ру атына айналған Арғын тайпасынан бері таратар болсақ: Арғыннан – Тәнбісопы (5), одан – Елемес (1). Елеместен – Ермен (1), Ерменнен – Шағыр (3), одан – Аманжол (3), Аманжолдан – Шақшақ (3), Шақшақтан – Көшей (6) туған. 

Отбасылық әулет шежіресі бойынша, Ахметтің руы – Арғын, оның ішінде Тәнбісопы болады. Сопыны Өткірсопы дейтін де деректер кездеседі. Тәнбісопыдан – Елемес, одан – Ермен, Ерменнен – Шағыр, одан – Аманжол, Аманжолдан – Шақшақ, одан – Қалқаман, Қалқаманнан – Байсейіт, Байсейіттен – Үмбетей ­туады. Үмбетей үлкен ата, оның есімі ру атына айналған. Яғни, ру басы, ел билеген тұлға, оның ел-жұрты Қостанайдың Наурызымы мен Торғайдың Ақкөлі аралығын мекендеген. Тарихи деректерге сүйенсек, Үмбетей – батыр. Ол қазақ елі мен қалмақтар соғысқан шайқаста қол бастаған. Батырдың некелеп алған жеті әйелі болғаны, әрі оның әр әйелінен 5-6 баласы, жиынтығы – 26 ұрпақ сүйгені жөнінде әулет шежіресінде айтылған. Үмбетей батырдың әрбір ошағын ұстаған, осы жұбайларынан ұрпағы жалғасып, үрім-бұтағы Арқаға қоныстанады. Көнекөздердің айтуынша, Үмбетей батыр 97-і жасында дүниеден өтеді. Сүйегі – Қостанайға қарасты Наурызымның Қарамайшы деген жерде. Ұрпақтары баба қабіріне құлпытас орнатып, тағзым етер кесене тұрғызған.

Үмбетейден – Аралбай туады, одан – Таңбай, Таңбайдан – Шошақ туған. Шошақтың баласы – Байтұрсын, Байтұрсыннан – Ахмет туған. Ахмет әке-шеше­ден төрт ағайынды. Оның өзінен үлкен ағалары: Қали (1868–1925) мен Кәкіш (1869–1924), кіші інісі Мәшен (1873–1930) болса, қарындасы Зиләш 1876 жылы дүниеге келген. Зиләш Байтұрсынқызына топырақ, талайлардың қолы жетпейтін Алматыдағы әйгілі «Кеңсай» мұсылмандар зиратынан бұйырған.

Рухани қаламдас інісі Мұхтар Әуезов Ахметтің 50 жасына арнаған мақаласында, шыққан тегі жөнінде: «...Сүйегі – Арғын, оның ішінде Үмбетей болады. Бергі аталары Үмбе­тейден шыққан Шошақ, Түбек. Ақаң Шошақтың немересі. Өз әкесінің аты – Байтұрсын» деген мәлімет береді. Осын­дағы «Түбек» деген кісі есімінде әріптік қате кеткен. Өйткені әулеттік шежіреде бұл есім кездеспейді. М.Омарханұлы айтқан Түбек, Ахметтің аталас ағайындары ішінде Аралбайдан тарайтын Пүшек деген кісі. Пүшек пен Ахметтің арасындағы туыстық: олар үш атадан қосылатын аға­йындылар.

Ахметтiң әкесі Байтұрсын 1843 жылы Торғайдағы Жыланшық өзенінің Ақкөлге құятын сағасында дүниеге келген. Байтұрсынның әкесі Шошақ дәулетті, ел ішінде беделді жан болған. Ол мыңғырған малының арқасында, ауылдан алшақ жатқан қиырдағы қыш үйлерге жиі шығып, «қала өмірінен хабары болсын» деп, балаларын жанына ертіп жүреді екен. Ахметтің атасы Шошақ төрт ағайынды, оның екі ағасы – Жатай мен Кәйдек, өзінен кіші інісі – Көбек. Шошақ өмірден өткенде ұрпақтары моласының басына ақшаңқай там тұрғызады. Шошақ тамының кесектері сар даланың қысқы қары мен көктем-күзгі мезгілінде толассыз жауатын жаңбыр суының шайғанына қарамастан, әлі күнге «мұндалап» алыстан көзге түседі.

Үлкен әулет Үмбетейден тараған Шошақтың ортаншы баласы Байтұрсын Жыланшық өзенінің Ақкөлге құятын сағасын өр бойы жайлап, бәйбішесі Күншімен бірге, туыс-ағайындарының ортасында беделді де қоңыражай күн кешеді. «Алыптан алып туады» дегендей, Байтұрсын қол бастаған бабалары: Аманжол, Шақшақ, Жәнібек, Үмбетейлерге ұқсап, бірбет әрі батыр болған деседі торғайлықтар. Ел ішінде Байтұрсын өзін өзгеге басындыра қоймайтын қасиетімен дараланған. Ол сайын далада атадан балаға мирас болған Үмбетейлердің ата қонысына «жаз – жайлауда, күз – қыстауда» бас-көз болып, қорғаншылық еткен. Байтұрсынның бойынан жұртты өзіне тәнті ететін ерекше басқару қабілетін байқаған орыс оязы оны сардар етіп сайлайды. Міне, осындай ер жүрек Байтұрсынның отбасында бала Ахмет кең дала төсінде күн мен желге қақталып, ағалары: Қали, Кәкіш және өзінен кіші інісі Мәшен, қарындасы Зиләш бауырларымен бірге өседі. Жастық шағы балығы бал татыған Ақкөлде өтеді.

Шошақтың ұлдары Ақтас пен Байтұрсын жөнінде ел ішіндегі сұлтан-сардарлармен мінезі жараспайтын, қайратты, әрі білекті, ақылды жандар болған деп айтады. Торғайлықтардың деректеріне сүйенсек, Ақтас пен Байтұрсын екеуі Үмбетейдің сауыры болған деседі. Оларды күллі руды бұзықтарымен қоса ауыздықтау үшін, әулет ішілік билікке жетекші етіп қойған. Билікте Байтұрсын сардарлыққа дейін жеткен.

    Б.Шошақұлының уезд бастығы Яковлевке дойыр қамшы сілтеп, ат үстінен аударғанын Міржақып Дулатұлы үлкен құрметпен баяндаса, осы оқиға жөнінде М.Әуезов: «...әкесі Байтұрсын хүкімет алдында «жазықты» кісі болып, Сібірге айдалып кеткен. Мұның себебі: Тосын болысының ­сайлауына шыққан Торғай уезінің нәшендігі «кәрі ояз» Яковлев Үмбетейге бұрыннан көптігін көрсетіп, зорлық қылып жүрген Дәуітбай табына болысып, соның сөзін қостап, бұларға қиянат қылғандықтан, Байтұрсын кәрі оязды сабап, басын жарған. Байтұрсынның айдалған себебі осы» деп баяндайды. Осы деректерден байқайтынымыз, қазақтың билігі қолында болмай, өзгеге кіріптар болған тұста, патшалықтың атқамінерлері ру арасындағы алауыздықты өз мақсаттарына шебер пайдаланған. Бұдан орыстың ұзын құрығы қазақтың кең жазирасында Дала заңымен тіршілік еткен Ақтас, Байтұрсын, Даниярларды «түкірсең, түкірігің жерге жетпей, көк мұз болатын» итжеккенге – Сібір аймағы Камчаткаға каторгыға айдайды. Жер аударылған бірыңғай ер адамдардың күн көрісі «отбасы, ошақ-қасылық жағдайлары болмайды-ау» деп, күйзелген Ақтастың бәйбішесі Үбіжан да бауырындағы баласы Аспандиярды келіні Күншіге қалдырып, өзі ер кісілермен бірге бөтен елге, жат жерге ауып кете барады... Бастарына түскен қайғыны іштей ұғып, бір-біріне тілекші болған абысын-ажындардың арасында бала тәрбиесі де ауысып отырған.

Ғасырда бір-ақ рет туатын Ахметтей тұлғаны дүниеге әкелген Күнші анамыз кім, қандай адам болды екен?! Мұның төркініне үңіліп, зерделемесек, ­Ах­меттің толыққанды бейнесін тани алмауымыз, жұртшылыққа дұрыс таныта алмауымыз мүмкін. Әрі қазақта «таяқтың жақсысы – ағашынан, баланың жақсысы – нағашысынан» деген пәлсапалық нақыл сөз бар емес пе?! Ендеше, әңгіменің басын Күнші анамызға бұралық. Күнші – Қостанайдың Аманқарағай деген елдімекеніндегі Сүгір руының ауқатты ­отбасынан шыққан Құлыбек Шеруұлының қызы. Көзкөргендердің айтуынша, Күнші ақылды, байсалды, мінезді, қолы жомарт жан екен. Күншінің бойында шеберлігімен қатар, сөзге жүйрік ақындық қасиеті болғандығы, қыстың ұзақ күндерінде әулет балаларына аңыз-ертегілер мен қызықты жұмбақтар айтып, кейде ән де салатын, мінезінің ерекше екендігі айтылады. Келін болып түскен Үмбетей жұртындағы ағайын-туғандары, көрші-қолаң ауылдастары оған «сарыүйез» деген ат қойған. Бұл Күншінің отбасындағы асыраушысы айдалып кеткенде, «төмен етек ұрғашымын» деп боркемікше езілместен, ерлерше қаймықпай, өз ұясы – отбасын, бала-шағасын «суыққолдылардан» қызғыш құстай қорғағандығынан қойылған.

Тағдыр тауқыметінен қарашаңырақтың иесі Ерғазы Шошақұлы Сібірге айдалған бауырларына араша сұрап, Торғай мен Ырғыздың арасында талай рет табан тоздырады. Қанша ізденсе де, арызына дұрыс жауап алмаған ол шағымданудан қажып, жүйкесі тозып, екі ортада жолаушылап жүргенде, әдейі ұйымдастырылған қастандықтан қапыда мерт болады. Ерғазыны жоқтаған жұбайының жырына сүйенсек, ол 41 жасында қаза болған: «...Алты ай жүрген жолынан, Келіп еді саламат. ...Ұстаудан шығып келген соң...» дегеніне қарағанда, Ерғазы да ағаларымен түрмеде біршама бірге болып, кейін босатылған. Осы жоқтаудағы: «...Сапарланып аттанды, Ырғыз деген қалаға, Барып пошта саларға, Не жақсылық, жамандық, Бір хабарын аларға» деген жолдардан оның бауырларын босаттыру үшін аяғынан тозғанын, ал «...Орыс, қазақ баласы, Базынадан басталған. Нақақ еді жаласы, ...Табылмады әкімнен, Әділдіктің сарасы. Қоспады ма жақсы Алла, Ашылмады істің ырасы» деген зарынан бір Шошақтың әулеті ғана емес, қазақтың басына түскен нәубетті көреміз. Осы жоқтауды Ахмет 1926 жылы шығарған «23 жоқтау»-ға кіргізген. Бұл кіші әкесі Ерғазының әруағы алдында жасаған тағзымы, бағыштаған Құраны, құрметі еді.

Әулеттің анасы, сонымен қатар панасы да болу жауапкершілігі енді Күншінің иығына түседі. Әулеттің қорғаны болу Күнші анамыздың жарық дүниеден өткенше атқарған ең қасиетті ісіне айналады. Үлкен ұлы Қалидың қызы Сәкеннің айтуынша, атасы Байтұрсын айдаудан келгеннен соң 1909 жылы өмірден өтсе, Күнші әжесі 1919 жылы қайтыс болған. Әжесі өмірден озғанда Сәкен 14 жаста екен. Ата-әжесінің мәңгілік сапары туралы Сәкен апа 83 жасқа қараған шағында артынан іздеп келген Шолпан Байсалова мен Гүлнар Дулатоваға айтып берген. Бұл тағылымы зор, тарихи маңызы бар әңгімені Г.Міржақыпқызы 1988 жылы қазан айында жазып алып, 1998 жылы «Шындық шырағы» кітабында «Сәкен Қалиқызының әңгімесі» деген тақырыппен жариялады.

Ахметтің анасы Күншінің төркіні – Сүгір елі Қостанайдың байырғы жұрты. Сүгір – үлкен ата Арғыннан тарайтын өсіп-өнген тармақ. Мәліметтерге сүйенсек, ру атына айналған Сүгірдің Шеру деген баласынан Құлыбек туады. Құлыбек – Ахметтің нағашы атасы, яғни Күншінің әкесі. Ахметтің нағашы бабасы Шеруді ауқатты болған деседі арқа жұрты. Сонау бір алмағайып орыс патшасына қазақ елі тәуелді болған тұста, бетпақтағы ауа жайыла қоныстанған көңілі дарқан дала жұртының жұдырықтай жүрегіне бодандықтың құрсауы сызат салған заман туды. Ел мен елдің, ауыл мен ауылдың арасындағы қарым-қатынасы да осы патшаның ұзын құрығының қилы-қилы қимылына қарай бағынатын құлдық күйге түсті. Құлыбектің күйеу баласы Байтұрсынды, ағайындарымен қоса айдатқан да осы патшаның қитұрқы саясаты еді. Патша ағзамның ұзын құрығына ілігіп қалмас үшін Құлыбек бай «шалғай жатқан Торғайдағы құдасы Шошақ әулетімен жалпы, құдандалы жегжат-­туыстармен абайлап араласып, туған қызы Күншіге де іштей тілеулес болып», бәрін сырттарынан бағып, бір шетте тыныш жататын. Торғайдағы тумалардан қол үзіп, Сүгір елінің біршама уақыт бұйығы өмір кешуіне тура келеді.

1909 жыл Ахметтің басына үлкен соққы болып, қасірет үстіне тағы қайғы жамайды. Ол бас азаттығынан айырылып, түрменің қапасында бір күйзелсе, 17 жыл өмірін айдауда өткізіп, елге келген ­аяулы әкесінің бақилық болғанын естіп, «қолының қысқалығына» құсаланады. Ауыр қаза жанын күйзелткенімен, Ахметке әке қабіріне топырақ салу бұйырмайды. Осы жерде Ақтас пен Байтұрсынның айдаудан оралған кезеңіне тоқталсақ. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген аталар сөзін Алла қош көріп, олардың табаны туған жердің топырағына 1902 жылы қайта тиеді. Елге оралған Шошақ балаларын Торғайдың барша жұрты тайлы-тұяғымен «ақ түйенің қарны жарылғандай» арқа-жарқа қуанып, үлкен сый-құрметпен қарсы алады. Жол-жөнекей тоқтаған ­ауылдары, арып-ашқан ағайындыларға ат-көлігін мінгізіп, күстәланған көңілдерін аулайды. Жат жерден топырақ бұйырған Ақтастың бәйбішесі Үбіжанның қаза­сына иманды болсын айта отырып, ар­тын­дағыларға амандық тілейді. Қайта қауыштырған Құдайға шүкіршілік етіп, олардың жетектеріне мал байлап, дүние-мүлікті қоса береді. Байтұрсындай сардарларын аман көргендеріне қуанған ел-жұрт, «ақсарбас» айтып, оған «Ақжелең» деген жүйрік тұлпарды сыйлайды. ­Осылайша, Сарытүбектің сар даласына жеткенше, ағайынды екеудің дәулеті тасып, өз үйірлеріне қосылады.

Ағайын-туғандардың ортасында жеті жылдай дәурен құрған Байтұрсын 66 жасқа қараған шағында баласы Ахметтің басына түскен сын-сағаттың соңы не болғанын білместен, мәңгіге көз жұмды. Дегенмен баласының «билеуші тілді» меңгеріп, орыстың Крыловтай «тілі – мірдей, мысалы – тағылым» тұлғасының туындысын қазақша сөйлеткенін көріп, ел атынан патша ағзамға сауал салғанын дәтке қуат етіп, сан мәрте «тіл-сұқтан аман болғай» деп, Ахметінің ата баласы ғана емес, ұлт сөзін сөйлер адам болғанына шүкіршілік етеді. Ал үлкен әкесі Ақтас «өлгеннің артынан өлмек жоқ» демекші, әрі ер адамның жалғыз басты тұрмысының кейпі келмеген соң қайта үйленеді. Ақтас інісі Байтұрсынның қазасын ағайындарымен ел болып көтеріп, ас-суын беріп, ақыретке қазақ ата салтының рәсімімен жерлейді.

Жалпы адамның болмыс-бітімі, оның бойындағы ерекше қадір-қасиеті Алланың құдіретімен жаратылатыны хақ! Десек те, адамның кіндік қаны тамған туған топырақтың да киесі баршылық-ау! Шежірелі қарт Торғайдан шыққан текті ұлдардың ХХ ғасырдағы заманынан оза шапқан дарабозы да Ахмет еді! Оның уызынан жаратылысы өзгеше болғаны соншалық, ол ел ішіндегі болмысы бөлек, көнекөз қариялардың көзайымына айналды. Оны ақындықтың аулына баулыған, қазақтың құдіретті екі шекті қара домбырасына үйреткен, ел ішіндегі ертеден келе жатқан қиссаларды зейініне құйған, сөз баққан қазақтың нақылдарына, мақал-мәтелдеріне, әдет-ғұрыптарына тәнті еткен арқалы Арқа жерінің данагөй ақсақалдары екені де даусыз. Ежелгі Торғайдың «құнарлы топырағынан қуат алған, сол елдің аузы дұғалы әнші-композиторы Есенжол Жанұзақұлы өзінің жан жолдасына айналған, қадір тұтар қасиетті қара домбырасын өкшесін басып келе жатқан жерлес інішегі Ахметке ырым етіп, сыйға тартқан» дейді. Бұл туралы ел жадында жатталған өлең мынадай:

«...Беремін саған сеніп домбырамды,

Төгілтіп тербеу үшін қоңыр әнді.

Қамшылап тор шолағын жүре бермей,

Ағаң да әлі бір күн болдырады,

Сонда сен айтқанымды жалғарсың да,

Шығарсың Ұлытаудай талғар шыңға.

Домбыра қағысың мен аққу үннен,

Тыңдаушы Есенжолды аңғарсын да...».

Мінекей, ылқым заманнан «халық айтса, қалт айтпайды» дейтін қанатты сөз, қара халықтың қазанынан қайнап шыққан бабалар даналығы осындайды ишара етсе керек. Есенжолдай шежіре-қарттың сөзін Алла «әумин» деді ме, кейін Ахметтің музыка саласынан арнайы алған кәсіби оқуы болмаса да, қазақтың қара домбырасында шебер ойнайтын дәрежеге жетеді. Ахаңның күмбірлеген домбырасынан төгілген өлең-жырлар, кейінірек Затаевичтай заңғарға жолығудың сәтін салады.

Жаңалыққа жаны үйір Ахмет қазақ ұғымына мүлдем жат, бірақ ауадай қажет өзінің әдебиеттанымында айтатын бес өнердің бірі – әуез (еуропаша – музыка) өнерінің тылсым иірімдерін де игеріп алады. Ахаң қазақтың киелі қара домбырасымен қатар, еуропалық музыка аспаптары: күйсандық пен скрипкада да шебер ойнаған. Негізінен, Ахметтің шыққан тегі өз әулетінде де тума талант, дарын иелері бар деседі, торғай жұрты. «Өз әкесі Байтұрсын мен оның бауырлары ән-күйге жақын, домбырада шебер ойнайтұғын» дейтін деректер жеткілікті. Тіпті суырып салма ақындықтарымен қатар, айтыскерліктері де болған дейді. Осыған қарағанда, зерек Ахметтің құйма құлағына бала күнінен дала әуенімен қатар, ата-баба бойындағы асыл қасиеттер де қонса керек. Патшаның сұрқия саясаты мен аяр айдауылдары, бала Ахметтің «әкенің қамқорлығында жетіліп-өсуіне, қамқорлық көруіне мүмкіндік бермеген». Ел ішінде «әкең өлсе де, оның көзін көрген өлмесін» дейтін аталы сөз бар. Бұл пәлсапалық толғамның мәні тереңде жатыр. Ахмет те байсалды Байтұрсынның жомарттығын көрген ел жайсаңдарының жанына еріп, ер жігітке ауадай қажет «сегіз қыр­лылықтың» қисынын меңгеріп, жан-жақты болып жетілуге бар болмысымен ұмтылған. Игі жақсылардың бойын­дағы асыл ғадеттерді үйренуге асық Ахметтің, шындығында нағыз адам болып қалыптасуының негізі де топырағы құнар­лы қазақы ауылдағы ақылман аналар мен кемеңгер аталардың тағылымы болатын.

Райхан ИМАХАНБЕТ,

Ахмет Байтұрсынұлы

«Тіл – құрал» оқу-әдістемелік,

ғылыми-зерттеу орталығының

директоры, әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ доценті

3759 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы