• Cұхбаттар
  • 10 Ақпан, 2022

Тамила Маматова, мүсінші:«АБАЙ ЖОЛЫН» ОҚЫП ЖҮРМІН

Мүсінші Тамила Маматова әлеуметтік желілер арқылы біраз оқырманға таныс. Ол жасаған мүсіндер көпшіліктің таңданысын тудырып, қолдауы мен қошеметіне ие болып жатады. Жеке өзіміз Тамиланы белгілі қаламгер Бауыржан Омарұлының желідегі жазбасы арқылы таныдық. Тамила сомдаған Шыңғыс Айтматовтың ескерткіші туралы ол: «Бұл – қазақтар көп айтатын Адамзаттың Айтматовы – шоң Шыңғыстың алып мүсіні. Авторы – жас шамасы біздің баламыз қарайлас қырғыздың бір тұтам ғана кішкене қызы Тамила Маматова. Саз балшықты илеп, құмда ойнап өскен кәдімгі айылдың перзенті. Қаламгердің құрыштай құймасын бір жыл бойы тер төгіп, ерінбей-жалықпай жасап шыққан көрінеді. Таланты телегей теңіз, табиғаты бөлек Тамиланың осы дүниесі туралы мәліметтер бүгінде әлеуметтік желінің кемерінен асып-төгіліп жатыр… Мінсіз мүсін, терең талғам, ерен еңбек… Тау тұлғалы туындының кішкене қыздың қолынан шыққанына таңғаласың. Қазақша айтқанда, болайын деп тұрған бала!» деп жазған еді. Тағы бір дерек: ол мүсін өнері бойынша Ресейде кәсіби білім алған тұңғыш қырғыз қызы. Міне, содан бері Тамиланың әлеуметтік желіге жүктеген шығармаларын қызыға қарап, сүйсініп жүрген болатынбыз. Жақында мүсінші қызбен тілдесіп, аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті... 

АЙЫЛДАН ПЕТЕРБУРГКЕ ДЕЙІН

– Тамила, айылда өсіпсің. Мен ауылдың қызымын. Жаңбырдан соң аулада жиналған аз-мұз балшықтан тандыр жасайтын едік...

– Титімдей-титімдей күлше нан да жасаған боларсыз? Біз де сіз айтқандай балшықтан тандыр жасап ойнайтынбыз. Қырғыздың Келте деген шағын айылында өстім. Ата-анам дәрігер. Анамның айтуынша, ұста болған өз атам мен қолөнерімен көптің алғысын алған нағашы апама ұқсап өнердің осы жолына түскен шығармын.

– Ауыл мектебінде өскен бала суретке қызығуы мүмкін, мүсін туралы қайдан білдің?

– Мектепте суретті де жақсы салатынмын. Сурет сабағында сыныптағы оқушылардың барлығына арнап сурет салып беретін едім. Сурет салу маған қатты ұнайтын. Сол үшін де еш қиналмастан, ерекше шабытпен сурет салып жүрдім. Бір күні кітапханадан КСРО-дағы мүсіншілік туралы кітап алып оқыдым. Содан бері мүсін өнеріне қатты қызыға бастадым. Өзім де әлдене жасағым келеді. Қалай, нені жасау керегін білмесем де қырғыздың дәстүрлі бас киімін киген әйелдің мүсінін балшықтан қашап жасадым. Кейін ағаштарды оя бастадым. Әр жұмысымды мектепке апарып көрсетемін. Ұстаздарым мақтайды. Шабыттана түсемін де жаңа жұмысты қолға аламын. 11 сыныпта «Жас талант» байқауы өтті де оған біршама жиналып қалған жұмыстарымды мектептің атынан тапсырдым. Байқауға қатысқан жұмысты бағалағандар әлгі еңбектердің менікі екеніне күдікпен қарағаны есімде қалыпты. Алайда барлығын өзім жасап шыққанымды айтып, дәлелдеген соң осы байқадан жүлделі орын алдым.

Мектеп бітірген соң мүсінші мамандығына барамын деп шешіп қойғанмын. Жұмыста­рымды алып көркемөнер факультетіне түссем, онда мүсін бөлімі жоқ екен. Бір жыл оқыған оқуымды тастап, Т.Садықов атындағы Ұлттық өнер академиясының мүсін факультетіне бардым. Оны тәмамдаған соң И.Репин атындағы Санкт-Петербург бейнелеу өнері, мүсін және архитектура институтына құжат тапсырып сонда оқыдым.

ҚАЗАҚ ПЕН ҚЫРҒЫЗ  ДОСТЫҒЫН БЕЙНЕЛЕЙТІН

ЕСКЕРТКІШ ЖАСАҒЫМ КЕЛЕДІ

– Тамила, біз қазақ жастары ­Манас, Тоқтоғұлды білеміз, Айтматовты оқып өстік. Қырғыз жастары да қазақ әдебиетінен, мәдениетінен хабардар. Сіздің біраз туындыңыз қазақ оқырманына етене жақын. Абайдың, Әуезовтің мүсінін жасадыңыз. Алматыдағы торсықтың мүсіні де сіздің шығармашылықтан туған дүние. Абай мүсінін жасауда қандай шығармашылық ойға еркіндік бердіңіз?

– Мектепте Абайды оқыдық. Абай мүсінін жасаймын деп тәуекелге бет бұрғанда ақынды қайыра оқыдым. Оның ойшыл келбетін жасағым келді. Бағасын жұмысты көріп, бағалағандардан сұрау керек шығар. М.Әуезов бейнесі бізге де жат емес. Ыстықкөлде Әуезовтің музей-үйі де бар. 

Қазір кітап оқуға уа­қытым жоқ. «Абай жолы» кітабының аудио нұс­қасын тауып алдым. Жұмыс істеп жүріп сүй­сіне тыңдаймын. Қандай тамаша туынды! Бірінші кітапты тәмамдап қалдым. Әуезовтің мүсіні қазақ пен қырғыздың достығындай, екі ұлттың туыстығындай болып, көпті өзіне тартса деймін.

– Кешегі қаңтар оқиғасында әлеуметтік желідегі парақшаңда ел іргесі бүлінбеуі туралы тілегіңді де жазып қойдың. Алматыға келгің келмей ме?

– Әрине, барғым келеді. Алматыда достарым көп. Петербургте әр ұлттың өкілдерімен бір оқыдық. Дос-жар болдық. Одан бөлек қазақ-қырғыз үшін Алматы мен Бішкектің орны ерек деп ойлаймын.

АЙТМАТОВТЫҢ МҮСІНІ  ҮШІН ТӨРТ АЛДЫМ

– Айтматовтың ғаламат мүсіні дипломдық жұмысың екен. Ұстаздарың да риза болған шығар?

– Айтматов мүсіні үшін ректордан ұрыс естіп қалдым. Оқу орны берген шеберханамыз шап-шағын еді. Көлемі: 3х4. Ал дипломдық жұмыста бір метрлік мүсін жасау жұмысы тапсырылған болатын. Шыңғыс Айтматов мүсінін жасауды бала күнімнен армандадым. Дипломды жұмысымды орындау үшін мүсіннің бүкіл жұмысына бір жыл уақытым кетті. Айтматов – алып тұлға. Әрине, мен бір метрлік емес, үш метрлік жұмыс жасауға бекіндім. Жұмысым аяқталып қалғанда шеберханаға келген ректор шеберхананың төбесін тіреп тұрған Айтматовты көріп шошып кетті. «Тапсырманы біз айтқан көлемде орын­дамадың» деп ренжігені есімде. Сол үшін дипломдық жұмысыма төрт деген баға алдым.

Айтматов мүсінінің формасын Бішкекке алып келдім. Тасымалға біраз қаржы кеткенін мойындауға тиіспін. Қазір гипстен құйылған мүсіні шеберханамда тұр. Оны қоламен қаптау үшін қаржы керек. Қазақстанның сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Айтматов мүсінінің осы формасын сатып алып, Қазақстанда ескерткіш орнату үшін біздің министрге шыққан еді. Бірақ Қырғызстанда орнатамыз деп біздің тарап келіспеді. Алайда ескерткішті орнату мәселесі кешеуілдеп тұр. Бәлкім қырғыз жерінде болмаса да ол ескерткіш сіздерде асқақтап қалуы бек мүмкін.

– Күні кеше ғана қырғыздың ­актрисасы Тәттібүбі Тұрсынбаева мүсінін жасап, әлеу­меттік желіге жүктедіңіз. Актрисаның жанары тірі адамның көзіндей тұп-тұнық, мөп-мөлдір. Көзді жасау үшін қандай материал қолдандыңыз?

– Сазбалшық қой.

– Актрисаның жанары да сазбалшықтан ба?

– Әрине. Сазбалшықтан да жәудіреген жанар жасауға болады. Ол жұмысқа төрт ай уақытым кетті.

– «Қырғыз қызы» деген мүсініңе қазақ ақыны Мирас Асан өлең жазды. Ол мүсін қайда тұр? 

– Шеберханамда тұр. 

– Болашақта шетелге кету ойда бар ма?

– Біраз оқыдым ғой. Оқу үшін емес, тәжірибе алмасу, жұмыс істеу мақсатында шетелге барып келуім мүмкін. Биыл Данияға баратын шығармын. Сол тараптан шақырту келген.

 

ТАС МҮСІНДЕР – МӘҢГІЛІК

– Жақсы мүсінші болу үшін не керек?

– Оқу керек. Көп оқыған жақсы. Талант керек, әрине, онсыз болмайды. Еңбек те маңызды. Күніне балшық илеп немесе қашап, жапсырып отырсаңыз, саусағыңыз да икемді, қолыңыз да бейімді бола түседі. Мүсін жасаудың екі түрі бар ғой. Балшықты жапсырып жасау және қашау. Маған қашау өнері ұнайды.

– Қандай материалмен жұмыс істеген ұнайды?

– Тасты жақсы көремін. Мәрмардан жасағанды ұнатамын.

– Неге?

Білеймін. Тас мәңгі ғой. Тас – асқақ. Тас – сұлу, тәкаппар.

– Қыз балаға тас қашау қиын емес пе?

– Бастапқыда қиын болған. Қазір үйреніп кеттім. Тасты ерекше шабытпен қашаймын.

– Күнкөріс те керек қой. Ол кезде не істейсіз?

– Мүсіндер мен ескерткіштерді ­тапсырыспен жасаймын.

Сұхбаттасқан

Қарагөз СІМӘДІЛ

ҚЫРҒЫЗ АРУЫ

(Мүсінші Тамила Маматованың «Қырғыз аруы» мүсінін көргенде туған экспромт өлең)

Қай ғасырдан шыға келдің һас керім,

Хордың қызы, хош керім!

Жүзіндейсің ақ семсердің жарқ еткен,

Ізіндейсің кестенің!

 

Қай ғасырдан келе жатсың, қос бұрым,

Қом сулардай бұлғақтап!

Талас бұрым,

Бішкек бұрым,

Ош бұрым,

Өрген сұлу сымбаттап!

 

Қай дәуірдің жұмбағысың шешпеген,

Қай қаламның жырларысың жазбаған?

Еңлікгүлсің еш жаһанда өспеген,

Қызыл шоқсың ой-ошақта маздаған!

 

Ақ қамарың шағылысып уақытқа,

Ақ тамағың дәуірлерді емінтіп.

Мүсінбісің орнатылған бақытқа,

Әлем ынтық,

Мен ынтық!

 

Қай айылдың баласы едің қырмызы?

Қай ғаламның жұлдызы едің, жұлдызы?

Сені жансыз мүсін деуге қимаймын,

Ей, қырғыздың қыпша белді үр қызы!

 

Ақ көйлегің,

Ақша жүзің,

Ақ арың,

Сүттей аппақ айдан тамған ақ нұрым!

Қызыл бөркің,

Қызыл бешпет,

Қамарың,

Жүрегіме байлап алған ақтығым!

 

Беу, қырғыздың қыпша бел қыз айымы,

Бойы сұңғақ, бота көзді мойылы!

Адамзаттың асып туған арыстан,

Сені жар ғып алар екен қай ұлы?!

 

Бір қарасам Күнікейсің күймелі,

Бір қарасам Жәмиләсің бейнелі!

Бір қарасам Қаныкейсің һас сұлу,

Ер Манастың сүйгені!

 

Сүйген жүрек – күйген жүрек күлдіреп,

Жанарың от найзағайдай тілгілеп,

Қай ғасырдан шыға келдің екен сен,

Шоқ тал үкің шомып нұрға үлбіреп!

Мирас АСАН

1948 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы