• Руханият
  • 17 Ақпан, 2022

ҒҰЛАМАНЫ ҚАЗАҚҚА ТАНЫТҚАН ҒАЛЫМ

Білім беруді отандық тарихта белгілі ғалымдардың жаңалықтарымен, оның ішінде, әл-Фараби сияқты бабамыздың еңбектерімен байланыс­тыра толықтырып, оқыту мазмұнын инновациялық тұрғыда байыту, жастарға соның негізінде патриоттық сезімді сіңіре, оларды ғылыми-әдістемелік зерттеу­лермен айналысуға жұмылдыру күн тәртібіндегі мәселе екендігі даусыз.

Осындай игілікті бағытта Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Әл-Фарабидің математикалық мұралары заманауи білім беру жағдайында» атты жоба бойынша ғылыми-әдістемелік зерттеу жүргізіліп, ақпараттық технологиялар негізінде жасалынған білім беру технологиялары көмегімен алынған зерттеу нәтижесі бой көрсетті. Осы жоба аясында педагогикалық ЖОО-ның студенттеріне және мектеп оқушыларына арналған әл-Фарабидің оқу құралы құрастырылып жарық көрді. Оқушылар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, республикалық көлемде жүлделі орындарға ие болып, бір докторант PhD докторлық жұмысын қорғады. Бұл айтылған істің нәтижелілігі мен зерттеу барысындағы жиналған тәжірибе әл-Фараби бабамыздың еңбектерін, мұрасын оқытып тәрбиелеуде пайдаланудың қажеттігіне сенім ұялатады.   

Біздің осындай зерттеулеріміз бен жетістіктерімізге  мұрындық болған физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, мұсылман шығысы ғылым тарихы мен ­педагогикасы ­бойынша көрнекі ғалым, белгілі ­фарабитанушы, профессор ­Ауданбек Көбесовтің Әбу ­Насыр әл-Фарабидің ғылыми еңбектері ­бойынша жүргізген сүбелі зерттеулері екені сөзсіз. Жалпы А.Көбесовтің ғылымға қосқан ерекше үлесі, негізінен, ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми еңбектерін зерттеуімен тікелей байланысты.

Әл-Фарабидің бай ғылыми мұраларын зерттеу тақырыбы бойынша ғалым А.Көбесов ұлы ғұламаның 200-ден астам ғылыми, ғылыми-танымал және басқа да еңбектерін, араб тілінен аудармаларын жариялады. Олардың ішінде кеңінен танымал «Әл-Фараби» (1971), «Әл-Фарабидің математикалық мұраcы» (1974), «Әл-Фараби еңбектеріндегі астрономия» (1981), Әбу Насыр әл-Фараби (2004), ғалымның араб тіліндегі математикалық трактаттарының аудармалары, оның ««Алмагестке» түсініктемесі» және көптеген басқа да монографиялары, кітаптары бар.

Әл-Фарабидің математика, матема­тикалық жаратылыстану ғылымдары, философия­лық, наутрфилософиялық еңбектері бойынша жарияланған және жарияланбаған қолжаз­балары негізіндегі жазылған автордың «Әл-Фарабидің математикалық мұрасы» атты монографиясы  оның ойшыл-математик екендігін көрсетті. А.Көбесов әл-Фарабидің бұл еңбектерінің барлығын, мүмкіндігінше, одан бұрынғы және сол сияқты кейінгі ғалымдар буындарының  жетістіктерімен тығыз өзара байланыста қарастыра жазған.

Ұлы ғұламаның бүкіл математикалық еңбек­терін талдауға, зерттеуге арналған бұл монографияда математикалық мазмұнды А.Көбесовтің өзі орысшаға аударып, өңдеуіне  тікелей қатысқан мына төмендегі еңбектері қарастырылған:

1. «Ғылымдар энциклопедиясының» немесе «Ғылымдар тізбегінің» («Ғылымдар классификациясы» деп те айтады) математикалық тараулары. Мысыр оқымыстысы Осман Амин бастырған (1949 ж.) арабша нұсқасынан аударылды. Басқа тілге де бұрын аударылмаған, қазақшасы бар.

2. «Алмагеске қосымша кітабының» три­гоно­метриялық тараулары. Лондондағы Британ музейінде сақтаулы жалғыз арабша қолжазбаның фотокөшірмесінен аударылды. Бұрын ешбір тілге аударылмаған, бар-жоғы белгісіз болып келген.

3. «Табиғат сырын геометриялық фигуралар арқылы танытарлық рухани айла-әрекеттер» немесе геометриялық трактат. Швецияның Упсала қаласында университет кітапханасында сақтаулы жалғыз арабша қолжазбасының фотокөшірмесінен аударылды. Французшасы А.Көбесовтің бірге авторлығымен бар болуы мүмкін. Қазақшасы бар.

4. «Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарының кіріспелеріндегі қиын жерлерге түсініктемелер». Арабша қолжазбасы сақталмаған, ескі еврей тіліндегі нұсқасынан аударылды.

5. «Жұлдыз бойынша болжаулардың қайсысы дұрыс, қайсысы теріс». Неміс ғалымы Дитеерич бастырған арабша нұсқасынан аударылды. Басқа тілге аударылмаған.

Бұлардан басқа математикаға тікелей немесе жанама қатысы бар көп деректер ғұламаның «Музыканың ұлы кітабы», «Алмагеске түсініктеме» атты, тағы сол сияқты үлкен еңбектерінде мол орын алған.

Жұртшылыққа, әсіресе математиктер қауымына оның осы «Әл-Фарабидің математикалық мұрасы» ­монографиясы кеңінен мәлім. Бұл еңбек шетел әл-Фараби зерттеушілерінің жоғары бағасын алған. Оның маңыздылығы бүгінгі күнде де одан әрі артпаса, кеміген жоқ. А.Көбесовтың осы «әл-Фарабидің математикалық мұрасы» атты еңбегінің шет елде, яғни Американың Мичиган университетінің кітапханасында цифрланған көшірмесі жасалынып, оған осы университеттің иелік жасауы (11 шілде 2007 жылы цифрланған, барлығы 246 бет) сол маңыздылық белгілерінің бірі екендігіне талас жоқ. Бұған қоса, А.Көбесовтің бастамасы ­бойынша және ғылыми редакторлығымен шыққан әл-Фарабидің «Математикалық трактаттары» кітабының цифрланған көшірмесіне де осы Мичиган университетінің (1 ақпан 2010 жылы цифрланған, барлығы 523 бет)], ал сол сияқты, «Комментарии к «Альмагесту» Птолемея» еңбегінің цифрланған көшірмесіне Калифорния университетінің (27 тамыз 2008 жылы цифрланған, барлығы 324 бет)   иелік жасауы көп нәрсені аңғартса керек.

Атап айтар болсақ, Гарри Дж.Ти (Окленд университеті, Жаңа Зеландия) Алеппо қаласында (Сирия)  ағылшын тілінде шығатын «Араб ғылымының тарихы» журналында (мамыр, 1987, №2, т.2) (Journal of the History of Arab Science 1978, Volume 2, No 1 (1))  жариялаған мақаласының кіріспесінде былай деп жазған: «А.Көбесовтің монографиясы әл-Фарабидің математикалық еңбектеріне шолу жасалынған алғашқы кітап және әл-Фарабидің математикасына қызығушылық танытқандар үшін өте маңызды».

Белгілі ғалым, физика-математика ғылым­дарының докторы, профессор Б.А.Розенфельд (Москва) өзінің бұл кітапқа кезінде берген сын пікірінде (Известия АН КазССР, 1976 ж.): «А.Көбесовтің бұл монографиясы әл-Фарабидің ғылыми шығармашылығының осыған дейін белгісіз тағы бір қырын ашып көрсетті және әлемдік ауқымда аталып отырған ұлы ойшылдың 1100 жылдығына лайықты ескерткіш болып табылады» деп атап айтқан еді.

А.Көбесовтің Фарабитануға қосқан маңызды үлестерінің бірі, ғылым тарихында алғаш рет әл-Фарабиді ортағасырлық Шығыстың көрнекті астрономы ретінде көрсеткен «Әл-Фараби еңбектеріндегі астрономия» монографиясы. Бұған дейін шығыс ғылымының тарихшылары әл-Фарабидің астрономиясы туралы айтқанда, оның тек «Птоломейдің «Алмагесіне» түсініктеме» кітабын жазғандағын және оның геоцентрлік болжамды қабылдағанын факт ретінде атау­мен ғана шектелген болатын. Ал аталмыш кітап авторы «Птоломейдің «Алмагесіне» түсініктеме» кітабын араб тілінен аударып, әл-Фарабидің бұл ірі шығармасының мазмұнын және басқа да еңбектерін зерттей отыра, әл-Фарабиді астроном-теорияшыл және астроном-тәжрибешіл ретінде жаңа қырынан танытты.

А.Көбесовтің зерттеуінше, Фарабидің медицина, билогия ғылымдарымен шұғылдан­ғаны мәлім болып отыр. Ол, әсіресе бұл ғылымдардың теориялық мәселелеріне көп мән берген. Ол бұл жөнінде «Адам ағзалары жайлы», «Жануарлар ағзалары жайлы», «Темпераменттер туралы» т.б. еңбектер жазған. Олардың басым көпшілігі әлі аударылмай, зерттелмей жатыр.

«Фарабидің алхимия, хиимия туралы туралы дұрыс көзқарасы, қағидасы кейінгі ғасырлардың Ибн Сина, Омар Хайям, ­Леонардо да Винчи тағы басқа алдыңғы қатарлы оқымыстылар тарапынан қолдау тапқан» деп тұжырымдайды А.Көбесов өз зерттеулерінде. А.Көбесов өзінің зерттеу жұмыстарын ортағасырлық ғалымның шығармаларын зерттеумен жалғастырды, ол жаңа «Әл-Фарабидің жаратылыстану-матема­ти­калық мұрасы» (1997) және «Әл-Фарабидің ашыл­маған әлемі» (2002) кітаптарын жариялады.

А.Көбесовтің «Фарабидің педагогикалық мұрасы» атты докторлық диссертациясы мен басқа да жарық көріп жұртқа танымал болған және әлі де бабамыздың жарияланбаған еңбектері мен аудармаларына сүйеніп жазған тамаша ғылыми еңбектері бұл салада бізге ұлы ғалымның педагогикалық көзқарастарын, әрекеттерін біршама толық дәрежеде, ғылыми дұрыс әдіснамалық тұрғысынан ашып беруге мүмкіндік туғызып отыр.

Бір қызық жайт, ұлы бабадан мың жыл өткізіп барып данышпан Абай дәл осындай гуманистік ұлы қағиданы жаңғыртып, қайталап, қуаттай түсетіндігін А.Көбесов «Әл-Фараби мен Абайды қатар оқығанда» (Алматы: Қазақ ун-ті, 2006.) атты өз еңбегінде ықыласпен атап өтеді.

Ғұламаның педагогикалық жүйесінде салмақты орын дидактикаға берілген. Фараби жазған «Ғылымдар энциклопедиясы» еңбегі педагогика тарихында ғылыми-дидактикалық шығармалардың алғашқыларының бірі болып табылады, өйткені А.Көбесовтің айтуынша, бұл трактат «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдар тізбегі», тағы басқа да аттармен Шығыс пен Батыс елдерінде ұзақ уақыт барлық ғылым бастамалары жөнінен негізгі бағдарламалық жетекші құрал болған.

А.Көбесов әл-Фарабидің педагогика­лық мұрасының ірі зерттеушісі бола отыра, әл-Фарабидің белгілі еңбектері мен оның ғылыми мұрасы бойынша жарияланған зерттеулері негізінде ойшылды ұлы әдіснамашы және әдіскер екендігін жаңа қырынан көрсетті. Ол әл-Фараби педагогикасының философиялық және әлеуметтік-этикалық алғы шарттарын, әл-Фарабидің жалпы педагогикалық ойларын, әл-Фарабидағы дидактика мәселелерін оның математикалық еңбектеріне әл-Фарабидің жалпыпедагогикалық ойларын қолданып, жүзеге асыруды зерттеді. Ол өмірінің соңғы жылдарында ғалым әл-Фарабидің ғылыми-әдістемелік, математикалық жетістіктері мен заманауи ғылыми білім арасындағы байланысқа баса назар аударған, ал бұны куәландыратын оның жарияланбаған мына еңбектері: «Жоғары математика тарихы алдындағы әл-Фарабидің сіңірген еңбегі» (монографиясы) және «Әл-Фараби және қолданбалы математика мәселелері» (мақала). Бұл бағыт қазіргі кезде әдістемелік ғылым саласында одан әрі зерттеулер жүргізу үшін келешегі бар іс.

Айта кетерлік нәрсе, Ауданбек Көбесов ағамыз өз еңбектерін, көбінесе, ана тілімізде жазған, оның себебін ол өзінің «Әбу Насыр әл-Фараби» кітабының (Алматы, 2004 ж.)  алғысөзінде «Фарабидің төл еңбектерінің халық арасында көп белгісіз болып отырғанын ескеріп, бiз оның ғылым мен өнер туралы мұраларына арналған тарауларда, көбінесе, ғалымды ана тілімізде сөйлетуге көп көңіл бөлдік. Бұл ұлы ғалымның өзінің ой-парасатын, ойлау, пайымдау, баяндау жүйесін ғана  емес, сол замандағы рухани мәдениеттің жай-жапсарларын, ерекшеліктерін дұрыс аңғаруға, түсінуге қолайлы болар деп ойлаймыз» деп түсіндіреді.

А.Көбесов өзінің «Ғылымда даңғыл жол жоқ» (Алматы, 2008 ж.) атты соңғы кітабында «Оқу – методикалық жағынан алғанда әл-Фарабидің геометриялық трактаты маңызын күні бүгінге дейін жоғалтқан жоқ. Қазіргі ­педагогика ғылымы талап дәрежесіне сай біраз өңделсе, толықтырылса, бұл еңбек орта мектеп және жоғары оқу орындарының оқушылары үшін салу есептері жөнінде аса пайдалы құрал болары сөзсіз» деп жазған еді.

Оның бұл айтқан тілегі қазірде шындыққа айналуда, яғни ол оның өзі білім алған қазақтың «Қарашаңырағы», алғашқы жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде шешімін тауып жатқан жайы бар. Бұл игілікті істі университетіміздің информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасында (профессор Е.Ы.Бидайбековтың жетекшілігімен) іске асырылуда.

Қорытындылай келгенде, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың ­Ауданбек ағамыз қалпына келтірген осы шынайы бейнесі негізінде оның мұрасын өзекті ғылыми зерттеулерде және инновациялық білім беру үдерістерінде кеңінен қолдану мақсатында жас ұрпақты әл-Фараби еңбектері, мұрасы бойынша оқытып тәрбие жүргізуді республикалық білім беру жүйесінде қолға алу біздің бұлтартпас парызымыз.

Есен БИДАЙБЕКОВ,

профессор

1133 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы