• Cұхбаттар
  • 17 Ақпан, 2022

Бейбіт САПАРАЛЫ, жазушы, қоғам қайраткері: ТАРИХТЫҢ ШЫНДЫҒЫ БАР АЙТЫЛМАҒАН...

Бейбіт Сапаралы тұлғатану мен тарихи-танымдық жазбалары арқылы оқырманның көңілінен шыққан қаламгер. Оқырманға Абай, Шоқан, Медеу бай сынды үлкен шоғыр тұлғалардың тың деректерін ұсынып, зерделі зерттеулері тасқа басылды. Рамазан айында дүниеге келген кейіпкеріміздің есімін ата-анасы бейбіт өмірдің жаршысы болсын деген ниетпен Бейбіт атаған екен. 
Жазушы, қоғам қайраткері, абайтанушы, дінтанушы, «Астана халықаралық қаржы орталығында» тіркелген «MRSAW investments» компаниясының басқарма төрағасы, «Қағанат» консорциумының басшысы Бейбіт Төлеубайұлы Сапаралымен сұхбат төмендегідей өрбіді.  

– Шоқан Уалиханов – қазақ үшін аяулы тұлғалардың бірі. Қазақ ғылымы мен ағартушылығында орны айшықты жан. Шоқан тақырыбына жас кезіңізден қалам тербеуіңіздің себебі не еді? Жиырма бір жастағы жігіт Бейбіт пен бүгінгі, алпыстың биігіндегі Бейбіттің қайсы Шоқанды қалай түсінеді, Шоқанды қалай таниды, қалай жақын тартады?

– Мұхаммед-Ханафия – төре тұқымы, Абылайдың ұлы Уәли ханның, яғни ресми деректегі ақ киізге көтерілген қазақтың ең соңғы ханының тікелей ұрпағы, шөбересі. Шоқан Ибраһим Құнанбайұлынан он жас үлкен. Құнанбай Шоқаннан отыз жас үлкендігі бар, небары төрт жыл аға сұлтан болып сайланған Омбы жандаралына бағынышты шен иесі еді. Шоқан да әкесі Шыңғыс сияқты Ресей патшасына ант берген әскери қызметкер болған. Шоқанның Қашқар сапары туралы жазбалары мен зерттеулерін бас штабтың жандаралдары мен орыстың жағрафиялық қоғамының кейбір мүшелері ғана құпия түрде оқып таныса алған. Шоқанды Петерборда қалдыруға қанша тырысып баққанымен, орыс империясының көп құпиясын білетін беймаза тұлға айтқанға көнбей елге қайтып кетуі патша айналасының қатаң шешім қабылдауына мәжбүр етеді. 29 жастағы Шоқанның өлімінің жұмбағы да бізді жас кезімізден қатты мазалаған еді. Студент шағымызда бұл турасында Әлкей Марғұлан, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Амантай Сатаев, Зейнолла Серікқалиев, Рахманқұл Бердібаев, Қайым Мұқаметқанов, Мекемтас Мырзахметов, Шот-Аман Уәлиханов, Ақселеу Сейдімбеков т.б. көптеген ғалымдар мен жазушылардан оңаша отырып тәптіштеп сұрағанбыз. Одан кейінгі қырық жыл ішінде де бұл мәселені оқтын-оқтын көтеріп келеміз. Шоқанның қайғылы қазасының барлық құпия қыр-сырлары ашылғанда ғана шоқантану мәселесі қарыштап ілгері басады. Тарихи ақиқат орныққанда ғана тұлғаны шын тануға болады. Шоқанның тағдыры патшалық ресейдің қазақ халқына деген саясат ұстанымын бірден жан-жақты танытып береді. Өткен тарихтан мол сабақ алуымыз керек. Өткенді дұрыс танысақ қана болашағымыз жарқын болмақшы!

Әңгімемізді Шоқаннан емес, Абайдан бастауға да болар еді. Абай ауылында өсіп, Абай өсиетін кішкентайыңыздан жүрегіңізге сіңіріп өскен жан есебінде Құнанбай әулетінің өсиетіне, Абай руханиятына қаншалықты жақын жүрдіңіз? Бүгінгі жұртқа Абайдың, Құнанбай қажының, Шәкәрімнің, сол әулеттің шығармашыл тұлғаларының қай сөзі ең керек сөз? Олардың қандай өсиеті мен шығармашылық мұрасын тасада қалдырып қойдық?

– Ибраһим Құнанбайұлының толық әрі шыншыл өмірбаяны әлі күнге жазылған жоқ. Құнанбай қажы ғұмырнамасының соцреализм талаптарына сәйкес бұрмаланған, мұрағаттарда табыла қоймаған беймәлім тұстары да жетерлік. Шаһкәрімнің өмір жолы да барлық ақиқатымен толық зерттелмеген. Ислам дінін терең меңгермеген құнанбайтанушы, абайтанушы, шәкерімтанушының зерттеулері діттеген биік мақсаттарына жете алмайды, ұлы тұлғалардың барлық болмысын аша алмайды деп 1990–1995 жылдар аралығында барынша ашық айтып, жазғанбыз. Отыз жыл бұрынғы сол пікіріміз қазіргі таңға дейін өз күшінде тұр. Ұлы тұлғалар өсиеті дегенде Құнанбай атамыз Ибраһим ұлына, ал Абай атамыз дүние салар алдында немере інісі Шаһкәрімге өсиет етіп аманаттап қалдырған ең басты тақырып, қазақтың тарихын қадымнан тартып дұрыстап жазып шығару болатын. Дербестік алған соң жазылған барлық зерттеу еңбектерде Ресей мен Қытайға, батысқа жалтақтаған шұбар алалық көзге ұрып тұрады. «Рухани жаңғыру» аясындағы көптомдықтарда да ата тарихты өрескел бұрмалаушылық, жалтақтық пен шалалық жиі кезігеді. Үш мың жылдық көшпелілер өрке­ниетінің ақиқатпен өрілген түп тарихын дұрыстап жазып шығу біздің баршамыздың алдымызда тұрған ең қастерлі міндет!

Журналист боламын деп кіндік қала – Алматыға келгенде ең алдымен тосырқай қабылдаған оқиға есіңізде ме? Бүгінде өзіңіз де, отбасыңыз да қала тұрғынына айналып үлгердіңіздер. Ол қала мен бұл қаланың айырмасы бар ма? Қандай?

– Алматыға ең алғаш 1977 жылы үлкен апайымыздың шақыруымен келдім. 1978 жылы мектеп оқушылары тобымен саяхаттап және келдім. Ал 1979 жылы орта мектепті бітірген соң ҚазМУ-дің журналшы мамандығын алуға құжат тапсыруға және келгеніміз бар. Астанамыз, бас қаламыз Алматыда қазақтан өзге ұлттардың өте көп екені бізді айрықша таңғалдырды. Қаланың қай бөлігіндегі көп қабатты немесе жер үйлерге барсаңыз орыс не өзге ұлт өкілдерін кезіктіресіз. Қазақтар көбінесе пәтер жалдап тұрады. Жақын туысы не жанашыр адамының пәтеріне төлқұжаттық тіркеу жасай алмаған соң, адам басына шаққанда 9 шаршы метр керек деген талап орындалмаған соң, байқұс қазекең ондаған жылдап үй кезегіне тұра алмастан бөтен есігінде сығалаған күн кешіп сандалып жүргені. Әрине, 1979 жылдан бері Алматы шаһары қандай күрделі өзгерістерге түскені көз алдымызда айқын сайрап тұр. Қырық жыл ішінде оңтүстік астанамыз сәулеттік-салтанат жағынан әжептәуір құлпырып кетті. Қала тұрғындары ішінде өз ұлтымыздың саны басым көпшілікке жетті. Қай салада болса да еңбек етіп жүрген қазақ жастарын көресің. 20 млн халқы бар Ыстамбұл тұрғындары тек бір ғана тілде сөйлейтіндіктерін еске алғанда, қазақ пен түркі мұсылман халқы өте көп тұратын Алматы тұрғындары осы таңда неге орыстілді болып келе жатқаны бізді қайран қалдырады? Орыс жоқ жерде тек қазақтар өздері тұрып бір-бірлерімен орысша сөйлесулері еш ақылға сыймайтын жағдай. Қазіргі қазақ түсті, орыс тілді қаламызда бізді басты қынжылтатын осы мәселе!

– Журналистикадағы алғашқы қадамыңызда-ақ зерттеу тақырыбына, тұлғатану тақырыбына ден қойдыңыз. Бүгінгі күні сұраныс, талғам, ізденіс, оқыр­ман мен көрермен өзгерді деп жүрміз ғой. Зерттеу бағытындағы журналис­тика, тұлғатану осы күні өзекті ме?

– Кеңес Одағы кезінде журналист мамандығының даңқы жер жаратын. Қазақ елі бойынша ең бас университетте бір ғана факультет болатын. Оқуға қабылданбас бұрын екі сатылы шығармашылық сынақ дегеннен өткізетін. Әр курсқа өткен сайын баспасөз бен теле-радиода жазғы іс-тәжірибелік сынақ дегені және бар болатын. Бес курстан соң диплом қорғатып, әр аймаққа түлектерді жолдамамен аттандырып жіберетін. Алматы, бас қалада қалу үшін жас маманға Компартия Орталық Комитетінің насихат және үгіт бөлімінің арнайы шешімі қажет болатын. Біздің курс­тастар ішінде сондай шешімді алып Алматыда қалған жас маманның бірі біз болдық. Республикалық ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» журналында бас редакторымыз Ақселеу Сейдімбектің қарауында қызмет істеген бес жылымыз бізді тез есейтті, ұлттың бүгіні мен болашағы үшін барлық дерлік тақырыптарға қалам тербеуге тура келді. Күнделікті басылым емес, ай сайын жарық көретін салмақты журнал болған соң қойылатын талап та ерекше еді. Жеке тұлғаларды тереңдеп зерттеуді де тап осы басылымда мықтап қолға алдық. 1985 жылы Шоқанның туғанына 150 жыл толуы қарсаңында аталмыш журналдың бір санын түгелдей дерлік ұлы тұлғаға арнап, оны 23 жасқа енді толған жалғыз өзіміз түгелдей дайындап шыққанымызды үлкен ерлікке балаймыз. Мәскеуде тұратын Нұртас Оңдасыновпен жақын танысып, ол кісінің орасан тұлғасы жайында бірінші болып зерттеу-зерделеу мақаланы да сол ғылыми журналда жарияған еді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан соң Мәскеудегі «Правда» газетінде тек біз қызмет ететін журнал ғана «ұлтшыл басылым» аталғаны бізді іштей қуанышты сезімге бөлейтін. Өзге газет-журналдар мен теле-радиоға да жиі араласып, мақалалар жариялайтынбыз, хабарлар дайындайтынбыз. Бүгінгі таңда журналшы мамандығы күрделі өзгеріске түсті. Ғаламтор дамыған сайын журналшыға деген сұраныс та күн санап әлсірей беруде. Арнайы оқу оқымаған кез келген адам қандай да бір оқиға куәсі болып тікелей эфирге шығып, немесе дереу пікір қалдырып жаза береді. Сауаттылық, тіл мәдениеті, білім мен білік, жауапкершілік деген мәселелер мүлдем кейінге ысырылып тасталған. Тез әрі батыл айтсаң болды, ресми БАҚ оны қозғағанша қыруар уақыт өтіп кетеді де, жаңалық ескіріп қалады. Газет-журналды ысырған теледидардың өзін қазіргі таңда көп ешкім көре бермейді. Кәсіби журналшылдық деген күн санап қадір-қасиетінен айрылып бара жатуы да сол себепті. Ал журналшылдық зерттеу, тұлғатану мәселесі әлі күнге күн тәртібінен түсе қойған жоқ. Қайта өміршең күйде алға шығып келеді. Осы орайда төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын да ғаламтордың жаңа мүмкіндіктерін пайдалана отырып батыл да терең толғап алуымыз қажет. Ютуб каналын да пайдаланып ұлттың ең зәру тақырыптарын ілкімділікпен ортаға шығару ләзім. Тіл мәселесін де барынша қозғап қуаттандырған жөн.

– Жаһанданудан қашып құтыла алмасымыз анық. Әлемнің жаңа заманғы көшіне қазақ қандай ісімен, сөзімен, үлгісімен, мінезімен кіруі керек деп ойлайсыз? Неге?

– Жаһанданудың жаңа әлемдік орталығы Қазақ елі мен жері. «Мәң­гілік Ел» боламыз деген тұжы­рым да тап сол кезеңнен бастап Батыстың қызу қолдауымен жер-жерде айтыла бастаған. 1913–2013 жылдар аралығында барлық әлемдік қаржы тасқынын өз уысында ұстаған FED-тің (ФРС) жаңа орталығы да АХҚО (AIFC) ауысып, Лондон, Нью-Йорк, Токио  сынды қалалар таяудағы 20-30 жылда су астында қалатын болса, жаһандағы су жаңа қаржы орталығы Елордаға қоныс тебетіндігі де жасырын сыр емес. Сол себепті де Қазақ елінің жарқын болашағы тым жақыннан көрініс беріп тұр деген сөз. Ендеше, қазақ жақсылыққа қарай ұмтылып, күрт өзгеруі керек. Талай қасіретті бастан кешкен қазақтың мінезі мен болмысы, іс-әрекеті мен ұстыны, рухани ахуалы, әлеуметтік жағдаяты жоғары әлемдік деңгейге сәйкес болуы шарт. Қазақ өз ұлтына, тіліне, дініне, жеріне, жер асты мен жер үстіндегі байлығына, өндірісі мен өркениетіне бекем болуы тиіс. Қазақ әлем халықтары үлгі етіп көрсететін көшелі ұлтқа айналуы керек. Қазақтың болашағы өте зор! Соған ұмтылайық!

1981 жылғы ақпан. Шиелі ауданы. Нұртөре Жүсіп, Дархан Мыңбаймен бірге Ыбырай Жақаевтың батасын алуға барғанда.

 

– «Біреудің кісісі өлсе жаралы ол...» Қазір күллі қазақ даласы жаралы. «Қаралы қаңтар» оқиғасынан есеңгіреп қалған елдің көз жасын кім сүртуі керек еді? Елдің жаралы жүрегіне қандай іс, нендей сөз дәру болмақ?

– Қаңтар қасіретіне қай тұрғыдан қарасақ та, ең алдымен, билік басындағылар кінәлі. Парақорлық пен жемқорлық жайлаған қоғамдық орта әлеуметтік жағдайдың қатты ушығуына әкеліп соқты. Газ бенен жанар-жағар майдың бағасын қымбаттатпауды сұраған көпшіліктің бейбіт түрдегі шеруінің арты жаппай наразылық толқуларына ұласып жатты. Тап осы кезде құқық қорғау мен қауіпсіздік мекемелерінің жауапты қызметкерлері Елордадан келген бұйрықпен үйді-үйлеріне таратылып жіберулері, шерушілер арасынан тентектер мен басбұзарлар көтеріліп, оның артынша лаңкестер мен содырлар стратегиялық нысандарға шабуылдай бастаулары, міне, мұның барлығы да қарулы қақтығыстарға апарып соқтығулары, жаппай ұрлық-қарлықты тыю әрекеттерінің де бірнеше күнге созылып кетулері қаңтар қасіретіне басты кінәлілерді бұлжытпай айқындап бергендей. ҰҚК-нің басшылары мемлекетті сатып кетті деген баптармен қамауға алынулары да қылмыстық тергеудің барысын күрделендіре түскендей. Сол себепті билік иелері толыққанды және әділетті тергеу істерін жүргіздіріп, көпке созбай нәтижесін жария етіп, нақты кінәлілер өз қызметтерінен босатылып, тиісті жауапқа тартылып, халықтан ресми кешірім сұрап, қара жамылған қауымның көз жасын сүртіп, жаралы жүректерін емдеуі тиіс. Қаңтар қасіретіне тиісті тарихи баға беріп, жазықсыз құрбандарды еске алып, есімдерін жадымызда жаңғыртып отыру да қайғылы отбасыларын жұбата түссе керек. Мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсету де ұмытылмас іс-шара. Жетім ұл-қыздарды болашақта қамқорлыққа алып отыру да елдігіміздің жарқын белгісі. Ең бастысы, қаңтар оқиғалары қазақ елінде ендігіде ешқашан қайталанбауы тиіс!

Қазір сізді қандай тақырып тол­ғандырады? Қазақ сөзінде жазылмай, айтылмай жүрген қандай тақырып бар деп ойлайсыз? «Қаламға серт» дейді ғой, сіздің қаламға беретін сертіңіз не?

– Қазақ елінің болашақ тағ­дыры толғандырады. Қазақ тілінің қол­даныстан шығып қалған мейлінше бай сөздік қоры қайтадан айналымға түсіп, қазақ руханиятының жауһар­лары жадымызға қайтадан оралып, жаңғырған қазақ мемлекетінде ғұмыр кешуді қалаймын және де осы мақсат жолында бар күш-жігеріміз бен қолда бар мүмкіндігімізді сарп етемін. Қазақ Нұх ғ.с. пайғамбардың мұрагері, топан су кері тартылған заманда жаңа адамизат ұрпақтары тап осы қазақ сахарасынан барша әлемге тараған. Тілдік мәселе жағынан да қазақ тілі жаһандағы барлық тіл атаулының түп-төркіні дер едім. Белгілі ғалым Берікбай Сағындықұлының түбіртек теориясын жан-жақты ашып көрсетер болсақ, осы күрделі мәселені індетіп жазар болсақ, қазақ тілінің түбіртегіне батыл үңілер болсақ, міне, тек сонда ғана аса үлкен жетістіктерге жете алмақшымыз. Тіл мен дін мәселесін де қатар қойып қаузаған жөн. Қаламға серт дегенде мұның түп-төркініне де тереңдеп барғанымыз абзал. Қасиетті Құран Кәрімде 68 ретпен тұрған «Қалам» сүресі бар. Осы сүренің 1-ші аятында: «Нун. Қаламға және қалам иелерінің жазғандарына серт!» делінген. Тәпсірге сүйенсек бұл аяттан өте көп мағынаны ұғынамыз. Құдай Тағаланың бұл сертін Құдайдың құлы пенденің қарапайым қаламға серт етемін деген сертімен еш шатастыруға болмайды. Қаламмен жазу жазбайтын қазіргі өзгермелі заманда мұның мән-мағынасы тіпті де өзгерген. Егер қазақ қаламгері Ибраһим Құнанбайұлы мен Шаһкәрім Құдайбердіұлы секілді дін мәселесін өте терең зерттеп, шариғи хұкімдерге толық мойынсұнып, бес парызын бұлжытпай орындап, иманын күшейтіп, тақуалығын арттырып жүретін болса, міне, сонда ғана оның әрбір жазғаны құнды мұраға айналып, уақыт сынынан сүрінбей өтіп, келешек ұрпақтың іздеп жүріп оқитын шығармаларына айналады. Қаламға серт бере алмаймын! Өйткені Жаратушы Иеміз ғана Қаламға серт береді. Біздікі жай ғана зерттеу, көрген-білгенді, көңілге түйгенді баян­дау, ақыл-шамамыз жеткенше өз пікір-пайымымызды оқырман қауымға жеткізу. Қазақ халқы мен қазақ тілін Тәңірі жарылқасын, қолдасын, өркендетсін!

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Қарагөз СІМӘДІЛ  

6815 рет

көрсетілді

256

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы