• Тіл
  • 04 Наурыз, 2009

Селқостықтан сақтан!

Шындығы сол, айта-айта жауыр болған тақырыптың бірі — осы тіл мәселесі. Тәуелсіздік алғалы он жеті жыл уақыт өтсе де, талайларды шамырқандырған да, шамдандырған да бұл проблема әлі күнге түбегейлі шешілді деу қиын. Мұны: «Әу баста-ақ қате жіберген өзіміз, еліміздің Ата Заңы — Конституциямызда республикамыздағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі, басқа тілдер қажетсінген жағдайда ғана қолданылады деп жазу керек еді», – десіп жүр бәзбіреулер. Мұндай пікір бір жағынан дұрыс та шығар, бірақ жасырғанды құдай да көреді демекші, несін айтасыз, жетпіс жыл бойы желкемізге мініп алып, тоқпақтауын қоймаған «ұлы халық» өкілдерінің үстемдігі әлі күнге маңдайымыздан қос қолдап ұрып тұр. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ қайсы бір жерлерде өтіп жататын семинар-кеңестердің, мәжілістердің, съездердің, тіпті түрлі мерейтойлардың, ең аяғы мәслихат сессиялары мен баспасөз мәслихаттарының негізінен орыс тілінде жүргізілетіндігін несіне бүгіп қалмақшымыз. Ол ол ма, әкімдікті былай қойғанда, кішігірім мекемелерде өтіп жататын жиындардың басым көпшілігі, басым көпшілігі емес-ау, түгел дерлігі ұлтаралық қатынас тілі ретінде орыс тілінде өтетіндігін тағы да қалайша жасырмақшымыз. Және бір тамашасы, мінбеге көтерілген қаракөз ағайындарымыздың өзі: «Құрметті ағайын! Құрметті жамағат!» деп сөзін бастап: «Ал енді мен залда отырған басқа да қауымға түсініктірек болуы үшін әрі қарай айтар ойымды орыс тілінде жалғастырайын» деуіне не дерсің?! Осы орайда заманымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсіреповтың мынадай бір ғақлиялы тұжырымын еске ала кетейікші: «Адам мәдениетінің алғы шарты — дұрыс сөйлей білу. Сөйлей білмеген адам — күлдірем деп күйдіреді, сүйсіндіремін деп сүріндіреді, білдірем деп бүлдіреді, қуантам деп құлатады, келтірем деп кетіреді, еміренем деп егілтеді, жұбатам деп жылатады. Сөйтіп тілін білмеген түгін білмейді»… Ендеше, ана тілін менсінбейтіндер, ана тілінде сөйлеуге арланатындар, дүмбілес мәңгүрттер жайлы бұдан артық не деуге болады. Жә, мұны қоя тұрайық, қанша жамандағанмен, қанша сынағанмен бола ма, таңданарлығы сол, тіл туралы нешеме заңдар қабылданғанымен, бұл хақында Астанада отырған депутаттарымыз айтысқандарымен біткен іс, шешілген проблема көрінбейді. Қайта бұған дейін «орыс тілін үйренбесең, наныңды тауып жеу қиынға соғады» деп ұрандаған қазақ, енді келіп әлемдік тіл – ағылшынша сөйлеуді үйренеміз деп, өзінің бар білгенінен, өзінің ана тілінде тіл сындырудан қалып бара жатқандығын қайтерсің. Әрине, тек жамандық теріп, тек жамандықты көріп, тіл өрісін кеңейту, тіл ауқымын ұлғайту жолында шыбық басы сындырылған жоқ деуден де аулақпыз. Шүкіршілік, бұл орайда тек Көкшетау қаласының өзінде кейінгі жылдары бірталай істердің басы қайырылды. Қазақ тілді балабақшалары, мектептерде қазақ кластары ашылды. Колледждерде, жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілді оқып, үйренуге ерекше ден қойыла бастады. Жыл сайын мемлекеттік тілде мәнерлеп оқу жөнінде Оралхан Бөкей атындағы әдеби конкурстар, түрлі сайыстар, көрмелер ұйымдастырып, өткізу дәстүрге айналды. Дей тұрсақ та көшеде келе жатып, екі-үш қазақтың: қыздар мен жігіттердің бір-бірімен орысша шүлдірлесіп келе жатқандарын көргеніңде әлі де болса ұлттық сана-сезіміміздің оянбағандығын аңғарғандаймыз. Ол ол ма, көше толған дүкендер мен кафелердің, тағы басқалардың атауларына қараңызшы. Бұларға және кейінгі жылдары шегірткедей қаптап кеткен дәріханаларды, дәмханаларды қосыңыз. Бірақ солардың көбісінің айтар сылтауы: «Біз жекеменшікпіз, сонан соң қай тілде, қай атаумен айтсақ та өз еркіміз». Тегінде «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деп осындайларға айтылса керек. Иә, дейсің осындайда, еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қолымыз жетіп отырған тап осындай шақта ұлттық тілімізді дамытып, өркендетуде, оның қолданылар аясын кеңейтуде селқостыққа, жауапсыздыққа жол беруіміз жөнсіз, әрі көкейге қонымсыз-ақ. Сайлау Көшкенұлы, журналист КӨКШЕТАУ

2761 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы