• Тіл
  • 17 Ақпан, 2022

ЕЛДІҢ ЕЛДІГІ МАҢДАЙШАДАҒЫ ЖАЗУДАН БАСТАЛАДЫ

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ 
«Ana tili»

Осыдан бірнеше жыл бұрын, үштілділік туралы мәселе көтеріліп, бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарында «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген сөз қанатты тіркеске айнала бастағаны белгілі.  Мұны неге айтып отырмыз? Өз тілің мемлекетқұрушы ұлттың тілі десек, онда өзге тіл қалай тірлік үшін? Қисынсыздау. Сондықтан біз қазір өз ана тілімізді «бірлік және тірлік үшін»  өмір сүру қалпына айналдыруымыз ­керек. Ол үшін, әрине, алдымен заң және ұлттың талап ету мүмкіндігі жоғары болуы қажет. 

Ал заң бар. Осыдан бірнеше ай бұрын Парламентте «Көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасы қабылданды. Енді арғы жағы өзімізге байланысты. Алдымен екі нәрсе керек. Біріншіден, сауатты жазу – сауап. Екіншіден, бізге керегі – талап. Көрнекі жерде қате жазуды көрдің бе, заң аясында дұрыс жазылуын талап еткен абзал. Бұл тиісті органдардың ғана емес, бүкіл жаны қазақ адам баласының күресіне айналуы тиіс. Сонда ғана біз көшедегі көз сүрінетін қателерден біржола арылатын боламыз. Сауатты түрде талап етудің заманауи амалы мен қадамы осы.

1905 жылы қарашада ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан Ресейдің «жергілікті және қалалық қайрат­керлерінің» Мәскеудегі съезінде сөйлеген сөзінде «Мен Алтайдан Оралға, Сібір теміржолы торабынан Омбыға дейінгі кең кеңістікті мекендеген 4 миллион қазақ хал­қының өкілімін. Қазақтың бүгінгі асқан мұңы – ана тілін қолдану бос­тандығы, оның қажеттілігі сайлау қарсаңында үгіт-насихат жұмыс­тарын жүргізу барысында ерекше артып отыр және осыған байланысты менің құрылтайдан өтінерім – жергілікті тілдердің құқын шектейтін заңның тез арада қайта қаралуы талап етілсін», – деп мәлімдеген. Демек, тіл үшін күресу мен тіресу ешуақытта толас таппақ емес. Одан бері бір ғасыр уақыт өтсе де, бізде мемлекеттік тіл мәселесі күн тәртібінде тұр және өзекті мәселе болып қала береді. Өйткені ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта ­адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл». Өйткені қаншама уақыт, дәуір өтсе де, тілден артық ұлылық, құдірет жоқ. Сондықтан қазақтың тілі «бірлік пен тірлік үшін» өмір сүретін тіл болуы керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі халықаралық қатынас тіліне айналуы қажет» деп атап көрсетті. Бұл негізсіз емес. Заман өзгеріп, өркениет ұзаған сайын бұл нақты айқындалып, көзге көрініп келеді. Қазақ тілі ­Алтын Орда, Дешті-Қыпшақ дәуірінде де халықаралық қатынас құралына айналғанына ­тарих куә. Біз бір мемлекет, бір ел, бір халықпыз.

Ал бүгін де біз қоғамның қажет­тілігімен қабылданған «Көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу ­туралы» Заңының өміршең ­болуына бәріміз мүдделі болуымыз керек. Өйткені қай елге барсаңыз да, ең алдымен, адамның көзіне әдемі безендірілген, қатесіз жазылған ­жарнама мен елді мекен ­атаулары түседі. Енді қабылданған заңға сәйкес, көшедегі, маңдайшадағы ­жазулар мен көрнекі ақпараттар қазақы ұғымда сауатты жазылып, тайға таңба басқандай жарқырап тұруы тиіс. Өйткені елдің елдігі маңдайшадағы жазудан басталады.

2024 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы