• Әдебиет
  • 24 Ақпан, 2022

CЫНШЫ

Әдебиеттанудағы ұшқыр жанрдың бірі – әдеби сын. Әдебиеттануда жазушының шығармашылығы көптеп зерттелгенімен, сол шығармаға сын айтып, талдап-таразылайтындардың шығармашылық ізденістеріне баға беру кемшін түсіп жататыны жасырын емес. Осы себептен сын жанрының белгілі өкілі Әлия Бөпежанованың сыншылдық келбетіне аз-кем тоқтала кеткенді жөн көрдік.
«Өрнектер» (1991), «Дүние имани құбылыс» (2001), «Мұнара» (2020), «Өнер жеке тәжірибе» (2007), «Мәдениет жасампаз сана» (2008), «Атырау облыстық театры» (2015) секілді әдебиет және театр сынына арналған кітаптардың және бұқаралық ақпарат құралдары мен ұжымдық монографияларда жазылған көптеген сыни мақалалардың авторы Әлия Бөпежанованың сыншылық жолға түсуінің алғышарты ата-анасының бала кезден кітап оқу және оқыған кітабына өзіндік пікірін айта білу дағдыларын қалыптастыруынан бастау алғандай. Осы дағдылардың қалыптасуы оның оқушы кезден бастап-ақ әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтың «Сын мұраты», театр сыншысы Әшірбек Сығайдың «Іңкәр шақ» секілді әдебиет пен театр сынына арналған кітаптарын оқып, сын бағытында білім алуына жетеледі.

Сын жанрындағы талпынысы да мектеп қабырғасында басталды. «Жұлдыз» журналына жіберілген екі мақала жарық көрмегенімен, сыншының сын жазудағы алғашқы тәжірибелері болды. Сыншының сыншы болып қалыптасуына өзі қызмет еткен «Қазақ әдебиеті» газе­тінде, Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атын­дағы академиялық драма театры әдебиет бөлімінде қызмет атқарған тұстағы шығармашылық ортаның да ықпалы болмай қойған жоқ.

Сыншы Қ.Ысқақ, Ә.Тарази, І.Есен­берлин, Ш.Мұртаза, Д.Исабеков, Т.Нұр­мағамбетов, З.Серiкқалиев, А.Сүлейменов, Т.Ибрагимов, Т.Тоқбер­генов, С.Әшімбаев, Ә.Сығай, С.Жұмабеков, Т.Әсемқұлов, Б.Қойшыбаев, Ж.Дәдебаев т.б. көптеген қаламгерлер шығармашылығына ­байланысты сын мақалалар, эсселер жазып жариялады.

Сыншының сыни еңбектерінде жанрлық жағынан алғанда проза, поэзия, драма және әдеби сынды талдап-таразылау кездессе, мазмұндық, тектік жағынан осы аталған жанрларда бақ сынаған әйел қаламгерлер ­немесе балалар әдебиетінің өкілдері назардан тыс қалмайды.

Аталмыш мақаланы жазуға себеп болған сыншылар туралы зерттеулердің аздығы деген болатынбыз, осы сарындас мәселені сыншы да өз еңбектерінде тілге тиек етеді. Әдеби үдерістегі қаламгерлердің шығармашылығымен қатар, көптеген әдебиет және театр сыншылары туралы үлкенді-кішілі мақалалар жазды. Осы күнге дейінгі жарық көрген еңбектерін тұтастай қарасақ жоғарыда айтылған олқылықтың орнын барынша толтыруға тырысқанын байқаймыз. Ол Қ.Ысқақ, Ш.Мұртаза, З.Серiкқалиев, А.Сүлейменов, Т.Тоқбергенов, С.Әшімбаев, Ә.Сығай, С.Жұмабеков секілді сыншылардың шығармашылығы, сыншылық жолы, сын жанрына қосқан үлесі туралы ой-толғамдарын ортаға салады. Бұл сын тарихына қосқан елеулі үлес.

Сыншы көбіне өзі нысан еткен авторлар шығармашылығын кешенді түрде қарастырады. Сын мақалаларында шығармашылық зертханасын, шығармашылық өсу жолдарын қамтып, жалпыдан жалқыға көшіп отырады. Тіпті авторды қоғаммен тұтастықта алады. Оның азаматтық болмысы, қоғамдық қызметі, қайраткерлігі де назардан тыс қалмайды. Олай дейтін себебіміз, сыншы өзі қарастырып отырған автордың шығармашылық жолында бір жанрдан басқа жанрға ауысу мақсаттарын, бір шығарманың бойындағы мазмұндық, түрлік яки құрылымдық т.б. ерекшеліктердің пайда болу себептерін кең ауқымда талдайды. Сыншы шығарманың бойындағы жаңашыл ағыстар мен жылғаларды байқағыш сергектігімен де ерекшеленеді және бұл жаңа құбылыс па, әлде әлемдік әдебиеттегі аналогы бар ма немесе қандай ағым-бағыттардың, қандай жанрлардың ықпалы екеніне де барлау жасап, салыс­тырмалы талдауларға да барып отырады. Мәселен, Қалихан Ысқақтың прозасы, драмасы, сыншылығы, қайраткерлігі, адами болмысы түгел қарастырылып, автор шығармашылығы туралы кешенді талдаулар жасайды. Жазушының «Қоңыр күз едi», «Ағайындар», «Менiң ағаларым», «Бұқтырма сарыны» повестерiнде, «Қараорман», «Ақсу – жер жаннаты» «Тұйық» лирикалық-романтикалық, лирикалық-психологиялық бағыттың көрнектi өкiлi ретінде танылғандығын айта келе, бұл шығармалардағы авторлық ой ағынымен жымдаса берiлетiн диа-­монологтар молдығына назар аудартады. Дегенмен бұл өзгерістердің барлығы да «таза реалистiк дәстүр аңғарында дамып-түрленіп» отырғанын айтады. Қ.Ысқақтың драматургиялық шығармашылығы да осы реалистік дәстүрден ауытқымағанын, «Қараша қаздар қайтқанда», «Сайқының ұрпақтары» комедиялары, «Қылкөпір» драмасы қоғамның әлеуметтiк-психологиялық көкейкестi мәселелерiн көтеруге бағытталғандығымен дәлелдейді. Қ.Ысқақ шығармаларында Алтайдың, Алтай тұрғындарының өмір-тағдыры, аумалы-төкпелі кезеңдерде орын алған әділетсіздік, адами болмысқа жат ішмерез қасиеттерді тап басып бейнелеуі жағынан кезінде орыс әдебиетінің «провинциялық әдебиет» өкілдері атанған А.Вампилов, В.Шукшин туындыларымен рухтас екенін атап өтеді. Мұнда терең салыстырмалы талдаулар жасалмағанымен, сыншының білім байлығының көрсеткішін аңғаратындаймыз.

Сыншы автордың драматургиядағы үш бағытын анықтайды. Оның біріншісі, автордың төлтума драмалары болса, екіншісі, шығармашылық тандем құруға бейімдігі (жазушы-драматург Әкiм Тарази­мен бiрiгiп жазған «Апа-апатай», «Жәке-жәкетай», «Кемпiр iздеп жүрмiз» атты комедиялары, Шаһимардан Құсайыновпен бірігіп жазған «Қазақтар» трагедиясы), ал үшінші бағыт – әдебиетiмiздiң классиктерiнiң туындыларын және де басқа жанрда жазылған авторлардың шығармаларын (журналист Армиял Тасымбековтің Ақмола әйелдер лагері – АЛЖИР-де отырған тұтқын әйелдері туралы деректі шығармасы негізінде жазған «Кебенек киген арулар» пьесасы, М.Әуезовтiң «Қараш-қараш» повесi оқиғасының сарыны бойынша жазылған «Таңғы жаңғырық» әлеуметтiк тарихи драмасы, Б.Майлин әңгімелері бойынша жазған «Сабатажж!» комедиясы) сахнаға лайықтап жазу болатын.

Қ.Ысқақтың адами болмысы мен қайраткерлігі, ұлттық руханиятқа сіңірген еңбегі ««Өмір... Әйелге деген сағыныштан басталады» хас Суреткер, ғажайып Адам, аяулы аға Қалихан Ысқақ туралы бірер сөз» атты естелік-эссесінде сөз болады.

Міне, бұл таңдап алған шығармашылық тұлғаны тұтастай талдаудың бір ғана ­мысалы. Ал оны Әлия Бөпежанованың сыни мақалаларынан жиі кездестіруге болады.

Автордың жазған сындары объективті, мәдениетті және дәлел-дәйекті болып келеді. Өзі нысан етіп алып отырған шығарманың артықшылығы мен кемшілігін салмақтап айтып қана қоймай, оның себептеріне де үңіледі, зерделейді. Бір автордың шығармашылығы туралы жазылған сыни мақаладан-ақ осы ерекшеліктерді атап көрсететуге болады. Жазушы-драматург Әкiм Тарази шығармалары туралы жазылған «Заманның көркем бейнесi» атты сыни мақаласында: «Жазушы Ә.Таразидің өзiндiк жазу машық ерекшелiктерiнiң бiрi ретiнде кинематографтық стильдi атау керек. «Әдебиетке кинодан келдім» дегенді өзі де айтады. Осы тәжірибе прозасында сәтті жалғасын табады – характерлердi бірер штрихпен ашу, оқиғаларды анық-қанық бейнелеу, артық-ауыс ой, шұбалаңқы сөйлемдерге жол бермеу – шығармашылығының бір ерекшелігі», – деп жазушы шығармашылығындағы жинақылық пен нақтылық, ой жұмырлығының себебі әдебиетке кино жанрының сәтті әсерінен екенін жазушының шығармашылық тарихына бойлай отырып анықтайды.

«Әдеби сында Ә.Таразиге айтылар сынның бiр парасы – шығармаларының оқиғалық, сюжеттiк тұрғыдан тиянақталмай, түпқазық ой жинақталмай, әр жерде бiр төбе көрсететiндiгiне байланысты едi. Бiздiңше, бұл – Тарази шығармаларын дәстүрлi ­роман шеңберiнде қарастырғандықтан барып айтылған сын. Мысалы, «Кеннен» бас-аяғы жинақы, бiртұтас, кең панорамалы эпикалық суреттеу iздеудiң қажетi аз, өйткенi онда тартыс характерi басқашалау; жазушы уақыт қойып отырған сауалдарға жауапты жекелеген тағдырлар, жеке адамдардың болмысы, жан дүниесiне үңiле отырып iздейдi; романда шебер дәнекерленген хронологиялық сюжет жоқ, жазушы ассоциативтi-фрагментарлық суреттеу арқылы көркемдiк жинақтауға, бiртұтастыққа бой ұрады. ­Демек, бұл – жазушының кемшiлiгi емес, өзiндiк стильдiк ерекшелiгi», – деп, мұны кемшілік деп емес, алдымен әдеби-көркемдiк дамудың заңдылығынан туындаған жай ретінде баға бере келе, шашыраған оқиғалардан тұратын дербес сюжеттер, жекелеген тағдырлар романды тұтас оқып шыққанда көркемдiк-әлеуметтiк мәнге, мазмұндық тұтастыққа ие болатын ерекшелігін атап өтеді.

Әдеби үдерісті жіті қадағалап, ондағы өзгерістердің себептерін де қаузайды. Сонымен қатар автор әдеби дамудың заңдылықтарынан туындап жатқан жаңалықтарға өз бағасын бере отырып, әдеби талдаудың қисындарына жөн сілтейді. Мысалы, «Гүлдер мен кiтаптар» – мәдениет құбылысы атты сыни мақаласында: «Гүлдер мен кiтаптар» – көп планды роман. Әдеттегi ұғымдағы, себеп-салдарлы, классикалық үлгiдегi көп планды да көлемдi роман емес, көлемi шағын, соған қарамастан конструкциясы өте дамыған – бiрнеше идеяны қат-қабат алып жүретiн роман; оқырманынан мәдени-философиялық оқылымды талап ететiн; «не бередi?» емес, «не аламын?» қағидасымен оқығанда ғана мәнi ашыла түсетiн роман», – деп, романның дәстүрлі классикалық талдау қалыбына сыймайтын ерекше туынды екенін және оған баға беру көп жағдайда оқырманның интеллектуалдық әлеуетіне байланысты екенін айтады.

Сыншының өзі сыншылық туралы «Алғашында жанрға қалам тартушылар саны аз болмайды, алайда оның ауыр жүгiн соңына дейiн алып жүруге не бiлiм-бiлiгi, не күрескерлiк қуаты, не эстетикалық құнары жетпей көбi бiрте-бiрте сын керуенiне iлесуге жарамай қалатыны бар», – дейді. Осы орайда сыншының өзі осы аталған жауынгер жанрдың ыстық-суығына төзе білгенін және сауатты да салауатты сын қалыптастырғанын айта кеткен жөн.

Гүлмира СӘУЛЕМБЕК,

М.Әуезов атындағы Әдебиет

және өнер  институтының

аға ғылыми қызметкері

1370 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы