• Әдебиет
  • 24 Ақпан, 2022

Аспанның тілін тапқанмен,адамның тілін таппадым

Төреғали ТӘШЕНОВ

ҚАҒБАДА ҚАЗА

БОЛҒАН ҚАРАЛЫ АҚҚУ

(Баллада)

Болған екен бойында Қап тауының.

Кезеніп шыққан кезі от-қарудың.

Оқ тиіп сыңарынан айырылған

Қаралы аққу шағыпты

Хаққа мұңын.

 

Құдайға жетті ме,

жоқ, жетпеді ме,

Зары аққудың –

шер-кегі көк темірге.

Қағбаға қанат қағып аттаныпты,

Меккенің шағымбаққа қақ төрінде.

 

«Ажалың, ей, адамзат, от-қарудан,

Түбі бір турап тынар түп-тамырдан...».

Адамша жұбын жоқтап, өзіне-өзі

Сыймайды екен, сыңарын сәт сағынған.

 

«Адамның зәбір көрген баласынан

Жылаған құс қой мынау, жарасын жаз!».

Меккеде құжынаған қажылардың

Жүрегі қарс айрылған – жаны ашыған.

 

Қағбаны құшқан,

ұшқан сан айналып,

«Өтті екен қалай ғаріп,

неге-ай,

налып?!» –

Қағбаға заулап келіп соғылған да,

Жан берген қара тасты жанай барып...

 

Заманның қабағы қан,

жаралы жан,

От-қару әлемде әлі салады лаң.

Аққу құс өлімімен айтып кетті,

Алсын деп адам сабақ ажалынан.

 

Боларын от-қарудан жазаң қатты,

Адамнан аққу бұрын бағамдапты.

Қағбаның ақ түсті еді жамылғысы –

Хисуа* қара түсті содан қапты.

 

Домбыра – сұңғақ мойын самғап ұшқан,

Қос шектің бірін үзіп – атты-ай дұшпан.

Зар қағыс, шерлі шертіс – ащы күйді

Алыпты құс төресі аққу құстан.

 

Аққудың айықпады ел наласынан,

Ауыртады мәңгілік жарасы жан.

Сөйлейді күй тілімен «Сүгір. «Аққу»

Солайша,

домбыраның сағасынан.

 

 Хисуа* – Қағбаның сыртқы жабуы

 

ДЕГРАДАЦИЯ

  (триптих)

1. АДАМ ҺӘМ ҚАЗАҚ

 

Жүрейін десем – құлқым жоқ.

Күлейін десем – күлкім жоқ.

Жылайын десем – жасым жоқ.

Бұрайын десем – басым жоқ.

Кешегім бар – бүгін жоқ.

Мекенім бар – тілім жоқ.

Ұйықтайын десем – ұйқым жоқ.

Ұлықтайын десем – ұлтым жоқ.

Аурумын десем – кеселім жоқ.

Саумын десем – кешегім жоқ.

Есебінде жоқпын ешкімнің,

Кәдімгі есегім де жоқ.

«Бармын» десем – жоқпын.

«Жоқпын» десем – бармын.

Жағасында тұрғандаймын жардың.

Ерейін десем – көсемім жоқ.

Өлейін десем – өсегім көп.

Ашпын дейін десем – өзегім тоқ.

Тоқпын дейін десем – тезегім жоқ.

О, сұмдық ай!

 

2. ПЕРІ ҺӘМ ПЕРІШТЕ

 

Көпке қосылғанша – көтені боқ,

Жалғыз болғым келеді – жетегі жоқ.

Пәкизат періште болғым келеді – мекені жоқ,

Жұбы да некелі жоқ.

Айырған нанын аярдан,

Адамдай емес жаланған,

Демі жоқ әр алған,

Нәсілі – жалыннан жаралған,

Асылы, нұрдан нәр алған,

Сүреден пәк,

Сүттен ақ,

Кіршіксіз таза,

Күнәдан ада,

Ұйқысы келмейтін,

Нәпсі бөлмейтін,

һәм өлмейтін

Періште болғым келеді,

Пейіште болғым келеді.

Ұшқым келеді,

Қанатым жайып

Құшқым келеді.

Ал кейде...

Жамаған жұмыр жердің жарығын мың,

Кейпіне кіріп алам кәрі жынның..

Тау қопарып,

Тас жарғым келеді,

Тас маңдайлы

Бас жарғым келеді.

Жалғанды сыпырып жүзінен

Ақтарғым келеді,

Тәңірдің тартып өзінен

Тақты алғым келеді.

Соңында...

Сабама түсемін,

Тәубеме келемін,

Сандырақ-елестің.

Періште де емеспін.

Пері де демес мені ешкім.

Періштені «періште» деп кім айтты?

Білсем деп ғайыпты,

Періштем – жолдан тайыпты.

Перім – ол да суайт-ты.

Екеуі де емес лайықты.

Бірі – құр қара күш иесі,

хас надан екен!

Бірінің сәлем салғаны

һәм қолынан келсе екеуінің де

болу арманы –

Адам екен!..

 

3. НӘПСІ ҺӘМ РУХ

 

Азат болу деген не?

Азат не бар денемде?

Азат болып әлемді

Ашып па едім келерде?

 

Тәуелдімін – шекерге,

Түюлімін – мекенге.

Жаным, Арым, Рухым –

Азат болмай,

бекер де.

 

Бас та, ми да – шаршаулы,

Бірақ жүрек аңсаулы.

Қояр емес өткенін

Малта құрттай тамсауды.

 

О, ол кезде Құдайдан

Бар болмысым.

Жылай жан,

Өзімді-өзім кейіннен

Жасап алғам ылайдан.

 

Хаққа мәлім сыр іштей

Тоқ болғаным – түк ішпей.

Нәпсім менен рухым

Жау боп түсті бітіспей.

 

Қол үзген соң «жан салған»,

«Құдаймын!» деп жар салғам.

Өзімшілдік – өзімнен

Жиіркенгенде-ақ басталған.

 

Аманат қып берілген

Уәдемнен безінгем.

Борсықтаймын тіленіп –

Ұрған сайын семірген.

 

«Бер, бер» деумен сұрайтын,

«Мен, мен» деген жылай құр,

Бірі – өзіммін жердегі

Жеті миллиард құдайдың.

 

Бір тамшы су – жас тамған,

Бір түйір дән – ас қалған,

Бір жұтым дем – басқарған,

Бір уыс топырақ – тасталған.

Бодандығым – аш қалған

Қу құлқыннан басталған.

Бостандығым – болмысым

Бұйырған көк аспаннан.

 

Болғанымен далам бай,

Толмай саным, санам сай,

Қиналуда рухым,

Қазақ – қазақ бола алмай.

 

Ашқан аузын арандай

Арсыз нәпсі, ой, Алла-ай,

Азаптаулы рухым,

Адам – адам бола алмай...

 

  ӘКЕ

 

Жазығы жоқ еді әкемнің –

біреудің берген бір аяқ көжесін

адалдықпен ішкеннен басқа,

Азанда азайып мініп

түнде тоғайып торы атынан

түскеннен қасқа;

Шешемнің дорбаға сап берген

бір үзім таба наны

кешке қайтып келетін сындырылмай;

Ат арқасын суытқанша,

сүйретіп шылбырын жай

Ай да аяңдап шығатын төбеге

мың сан жыл бұрынғыдай...

Жалғыз байталы

жолықты

жыл сайын құлын беретін болып

мал құтты,

кәрі бие шыққанда әкемнің басына

апарып шаламын дейтін

(жылқыдан бұрын өзінен жан шықты);

Серкеге сіңген ат тері мен алақан

табы пісірген

көкпар етінен тәтті не бар еді

әкелгенде сарқытты;

Аңға шығатын ырымдап иткөйлегімізді

алып түбінен сандықтың;

Бала-шағасына бар кейігені

бұзсақ тәртіпті:

«Құдайдан бала сұрамадым ғой мен,

тіпті...»;

«Мендей болсаңдар жаман

болмайсыңдар!» – дейтін,

бір баласының маңдайынан шертпей

кеткені түсінікті;

Қара тоны тозыңқы есімде әбден

жұқартқаны;

Жазығы – отасын тарықтырмас үшін

аң аулап, құс атқаны;

«Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп

қара қазанын қызартқалы

қара мылтығын тақымына басып

Қаратаудың қойын-қонышын

күнұзақ індеткені;

Ат арқасына жабыстырып тауға

бірге ерткені;

Қоңыр кеште шалқалай жатып

домбырасын солақай шерткені;

Жетім бала, жесір кемпір боп

жастық шағын өткергені;

Терезеден көз тастап үнсіз

көкала түтін ғып бөлмені шылым шеккені;

Қырық қатпар әжімінің маңдайына

терең шөккені;

– 60 жас жоқ қой бізге,

60 қайда-а-а-а..? – деп

өзінің алдын байлап отыратын

өзі күрмеп тегі;

Қырық жыл болыпты-ау, Сіз кеткелі...

 

АЛАҚАН

Анашым-ау,

Атаңнан

Ақсүйек боп тусаң да,

Ақ биялай кимедің.

Алтын жүзік ілмедің.

Айна ұстауды білмедің.

Қол теріңе хош иіс май тимеді.

(Тырнағыңның ұшынан

тұрып ешкім сүймеді...)

Есесіне елемей

Жерошақта қызған шоққа күйгенін,

Саусақтарың от ішінде биледі.

Күнде-күнде он таба нан қайыспай

Пісіретін қатқан қара қайыстай

Сенің қолың барлық қолдан сүйкімді

Алла алдында...

(Ант етейін нан ұстай...).

 

АЛАКӨЛМЕН СЫРЛАСУ

Еңкілдеп келіп Ебінің желі соққасын,

Алакөл, ой-хой, толқыды дейсің,

Хаққа шын.

Жосытып көшін, шалқуын-ай жарықтық,

Ағытып қойып алаңсыз Жоңғар қақпасын.

Көк қарлығаш – көк көлден ілген несібе,

Жақындай беріп жалт беріп ақты есіле.

Реликт шағала реттеп жүргендей,

Толқынның тілін – келтірген көлді нәшіне.

 

...Көкке ынтық көл ме, көлге іңкәр, әлде ғарыш жақ,

Жіберді бірі шөкімдей бұлтпен жазып хат.

Алуан сырлы алаша  түзген ақшамда,

Алакөл десе, ала көл екен анық, хақ.

 

БҮГІН ТҮНДЕ АЙ...

ТӘУАП ЕТТІ ҚАҒБАҒА

Бүгін түнде Ай... тәуап етті Қағбаға,

Құшып сүйді, жеті рет айнала.

Қалқыды кеп, ерекше бір нұрлана,

Толқыды көп, тұрды қимай қинала.

Балқыды көп, қара тасқа таңғала.

Қасиетті Қағбаменен қоштасу –

Қиын екен, адам тұрмақ, Айға да.

Жүз мың жылдан кейін қайта келем деп...

Бұрып бетті, жүзіп кетті... жай ғана.

 

***

Қос жүрек ...қоштасарда шыдап бақты,

Сырты емес, іші екеудің жылап жатты.

Соңында сәл сыңсып ед сүйген жары,

Аямай қамшысымен бір-ақ тартты.

 

Жаулықсыз көрсетпеген жалаң басын,

Жас жесір жоқтау айтқан: «Қараң қалсын,

Кеуілі суысын дегені екен ғой,

Соғыстан сезіп тірі оралмасын».

 

***

Қобыз шалып қос шекті тас бағандар,

Қол бұлғайтын қапталдан қасқа жолдар.

Қара талдың сорғалап қабығынан

Көз жасындай үзіліп жас тарамдар.

Бала шағым... күн ұзақ шалқасынан

Жатып алып тойымсыз аспан аулар.

 

Түгел дүние білінбей түк салмағы,

Кіндігіммен байланып жатсам тағы! –

Жапырақтың жердегі тамырынан

Жұлдыз иісін иіскеп... аспандағы.

 

 ***

Жер басып жүрген жанды мен деп ойлап,

Жанымды тастаппын ғой тәнге байлап.

Қарасам, – Құдай менің ішімде екен,

Мен оның ішінде емес, – мәнге бойлап.

 

Қайтесің қу дүниені қажы басым,

Қағбаның қанып ішіп нұрын асыл, –

Қос таудың қуысына қойған тығып,

Құдайдың көріп қайттың қазынасын.

 

ЭКСПРОМТ

Қу Өмір!

Жас болғанда – аспан мен жердей,

Шал болғанда – есік пен төрдей,

Сұм Уақыт!

Алдымдағы қобыраған қағазыңды

оқимын ба,

Бұйырған бес уақыт намазыңды оқимын ба,

Отын түртіп қоятының бар шабыттың,

Неге ұйқысын бересің Алыптың,

Неге құлқынын бересің Мешкейдің?!

О, Тәңірім, өзің кеш, деймін.

 

ҒАРЫШ ҺӘМ ҒАШЫҚ

«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл»,

Ғарыштың тілін кім білген, –

Ұғасыз оны, мүмкін, сіз,

Ұғыспай жүрген, мүмкін, мен.

 

Аспанға бәрін ашып бар,

Ақтарам іштей

 Абайша.

Ұғатын тілді ғашықтар

Ұқпайды ғарыш қалайша?

 

«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл»,

Көрінеу көзге ілмейді.

Ғарыштың тілі – тылсым сыр,

Ол тілді ешкім білмейді.

 

Ғашық пен қашық ғарыш бір,

Естімес ешбір сөзіңді,

Естиді ( өзің салыстыр),

Сөзді емес олар сезімді.

 

Өзгенің жанын ұққанмен,

Өзіңе өзіңнің жат жаның, –

Аспанның тілін тапқанмен,

Адамның тілін таппадым.

3015 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы