• Білім және ғылым
  • 24 Ақпан, 2022

ТӘРБИЕДЕ ОТБАСЫ МЕН МЕКТЕПТІҢ БІРЛІГІ ҚАЖЕТ

Отбасы – әлеуметтік институт ретінде зерттеудің көзі. ­Отбасы мүшелері арасындағы өзара қатынастардың қалыптасуы мен дамуына септігін тигізетін адамдардың жақындығы, туыстық қатынастар, өзара тұрмыстық өмір. Отбасы тәрбиесінің артықшылығы да осы қатынастарда, оны тәрбиенің ешқандай да түрі алмастыра алмайды.
Отбасы тәрбиесінің қоғамдық және мемлекеттік тәрбиеге қарағанда артықшылығы басым. Алайда қазіргі қоғамдық өмірде болып жатқан әлеуметтік, экономикалық және демографиялық өзгерістер отбасыға белгілі бір деңгейде қиыншылықтар туғызады.

Отбасы тәрбиесіндегі негізгі мәселенің бірі – анасының жұмыстан, отбасы тұрмысынан қолы босамауы. Ұрыс-керіс, айқай-шуға толы ­отбасыларда бала тәрбиелеуде көптеген мәселе туындайды.

Елдегі түбегейлі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге, жекеменшіктің пайда болуына, жеке адамның баю мүмкіндігінің тууына байланысты материалдық жағынан ауқатты отбасылар пайда бола бастады. Мұндай отбасыларда да тәрбие белгілі бір проблемаға кездеседі. Көбінесе мұндай отбасындағы бала қатарластарынан алшақ болады, оның ерекшелік сезімі қалыптасып, қоршаған адамдарға жөнсіз наразылық эгоизмі тууы мүмкін. Осындай мәселелерді шешуде мектеп пен отбасының бірлескен іс-әрекетін жүзеге асыру қажет. Білім беру ұйымдарында отбасымен ынтымақтастықты бірлескен әрекетті тиімді ұйымдастырудың оқушының жеке тұлғалық дамуына, тәрбиелік әлеуетінің артуына тигізер әсері өте үлкен. Сондықтан да бұл мәселе қазіргі кезде зор маңыздылыққа ие ауқымды жұмыс.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 27 бабында Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болатыны, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті екендігі, кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндеттілігі атап көрсетілген.

Қазіргі уақытта мектеп пен отбасы ынтымақтастық әрекетінің келесідей бағыттары айқындалған: ата-аналармен ұйымдастырушылық – педагогикалық жұмыс; ата-аналардың педагогикалық сауаттылығын дамыту; ата-аналармен баланың оқу үлгерімі мен тәрбиесін жақсарту үшін жүйелі жеке дара жұмыстарын жүргізу.

Ата-аналар комитеті жұмысының жемісті болу шарттары – оның мүшелерінің ата-аналар ұжымының алдында есеп беруі, оның іс-әрекетіне дем беру (алғыстар, грамоталар, жұмыс тәжірибесін талдап қорыту және арнайы бюллетендер шығару арқылы), сынып жетекшісімен үздіксіз ынтымақтастық әрекет екендігі сөзсіз.

Отбасымен ұйымдастырушылық-педагогикалық жұмыстың ең тікелей формасы жеке сынып оқушылары ата-аналарының жиналыстары. Мұндай жиналыста сынып жетекшілері оқушылардың үлгерімі мен тәртібі туралы ақпарат береді. Жиналыс отбасы мен мектептің тәрбие жұмысында ортақ мақсаттарды анықтау үшін өте маңызды. Жиналысты оқушылармен бірігіп өткізген тиімді. Ата-аналар жиналысы әртүрлі болуы мүмкін: тақырыптық, жиналыс-практикумдар, қорытынды, тоқсандық, жылдық, топтық, әңгімелесу-жиналыстар т.б. Жылына бір рет болса да, сынып немесе мектеп деңгейінде диагностикалық негізінде ата-аналар жиналысы (немесе ­конференцияларды) өткізіліп тұруы қажет, яғни бұл процестің жетекші (өзгермелі) сипаттары арқылы мектептегі және отбасындағы шынайы жайды анықтау үшін керек.

Отбасындағы бала тәрбиесінде көмек көрсетудің ықпалды тәсілі – ата-аналардың педагогикалық сауатын дамытуды ұйымдастыру. Мектеп ата-аналардың педагогикалық сауатын дамытуды ата-аналар жиналысын, консультациялар, сұрақ-жауап кештерін, әкелер конференцияларын т.б. өткізу арқылы ұйымдастыруға тырысады. Бұл орайда, әрбір мектеп өз жағдайына, «отбасы суреті» ерекшеліктеріне, оқушылар тәрбиелілігіне сәйкес ата-аналардың педагогикалық ­сауатын дамытудың нақты жүйесін жасайды. Көбінесе оқушылар ата-анасымен бала тәрбиесін жақсартудағы педагогикалық ­консультациялар және практикалық кеңестер сипатындағы жеке дара жұмыс жиі қолданылады. Осылайша, мектеп пен отбасының сынып жетекшісі арқылы реттелетін педагогикалық процестерінің арақатынасы мұғалім қызметінің диагностикасы негізінде қойылған міндеттерімен анықталады. Сынып жетекшісі қалыптастырған мақсат пен міндеттер оның оқушылары мен олардың отбасыларымен әрі қарай жұмысының бағыттарын да анықтайды.

Бүгінгі отбасы тәрбиесінің барысын екі жақты қырынан байқауға болады. Біріншісі, отбасының мектеппен бірлесе әрекет етуге өте ынталы болып отырғандығы. Мұнда ата- аналар балаларының сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін оларды таңдаулы мектептерге оқуға береді. Оқушылардың ұлттық тәрбие алуымен қоса қазір әлемдік тәрбие жетістіктерін пайдалану қолға алынуда. Мектеп пен отбасының өзара бірлігінің нәтижесінде ата-аналар тарапынан мектептің педагогикалық қызметіне әртүрлі көмектер көрсету, атап айтқанда, демеушілік жасау, тәрбие тәжірибелерімен бөлісу, кәсіби қызмет саласын кіріктіру және т.б. жүзеге асырылады.

Екіншіден, отбасының мектеппен ынтымақтастықты орнатуға немқұрайлылықпен қарауы кездесіп қалады. Бұл күнкөріс жағдайымен отбасындағы балалар тәрбиесіне көңілдің бөлінбеуі, тіпті ата-аналардың жиналысқа келмеуі, мектеппен байланыс жасауға талпыныстың болмауы, бала тәрбиесіне аса назар аудармауы арқылы айқындалады.

Қазақ зиялыларының бірі Мағжан Жұмабаевтың: «Тәрбиедегі мақсат – баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару» деген сөзі балалар тәрбиесінде ата-аналар алдында үлкен жауапкершіліктің тұрғандығын дәлелдейді. Әрине, отбасы өзінің дербес әрекеті арқылы тәрбие саласындағы ауқымды мәселерді шешуде әлі де болса әлсіз. Ол үшін алдымен ­отбасы мен мектептің өзара бірлігін нығайту өте маңызды. Ал тәрбие қоғамдық құбылыс болғандықтан, оны қоғам талаптарынан тыс ұйымдастыру мүмкін емес. Бұл тұста үштік одақ: мектеп, отбасы және қоғамдық ­мекемелер жұмысындағы өзара сабақтастық, бірлік пен ынтымақтастық өз үйлесімін табуы тиіс.

 А.Сабиханова,

кафедраның аға оқытушысы,

А.Маханбетова,

«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ББЖҚБАРИ

 «Менеджмент және инклюзивті білім беру»

кафедрасының меңгерушісі

2610 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы