• Cұхбаттар
  • 24 Ақпан, 2022

БІЗ ФЕОДАЛИЗМ ДӘУІРІНДЕ ДЕ ТОЛЫҚҚАНДЫ ҰЛТ БОЛҒАН ХАЛЫҚПЫЗ

– Молдахмет аға, «Ескі қыстау» атты әңгімеңізде ауыл мен қала, көшпелі өркениет таусылып, отырықшылық үстем бола бастауын Төрткөз атты иттің көзімен бересіз. Ырымшыл қазақ төрткөз итті ұнатпайды деген де сөз бар. Кең даланы сағынып ит екеш ит те түс көреді. «Көп-көп терезелері бар үлкен үй», «Ошақ атаулы болмайтыны-ай», иттің үйге кіретіні, иттерді байлап қоятыны, қалаға иесі көшіп келмес бұрын қайыс қарғы, шынжырды білмеген Төрткөздің үйшігі тап-тар қуыс, жаны күйзеледі, ауыл деп ұлиды, қала тіршілігі оған тозақ, бөтен иттер талап тастады. Ит тура адамша ойлайды. «Төрткөз жағасын ұстай жаздады». Осы сөйлем артық емес пе, әлде юморлық әсірелеу ме? Дүниежүзілік таңдаулы әдебиетте ит туралы көркем прозаның астарында адам жазмышы жатады. Чехов крепостнойлық басыбайлы құлдықтың қиянатын 9 жасар баланың деревнядағы атасына жазған арыз-хаты арқылы әшкерелейтін «Ванька» (1886) атты классикалық әңгімесінде жанай айта салатын Каштанка атты ит бар. Бұл ат жазушыға ұнап, іле «Каштанка» жазылған. Куприн «Ақ пудель» (1904) атты әңгімесінде қаңғыбас артистерді кейіпкер етіп, Қырым жағалауының географиясын қоса суреттеп берді. Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» атты шедевр әңгімесінің шекпенінен қазақ прозасындағы қасқыр мен ит туралы туындылар шықты. Шыңғыс Айтматов романында Ақбара мен Тасшайнар-қос бөріні суреттеуінде біздің Мұхаңның стилі, әсері анық. Әдебиетте жан-жануарлар психологиясын бере алудың қасиеті неде?

– 1983 жылы жабық конкурстан бәйге алғаннан бері менің назарымдасың, Айгүл. Әңгімеңнің кейіпкерінің «Қай ноғайсың?» деген бір ауыз сөзінен кейін бұл қыз тарихқа да барып жүрген болды-ау деп қуанып қалғанмын. Кейін «нышан» сөзін екі бірдей мақалаңнан кезіктірдім. Бүгінгі қазақ қолдана бермейтін ұғым. Сонда Айгүл қазақтың нағыз қордалы ортасынан шыққан болды-ау деп ойлағанмын. Енді бұрын пікір айтқандар мүлде елемеген төрткөз итті қазақтың ұнатпайтынын да біліп отырсың. Бұндай иттердің көздерінің астында екі бірдей ақшылдау дақ болады. Қараған кісіге сүйкімсіз әрі қадірсіз, ауыл иттерінің төменгі сатысында. Біздің бұдан әлдеқайда беделі жоғары дүрегейді алмай, осы елеусіз ғана пақырды кейіпкерлікке таңдағанымыздың өзіндік мәні бар.

Р.Рождественский Бірінші Петрдің көзін батпақтан шыға алмай ышқынып тұрған мотоциклдің шамына («буксующего мотоцикла») теңейтіні бар. Бірінші Петр қайда, мотоцикл қайда? Ф.Достоевский бір кейіпкерін «маңдайы жез болатын еді» деп таңбалайды. Құмды сумен жусаң болды, қайта жарқырап шыға келетін тумысынан жолы болғыш адам. М.Әуезовтің тұлан тұтқан бір кейіпкері «тілімді сұғып-сұғып алдым» дейді. Өмірде ауылдан шығып көрмеген ит үшін бейтаныс қала – тозақ. «Шошыды», «жек көрді» тәрізді жайдақ сөздерден қашқандықтан «Төрткөз жағасын ұстай жаздады» деген тұрақты идеоманы қолданғанмын. Ит үшін артықтау екені рас, бірақ қалыптасқан тіркес. Бұны алып тастар болсақ, сол сәттегі әсер кәдімгідей болбырап, солғын тартып қалатын тәрізді.

Бұл мұңды шығармаға әлдеқандай юмор қолданар болсақ, әңгіменің әуені қожырап, архитектоникасына іріткі түскен болар еді. Менде ондай ой болған емес. Бұл әзіл-оспақты көтермейтін шығарма. Қалың оқырман поэзияда қолданыла беретін қаншама асқақ, алыпқашпа, асау, қияли теңеулерге кешіріммен қарайды да, прозадағы сәл әсірелеуді елеп жатады.

Өз мақсатына жеткен, тақырыбына жарасымды үйлесіммен орындалған шығармаларды оқу бір ғанибет екендігін өзің білесің. Ондай дүниелер санада таңбаланып қалады. «Ақ пудель» әңгімесін шамасы, студент кезімде әлде оқу орнын бітіру бойына оқығанмын. Өткен жылы классикалық дүниелерді қайта қарамақ ой туған. Сонан бітіп болмайтын беймаза тірліктің арасынан бір тыныш уақыт тауып (бұндай шығармалардың обалына қалып, әсте де қолайсыз кезде атүсті оқуға болмайды) қайта оқып шықтым. Сол күйінде тұр. Әдемі дүние. Бұл шағын шығармамды жазып отырғанда әдебиеттегі бұрынғы иттерді еске алған емеспін. Куприннің ақ кәндені мен біздегі қайынқапталдың екеуі екі бөлек, міндеттері де өзге. Төрткөздің өз тағдыры бар, кейіпкер ретіндегі мақсаты да бөлек. ­Жануарларда қулық-сұмдық, есеп, сатқындық, қайсыбірін айтайын, екі аяқтыларға тән теріс құлықтардың бірі де болмайды. Бұлардың іс-әрекеттерінде жалғандық жоқ. Психологиялары бір ғана мақсатты орындауға жарайды. Қасиетті жан-жануарлар әдеби кейіпкер болуға әбден құқылы.

– Молдахмет аға, ертеде біздің ел «Қай ноғайсың?» деп жөн сұрасқан екен, ноғайлы дәуірінен қалған сөз болса керек. Төрткөз түтінді қаланы жерсінбей, ферма орталығынан қозы көш жер ескі қыстауға қашып келді. Дархан дала, сыз иісі бар көлшігін, ескі досы Бөрібасарды сағынған. Ит тағдыры адам тағдыры сияқты. Бір қолы жоқ шолақ ­Ернияз бен Төрткөз. Ескі қыстауда көшпей қалған екі үйдің бірінде тұратын шайпау Қалыш кемпірдің Ернияз малайы сияқты. Егде тартқан, мүгедек, ешкімі, үй-күйі жоқ жетім Ернияз жүрегі жылы адам. Төрткөзді мұңдас көргені жалғыздығын сезінгені әрі мейірбан қалыбы. Күздің қарасуығында қаншық ит жеті күшік туды. Төрткөз аш-арық, аналық мейірі табиғи. Қалыш Төрткөзге өшікті, бір кесек ет жоғалғаны үкімге айналды. Қалыш кемпірдің қарабұжыр шалы жеті күшікті тірідей көмді. Әуелде бар-жоғы білінбеген жендет бейнесі аяқ астынан пайда бола кетті. Ұлттық дүниетанымда ит жеті қазынаның бірі. Сергей Есениннің «Ит туралы жыр» атты өлеңінде түксиген қожайын қыста туған жеті күшікті мұз ойыққа тастағанда қайғыдан анасының көзі ағып түсті. «Покатился глаза собачьи / Золотыми звездами в снег». Ернияз асқан жауыздықтан есі ауып кете жаздап, Қалышты қарғап, паналап жүрген жерінен басы ауған жаққа біржола кетіп бара жатыр. Төрткөзді ертіп кеткісі келді. Ит адамға ермеді. Бұл трагедиялық әңгімені жазуға не себеп болды? Қазақ тұрмысының кемшілігі, қазақ мінезінің бір нойыс астары ма? Төрткөздің момындығында ишара жатқан жоқ па?

– Соғыстан кейінгі ашаламан елуінші жылдар. Қарақұмдағы бес-алты қара үйден тұратын шағын шөпшілер ауылы. Қазақ үйге құлып салуды білмейді. Көп иттің бас­тары піспеуі өз алдына, үйде ши ішінде тұрған сүт, ұйытылған айранды қотарып кететін сұғанақ иттер де бар. Итаяқ маңында ауық-ауық дүрбелең. Қайынқапталдардың «демографиялық дүмпуі» «тұрмыс деңгейіне» әсер етпей ме. Сондай «объективті» себептермен үлкен кісілердің ересектеу балаға шұңқыр қаздырып, бұл дүниеге артық бола қалған, көздерін де ашып үлгермей қыңсылап, тырбаңдап жатқан титімдей күшіктерді тірілей көмдіргені бар. Қарап тұрмын. Жетпіс жылдан асса да сол жендеттік көз алдымда. Бұл бір аянышты сурет қана.

Шығармада пәлендей жасырын астар жоқ деп есептеймін. Бәрі де ашық әрі айқын. Атақоныс – ел іші, қарапайым тілмен айтқанда, ауылдың қадірі кетіп бара жатқандығы. Біздің тәжірибеде ел мен ұлт дәстүрінен қол үзген адам дүбәралау, тіпті өз ұлтынан тамыры үзілген толық мағынадағы дүбәра. Қазақта «Адам – туған жеріне, ит – тойған жеріне» деген бар. Ал біздің Төрткөз – туған жеріне. Нендей себептерден Төрткөздің «момындығынан ишара» тауып отырғандығыңды ішім сезеді. Автор ретінде айтарым, ондай ой әу бастан болған емес. Пәлендей астарлау әрекетін де ойлаған емеспін. Бар тірлігі адам пейіліне байланған айдаладағы жетім ауылдағы пақырда «Құдай салды, мен көндімнен» өзге не болушы еді.

– «Саяқ» атты повестің лейтмотиві көшпелі тірлік атрибуттары, қыр, азаттық, табиғат, қазақ болмысы. Жарық дүниені қабылдау жылқының көзімен берілген. Жүйрік болар құ­лынды туа байқаған иесі оны бәйге аты қылып баптады. Теңбілкөктің туған сәтінен өлген мезетіне дейінгі өмірбаяны қамтылған. Кейіпкер жылқы демесең тура адам баласының өмірдерегінен аумайды. Бәйгеде Теңбілкөктің қарсыласы Құлажирен, «Теңбілкөк құнан жарыс тек Құлажиреннен ғана озу деп түйсікті». Үйірін ұялы қасқырлардан қорғап қалған жас ай­ғырдың даңқы бәйгеден шықты. Көкпарға түскен Теңбілкөк мертігіп, иесі мойны үзіліп өлді.

Мұхтар Әуезовтің «Барымта» атты класси­калық әңгімесінде ашкөз байдың сойылын соғып, ат үстінде өлетін боздақ образы аянышты, кәрі кемпірдің жалғызы. Дүкенбай Досжанның «Көкпар» атты классикалық әңгімесі көкпар тартудың стихиясын дөп суреттейді. Бір атаның үш бірдей буыны көкпардан өлді. Асылында нағыз шабандоз ерлер, қастан қиянат жасалды. Адам портреттері, психологиясы ұдайы қимыл үстінде шалт бейнеленген.

«Саяқ» повесінде иесі өлген соң тұлданған, басынан бағы тайған Теңбілкөк иен жатқан Сазбұлақтан сая тапты. Қазақтың ата дәстүрінде болса да қас жүйрікті пышаққа қимай, еркіндікке қоя беруі гуманистік шешім. «Теңбілкөкті сою керек пе, керек емес пе деген күңкіл дау болып жатқан. Айғырдың, әрине, одан хабары жоқ-ты. Иесі әне-міне шыға келер деп дәме етті». Жылқы жануар қолға үйретілмей тұрғанда түз тағысы болатын. Жүген-құрық тимейтін бостандық жылқының еншісі ғой. Азаттықтың символындай біраз мерзім жалғыз жортқан Саяқ-Теңбілкөк үш бөріге жем болды. Мұндай ажал Теңбілкөкке лайық ақ өлім сияқты әсер етті. Бөрі мен жылқы қазақ даласының төл жануары. Қазақ әдебиетінің бір алыбы Қадыр Мырза Әлі Ақан сері бір туысына жоқтау арнаған жоқ, Құлагерді азалап жыр жазды дейді.Қазақтың жылқы культінің астарында не жатыр?

– Айтып отырғандарыңның үстіне мынаны да қоссам, Айгүл. Ол менің тұңғыш ұлымның Барлас атын қойған өкіл әкесі Асекең – Асқар Сүлейменовтің «Өзгелер маймылдан жаратылса, жаратылған болар, ал қазақ жылқыдан жаратылған» деген ақ қағазға басылған мөрдей сөзі. Атам заманнан мал арқасында ғана дәуірлеп, дүниені дүбірлеткен көшпенділер үшін жылқы жарықтыққа не жетсін. Қасиетті жануар аштықтан сақтады, адымымызды ұзартып, жер жаһанның арғы бетіне алып барды, көкке көтерді, дегенімізге жеткізді дер болсақ, бұның бәрі де кемшін. Жылқының культ болатыны ол қазақтың қанында. Оның арғы жағында бауырластық, асау да арда тіршілік, кең жазира, шексіз романтика. Бәрібір жануардың барлық қасиетін жеткізе алмайсың. Физикалық тұрғыдан адамның да, жануардың да өлімі болмай қоймайтыны шындық.

Табиғи ажалда біздің шаруамыз не. Ал Теңбілкөктің қасіретті ғұмыры оның ақыр-соңы бір үйір қасқырға таланып өлуі кездейсоқ өлім емес. Біздің әу басқы пайым­дауымызша, бұл – ескерту. Бағы тайған, ажалы неғайбыл сәйгүлік жат жұртқа тәуелді қазақ. Артығырақ айтар болсақ, өз қасиеттісін қастерлей білмеген жұрт қорқаулардың талауына түседі, күндердің күні, жылдардың жылы осы кепешті киеді деген жан шырылы: «Мұндай ажал Теңбілкөкке лайық-ақ өлім сияқты әсер етті» деп отырсаң, «мақұл сөзге мал маңырайды». Өз сөзіңмен айтсам, бұл жердегі сәйгүлік дүйім жұрттың тағдырын арқалап тұрған азаттықтың символикалық нышанды кейіпкері.

Менің пікірімше, Айгүл, оқырман қазалы нотадан ғибрат алуға, сол қазалы күйге жеткізген жайттардың түп-төркінін танып, одан тәжірибе алуға тиісті.

– Молдахмет аға, сіздің повест-әңгіме­леріңізде ауыл мен қаланың арасындағы уақыт озған сайын ұлғая түскен қайшылық, қабыспаушылық, өліара кепке тұтылып, жатырқаушылық сарын бар. Алайда өткен ғасырдың соңы, қоғамдық құрылыстың күрт өзгеріп, өзге формацияға көшуі, жабайы капитализм заңына бейімделу жаппай дерлік урбандалу үрдісінің үдей түсуіне әкеп соқты. Қазақ халқы ата-бабасының сүйегі жатқан туған жерінен ақырындап алыстай бастады. Бос жер жау шақырады. Сонымен қатар ата-бабаның дәстүрлі діни көзқарасын қабылдамайтын салафиттік көзқарастағы жұрағат «аруақ» деген сөзге тыйым салды, «ширк» деп атады, арабқа тән дүниеге құлшынысы зор. Ана тілі – тасқайнар таза бастауынан қанып ішпеу, ұлттық тамырынан нәр алмай, рухани аштыққа ұшырап, қаңсудың осындай ауыр зардаптары бар. Адамның болмысы туған топырағымен құпия байланысты. Осының бәрі бір түйінге байланған құбылыс. Ең әуелі күнкөріс қамымен қалаға ағылды, үлкен қалаларды сағалауға мәжбүрлік меңдеді. Бұрынғы тіл проблемасына ұлттық дәстүрден ажырай бастау, өз қағынан жеріну қосылды, бармақтай бақ іздеп туған жер түгілі, туған елден кетуге ықтияр қазақтардың қарасы молайып барады. Басқа мемлекеттерге кеткен жастардың көбі қайтып оралмайды. Олар жатқа кеткен ұрпақ. Бір сөзбен тиянақтаса, ғаламдану салдарынан аз ұлттар өзінің болмыс-қасиетін жоғалта береді, ассимиляцияға түседі деген нақты қауіп бар. Ақын-жазушылар неғұрлым ұлттық тағдырға байланысты трагедиялық шығармаларды молырақ жазуға бейім болса, азалы нотадан тыйылмаса, соғұрлым ұлттың соры қалыңдай береді. Сөздің магиялық қуаты орасан. Бұған не айтасыз?

– Бұл жарық дүниені ауылда туып танығандықтан болар, жеке басым үшін елге ештеңе жетпейді. Елді айтқанда жанға батарлық жайттар көп. Кезінде қазақ ауылында ұйымдастырылған колхоздар, кейінгі совхоздар ұлтымыздың адами да, мәдени де қоры болатын. Саған да, маған да осы қарапайым ауыл адамының дарқандығы, ұлттық дәстүр, инабаттылық, тіл байлығы, тағысын тағылар қадірлі күйінде қала бермек. Сол бір қасиетті ұғымды аңсап, жетім қалған қара шаңыраққа орала берсек, перзенттік парыз болар.

Алдымен ол қаланың асыраушысы. Елдің кенеуі кетер болса, қаланың құны бес тиын. Ел қалың қазақ үшін ұлттық дәстүр мен кең пейілдің қорғаны, қара шаңырағы, демек мемлекеттің тұтастығының негізгі кепілі.

Әлдеқашан басталып кеткен атажұрттан безу, ассимиляцияға ұшырау дегеніңіз ушыға келе мемлекеттің іргесін сөкпесе нетті. Урбандану үрдісін тоқтата алмаймыз. Қалаға ағылудың жақсылығы бар, теріс жағы да жетерлік. Жұртшылыққа үй берумен қатар оларды жұмыспен қамтамасыз етуді де қарастырған оңды болатын. Кешегі қаңтар оқиғасының бір себебі осы жұмыссыздық. Мемлекетіміз жаңадан ашылмақшы зауыт, фабрика, әлдеқандай өндіріс орындарын ауыл мен аудан жаққа орналастырудың тетіктерін бақыласа кәні.

Дін мәселелерінде ағаттықтар кеткені рас. Наным-сенім жөніндегі жалпақшешейліктен уақтылы аяқ жиған тәріздіміз. Қаңтар оқи­ғасының түпкі себептері түбегейлі анықталған соң теріс ағымдардың араласқаны дәлелдене қойса, бұл мәселе мемлекеттік тұрғыдан қайта қаралуы бек мүмкін. Қазақ қандай болмасын, бір шаңырақтың астында отырып бірін-бірін жатырқайтын, ұлтқа іріткі салатын сенімдер мен ағымдардан аулақ болғаны жөн. Іргелі де тұрақты мемлекеттің алғышарты – бір отан, бір дін, бір тіл. Қоғам бұдан былай қарай ала қойды бөле қырыққан берекесіздік, ала-құлалық пен бүліншілікке төзбейтін болар.

Не фашист, не коммунист, не діндар емес қазақтың «ширк» не теңі? Елге іріткі салатын ағымсымақ не теңі? Осыған түсінсем бұйырмасын, Айгүл. Дін мәселе­леріне жетік емен, бірақ қатардағы пенде ретіндегі түсінігім айтады ­– осындай бала­лаған ағымсымақтардың әу төркінінде мұсылманшылыққа мысық тілекші «арамза молда» отырған болар деп.

Тергеу аяқталған соң Президент тарапынан дәйекті әм түбегейлі саяси шешім болар.

Адамзатты адам ретінде ұстап тұратын да, аздырып-тоздырып, ыдырата алатын да – сөз. Қарапайым қазақ әлдеқашан «Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар» деп түйіндеп қойған. Екеуміздің де көңіліміздегі, әрине, көркем сөз болса, оның жолы ауыр. Өкініштісі, сол көркем сөздің сіз көксеп, біз армандап отырғандай жетуге тиісті жеріне оңайлықпен жете қоймайтыны.

Ағаңызда алдағы кезеңді болжай аларлық сәуегейлік қайдан болсын. Алайда мынадай бір түсінігімді айтайын. Жаратылысыңнан оптимист адамсың, Айгүл. Әнебір жылы «Бүгінгі қазаққа жылауық өлең, күйікті проза керек емес» деп жазған болатынсың. Алайда өмір шындығы ылғи да жарқын жайттардан құралмаған. Өзің көріп, біліп отырған өтіп болмайтын мына өтпелі кезең жұртымыздың жүйкесін тоздырды.

Біз ұлт есебінде феодализм дәуірінде қалыптасқан халықпыз. Қазақ үшін басты құндылық – ата-баба сүйегі жатқан туған жер, аруақ, қара шаңырақ, қилы-қилы аласапырандардан аман-есен алып келе жатқан ұлт дәстүрі. Сол феодализміңіз қазақтың ділі мен тілін мықтап орнықтырып кеткен. Социализм осы қасиеттердің көбін ірітті. Біздің пайымдауымызша, ұлт үшін бейбақ капитализм өтуге тиісті мектеп болатын. Сол мектепке де «есен-аман» жеттік. Алайда бұл әлі де момын халықты күйзелтіп тұрған кәдімгі иман-сыламнан аулақ жабайы капитализм. Тығырықтан шыға алмаған, тепсе темір үзетін атпал азаматтар өзіне қол салуда, дүние есігін енді ғана ашқан шақалақ қоқыстан табылады, ана бауырындағы кішкентай перзенттерімен терезеден құлайды. Осылардың бәрі жазушының жүрегінен өтпей ме? Ал жазушы болса қашаннан қорғансыздар жағында. Жетілген, тәртібі қалыптасқан тәуірлеу «иманжүзді» капитализмнің қазағы кешегіден де, бүгінгіден де өзге, ширақ, іскер де, білімді де епті болып қалыптасуға мәжбүр. Жаңа қатал қоғамдық формацияның бұлжытпас заңы бұл.

Егер «түбі тесік шанадан түсіп қалған» осы бостандықтан айырылып қалар болса, қазақ өзінен басқа кімге өкпелейді?

Тап беріп, талап алуға құмбыл, тәбеттері таудай алыптардың ортасында отырған қазақ ұлт есебінде сөзсіз жаңа ғасырдың талаптарына сай қайта қалыпталуы тиіс. Әрине, ғасырлардан бізді ұйытып, өгіздей өрге сүйреп келе жатқан ата дәстүр негізінде.

– Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» атты романындағы Қарасай, Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесіндегі Қоңқай және Молдахмет Қаназдың «Құм қойнау» повесіндегі Құланбай бейнелері рухани туыс ­десем қателеспеймін. Кілең көкжал. Жер қорыған, туған жерін сүйетін, оның иен байлығын иемденген, қастер тұтқан мұндай адамдар қазір біздің қазақта бар ма? Неліктен олар әдебиетке прототип болмай жатыр?

– Кешегі қаңтар оқиғасы отан иесі кім, мемлекетіміздің болашағына кімдердің ­жауапты екендігін айғақтап берді. Бұл тұрғыда қазақ бірте-бірте мемлекет болашағына ­жауапты ұлт дәрежесіне көтеріліп келеді.

Шүкір, халқымыз көкжалдардан кенде емес. Болашақта да дүркін-дүркін айбат ­танытып тұратындығында күмән жоқ. Қазіргі «ақырып теңдік сұраған» көкжалдар жоғарыда емес – төменде, өзіміздің айналамызда. Алды – жер астында, соңы – құғын-сүргінде, елші болып жер асып кеткендері де бар. Мұндай ахуалдың басты айыпкері – капитал.

Әр дәуір мен қоғамның пір тұтар өз кейіпкері болатынын өзің білесің.Бүкіл дүние саясаттанып кеткен. Біздің заманның оқырмандары қоғамдық, саяси жағынан жетілген көкжалдарға зәру деп ойлаймын. Ол кейіпкерлердің прототиптері міндетті түрде мына аласапыран уақыт сүзгісінен өтуі тиіс.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Айгүл Кемелбаева

4386 рет

көрсетілді

251

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы