• Мәдениет
  • 03 Наурыз, 2022

ТЕАТР: БЕРЕРІ БАР БЕС ҚОЙЫЛЫМ

Ұлттық театрда премьералар апталығы өтті. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының қоржыны тарихтан сыр шертетін әрі бүгінгі күннің өзектілігімен астасып жатқан қойылымдармен толықты. БАҚ-қа арналған баспасөз мәслихатында театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек бірқатар жұмыстарымен таныстырды. Пандемияның салдарынан былтыр жаңа қойылымның таныстырылымы өтпей қалғанын, соның бәрін жинап-теріп, көрерменге бес қойылымның премьерасы ұсынылатынын жеткізді. 

Театрдың көркемдік жетекшісі, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен, сыншылармен кездесу, олардың пікірін тыңдау маңызды екенін атап өтті. «Жазушылардың, классик жазушылардың шығармасын сахналау – біздің міндетіміз. Әуезов театры – бас театр. Қазақстандағы ұлттық театр. Біз қандай қойылым болсын, жоғары дәрежеде көрсетуіміз керек», – деді. 

Премьералар апталығының ерекшелігі, еліміздің барлық өңірінен облыстық театр басшылары арнайы келіп, қойылымдарды ­тамашалап, апталық аясында әртүрлі тақырыпты қамтыған семинарларға қатысты.

Сахна шымылдығы соңғы жылдары елдің ықыласына бөленіп жүрген жас режиссер Әридаш Оспанбаеваның режиссурасымен қойылған Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» ­роман-трилогиясы негізінде сахналанған «Қан мен тер. Ақбала» премьерасымен ашылды. Осы ретте Әбдіжәміл Нұрпейісовтей дара тұлға дүние есігін ашқан аймақтан арнайы келген Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры директорының міндетін атқарушы Ғалым Баймұрзаевты сөзге тартқан едік.

– Апталықтың алғашқы күні Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы  (сахналық нұсқасын жасаған М.Омарова) бойынша қойылған «Қан мен тер. Ақбала» атты спектаклі жас режиссер Әридаш Оспанбаеваның сахналауымен көрермен назарына ұсынылды.  Аталмыш спектакль 1974 жылы белгілі режиссер Әзербайжан Мәмбетовтің сахналауымен дәл осы киелі шаңырақта қойылған. Бүгінгі «Қан мен тер. Ақбала» қойылымы Ә.Мәмбетов қолтаңбасының жаңаланған нұсқасы. Спектакль режиссері Ә.Оспанбаеваның қолтаңбасымен спектакльдің негізгі тынысы – жалпы адамзаттық құндылықтарға, спектакль кейіпкерлерінің өзара қарым-қатынастарына құрылған. Басты тұлғалар – Ақбала, Еламан, Тәңірберген арасындағы махаббат үштігі айқын баяндалады. Ақбала рөлін «Құрмет» орденінің иегері Назгүл Қарабалина сомдаса, Еламанның образында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды көрінді. Ұлттық сахнада актриса, әрі режиссер ретінде шығармашылық жұмыстардың биік белесінен көрініп жүрген Н.Қарабалина Ақбаланың  шытырманға толы қайшылықтан шыға алмай, қынжылған сәттерін шынайы бейнеледі. Еламан жоқта Тәңірбергенмен қол ұстасып кеткен сахнасы қынжылтады. Дегенмен бұл режиссерлік шешім болғандықтан және оның үстіне трагедия жанры. Яғни бұл – Ақбаланың трагедиясы деп түсіндім. Оның тарамдалған тағдыр тәлкегіне түсуі – асқан сүйіспеншіліктен адамгершілігі үстем болуы керек еді. Ақыры осының тауқыметін тартты.  Өз кейіпкерінің бара-бара солғын тартқан сахналарын актриса Н.Қарабалина шебер ойыны арқылы нанымды суреттеп шықты. Ақбаланың қайғы-мұңын, оның мінез-құбылысын жоғары деңгейді көрсетті.  Сондықтан көрермен ретінде аталмыш қойылымның, сан тағдырлы кейіпкерлердің  жан дүниесіне еніп, спектакльмен бірге өмір кештім. Еламан образындағы белгілі актер А.Сатыбалдының ойыны асқан актерлік шеберлікпен көзге түсті. Жалпы А.Сатыбалдының театр сахнасында көптеген рөлдерін, кино саласында да сомдап жүрген кейіпкерлерін көріп жүрмін. Оның Еламаны ерекше шыққан. Автордың пайымдауымен белгілі бір дәуірдегі елдің тарихын, оның ішінде адам тағдырын, оның өміріндегі қатпарлы құбылысын осы Еламан образы ашты. Спектакльдің композиторы А.Омарова оқиға желісі мен кейіпкерлердің мінез иірімдеріне байланысты музыкалық көркемдеуді ұтымды орайластырған. Жалпы «Қан мен тер. Ақбала» спектаклі танымы мен талғамы биік көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, Ұлттық театр репертуарында ұзақ тұрақтайтын қойылым болатынына сенемін», – деді.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, театр­танушы Мәншүк Тәшімова «Бір кеште екі спектакль» тақырыбымен қойылған алғашқы қойылым «Бейтаныс таныстар» монодрамасы жайындағы толғанысын былайша жеткізді.

– Ақмоншақ Батырқызының «Бейтаныс таныстар» атты пьесасын актриса Назгүл Қарабалина сахналады. Баян Қажынәбиеваға арнайы қойылым қойған режиссер актрисаның шеберлігіне сеніммен қараған. Режиссура да қарапайым шешіліп, актриса кейіпкердің басынан өткен оқиғаны баяндап айту арқылы толғана сөйлейді. Қолына ұстаған ақ түсті гүл әйел жанының нәзіктігінен хабар береді. Жалпы жас драматург біз өмір сүріп отырған қоғамдағы былыққа толы көптеген мәселелерді қозғаған. Соның ішінде жолы жіңішке саналатын нәзік жандылардың басынан өткен түрлі оқиғаларды қиыннан қиыстырады. Пьесаның негізгі тақырыбы да сол әйел адамның басында болатын түрлі түсініспеушілік, түрлі жағдайлардың психологияға ететін әсерін өмірде болып жататын түрлі болған оқиғалардың ізімен баяндайды.

Бір мысал келтірелік. Бейтаныс жан қолын шүберекпен сүртумен әлек...: «Менің отбасым! Мама, Папа, мен және Саян. Кет, кете бер, енді бәрібір сен менікі емессің... Босаттым, енді сені ешкім де іздемейді.... Саянның мүгедек боп тууы, сенің жұмыссыздығың, аш-жалаңаш күйіміз – сені ішкіш етті. Мына бала менікі емес, көңілдесіңнен туып алғансың деп естен тандыра ұрып тастайтынсың. Менің тұруға шамам келмегенде ауру балаға қол көтеріп, онсыз да ауру баланы шырқыратушы едің. ­Жандос болса ара түсетін». Бұл сөздердің барлығы кісінің жүрегін шымырлатпай қоймайды. Басына түскен ауыр сынға болаттай берік болып өмірмен күресудің орнына, бай әйелмен көңіл қосып, өз отбасына көңіл бөлмей өзгенің баласымен саябақта қыдырып, өз әйелінің жанынан танымаған адамдай өте шыққан еркекті қалай түсінуге болады? Осы жағдай әйелді психологиялық күйзеліске алып келді. Қараусыз қалған жас бала інісін кір машинаға салып жуындырмақ болды... Осы жағдайдың үстінен түскен шеше қолына түскен затпен ұлын ұра беріп өлтіріп қойды... Екі қызы бар отбасы үшіншісі ұл болмады деп алдыртып тастай салатыны қалай? Соның кесірінен әйел неге жатырынан айрылады? Осыншалықты көргенсіз кейіпке түсуге бола ма? Бала аңсап отырған отбасылардан қалайша сабақ алмады екен? Күйеуінің екінші әйел алам деген арманы орындалып, әйелдің жүйкесі сыр беріп, неге талма ауруына шалдығады?...

«Өзгеге тағдырымды билетіп өмір бойы бодан болу – менің ұстанымыма қарсы... Мен еркінмін! Тұрмыс құрмасам да балам бар. Өзім үшін туғам... Сенсіз өмір сүре алмаймын, сені алмай қоймаймын» деп жүрген жігітсымағыма құрбым ұнап қапты. Сол құрбым менен әлгі күйеуін қызғанатын болған... Іштей шіріп, берекесі кетіп жатқан бүтін отбасылар қаншама. Балалары үшін ғана өмір сүріп жатқандар да бар. Сондағы тапқан жұбайлық бақыты қайсы? Жандары туыспаған жұбайлар сырттай ғана жұптасқанымен, іштей жалғыздықтан жапа шегіп жүр емес пе? ХХІ ғасыр – әйелдердің өзіндік «Менімен» өмір сүретін ғасыры... Қайда барсаң да жылаған әйел, шырылдаған сәби дауысы, үзіліп түсіп жатқан тағдырлар...». Мұның барлығы, өкінішке қарай, «Бейтаныс таныс­тар» пьесасынан алынып отырған үзінділер. Біз дамыған ХХІ ғасырдың адамдарымыз! Көзіміз ашық, көкірегіміз ояу деп сөйлейтін қоғам өкілдерінің сөйлейтін сөзі, істейтін ісі ме?! Жас драматургты осынау қордаланған мәселелердің барлығы толғандырғаны анық.

Түйіндей келе айтарымыз, соңғы кездері әйелдердің эгоизмге толы жылау-сықтау, өзін-өзі ақтау секілді драмалық шығармалар заманауи драма жанрында көптеп жазылып жатқаны анық. «Еркектер ғана біржақты жаман болуы мүмкін бе?» деген заңды сұрақ туындайтынын да ойлануымыз керек, – дейді ол.

Көрерменін бірден баурап алған екінші монодрама «Қайдасың мама?!» деп аталады. Жас режиссер Ришат Жұрынбай қоғамның дертін дөп басқан шығарманың дайындық барысында көп өзгеріске ұшырағанын айтады. «Режиссер ең алдымен суретші, ол бүкіл картинаны көре білуі керек. О баста мен сол картинаны көре алмадым. Көп жері қысқарды, жетпеген жерін толықтырдық. Көңілімізден шыққанша көп еңбектендік. Дайындық барысында драматург Жансая Бауыржанқызымен, актриса Зәуре Көпжасаровамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедік. Режиссер ретінде емес, ең алдымен, көрермен ретінде әр деталға мұқият қарағанды жақсы көремін. Көрермен пьесаны сезінуі, актрисаның әр демін, көзқарасын, қимыл-қозғалысын, жүріс-тұрысын бағалап, қалт жібермей, жұтып отыруы керек. Бұл әр отбасында болып жатқан оқиға. Ауылда өскен соң мұндай оқиғаларды көріп жүрміз, өмірдің өзінде де кездесіп жатады. Қойылымның басындағы кейіпкер соңында мүлде басқа адам болып шығады. Мұны көрермен шынайы қабылдап, алған әсері бөлек болады. Қанша дегенмен бұл фестивальге емес, қарапайым халыққа, көрерменге арналған туынды», – дейді.  

Премьералар  апталығы Дулат Исабековтің «Мақшар түнгі махаббат» шығармасымен аяқталды. Дулат Исабеков пьеса жөнінде: «Жоғалған ұрпақ. Не анда жоқ, не мұнда жоқ. Ағайындардың арасын қырық бөліп тастаған. Өкіметтің саясаты. Кешегі 37 жылдан білеміз, екі көздің бір-біріне жау болғанын. Әлі күнге дейін сол байқалады. Билікке кім жақын сол жақсы, сол саясат көп өзгерген жоқ. Кейбір эпизодтарды алып тастаған екен. Қарап отырсам, әлде де кесіп тастайтын тұсы бар. Театрдың еңбегі бар, сәтті болсын. Ары қарай көрермен қол соғып қарайтын болса, мақсатымның орындалғаны», – деп, өнер ұжымының жұмысына сәттілік тіледі.

Театртанушы Амангелді Мұқан тақырыптың ашылғанын, ұрпаққа ой салатын маңызды пьеса екенін атап өтті. ­Премьералар апталығында тақырыптың өзекті болуы, бірнеше спектакльде көрсетілуі театр үшін өте маңызды. Тарихтың ашылмаған беттерін көркем шығармамен сахнаға жеткізу ұтымды берілген.

«Мақшар түнгі махаббат» қойылымында тақырып өткір ашылған. Азамат соғысы кезіндегі бір жанұяның екіге бөлініп кетуі, бауырдың бауырға қарсылығы, бір ауылдың адамдарының арасындағы тағдыр суреттеледі. Басты кейіпкер Сейіт басқа жаққа кеткісі келмей, туған жерінде, туған топырағында қалғанымен, өзінің орнын таба алмауы, сүйіп тұрып, атастырған қызы Жамалға қолы жете алмай, оның ар жағында қолы жеткенімен, бәрібір бақытты бола алмайтынын сезгендей болып көрінді. Атастыру – біздің дәстүр ғой. Оны жоғалттық. Елдің ішінде жүрген ақсақалдар кейін большевиктер келген кезде ішіп кетті. Мұның бәрі біздің ғасырлар бойы қалыптасқан дүниелеріміздің тапталуы және қазақтың менталитетінің өзгеруі. Осының бәрі айналып келгенде, көрерменге өте жақсы әсер қалдырады деп ойлаймын. Кеңестік дәуірді, большевиктерді, олардың марштарын біз ұмыттық, жас ұрпақ білмейді, режиссер соған сілтеме жасап, қатпарланған тарихтан беттерін ашады. Дулат Исабековтің бұл шығармасы ұрпаққа ой салатын маңызды спектакльдердің бірі. Сөз жоқ, репертуарда жүретін, біздің адами болмысымызды ашатын, тәрбиелік мәні зор қойылым», – деп бағалады.

Қорыта айтқанда, көрерменге ұсынған бес қойылымның да тақырыбы бір – әйел тағдыры, қазақ әйелінің бет-бейнесі, жан дүниесіндегі ішкі иірімдері. Ақбаладан ­бастап, Жамалға дейін тағдырдың тауқыметін тартқан қазақ әйелінің бейнесі осындай тарихи шығармалар арқылы жас ұрпақ санасында мәңгі сақталары анық.

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

«Ana tili»

3461 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы