• Қоғам
  • 03 Наурыз, 2022

ЛОМБАРД: ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРҒЫДАН НЕГЕ ӘЛІ ЗЕРТТЕЛМЕГЕН?

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Қарапайым халық айлықтан айлыққа күн санап жетеді. Кейде ол да жетпей, жақындарынан, туған-туыс, дос-жаранынан қарыз сұрауға мәжбүр болады. Жұрттың басым бөлігі осындай күнкөрісте болғандықтан, ондай көмек ала алмаса, банк пен микроқаржы ұйымдарына жүгінуге мәжбүр. Ал қарыз алудың ең жеңіл түрі – ломбард. Тек бағалы затыңыз болсаң жеткілікті. Алайда ломбард тығырықтан шығудың жолы ма? Алтын және басқа бұйымдар қандай қағида б­ойынша бағаланады? Біз бүгін осы сияқты сауалдардың жауабын іздеп көрдік. 

«АЛТЫНЫМДЫ ҚАЙТАРШЫ»

Гүлжаһан Өстемірқызы алтынды, гауһар тасты әшекейлерді жақсы көреді. Орайы келсе, бағасына қарамастан қымбат бұйымды сатып алады. Өйткені алтын өз құнын жоғалтпайтын, қашанда жоғары бағаланатын бұйым деп біледі. «Алтынды да жақсы көру керек» деген ол оның біршама сыры барын да жасырмады. Мәселен, алтынды танып, таңдау да бір жұмыс.

«Иә, алтынның таза алтын, саф алтын және афинаждалған алтын деген түрлері бар. Табиғи алтын жұмсақ болып келеді. Алтын әшекей сатып аларда алдымен бұйымның таңбасына қарау керек. Таңбада бұйымды жасаған зауыттың белгісі және оның қандай сынамаға сәйкес келетіндігі көрсетіледі. Біздің елде 375, 500, 585, 750, 958, 999 сынамалары бар. Сынама – бұйымдағы қорытпаның 1000 бірлігіндегі таза алтынның мөлшерін көрсетеді. Сатып аларда бұйымдардың сапасына, сыртқы келбетіне мән беремін. Бетінде жарықшалар, деформациялар, құрал-саймандардың іздері болмауын қадағалаймын. Алтын тастармен әшекейленген жағдайда, тастардың орнатылу сапасын міндетті түрде қарап шығамын. Өйткені тастар қозғалмайтын және түсіп қалмайтындай берік орнатылуы тиіс. Жылына екі рет туған күнімде және 8-наурызда өзіме әшекей аламын. Сапалысын таңдаймын», – дейді Гүлжаһан Өстемірқызы.

Алайда кейіпкеріміз ломбардқа бұйым өткізуді құп көрмейді. Аса бір қажеттілік болған жағдайда болмаса, оны өткізу аса пайдалы емес деген пікірде. Бұл пікірмен қаржыгер Ақнұр Нұрлан да келіседі. Оның айтуынша, өзіңіз үшін қымбат бұйымды немесе мұраға қалған затты ломбардқа өткізуге болмайды. Өйткені нарықтық бағадан төмен бағалануы әбден мүмкін.

«Негізінде, әр ломбардтың ішкі прайсы бар. Әрине, ол нарықтық бағадан төмен. Бірақ ол бағаны ауадан да алмайды. Бағалайтын кезде заттың сынамасына, сапасына, жылына қарайды.  Келісімшартқа отырған кезде, өте маңызды нәрселердің бірі сіз кепілге салатын затыңыздың сипаттамасын толықтай бергеніңіз дұрыс. Себебі әртүрлі жағдай болады. Мысалы, затыңызды қайтарып алғанда, ломбард келісімшартқа сәйкес жұмыс істемей, сіздің затыңызды бүлдіріп алса, сіз оны заңды түрде дәлелдеу үшін егжей-егжейлі жазылғаны жөн. Шындығын айтқанда, ломбард жалпы ауыр жағдайдан шығудың жолы емес, қатты бір шұғыл жағдайда ақша керек болғанда, басқа қарыз алатын ешкім болмағанда қолданатын нәрсе. Ол қарыздан құтылудың жолы емес. Керісінше күн сайын пайызы бар, келісімшартқа сәйкес пайызын төлеп отырасыз. Содан ұттыңыз ба, ұтылдыңыз ба, өзіңіз пайымдай беріңіз», – дейді Ақнұр Нұрлан.

Ал ломбардтағы затыңызды қайтара алмаған жағдайда немесе келісімшарттың дұрыс орындалғанына күмәніңіз болған жағдайда не істеу керек? Мұндай кезде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі көмекке келеді. Агенттіктің мәліметінше, ломбард қызметі жылжымалы мүлікті кепілге ала отырып, 8 АЕК максималды сомма берілетін микронесиелер. Негізі затты кепілге алған кезде Азаматтық кодекстің 328 бабы бойынша жүзеге асырылады. Ал кепілге өткізілген заттарды бағалауды ломбардтар өздерінің ішкі нормативтік-құқықтық құжаттарына байланысты есептеп, қарастырып отырады.

«Классикалық несиелер бойынша жылдық сыйақы тиімді мөлшерлемесі 56%-ға дейін бекітілген, берілген микрокредит суммасы 50 АЕК көрсеткіштен және 45 күннен аспаса, онда жылдық тиімді сыйақы оларға қатысты болмайды. Ол жерде берілген соманың 30%-ынан аспауы керек.  Қандай да бір келіспейтін сұрақ болса, ең бірінші сол қаржы ұйымымен шешуге кеңес береміз. Әрине, кепілге қойған мүлікті қайтару кезінде егер қол қойылған келісімшарт бойынша, бәрі уақытылы және талаптардың бәрі толық орындалатын болса, онда ол кепілдікті ломбард қайтаруға міндетті.  Егер микрокредит бойынша талаптардың бәрі бұзылып, уақытылы төленбейтін болса, онда, әрине, миркоқаржы ұйымы ол кепілді алып, мерзімі өткен уақыттан кейін 30 күн ішінде сатуға шығаруға құқы бар ­немесе өзінің меншігіне айналдыруға құқы бар. Тұтынушыларының құқықтары бұзылады деп есептесеңіз, онда олар біздің агенттікке келіп өтініш қалдыруға құқығы бар. Біз олардың өтініштерін ең бастапқы тексерусіз қарайтын болсақ, 15 күн ішінде, ал егер қосымша құжаттамалық тексеріс болса, екі айдың ішінде қарап, жауабын береміз. Қандай да бір заң бұзу табылса, біз сол қаржы ұйымына іс-шаралар қабылдаймыз», – дейді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми өкілі Ернар Оразбаев.

Ал «Қазақстан Ломбардтарының Ұлттық Лигасы» қауымдастығының мәліметінше, лом­бардтар мүліктің бірнеше түрін қабыл­дайды. Ол: зергерлік бұйымдар, бүлінген алтындар, тұрмыстық техника, компьютер, ноутбук, смартфон, құндыз ішіктерді алады. Сондай-ақ ломбардқа автокөлікті де өткізуге болады.

«Алтынның бағасы күн сайын Лондон қор биржасында анықталады. Ломбардтар соған сүйенеді.  Тұрмыстық техникаға келсек, ол бірнеше өлшем бойынша бағаланады. Біріншіден, нарықтағы қолданылған заттың құны есептеледі. Оны әртүрлі сайттардан қарайды. Жаңа бұйымның бағасы да есепке алынады. Ал ұялы телефонның моделіне байланысты. Моделі ескірген сайын арзандай береді. Бүгінгі таңда ломбардттардың пайыздық үстемақысы күніне 0,12 %-дан басталып, 0,3%-ға дейін жетеді. Берілетін микрокредиттің мөлшеріне байланысты. Бағаланған құнының 70-80% көлемінде ғана несие беріледі. Ломбардтар одан артық бере алмайды. Себебі клиент қарызын өтей алмаған жағдайда сыйақы соның есебі­нен өтеледі. Өйткені ломбард өзінің шығын­дарын осы кепілдегі затты сату арқылы қай­тарады. Кепілдегі затты сатқан соң ­клиентке ешқандай арыз-шағымы болмайды. Тіпті арзанға сатып, шығынға батқан күннің өзінде, ломбард клиентпен қарым-қаты­нас­ты тоқтатумен ғана шектеледі», – дейді «Қазақ­­стан Ломбардтарының Ұлттық ­Лигасы» қауымдастығының төрағасы Роберт ­Абзалилов.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНША ЛОМБАРД БАР?

Ұлттық экономика министрлігі ­Статистика комитетінің ресми деректері ­бойынша, 2020 жылы ломбардтардың қызметін реттеуді енгізу кезеңінде Қазақстан Республикасында 3 089 ломбард тіркелген. Ал көрші елдермен салыстыратын болсақ, «Қазақстан Ломбардтарының Ұлттық Лигасы» қауымдастығының мәліметінше, Ресейде  –  2207, Қырғызстанда – 386, Өзбекстанда 73 ломбард тіркелген.

Елімізде өткен жылдан бастап ломбард қызметін жүзеге асыруға лицензия алу түрінде реттеледі. Осы жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша 605 ломбард лицензия алған. Бұл реттеу басталғанға дейін тіркелгендердің 19,6% құрайды. Осыдан ломбардтар санының 80%-дан астам азаюын және соның салдарынан жұмыс орындары мен салықтардың ­азаюын байқауға болады. Мәселен, 2019 жылы ломбардтар 10,5 миллиард теңге салық төлесе, 2020 жылы 8,1 миллиард теңге салық төлеген, бұл 2,4 миллиард теңгеге аз. Осы орайда еліміздегі барлық ломбардтарды бақылауда ұстау мүмкін ба деген сұрақтың туындайтыны рас. «Қазақстан Ломбардтарының Ұлттық Лигасы» қауымдастығының басшысы лицензиясы бар ломбардтар қолданыстағы заңнама аясында жұмыс істейтінін  алға тартып отыр.

«Құқықтық реттеу – мемлекеттің қоғам­дық қатынастарды тұрақтандыру мен ретке келтіруге бағытталған арнайы құқықтық құралдар мен әдістердің көмегімен мақсатты түрде әсер ету процесі. Осылайша, лицензиялау процесінің өзі қызметті және сәйкесінше оны бақылауды ретке келтіруге бағытталған. Ломбардтар үшін олардың қызметінде нақты талаптар айқындалған, сыйақы мөлшерлемелері, жарғылық және жарғылық капиталдың мөлшеріне, құжат айналымына, бухгалтерлік есеп, аналитикалық және қаржылық есептілікке қойылатын талаптар, ломбардтардың басшылығы мен иелеріне қойылатын біліктілік талаптары шектелген. Қазіргі уақытта реттеуші жүзеге асырып жатқан шаралардың барлығы дәл ломбардтардың қызметін бақылауға бағытталған. Кез келген реттелетін қызмет үшін нақты болып табылатын бұйрықтар, айыппұлдар, лицензияның қолданылуын тоқтата тұру және лицензиядан айыру арқылы талаптардан тыс кез келген нәрсе тоқтатылады және жазаланады», – дейді «Қазақстан Ломбардтарының Ұлттық Лигасы» қауымдастығының төрағасы Роберт Абзалилов.

Біз осы орайда Роберт Абзалиловтен ломбардқа көп алтын өткізетін елдер тізімінде нешінші екенімізді, ломбардта қазақстандықтардың қанша тонна алтыны мен қанша техникасы жатқанын сұрадық. ­Дегенмен Қауымдастық басшысы мұндай деректер тек Бірінші кредит бюросында болатынын айтты. Осыдан кейін дәл осы сұрақтар бойынша Бірінші несие бюросының атқарушы директоры Әсем Нұрғалиеваға хабарластық. Алайда ол «бізде мұндай ақпарат жоқ» деп қысқа қайырды.

Жалпы Қауымдастық белгілі талаптар бойынша қызмет етеді. Атап айтқанда, ломбард қызметінің сенімділігі мен ашықтығын арттыруға жәрдемдесу,  олар туралы қолайлы және барабар қоғамдық пікір қалыптастыру, ломбард қызметін жүргізудің бірыңғай ережелерін, тәртібі мен стандарттарын әзірлеу және бекіту, тағысын тағы дегендей. Қауымдастық төрағасының ­айтуынша, қауымдастықтың өкілдері Қазақстан ­Республикасы Ұлттық Банкі, «Атамекен» ҰКП және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жанындағы қаржы нарығын реттеу жөніндегі жұмыс топтарына қатысады және уәкілетті органдардың нормативтік құқықтық актілерін әзірлеуге және талқылауға белсенді қатысады.

ЛОМБАРДҚА КІМДЕР КӨП БАРАДЫ?

«Қазақстан Ломбардтарының Ұлттық Лигасы» қауымдастығының төрағасы ­Роберт Абзалиловтың айтуынша, бұрындары ломбардтан қарыз алушылар кедейлік шегінде тұрған, азық-түлік сатып алуға аз да болса ақша алу үшін соңғы құнды заттарын әкелетін адамдар деп есептелген. Қазіргі таңда олардың түрлері өзгерген. Ломбардтан несие алушылардың негізгі бөлігін кепілге алуан түрлі өнім әкелетін орта тап өкілдері құрайды. Сонымен қатар олар көп жағдайда мұндай мүмкіндік туа салысымен өз мүлкін өтейді.

«Бұл санаттағы несие алушылардың ломбардқа әкелетін заттары әртүрлі болуы мүмкін – зергерлік бұйымдардан, тұрмыстық техникадан бастап аң терісінен жасалған бұйымдар мен автокөлікке дейін. Несиенің себептері де әртүрлі: балалардың оқуына, теңізге саяхатқа, пәтер жөндеуге, киім-кешек, сыйлықтар сатып алу, т.б.

Студенттер де ломбардтарға жиі барады. Оларға стипендияның аздығы (немесе мүлдем болмауы) және отбасынан келетін көмектің болмауы (немесе жеткіліксіздігі) әсер етеді. Олар да жас, стильді киінгісі келеді, кинотеатрға, кафеге барғысы келеді, саяхаттағысы келеді. Сол үшін олар көбіне ломбардтарға ноутбук немесе смартфонын өткізуге мәжбүр болады.

Білесіз бе, зейнеткерлер де көп пайдаланады. Олар «қажетті өнімдерді сатып алу, коммуналдық төлемдерді төлеу және әсіресе дәрі-дәрмек сатып алу үшін ақша керек» деп келеді. Ондай да халықтың жағдайына қарап, өз жаның да қиналады, әрине. Бір қызығы, ауқатты адамдар ломбардтарға жиі барып, тон мен қымбат әшекей бұйымдарын әкеледі. Өйткені олар қымбат той жасап, ­шетелге саяхаттағанды ұнатады», – дейді Роберт ­Абзалилов.

Әлеуметтанушылардың айтуынша, біз тойға, туған күнге себепті-себепсіз сыйлық бергенді ұнатамыз. Оның ішінде, әшекей бұйымдар, телефон, тон сияқты қымбат сыйлықтар да бар.  Негізінде, сыйлық алушы мұндай сыйлықтарды түбіртексіз, гарантия­сыз және т.б. алады, бұл оларды дүкенге қайтаруға мүмкіндік бермейді. Сол үшін мұндай заттардың иесі ломбард қызметін құп көреді. Ал кепілге қойылған мүлікті сатып алмаған жағдайда ломбард оны сатады, түскен қаражатты қарыз алушының қарызын өтеуге бағыттайды және оған талаптары жоқ. Біз осы орайда он шақты әлеуметтанушыға хабарласып, ломбардқа бұйым өткізу халықтың әлеуметтік жағдайының қай сатысын көрсететінін сұрадық. Алайда бірде-бір әлеуметтанушы ломбард мәселесін зерттемеген. Біз хабарласқан әлеуметтанушылардың барлығы да «несие мәселесін айта аламыз, алайда ломбардты зерделемеппіз» деген жауап берді. Осыдан барып, бұл тақырып әлеуметтанушылар тарапынан үлкен зерттеуді талап ететін мәселе екенін түсіндік.

Сонымен, өзіміз екі ай бойы зерттеген тақырыбымыздан түйгеніміз, практикалық тәжірибе отандық ломбардтың әдеттегі клиентінің келесі ерекшеліктерін бөліп көрсетуге мүмкіндік береді:

– Жасы – 20 жастан 55 жасқа дейін. Әрине, орта жастан асқан адамдар да ломбард қызметін пайдаланады, бірақ клиенттердің көпшілігі осы диапазонға жатады.

– Әлеуметтік жағдайы – студенттер, жұмысшылар, қызметкерлер, үй шаруа­сындағы әйелдер, зейнеткерлер, халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтыған бөлігі.

– Қаржылық жағдай – орта және төменгі орта таптар. Яғни жедел қолма-қол ақшалай несие алу мүмкіндігін пайдаланатын орташа табысы бар адамдар немесе мұндай жағдайға тап болған адамдар. Жалақы алғанға дейін немесе кәсіпкерлік кіріс алғанға дейін қаржылық қажеттілікті шешу үшін алады.

P.S.

«Қаңтар оқиғасы» біраз саланы ақсатып, шығынға батырып кеткені рас. Осы орайда «Қазақстан Ломбардтарының Ұлттық Лигасы» қауымдастығына Алматыдағы 82-ге жуық филиалы зардап шеккен 8 ломбард хабарласқан. Алдын ала келтірілген шығын шамамен 1,2 млрд теңгені құрайды. Келтірілген залал дүкен витриналарының, жарнамалық маңдайшалардың, есіктердің, әйнектердің зақымдануы, өртеу, ұрлық және тұрмыстық техниканың, зергерлік бұйымдардың құрамын анықтауға арналған қымбат құрылғылардың бүлінуі және кепіл мүлкінің ұрлануы түрінде келтірілген. Қауымдастық төрағасының айтуынша, ломбард сотқа дейінгі тергеп-тексеру рәсімі ­аясында келтірілген залал бойынша сот-медициналық сараптамадан өткенге дейін төлем жүргізілмейді. Сондай-ақ төлем тек шағын және орта ­бизнес­ке ғана жүргізілетінін ескерсек, «Қаңтар оқиғасы» кезінде тым болмағанда бір ломбардтың өтемақысын алғаны туралы бүгінге дейін ақпарат жоқ. Ал Алматы­да зардап шеккендердің дені – ірі бизнес өкілдері.

4500 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы