• Мәдениет
  • 03 Наурыз, 2022

ӘДЕМІ ӘЙЕЛДЕРДІ СҮЙЕТІН ӘЛСІЗ ЕРКЕК

Осыған дейінгі жазбаларымызда әйел жанының құпияларына зер салып, қатпарына бойлауға талпындық. Әйел жанының тереңдігіне және қалтарысы молдығына таңғалдық. Тамсандық. Ал ер адамдардың сезімі ше? Өр, күшті кеудеден шыққан ынтықтық пен  ынтызарлық неден бастау алады? Нәзік жандылардың бойынан не еліктіреді оларды? Нендей күш олардың жандарын байыз таптырмай, тар дәлізде тас еденді тынбай тықылдатқан өкшелі арудың соңынан ентіктіріп, ентелететін?

Студент кезімізде бір оқыту­шымыз «Әдебиет деген – адамтану ғылымы» дегенді жиі айтатын. «Адамның басы әйнек іспетті арғы жағы көрініп тұратын болса, жантану, адамтану деген ілімнің керегі де болмайтын шығар, бәлкім?!» дегені бар бірде әлгі ұстазымыздың. Сол сәт бәріміздің көзімізге «әйнек бастың» ішінде сапырылысып жатқан неше түрлі ой ағыны елестеп, қиялға ерік беріп, шуласа пікір таластырдық. Ақырында адамның өз ойына өзі ғана қожалық етуінен, құпия қалпында қалғанынан артық бақыт жоғын айтысып тарқасқан едік...

Ал ер адамның басында не сапырылысып жатады екен? Көрейік...

Иә, құпия әрі күрделі адам болмысы қаламгерлер мен киногерлердің, жалпы, өнер жасаушы қауымның зерттеу обьектісінен түскен жоқ.

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары әрбір туындысына көрерменін өз жанына үңілуге үндейтін оқиғаларды арқау етуі арқылы адам болмысын ашуға ұмтылған режиссер Франсуа Трюффоның даңқы әлемге жайылды. Әсіресе болмысы, түйсік-танымдары, сезімдері әр алуан ер мен әйелдің ішкі әлемін шынайы көрсеткен шығармалары көрерменді бей-жай қалдырмады. Франсуа Трюффоның фильмдерінде идеал образ жоқ деуге болады. Өмірдегі күндегі өзіміз көріп жүрген адамдардың бейнесі. Тек оларды экран арқылы көреміз.

Режиссердің 1977 жылы түсірілген «Әйелқұмар еркек» (L’homme qui aimait les femmes)  фильмі  бүгінгі тақырыбымызды тарқата әңгімелеуге өзек боларлық туындыларының бірі.

Бұл фильмде киногер өмірін әйел­дерсіз елестете алмайтын бас кейіпкер Бертран арқылы ер адамдар­дың болмысын көрсетеді.

Әйел көрсе, есі кететін Бертран ­Моран кім?

Ол ойыншық ұшақтар моделін құрастырушы инженер. Сүр бойдақ Бертран Моранның жатса-тұрса ойлайтыны – әдемі әйелдер. Тіпті әйелдерге ынтықтығы сонша бет-жүзін көрмеген әйелге құмартады. Көзіне іліккен сұлу мықын, тіп-тік, жұмыр балтыр, ырғақты жүріс, бәрі-бәрі Бертранның есін алып, көшеде  әйелден басқаны көрмейтін хәлге жетеді. Алда-жалда әлгі өзін еліктірген нәзік жан көшеде қапылыста кездесе қалса, бар шаруасын қоя беріп, қай қиырды асып кетсе де, жанын ­саудалап жүріп тауып алатын. «Олар жер бетін өлшейтін және оған үйлесімділік пен тұрақтылық беретін бейне бір өлшегіш құралы – циркуль тәрізді» – дейді әйелдердің аяғын  көргенде қиялы көкке самғайтын ­Бертран.

Бірде ол бір чемодан етіп жинап қойған, кездескен қыз-келіншектерінің хаттары мен суреттерін ақтарыстырып отырып, әйелдермен қарым-қатынасы туралы кітап жазуға ойы кетеді. Өткен өміріне ойша көз жүгірткен Бертран шығармасына қылаудай қиял қоспай, шынайы әңгімелейді. Кітабын алдымен жәй ғана  «Әйелқұмар» деп атай салады. Фильмнің өн бойында кітап туралы баяндалғанымен, фильм кітап­тың жазылу тарихы туралы емес еді.

Фильмде ғашықтық ғазал сезім де, махаббат та, мұң да жоқ. Тіпті кино соңында қыздарға есі кетіп жүгіре жөнелген Бертранды көлік қағып, ауруханада ауыр хәлде жатқаны да көрерменді қайғыртпайды. Соңғы сәтте медбике қыздың аяғына көзі түсіп, ұмтыла беріп, мерт болатынын да жайбарақат қабылдайсың.

Неге?

Өмірін әйелдерге арнаған, өзінің жүрегінің үнімен ғана ғұмыр кешкен бейбақ па әлде...Бертранның мақсаты не? Өмірінің мәні не еді?

Әрбір сәттен ғажайып күткен, бір күні бір күніне ұқсамауын қалаған, әдемілікпен жанын жұбатқысы келген адамның ісін құптау керек пе, әлде күстәналаған жөн бе? Құдай-ау, әйелдің күлкісінен емес, қылығынан емес, жүзінен де емес, балтырынан не ғажап көреді екен, Бертран? Сансыз сауал қаумалап алады.

Кинода көктем шыға құлпырып көшеге шыға келген әйелдерге тамсана қарайтын картина бар. Сол сәтте іштей

«Әйел деген әдемі ғой, әдемі,

Әдемілік бізге көптік етпейді...» деп, Мұқағали ақынның өлеңін күбірлейсің.

Әйелге құмарту – әдемілікке құмарту. Сонау әйгілі француз режиссері Франсуа да, Алатаудың ақиық ақыны Мұқағали да нәзіктікке, әлемді әлдилеп тұрған әдемілікке ынтық. Ал аяққа есі кету... Мүмкін, құмарлық болар. Құмарлық тез сарқылмай ма... Бертран да бүгін кездескен, ынтыққан аруынан ертең сырт айналып,  басқа қиырдағы біз өкшенің тықылын аңдып, елегзіп  отыратын...

Трюффо бас кейіпкері Бертран Морган арқылы ер адамның бейнесін көрсетті. Бұл ер адамдардың бар болмысы. Бейтаныс әйел көрсе, құштар бола қалу және қолы жеткенше құмартып, әрі қарай көңілі әлденені аңсап алабұрту – сабырлы мінез, салқын ақылмен тұсауласа да мейлі ер адамның ішкі әлемінің көрінісі осы. Режиссер ер адамның осы бір осал тұсын дөп көрсете отырып, әйелдердің сезімге тұрақтылығын, сүйсе құлай сүйіп, махаббатын қызғыштай қоритынын фильмдегі сан алуан кейіпкерлер арқылы жеткізеді. «Меніңше, махаббатта әйелдер кәсіпқой, ал еркектер қашанда әуесқой тәрізді», – дейді Трюффоның кейіпкері.

Мұқағали ақын айтпақшы,

 «Әйелдер-ай!

Әйелдер-ай!

Қандайсың?!

Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың.

Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың,

Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың»

Солай ғой...

Қалай десек те, әйелдің де, еркектің де, жалпы адамның болмысы туралы қатып қалған анықтаманың жоғы анық. Алайда бір анығы, ер адам әдеміліктің алдында әлсіз. Ал әйел – әдеміліктің символы.

Сөз басындағы адам жанының жұмбақ­тығы туралы ойыма қайта оралайын. Адамның не ойлап тұрғаны белгілі болған сәтте-ақ жер бетіндегі тіршіліктің қиюы кетпей ме?! ­Бертран  өзі таңдаған жан­дарының ішіне үңілмеді, сыртын қызықтады. Ал сырт бейне тұңғиығына тартып әкетпесі анық. Сұғанақ көз тайқып барып, басқа балтырға, жаңа мүсінге қада­латыны содан... Әйел жансыз гүл емес, бәрін бірдей жинап, дестелеуге келмейді. Келмейді.

Айтпақшы, Франсуа Трюффоның бұл фильмін үздік туындыларының қатарына қоя алмаймыз. Арт-хаус кинодан гөрі көпшілік қызықтар жанрлық бағыттағы фильмдер деңгейлес деуге келетіндей. Киносыншылар пікірі де әртүрлі.

Айнұр МҰРАТОВА

 

5176 рет

көрсетілді

23

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Гулжанат Манабаева

03 Наурыз, 2022

Керемет!Айнұр! Қаламың ұштала берсін!

Жанат

03 Наурыз, 2022

Жақсы ой, жақсы тұжырым

Ерсін Қабыкей

03 Наурыз, 2022

Олар жер бетін өлшейтін және оған үйлесімділік пен тұрақтылық беретін бейне бір өлшегіш құралы – циркуль тәрізді. Керемет теңеу. Жалпы әйел әдемі болған соң қызығады да еркек атаулы. Еркектің әйелге қызығып, аңсары азаймасын. Басқасын ойлаудың өзі қорқынышты.

Жанар Арғынқызы

03 Наурыз, 2022

Әдебиет деген адамтану дегенге толықтай келiсемiн. Әр кейiпкердiң образын ашу үшін адамды тани бiлу керек. Әдеттегідей қызықты, тың мақалаңыз үшін рақмет!

Жадыра

03 Наурыз, 2022

Жер бетін өлшейтін циркуль. Тұрақтылық пен үйлесімділік. Керемет қандай 🤩🤩🤩

Жадыра

03 Наурыз, 2022

Жер бетін өлшейтін циркуль. Тұрақтылық пен үйлесімділік. Керемет қандай 🤩🤩🤩

Мен ғой)

03 Наурыз, 2022

Әдемілікті көргенде құмартпайтын еркек аз шығар) бас кейіпкер тек балтырға көзі түсіп, соған еліте берсе онда оныкі ауытқушылық па деймін)

Мен ғой)

03 Наурыз, 2022

Автордың кинотанушылық таланты ұшталып келеді👌👏👏👏

Айна Абылайқызы

03 Наурыз, 2022

Керемет жазба. Ер адам әдеміліктің алдында әлсіз. Пайғамбарымыз да әдемілікті құптаған

Нұргүл

03 Наурыз, 2022

Керемет!👍

Гүлмира

03 Наурыз, 2022

Біздің қоғамда да осындай еркектер бар ме екен🤭🤭

Moldir

03 Наурыз, 2022

Рахмет мақалаға. Осы айдар ұнайды. Бұрын білмеген не көңіл аудармаған фильмдерді оқып біліп, көріп жатырмын.

Маржан

04 Наурыз, 2022

Қаламыңыз ұштала берсін. Әйелдер кәсіпқой,еркектер әуесқой. Еркектің табиғаты,жаратылысы сондай екен да.

Маржан

04 Наурыз, 2022

Қаламыңыз ұштала берсін. Әйелдер кәсіпқой,еркектер әуесқой. Еркектің табиғаты,жаратылысы сондай екен да.

Маржан

04 Наурыз, 2022

Қаламыңыз ұштала берсін. Әйелдер кәсіпқой,еркектер әуесқой. Дәлме дәл ғой.

Маржан

04 Наурыз, 2022

Қаламыңыз ұштала берсін. Әйелдер кәсіпқой,еркектер әуесқой. Дәлме дәл ғой.

Маржан

04 Наурыз, 2022

Қаламыңыз ұштала берсін. Әйелдер кәсіпқой,еркектер әуесқой. Дәлме дәл ғой.

Маржан

04 Наурыз, 2022

Қаламыңыз ұштала берсін. Әйелдер кәсіпқой,еркектер әуесқой. Дәлме дәл ғой.

Маржан

04 Наурыз, 2022

Қаламыңыз ұштала берсін. Әйелдер кәсіпқой,еркектер әуесқой. Дәлме дәл ғой.

Индира

04 Наурыз, 2022

Керемет

Айгүл

04 Наурыз, 2022

Сол әйелдер балтырын жауып етегін ұзындау кисе, Бертран мұндай трагедияға ұшырамас па еді?! Бертранды - бүкіл еркектер қауымының типтіп образы деді ғой. Ендеше сол бүтін еркектің құмарлығын қоздырып, әйелдерге тек нәпсісін тояттандыратын бір сәттік құрал деп қарауы соның салдары ғой. Бірақ әйел жабық киінсін, әурет жерін ашпасын деші. Бәрі атойлап әйелдің құқы бұзылып жатыр дейді.

Бурханова Назира

04 Наурыз, 2022

Әдеміліктің алдында ер кісілер дәрменсіздік танытады деген осы ғрй)

Will

05 Наурыз, 2022

Does your site have a contact page? I'm having trouble locating it but, I'd like to shoot you an email. I've got some creative ideas for your blog you might be interested in hearing. Either way, great site and I look forward to seeing it improve over time. detoxyn

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы