• Cұхбаттар
  • 03 Наурыз, 2022

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ, жазушы-эссеист: «Мәншүктің сүйегін елге жеткізудің кезі келгендей»

Бұрын да, қазір де Отан қорғау, сүйем жерді жау қолына тастамау – ер мен елдің басты аманаты болған еді. Сол аманат жолында ерлік көрсеткен, табандылық танытқан, ел құрметіне бөленген тұлғалардың даңқы арта беруі үшін жасалуға тиіс іс аз емес. Соның бірі – Екінші дүниежүзілік соғыста қаһармандықтың үлгісін көрсеткен – Мәншүк Мәметоваға қатысты. Жазушы-эссеист, «Қаһармандық анатомиясы. Мәншүктің белгісіз соғысы» кітабының авторы Мақсат Тәж-Мұратпен сұхбаттасқанымызда Мәншүк Мәметова тақырыбына қатысты айтылмай жүрген кейбір жайттарды қозғауға тырыстық. 

Биыл туғанына жүз жыл толу мерейтойы аталып өтетін Мәншүк батыр қатарынан табылған айтулы 100-ші ұлттық атқыштар бригадасы туралы да көп деректер әлі күнге аршылған жоқ. Жамбыл ақын ­жалынды тілегімен шығарып салған осы әскери құраманың ­сапында болған, Мәншүктің майдандасы, Қазақстанның халық ­жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Біздің санымыз І Алматы станциясынан аттанарда 4889 еді, ал Жоғарғы Қолбасшы И.Сталиннің жеке өкімімен эшелон аттанарда қатарымызға Мәншүк қосылып, санымыз 4890 адам болды», – дейді. «Халық жауы» атанған әкесі Ахметтің адал атын қайтару үшін соғысқа аттанды делінетін Мәншүктің әке жағдайына ­деген перзенттік алаң көңілін ­жазушы Ілияс Есенберлин ­былай деп сипаттапты: «Біз екі жігіт, Мәншүктің жақын достары, барлық қиыншылық, ауыртпалықты көрдік, тірідей жетім Мәншүкті ­барынша жұбатып, демедік. Ол әкесі Ахметтің ұсталып кеткеніне қатты қайғырды, ешқандай тағат таппады, әкесімен кездесуге сұранды, инстанция бойынша да жазды, яғни әкесі Ахмет Мәметовтың кінәлі емес екендігін дәлелдеу үшін ­тырысты. Бірақ, өкінішке қарай, мұның бәрі бос әурешілік болды...». 
Қандай жағдайда да Отаны мен отбасының амандығы үшін қаһармандықтың, ерліктің, батыр­лықтың үлгісін көрсеткен Мәншүк Мәметованың мерейтойы аясында қандай іс-шаралар атқарылуы керек еді? Невель қаласында жатқан Мәншүктің сүйегін елге қайтарудың себебі не? Дүние мың құбылып тұрған бүгінгі шақта Мәншүк, Әлия сынды және өзге де арыстарымыздың асыл сүйегін қастерлеудің, рухын құрметтеудің жөні мен жолы қалай болуы керек екенін сұхбаттасымыздың бүгінгі әңгімесінен кейін де түсінгендей боламыз. Әлем елдері бір-біріне тіксіне қарап қалған күн туған сәтте батырларымыздың рухын біз ғана жоқтайтынымыз да рас... 

– «Қаһармандық анатомиясы. Мәншүктің белгісіз соғысы» кітабыңыз қандай құжаттарға, фактілерге сүйенді?

– Мәншүктің толық өмірбаяны осы күнге дейін жасалмаған екен. ЖЗЛ сериясы сияқты кітаптар, Мәншүктің жауынгерлік жолын баяндайтын жинақтар жоқтың қасы. Көбінесе советтік көзқарастағы естеліктер табылып қалады. Жалпы Мәншүк ерлігіне, қаһармандығына арналған 500-ден аса мақала, кітап шыққан. Олардың көбі советтік кезеңде жарық көріп, советтік патриотизм тұрғысынан тасқа басылған шығармалар. Тәуелсіздік алған уақыттан бергі кезеңде де бірқатар дүние жазылыпты. Гүлзейнеп Сәдірқызы біраз мақала жазып, сұхбат жасап, Мәншүктің ғұмырына қатысты бозтаңдақтарды жақсы аршыпты. Мәншүктің сіңлісі Айман Мәметова мен Оралда тұратын жазушы ағамыз Тихон Әліпқали екеуі бірігіп, «Мәңгілікке маздаған қыршын ғұмыр» деген шағын кітап шығарды. Бірақ ол да толық өмірбаян емес. Ақтаңдақтар демей-ақ қояйын, бозтаңдақтар Мәншүк ғұмырбаянында көп екен.

– Мәншүк соғысқа әкесі, Батыс Алашор­да қайраткері Ахмет Мәметовтің адал есімін қайтару үшін барғаны рас па? 

– Мәншүктің өз әкесі – Жеңсікәлі. Оны асырап баққан, тәрбиелеген әкесі – Ахмет. Жеңсікәлі Ахметтің немере ағасы. Алашорда құрамында болғаны үшін «халық жауы» атанған Ахмет Мәметов – Мәншүктің өз әкесіндей көріп аялаған, Мәншүкті өз перзентіндей тәрбиелеген адам.

Әке Ахмет пен перзент ­Мән­шүктің арасында қыз бала мен әкенің арасындағы ұлы сыйластық, таңғажайып түсіністік бар еді. Бала үшін биологиялық әке емес, тәрбие берген әке маңызды. Ахаң өте балажан болыпты. Мәншүк – Ахаңның елжіреген аталық сезімін жүрегіне әбден сіңірген жан. Ондай ұлы сыйластықты, ұлы махаббатты көп адам білмейді де. Мәншүк пен Ахаңның арасындағы сыйластық қыз баланың асқан бауырмал, әке-шешеге, оның ішінде әкеге ең жақын перзент болатынының бір көрінісі-ау деп ойлаймын.

 Ахметтің Қанат дейтін інісінің қызына, асырап баққан шешесі Әминаға Мәншүк майданда жүріп «Әкемді босатуды сұрап, Сталинге үш рет хат жаздым, үшеуіне де жауап болмады», «Соғысқа Отанды қорғау, әкемді босату үшін сұрандым» деп хат жазған. Жалпы Мәншүк өте әділетті адам болған. Ахмет ұсталған соң Әмина тұрмысқа шығып кетеді. Мәншүк соған қатты өкпелеген. Сотталса да, тірі әкемнің артын күтпей, күйеуге шықты деп ойлаған секілді. Әмина Ахметтің атылып кеткенін сезген, бірақ қызына «әкең өлді» деп қалай айтады? Міне, әділетке жаны жақын Мәншүк әкесінің «халық жауы» атанғанын да әділетсіздік деп есептеген сыңайлы. Отанға жаудың тұтқиылдан бас салуы да Мәншүктің пайымында – әділетсіздік. Міне, осындай әділетсіздіктер біріне бірі жамала бергенде Мәншүк майданға аттанбай тұра ала ма?

– Мәншүктің сіз айтқан хаттары сақталған ба?

Сақталған. Музейде де, интернетте де бар хаттар ғой.

– Өз сөзіңізде М.Мәметова өмі­ріне қатысты бозтаңдақтар көп деп қалдыңыз. Ол қандай бозтаңдақтар?

– Жазушы-эссеист ретіндегі кредом – адамның тағдыры арқылы тарихты зерттеу. Персоналистік эссе дейді мұны. Эссе жанрының бір тарауы. Екі адамның тағдыры арқылы тарихты көрсетуге болады. Адам неліктен ерлік жасайды? Мәншүк туралы кітабымды Әлихан Ағаев туралы кітабыммен қатар жазып бітірдім. Әлихан Ағаев – Абвер құрған «Алаш батальонын» басқарған белгілі диверсант деп жүрміз ғой. Мәншүк Мәметова туралы «Қаһармандық анатомиясы» десек, Әлихан Ағаев туралы «Сатқындық анатомиясы» деуге болады. Екеуі де бір соғыстың екі бөлек кейіпкерлері. Біреуі тұтқынға түседі, біреуі ерлікпен қаза табады. Бір оқиға, бір кезеңде, тіптен аздаған уақыт аралығында қабылданған шешімдер біреуін сатқынға, екіншісін қаһарманға айналдырады. Сол шешімнің арқасында бірі жауға берілмей, ерлікпен қаза табады, енді бірі тұтқынға түсіп, фашистер жағында соғысқа қайта араласады. Адам неліктен қас-қағым жау жағына беріліп, сатқындыққа барады? Сол себептерді іздеу арқылы психологиялық талдаулар жасағым келеді. Әлихан болсын, Мәншүк болсын, қандай да бір шешім қабылдауға сыртқы және ішкі себептер әсер етті деп ойлаймын. Мұны себептік-салдарлық байланыс дейді ғой.

Жалпы кітабымда 20 жастағы жап-жас қыз басын өлімге неге тікті деген сұраққа жауап беруге тырыстым. Ол сұраққа бұрынғылар да жауап іздеген. Бірақ ол жауаптарға көңілім көншімеді. Оған қоса Мәншүк ғұмырбаянында көптеген сәйкессіздік бар.

– Мысалы, қандай сәйкессіздік?

– Ол 1927 жылы Оралдан кетіп Семейде, Алматыда оқыды, мектеп бітірді, институтқа түсті дейміз. ­Алайда сол арада 7-класқа Ордада жүріп мектепке барды дейді. Ол қай уақытта Ордаға, неліктен барды? Ол туралы мәлімет жоқ. «Мәншүк соғысқа ­мединститутта оқып жүргенде аттанды» дейді. Құжаттарды қарасам, ол мединститутқа түспеген. Мектепті бітіргеннен кейін екі жылдық рабфакты, яғни даярлық бөлімін бітірген екен. 1939 жылы сол дайындық курсын тәмамдайды. 1940 жылы мединститутқа қабылдануы керек қой, себебі ол жақсы оқыған. Сол 1940 жылы Совет одағында барлық ЖОО ақылы оқуға көшіріледі. Ол сол кездегі есеппен қарағанда, аз ақша болмауы керек. Әкесі Ахмет ұсталып кеткен, шешесі Әмина бір ғана жалақыға тәуелді. Сол жылдары Наркоматтың жатақханасында тұрған Мәншүк қалай ақылы оқу оқиды? Мәншүктің ол кезде тіпті үстіне киетін екі-ақ көйлегі бар екен. Қатар құрбылары «Мәншүк, неге екі көйлекті ауыстырып кие бересің?» – деп сұраса, «Осы екі көйлекті қатты ұнатамын, сол үшін кие беремін», – дейтін көрінеді. Осындай жағдайда жүрген Мәншүк қалай ақылы оқу оқи алады? Мәншүктің жұмысқа тұру себебі – осы. Ақтөбенің Ойыл деген жерінен шыққан Ахметжан Қойшыбаев деген азамат Мәншүктің әкесі Ахмет Мәметовтің көзін көрген болуы керек деп ойлаймын, міне сол кісі Қазақ КСР Қорғаныс істері жөніндегі Халық комиссары болып жұмыс істеген. Міне, «Мәншүк қиналып жүр» деп біреулер айтты ма, өзі біліп алды ма, осы А.Қойшыбаев Мәншүкті хатшы-машинистка қылып жұмысқа алады. Ол машинистка болып жүрген кезінде соғысқа сұранады. Соғыс басталған 1941 жылдан 1942 жылдың басына дейін Сталинге талмай хат жазады. Бастапқыда оны бірден соғысқа ала қоймаған. «Жассың, қыз баласың» деген жауап келген дейді естеліктерде. Негізі олай емес екен. Майданға сұранған өзге  қыз-келіншектерді алып, Мәншүктің неге бетінен қайтарған? Осы мәселені де іздестірдім. Сөйтсем, ол Мәншүктің денсаулық жағдайына байланысты екен.

– Сонда Мәншүк ауырған ба?

– Малерия деген ауру бар. Қазақша безгек. Вирус тасымалдаушы маса шаққаннан пайда болатын ауру. Әйел тұрмақ, ондай ауруы бар ер адамдарды да соғысқа жібермейді. Мәншүк ғұмырбаянында осындай деректер табылды. Кейіннен, денсаулығын түзеп, дегеніне жетіп, Мәншүк соғысқа аттанады. Әуелі санитарка болып, сосын штабқа қызмет етіп, ақыр соңында100-ші атқыштар бригадасының құрамында пулеметшы болып ұрысқа кірді. 100-ші бригаданың сапында қанқұйлы ­«Долина смери» – «Ажал аңғарындағы» ұрысқа, яғни Ржев әскери операциясына қатысқан адамдардың естеліктерін жинадым. 100-ші бригада, негізінен, 1921–1922 жылы дүниеге келген, яғни 19-20 жастағы жастардан құралған. 97 ­пайызы қазақтар. Нұржан Құсайынов, Райымбек Бәйсейітов, Тахауи ­Ахтанов, Әзілхан Нұршайықов, Мәлік Ғабдуллин және Сұлтан Жиенбаев, Мәншүк Мәметова, Мәриям ­Сарлыбаева осы бригадада шайқасты. Мәжит пен Мәншүк қатар оқыған. Бұрыннан бірін-бірі таниды екен. Талғарда, Кіші Алматы өзенінің жағасында, бірінші Алматы жақта «Пятилеткада», Мәскеуде екі айдай жаттыққан, екі-үш ай дайындықтан кейін сол қылшылдаған, соғыс көрмеген жастарды Калининград соғысының қанды майданына салып жібереді. Соғыс тарихында Ржев операциясы – командирлердің ойсыздығынан болған қателік деп саналады. Соғыс ісінен тәжірибесіз кіл жас үлкен шенділердің қателігінен өлім құшады. Мәншүк кейін шешесіне осы ұрыс туралы «Көз алдымызда қазақтың жастары қырылып қалды» деп жылап отырып хат жазады. Міне, осы шайқаста 100-ші бригаданың үштен екісі ажал құшқан. «Қырылса қырыла берсін» деп, ұлттық құрылым жастарын алға салып, қалғаны артта жүрген ғой. Шынтуайтын айтсақ, ұлттық құрылымдардағы жаралыларды да шеттеткен. Ең бірінші «бүйрегі бұрған» жаралыларды емдеген деген деректер бар. Амал жоқ, ұлттық құрылым жаралыларын емдеу мекемелерінің қасында ат-шанадан аударып тастап кете берген. Мұны өз көзімен көрген Медсанбаттың бастығы, бір қазақ жігіт екен, өзін-өзі атып тастаған. Әзілхан Нұршайықов, Мариям Сырлыбаеваның осы туралы естеліктері бар. Менің ойымша, 100-ші атқыштар бригадасының қасіреті де ашылуы, зерттелуі керек. Оның құжаттарының барлығы Мәскеуде. Ал Мәскеу соғыстың кейбір құжатын құлыптап тастаған.

Мәншүк ғұмырына қатысты тағы бір бозтаңдақ мынау: Осы күнге дейін Мәншүкті екі рет жерледі деп келдік қой. Сөйтсек, ол үш рет жерленген екен. Ұрыс соңында командирлер арнайы топтарды жіберіп, коммунистердің ғана сүйегін алдырады екен де, қалғандары, Мәншүк секілді қатардағы сарбаздар сол қалған жерінде, үстіне топырақ үйіліп жатып қала беретін көрінеді. Мәншүк 1943 жылдың күзінде көз жұмды ­десек, 1944 жылдың жазында Бас­ ­саяси басқармада қызмет ететін Мәлік Ғабдуллин Псковка келеді. Ол уақытта 100-ші атқыштар бригадасын таратып, 150-ші дивизияның құрамына қосып жіберген. М.Ғабдуллин Мәншүктің денесі қайда жерленгенін сұраса, ешкім білмейді. Ғабдуллин қатты ашуланады, Мәскеуден келіп тұрған үлкен қызмет иесінің дегенін орындап, Мәншүктің сүйегін іздейді. Шамалап, батыр қыз қаза тапқан төбенің басына келіп аршыса, үш әйел адамның сүйегі жатыр екен дейді. Екеуі еуропалық. Үшіншісінің шашы қара. «Осы Мәншүк болар, шашы қара ғой» деп, сүйектерін жинастырып, палаткаға салып әкеліп қайта жерледік» дейді естеліктерде. Одан кейін Қазақстан үкіметі сүйекті қайтару туралы әңгіме қозғайды. Мәскеу рұқсат бермейді. Бірақ совет жауынгерінің патриоттық ерлігін көрсету үшін Мәншүктің сүйегін үшінші рет Невельге апарып көмеді.

– Мәншүктің ғұмырбая­нындағы осындай бозтаң­дақ­тардың орны сіз жазған кітапта толық аршылып көрсетілді ғой, демек?

– Төрт аяғы түгел деп айта алмаймын. Бірақ сексен пайызын бір кітапқа біріктірдім. Бозтаңдақтарды салыс­тырдым. Сәйкеспейтін жағдайларды зерттедім.

– Ал Мәншүктің ­қа­һармандық анато­мия­­сының сырын қалай таптыңыз?

– Ғылымда «дала амазонкалары» деген сөз бар ғой. Түркінің қыздары да атқа қонып, ел қорғаған. Қазақтың тарихында да ел қорғаған батыр қыздар бар. Мәншүктің тегіне үңілейік. Өзі шеркеш, шешесі – беріш. Жауынгер тайпалар. Әкесі Жеңсікәлі ­жуастау кісі болған көрінеді, етік тіккен екен. Ал шешесі еті тірі, өз қоғамының ұйытқысы болыпты. Қаһармандық Мәншүктің қанында бар. Мәншүктің ерлік көрсетуі – ұлттық мінез-құлықтың көрінісі, соның ішінде әйел адамның, әйел адам арқылы белгі беруі. Одан бөлек Мәншүк жүрегі жұмсақ, қайырымды болған екен. Біреудің азапталғанын, тұрмыстық қиын жағдайын көрсе жүрегі ­шыдамайтын, мейірбан адам болған. Мұндайды арабтар Хайырниса жан дейді. Ол Құранда да келтірілетін сөз.

Отбасындағы адам­гер­шілік дәстүр бар, одан кейін бес жасынан асырап алған Ахмет пен Әминаның тәрбиесі де осал емес еді. Ахмет – Батыс Алашорданың қайраткері, қазақтың тұңғыш венеролог дәрігері. Әмина апай – төренің қызы, Сүлеймен деген мировой судьяның перзенті. Оралдағы қыздар училищесін бітірген. Абай туралы алғаш зерттеп жазған алғашқы ғалымдардың бірі. Халық ағарту ­комиссариятында бөлім басқарған. Сөз орайы келгенде айта кетейін, Әмина туралы да қазір айтылмай жүр. Ахаң, Әмина – жәдидтер. Оларға дүниенің байлығы, қызығы керек емес. Идеал үшін, халықты ағарту, жақсы жолға бастау үшін, іргелі ел қылу үшін аянбаған адамдар. Міне, Мәншүк осындай отбасында өскен ғой. Кейін Совет Одағының романтикасымен, патриотизммен суғарылған. Тұтас совет кезінде дүниеге келгендердің алғашқы буыны. Советтік идеяға сенген табанды комсомол. Ең соңғы ұрысқа кірер алдында коммунистік партияға кандидат болып өткен. ­Отанды қорғау, Отан үшін отқа түсу идеологиясымен өскен ұрпақ. Ел шетіне жау келді деп атқа қонатын қазақтың қызы.

Ол кездегі буын үшін Отан деген – Совет Одағы. Мұндай адамның батыр болуы заңдылық қой.

– Кітабыңызда Мәншүктің ­махаббаты болуы мүмкін жан туралы да айтасыз. Шынында, 20 жастағы қыздың сүюі, сезімге бөленуі, отбасын құрсам деп іштей армандауы мүмкін ғой. Бірақ бізге жеткен деректерде ол туралы ештеңе айтылған емес.

– Мәншүк штабтағы қызметтен майдан даласына сұранып, пулеметші болады. Сол кезде оған пулеметтен атуды Шығыс Қазақстанның Өскеменінен 100-ші атқыштар бригадасына алынған Нұркен Құсайынов деген жігіт үйретеді. Міне, осы Нұркен мен Мәншүктің арасында бір нәзік сезім оянған сыңайлы. Ең әуелі, бұл деректі қайдан алғанымды ­айтайын. Мәншүктің бір жертөледе тұрған құрбысы болған: ­Прокопенко-Халимулдина ­Антонина. Антонина – Халимулдин деген капитанға тұрмысқа шыққан. Соғыс біткен соң екеуі бірігіп, «Мәншүктің жұлдызды сәті» деген кітап шығарады. Сол кітапта Нұркен мен Мәншүк бірін-бірі жақсы көріп қалғаны айтылады. Кейін не себеппен екені белгісіз, Нұркен штрафбатқа түсіп қалады. Штрафбатты жаумен ұрыста ең алдыңғы қатарға салады. Төбенің басында болатын соңғы шайқаста Нұркен Мәншүктің көз алдында оққа ұшады. Немістің «Тигр» деген танкісін қиратып, өзі де ажал құшқан. Мәншүк осы жағдайды алыстан көрген, Нұркеннің өлгенін түсінген болуы керек. Содан кейін өмірдің мәні қалмады деген ойға келген сияқты. Майданда ерлік көрсетсем әкемді босатады деп ойлап еді, әкесін де босата алмады. Сүйгені де көз алдында өлім құшып кете барды. Содан кейін айнала күреңітіп кеткен сыңайлы. Әйтпесе, сол жерден кетіп қалуға болады екен. Гүлзейнеп Сәдірқызы жасаған сұхбатта майдандастары Мәншүкті алып кетпек болғанын айтады. Бірақ Мәншүк «Сендерді қорғап қалайын», – деп қалып қойған. «Оның өлімге бекінгенін сол кезде сездік дейді», – құрбылары. Қаһармандық анатомиясы осындай оқиғалардан туындайды. Ол әділдік үшін күресіп, жауды тойтарып өлуді қалады. Тағдыр ғой, енді...

– «Тәуелсіз елдің ары мен ұяты» болатын тұлғалардың бірі Мәншүк Мәметова бүгінгі ұрпаққа несімен жақын?

– Негізі бұрын «бай туған жеріне, ер өлген жеріне қойылады» деген сөзбен келісіп, Мәншүктің Невельде жата бергені дұрыс қой деп ойлаушы едім. Кейін Амантай Шәріптің «Еті сенікі, сүйегі менікі» деген мақаласы ой салды. Қазақ баланы молдаға алып келгенде «еті сенікі, сүйегі менікі» дейді ғой. Сөйтсе, қазақ сүйекті бөтенге ешқашан бермейді екен. Тіпті соғыста шәйіт болған сарбазын қалай болғанда да, басын өлімге тікесе де сүйекті алып шығады екен. Сүйекті дұшпанға қалдырмайды екен қазақ. Міржақып Дулатов, Смағұл Сәдуақасов, Кейкі мергенді де әкеліп жерледік қой. Мүмкін Әлияны да, Мәншүкті де Отанымызға алып келуіміз керек болар. Жас ұрпақ қанша дегенмен басына барады, рухына тәу етеді.

Соғыстың тағдырын генералдар емес,  Мәншүк сияқты төменгі командалық құрамдағы сарбаздар шешкен. Қандай сын сәтте де қарапайым халық, жастар батыл әрекет еткенде ғана ұлттың тағдыры шешіліп отырған. 19 жастағы Әлия да, 20 жастағы Мәншүк те сын сағатта үлкен басшылық не дейді деп жалтақтамады, жүректі азамат, қолбасшыларша қимылдай білді. Өкініштісі, қазір кейбір жас отызға келгенше алдындағы көжесін іше алмай, омырауына төгіп отыр. Ал Әлия мен Мәншүктің үлгісі – отансүйгіштікке үлкен өнеге. Еуропаның жаһандану кезіндегі келеңсіз бір ұраны бар: «Қай жерде жақсы жұмыс, жақсы жалақы болса, сол саған Отан» дейді. Сол бейдауа вирус қазақ жастарын да меңдеп барады. Біздің халықтың өзегіне құрт түсіп қалды. «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» дейді ғой қазақ. Қазір әлдене болса шетелге қашуға дайын, Отан деген ұғымды қастерлемейтіндер көп. Олар үшін Отан деген – ақша ғана. Кешегі қаңтар оқиғасында тек өздерінің активтерін, оффшордағы есепшоттарын сақтап қалса болды деген пейілді де көрдік қой. Міне, осындай жағдайлар болмас үшін Әлия мен Мәншүк сынды қыршындардың отансүйгіштік үлгісі керек бізге. Жалпы 30-40-жылдардағы тарихымызды өте нашар білетін сияқтымыз...

– Неге олай ­ойлайсыз?

– Біріншіден, ол кезде архив ісі дұрыс жүргізілмеді. Екіншіден, айтуға болмайтын ашаршылық, репрессия, соғыстың шындығы көп құжатты жойып жіберткізді. Естеліктерді айтқызбады. Енді айтуға болады дегенде, сол заманның көнекөздерінің көбі қайтыс болып кетті. Тіпті бар деген құжаттардың өзі қара құлыптың астында жатыр. Осы жағынан келгенде, біз 30-40 жылдардың тарихын нашар білеміз. Мәншүк Мәметованы да нашар білуіміздің себебі осы. Мәншүкті білу – сол кездегі тарихты жақынырақ білуімізге көмектеседі. Содан кейін біз соғыстың қандай болғанын, шынымен де, білмейміз. Ал қазіргі жас ашаршылықтың, репрессияның, соғыстың шындығын білгісі келеді. Бізге шындық керек. Тарихи шындық керек. Өкініштісі тарихшы ғалымдарымыз да, жазушыларымыз да, шенеуніктеріміз де көп дүниеге, ХХ ғасырға советтік көзқараспен қарайды. Мәншүкті де сол көзқарас тұрғысынан қарап, сол ұстаным тұрғысынан кітап, мақала жазады. Мәншүкке адам ретінде, ет-сүйектен жаратылған, жұмыр басты пенде ретінде қарауымыз керек қой. Мәншүктің тағдырын сол замандағы трагедиямен астастырғанда ғана шын Мәншүкті танимыз.

Биыл Мәншүктің туғанына жүз жыл. 23 қазанда апамыздың 100 жыл мерейтойы келеді. Мәншүк туралы «Песнь Манчук» деген Мәжит Бегалиннің фильмі ғана бар. Совет кезіндегі сарынмен түсірілген. Оның қайшыға түскен жерлерін тауып, төл нұсқасын қалпына келтіру керек. Екінші, Мәншүк тұлғасын ашатын көркем фильм неге түсірмеске? Дені дұрыс деректі фильм де жоқ. Батыр қыздың сүйегін алып келу мәселесін де қозғау керек. Міне, осындай жайттар өте көп. Ал Мәншүк туралы өзге де деректерді қызыққан оқырман кітабымнан оқып алады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Қарагөз СІМӘДІЛ

6676 рет

көрсетілді

253

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы