• Мәдениет
  • 10 Наурыз, 2022

ӘН ӘЛЕМІНІҢ ПАДИШАСЫН ЕСКЕ АЛДЫ

Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік  мектебінде «Даналық бейсенбі» жобасы аясында биыл ЮНЕСКО ұйымының халықаралық тізіміне енген қазақтың аяулы қызы, КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы, ерекше дарын иесі  Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай өнер майталмандары және Роза Тәжібайқызының ұрпақтарымен айтулы кездесу өтті. 

Құрметті қонақтарды мектептің  «Нұр сазы» оркестрі күй шашумен қарсы алды.  Кеш қонағы, әйгілі әншінің шығармашылық жолында қатар жүрген, ширек ғасырға  жуық қызметтес болған Қуаныш Абдухалимов Роза Тәжібайқызының өнерге деген ­махаббатын, елін сүйген, жерін қадірлеген тұлғалық қасиеттерін айтып, бастан кешкен елеулі оқиғалары туралы сыр шертті.

– Роза Тәжібайқызы үшін ән – ең қастерлі өнер болды. Қаладағы мектептердің барлығына барып концерт қоятын, оқушылармен кездесетін. Елге сапарға шыққанда ауыл мекендерінде де білім ошақтарына кіріп, жағдайларын біліп отыратын. Ерекше жас таланттарды өзінің қарамағына алуға тырысатын, – деп еске алады әншінің продюсері.

ҚР еңбек сіңірген артисі Сұлушаш Нұрмағамбетова, ­Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясының дәстүрлі әншісі Бибігүл Қилымханның орындауында Роза Бағланованың репертуарынан Зияткерлік мектептерінде іске асырылып жатқан «Қазақтың 100 әні» жобасына енген әндер шырқалды.

Күміс көмей өнер иесінің келіні Марал Бағланова әншінің адами қасиеттерін, өмірбаянының түрлі кезеңдері, соғыс жылдарындағы, ашаршылық уақытта бастан кешкен қиыншылықтары туралы айтып, қалдырған естеліктерімен бөлісті.

Зияткерлік мектептің 8-сынып оқушысы Әмина Хамза Роза Бағланованың 100-жылдығына арнап шығарған  «Бал таңдайлы ән әлемі падишасы» өлеңін оқып, кеш қонақтырының, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әминаның өлеңін Марал Бағланова алуға ниет білдіріп, әншінің жеке мұражайының әдеби жәдігер қатарына қосылатынына сендірді.

Ескерте кетейік, Роза Бағланова 1922 жылы Қызылорда облысының Қазалы қаласында туған. Ол Қызылорда педагогикалық институтында оқығаннан кейін, 1941 жылы Ташкент филармониясы ән-би ансамблінің әншісі болды. Р.Бағланова бұл ансамбльдің құрамында Екінші дүниежүзілік  соғысы кезінде майдан даласында ән салды, Мәскеу түбінде шайқасқан панфиловшы жауынгерлер алдында концерт қойды, 1945 жылы 9 мамырда Берлин қаласындағы Жеңіске арналған концертке қатысты. Оның орындауындағы «Кестелі орамал», «Ах, Самара, городок» әндері ел арасында ерекше танымал болды. 1947–1949 жылдары ол Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншісі, 1949–1960 жылдары Қазақ филармониясының солисі болды. Р.Бағланова кейінгі 50 жыл ғұмырында «Қазақконцерт» шығармашылық бірлестігімен байланысын үзбеді. Роза Тәжібайқызы қазақтың ән өнерін дамытуға айрықша ауқымды үлес қосты. Оның репертуарында қазақтың халық әндері, қазіргі композиторлардың шығармалары, әлем халықтарының – орыс, өзбек, тәжік, украин, грузин, әзербайжан, қырғыз, корей, поляк, венгер, қытай, моңғол, үнді халықтарының әндері үйлесімді көрініс тапты. Аса танымал эстрада әншісі Роза Бағланова қазақ өнерін шетелдерде таныстырып әрі насихаттай отырып, гастрольдік сапарда жиі болды. Ол Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әншілерінің екінші конкурсының дипломанты, Бухаресте өткен Жастар мен студенттердің II бүкілдүниежүзілік фестивалінің лауреаты болды. Осы фестивальде халық әндерін орындағаны үшін арнайы сыйлық иеленді. Роза Бағланова еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Халық қаһарманы атағына ие болды, Ленин, Еңбек Қызыл Ту және Халықтар достығы ордендерімен марапатталды, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын иеленді.

Еркін ҚАЛДАН

2616 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы